Әож 82. 08 (5Қаз) Ә25 Б. Момышұлының Әдеби сыншылдық КӨЗҚарастары туралы



Дата22.02.2018
өлшемі180,35 Kb.
ӘОЖ 82.08 (5Қаз)

Ә25
Б.МОМЫШҰЛЫНЫҢ ӘДЕБИ - СЫНШЫЛДЫҚ КӨЗҚАРАСТАРЫ ТУРАЛЫ

Әбдімомынов Е.Б.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз қ.
Ұзақ тарихымыздың қай белесінде де халқымыздың абыройын өсіріп ұлттық мақтанышына айналған даналар аз болмаған. Ел шетіне жау тиіп, сүттей ұйып отырған бейбіт қауымның басына қатер төнгенде халық ұранын байрағында желбіретіп, елім деп еңіреген түкті жүрек, мықты білек ұлдардың да, елдің жердің амандығын, бауырдың бүтіндігін көксеген басалқалы билердің де, жалын атқан жырларымен, жүрекжарды сырымен алыс-жақынды бірдей баураған от ауызды, орақ тілді абыз ақындардың да талайының атын атай аламыз. Ұлттың мерейін, рухын асқақтатып өсірген, келер ұрпақты күнес биік, мұзарт шыңдарға шақырып тұратын халықтың жақсысы мен жайсаңын біз қашан да мақтаныш тұтамыз. Осындай елі құрметтеген батырымыз Бауыржан Момышұлы беттері парақталып, ашылып жатқан кітап тәрізді. Әрине оның батырлық деңгейден анағұрлым биікте тұрғанын зерттеуші ғалымдар жиі айтып та, жазып та жүр. «Баукең туралы еңбек жазу – ерлік. Оған ақылшы аға болу – ерлік. Оған қорықпай соңына еріп, іні болу –ерлік. Ал, сол ерлікті әділ бағалай білу – үлкен ерлік» - дейді жазушы Қасым Қайсенов.

Ұлы Отан соғысы тақырыбы көркем әдебиетте өзіндік бір арна, жаңа белес болып орнықты. Қазақ әдебиетінде оның бастауында Б.Момышұлы болғандығы бүгінгі таңда расталып отыр. Оның әдеби мұрасы соңғы жылдары әр қырынан жан-жақты талданып, зерделенуде. Әсіресе, Б.Момышұлы мұраларындағы әдеби- сыншылдық көзқарастарды жан-жақты саралап бүгінгі күн талабына сай жаңаша көзқарас тұрғысынан зерделеудің орны ерекше болып отыр. Әдебиетіміздегі мұндай асыл мұраларымыз еліміз тәуелсіздігін алғанға дейін жабулы қазаның күйін кешкендігі де жасырын емес.

Ал қазір заман өзгерді, соған сай талап-тілек те жаңа арнаға бұрылды. Бүгінде қай мәселеге де ел тәуелсіздігі тұрғысынан қарап, егемен еліміздің қажетіне қарай оң шешім жасауға мүмкіншілік тууда [1,45]. Осы себептен де ел тарихына, әдебиеті мен мәдениетіне, тіліне қатысты айтылмай не бұрмаланып келген тұстарымызды айқындап, әділін ауызға алып, ақиқаттың салтанат құруына қолқабысымызды тигізсек деген ниет уақыт талабынан туындап отыр.

Осы уақытқа дейін бізге жеткен қазақ әдебиетіндегі әскери тақырыпқа арналып жазылған туындылар айтарлықтай көп болмағанымен, олардың саны біршама. Міне, дәл осындай әскери тақырыптарға арналып жазылған туындыларға Б.Момышұлы өз пікірін ашық білдіріп оны жиі сынап отырған. Сын айту мін тағу емес. Қазақ әдебиетін өсіретін де, көркейтетінде сын болып табылады. Мұны басқа адам түсінбесе де Б.Момышұлы жақсы түсінген. Сондықтан да өзі жетік білетін әскери тақырыпқа байланысты жазылған шығармалар мен олардың авторларына сыни ойлар айтып отырған. Мәселен, Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогында автордың Б.Момышұлына: Қазақ әдебиетінің әскери тақырыпқа жазылған туындылары туралы пікіріңіз қандай? – деген сұрағына Б.Момышұлы былай деп жауап береді: «Ол туралы айтсам бәрің де өкпелеп қаласыңдар. Әскери тақырыпты біздің көпшілік жазушыларымыз әлі түсінбейді. Түсінбейтіні тәжірибе, білімі жетпейді. Ал, әскери өмір күрделі, оның үстіне көктемдей құбылмалы өмір. Сондықтан оның терең сырын білу оңай емес. Адамның үйдегі психологиясы бір басқа да, соғыстағы психологиясы мүлде өзгеше болады. Бұл екі жағдайдағы психологияның арасы жер мен көктей. Әрине, соғыста болмай-ақ, төбеден төнген бомбаның жаныңды суырып алардай боп шыңғырған даусын білмей-ақ, жаралы жер мен жаралы адамның ыңырсығанын естімей-ақ, дәрі мен қанның иісін иіскемей-ақ, үйде отырып-ақ әскери шығарма жазуға болады. Ондай жазушыны, жалпы білімі болмағанымен, соғыстан сауаты жоқ жазушы дейміз. Ал, өзі сауатсыз жазушының кейіпкері надан болып шығады. Ондай кейіпкерлер, мысал үшін, Ұлы Отан соғысында қарсы келген жауды найзаға шаншып алып, лақтыра береді, лақтыра береді. Ал, оның адамды лақтырған жеріне сенің тас лақтырсаң құлашың жетпейді. Бұл біздің асыл қазынамыз ауыз әдебиетінің тәсілі. Егер «Қобыланды батыр» жырын өзіміздің ең алғашқы әскери дастанымыз деп есептесек, соны бірінші жырлап шығарған ақынның соғысқа қатыспаған жан екені бесенеден белгілі болып тұрады. Ондағы соғыстардың бәрі де соғыс өмірінің шындығынан аулақ, алшақ жатады. Ал адам туралы ғылым кең өрістеген қазіргі заманда әскер психологиясын ауыз әдебиетінің әдісімен бейнелеп, суреттеуге болмайды.

Соғыстан пәленбай мың шақырым жердегі алыста, туған үйінде отырып жазған жазушы тұрғай, майданнан 250 километр алыста болған тыл офицері алдынғы шепте жүрген дивизия командирінің, ал майданнан он километр аулақ тұратын штаб хатшысы алғы шепте жүрген жауынгердің психологиясын білмейді. Сондықтан олар өзі бастан кешпеген ерлік пен батылдықты, үрей мен қорқынышты соғысқа қатысқан адам сенетіндей етіп суреттей алмайды. Ондайлар тек қана өздерің оқығандарынан, естігендерінен, өз ойы ғана жеткен мөлшерден қоспа жасайды» - дейді [2,50-51]. Осы айтылғандардан Б.Момышұлын қазақ әскери әдебиетінің негізін салуымен қатар оның тұңғыш әдеби сыншысы болғандығын да аңғарамыз.

Б.Момышұлының шыншыл-сыншылдығының тағы бір көрінісі заңғар жазушы М.Әуезовпен болған кездесулері мен екеуара жазысқан хаттарынан көреміз. Ол туралы Б.Момышұлының өз сөзімен айтсақ: «Мұхаңның бірінші хатына мен уақытылы жауап қайтарғам. Кешікпей ол кісіден екінші хат алдым. Менің бұрынғы хатта айтқан пікірлерімді ұнатып жазыпты. «Абай» романының бастама кітабын жіберіпті.

Кітапты оқып шығып, мен кешікпей, өзіме қалай әсер еткенін, өз пікірлерімді талдап үлкен хат жаздым. Ол хатты Мұхаң көп адамдарға көрсетіп те, оқып та беріп жүргенін бірнеше жолдастар маған ризалық ретінде жазды да. Содан бастап хат алысуымыз жиілей бастады... «Намыс гвардиясы» деген пьесасын Мұхаң маған жіберді. Оны да мен шұғыл оқып шықтым. Маған ұнамады. Ол туралы мен ол кісіге ашық та, ащы да жаздым! - дей келіп өз ойын ары қарай қазақ әдебиетіндегі ұлы шығарма «Абай жолы» туралы өрбітеді. Онда: «Я очень недоволен. М.Әуезовтің «Абайы» ұлы шығарма, бірақ кейбір жерлерімен келіспеймін. Неге? Себебі не? Ол кісі Абайды көтеремін деп, Құнанбайды кемітеді. Бұл өте үлкен қате деп білемін.

«Иттен ит туады боқ жейтұғын,

Малдан мал туады шөп жейтұғын» - дейді. Осы принципті Мұхаң саясатқа бейімдеуге барды.

Құнанбай – ол қазақтың Иван Грозныйы. Иван Грозный мақсатына жетті, бірақ Құнанбай ойына жете алмады. Мұхаң осыған түсінбеді. Мен бұл ойымды Мұхаңа айтқанмын. Құнанбай қазақ мемлекетін жасауға ұмтылған еді. Қытай шекарасында наймандар бар. Құнанбай найманға тілін алдыра алмады.

Ертеде ер екен қалың найман,

Қалың найман қытайға қанат жайған,

Қазақтың бағаналы руында,

Бақсы асқан жоқ Қойлыбайдан, - дейді Мағжан.

Мұхаң әкесі мен баласын қарсы қойған» - дейді [3,11].

Иә, Б.Момышұлы әскери адам, сондықтан оның стилі өктем, сыни ойлары бірбеткей, сөз тіркестері шартпа – шұрт қатаң. Сондықтан да қай кезде де оның әдебиетке қатысты сыни ойлары аса зеректікпен зерделеп, ғылыми тұрғыдан дұрыс түсінгеніміз абзал.

Б.Момышұлы тоталитарлық жүйенің қатал шеңберіне сыймай, өз табиғатына сай өмір сүрді. Ол қатал, ымырасыз мінезді, барлық кезде шындықты бетке айтатын адам болды, сондықтан да ол еңбегі сіңген атақ пен даңқтан құралақан қалды. Батырдың кесіп түсетін, ымырасыз мінезі жайлы әртүрлі әңгімелер көп болатын. Ол үкіметпен әр кезде оппозицияда жүрді. Ол туралы Момышұлы: «Мен туралы 120 вагон өсек бар, соның 1 вагоны ғана шындық та, қалған 119-ы өтірік», - деп әзілдейді.

Қай уақытта болмасын тек шындықты айтуды ту еткен тұлғаның әдебиет жайлы айтқан ойлары да барынша ақиқат өмірден алынған. Кей тұстарында әдебиет жазушыларына қатаң сындар айтып, тек әскери туындыларды ғана емес жалпы әдебиттегі шығармалардың қалай жазылуы керек екендігі туралы өз ойын шебер жеткізе білген. Әдебиет тек шындықты сүйетіндігіне назар аудару керек екендігін ескертеді. Мәселен, Б.Момышұлы еліміздің әдебиет және тарих зерттеушілері мен тілші ғалымдарының алдында оқыған бір баяндамасында қазақ әдебиеті мен тарихында біршама дәлелсіз асығыстықпен айтылған пікірлерге қатаң да ауыр сыни ойлар айтып, оны жіпке тізгендей етіп тізіп, былайша баяндайды:

«Знаете ли вы слово «оттауизм»? Если не знаете, возьмите энциклопедию, посмотрите букву «о».

ОТТАУИЗМ – это казахское слово. Неопределенное понятие, присущее только некоторым казахам.

В прошлые годы некоторые наши академики утверждали, что до Абая не было казахской литературы. Вот это и есть оттауизм.

Наши некоторые историки до сих пор пишут, что казахская нация формируется с ХVІ века. Стаж казахского народа – 400 лет! Это тоже оттауизм.

Я полковник. До меня, может быть, не было комдивов. Но полководцы были. Если утверждать, что полководцев не было, это тоже оттауизм.

Муслим Ерликов – академик чабанов. Малды өсірген ол емес, бабаларымыз. Он стал академиком потому, что наши предки были пастухами. Если он официально заявит, что до него не было академика-пастуха, это тоже оттауизм.

Если вы мне не верите, покопайтесь в архиве.

Уважаемый всеми нами С. Муканов в свое время облаял Абая Кунанбаева и обозвал его феодалом, Ыбырая Алтынсарина – миссионером, Чокана Уалиханова – шпионом. Покопайтесь в архиве, «жаман үйрек көтімен сүңгиді» дегендей, Сабит уже двадцать пять лет извиняется перед их памятью. Облаять облаял. Но достойно извиниться до сих пор не может. Это тоже называется оттауизмом.

Тот же самый Муканов в своих произведениях «Өмір мектебі», «Есею жылдары» самым бессовестным образом облаял наших государственных, партийных, культурных деятелей. Притом необоснованно, с позиции конъюнктурщика. Академик Муканов старше меня на 10 лет. Қазақша айтқанда, өлмек бар, тірілмек жоқ. Сайтан өлмейді. Өлмейтін жан болмайды. Орысша айтқанда, «смерть неизбежна, воскрешения нет; смерть – врожденное право каждого живого существа /включая и растения/». Я умру, это мое неотъемлемое право. Кәрі өле ме, жас өле ме, оны құдай білсін. Если я умру раньше Муканова, он будет плакать. Если Муканов умрет раньше меня, я буду плакать. Мы не умеем уважать своих современников и своих предков. Это очень жаль.

Габиден Мустафин – академик без аттестата зрелости. «Көз көрген» де он тоже достаточно наклеветал на своих современников, своих учителей… Позор! Но надо отдать ему должное. Он внес кое-какие новшества в казахскую литературу. Даже сделал открытие. Он употребил такие слова, которые не существовали ни в казахской поэзии, ни в казахской прозе. Вы спрашиваете, какие; я отвечаю: в своем последнем произведении Мустафин пишет, что первое знакомство казахов и русских состоялись двумя словами:

а/ Қорлыбай. б/ Лапак.

Это потрясающее «открытие». Ибо «Корлыбай» иносказательно означает мужской пол. «Лапак» – это иносказательно женский пол, половые органы.

Абай избегал употребления этих терминов. Алтынсарин избегал этих терминов. Байтурсынов, Аймауытов, Жансугиров, Майлин, Муканов, Мусрепов, Момыш-улы, Ауезов, Сатбаев, Күләш Байсеитова и другие избегали этих терминов. Что за хулиганство! Я сам хулиган. Но я не академик.

Академик Кенесбаев әйел деудің орнына қатын деп сөйлейді. «Ау» деудің орнына «А..» деп сөйлейді. И прочие, прочие… Келіндерінің, балаларының алдында боғауыз анекдот айтады… Ол кісі өзін ғалым деп санайды. Мен де ғалыммын: ол кісі Байтурсыновты ұрлап ғалым болған. Мен ешкімді ұрлап Б. Момышұлы болған емеспін… Оттауизмнің бір тарауы осы [4,304].

Айтпақшы, оттауизмнің бір негізін бастап, соны аяқтамаппын. Это относится к нашим историкам. Қазақ халқының өміріне олардың айтуынша 400 жыл болыпты. Во всех официальных документах так. Это – настоящий оттауизм.

Почему? Я вам докажу это сейчас! Любой культурный человек со мной наверняка согласится. Вам известно четкое марксистско-ленинское определение, что такое нация? Я цитировать, повторять его не буду. Мысалы: /это мое веское доказательство/. Атырау теңізінің жағасындағы, Еділ бойындағы қазақтар мен Тарбағатайдың ар жағындағы – Қытай жеріндегі қазақтар кездесе кетсе, үні де бір, тілі де бір, түрі де бір. Бұдан 400 жыл бұрын Тарбағатай мен Каспийдің арасына ай емес, жыл жүрген. Машина жоқ, поезд жоқ. Тогда единственным скоростным видом транспорта была лошадь, только лошадь. Ат қадымы өте алыс емес, оны біз әзір түсіндік. Ат қадымы – балалар велосипедінен шабан қадым. Оған неге тарихшы-ғалымдар түсінбейді?.. Неге, /айқай/ Тарбағатай мен Каспий жағасындағы қазақ жолыға кетсе, түрі бірдей, үні бірдей, құлқы бірдей екенін олар неге зерттемейді? Неге түсінбейді?

Я как казах, я как ученый именем духа Чокана Уалиханова отрицаю утверждение наших современных ученых. Ибо каспийские, тарбагатайские казахи, по определению марксизма, не могут быть кровными братьями за 400 лет. Это болтовня, это невозможно. Следовательно, исходя из марксистского определения, формирование казахской нации лежит где-то далеко-далеко за тысячелетиями до нашей эры.

После этого, извольте, как не называть трактовки наших ученых-историков оттауизмом? Это настоящий, бессовестный оттауизм.

Можно было привести много примеров в отношении оттауизма. Но разрешите на этом ограничиться. Я чувствую по взглядам аудитории, что вы обижены на меня, но я глубоко обижен на вас. Вы занимаетесь оттауизмом. Я тоже не исключение. Я тоже занимаюсь оттауизмом. Пора прекратить оттауизм! Довольно безобразничать вам и мне. С каким лицом мы предстанем перед нашим подрастающим поколением? Довольно порхать на крыльях однодневной конъюктурщины! Нам долг повелевает, нам чувство самокритичности повелевает признать собственные непростительные ошибки. Дабы наследники не повторили наши нелепости. Подрастающее поколение должно воспитываться не только на наших достоинствах, но и учиться на наших ошибках. Ибо наша задача, главная задача – научить подрастающее поколение героизму как в труде, так и в бою.

Довольно безответственно хвастаться. Давайте наберемся мужества признать свою вину. Өз кінәсін мойнына ала білу – ақылдылыққа, ерлікке жатады. Пора нам мужать.

Долой хвастовство! Долой оттауизм! Долой кампанейщину! Долой конъюктурщину! Долой раболепство перед злободневностью!

Да здравствует скромность! Да здравствует осмысленное сознание своего гражданского долга перед родиной! Вечное проклятие лентяям в труде, трусам в бою, халтурщикам в литературе, в искусстве. Где нет простоты – там нет правды. Где нет правды – там нет величия. Жизнь ценится не длиною, а содержанием!

Да здравствует жизнь! Да здравствует правда!»[4,305]. Осылайша Б.Момышұлы шындықсыз ешқандай да ұлы істердің істелмейтіндігін еске сала отырып өзінің тек шындықтың жаршысы екендігін тағы бір рет ескертеді. Жоғарыдағы баяндамасында Б.Момышұлы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин және лингвист ғалым Кеңесбаевты аяусыз ауыр сынға алады. Дәлірек айтқанда аты аталған ғалымдардың өздерін емес, олардың білместікпен айтылған сөздеріне сын айтқан. Мәселен, академик С.Мұқанов өз уақытында дана Абайды феодал, ағартушы ғалым Ы.Алтынсаринді миссионер, этногроф ғалым Ш.Уәлихановты тыңшы деп жаңсақ сөздер айтқандығын сынайды. Бұл Б.Момышұлының көрегендігінің бір көрінісі десек те болғандай. Оның көрегендігі сол батыр Б.Момышұлының ойы дана ойшыл Абай Құнанбайұлының ойымен дәлме – дәл келуінде. Айталық қазақ поэзиясының пайғамбары ұлы ақын Абай өзі сөз өнерінің асқан шебері бола тұра қазақ арасында білместікпен айтылған сөздерді әшкерелеп оларға ауыр сын айтқан. Оған ұлы ақынның жиырма тоғызыншы қара сөзі айқын мысал бола алады. Дәл осы жиырма тоғызыншы қара сөзінде хакім Абай қазақтың жеті мақалын сынайды. Олар: «Жарлы болсаң, арлы болма», «Қалауын тапса, қар жанады», «Сұрауын тапса, адам баласының бермесі жоқ», «Атың шықпаса, жер өрте», «Жүз күн атан болғанша, бір күн бура бол», «Алтын көрсе періште жолдан таяды», «Ата анадан мал тәтті, алтын үйден жан тәтті». Сірә, мақалдар тек позитивтік мәнде ғана емес, адамды жат қылықтардан сақтандыру мақсатында да қызмет атқаратынын естен шығармау керек. Ал, біз мақал-мәтелдерді халық сөзі деп, оларға шаң жуытпауға дағдыланғанбыз. Хакім Абайдың жоғарыда келтірген мақалдарға берген түсініктемесі белгілі. Осы сөзінің аяғында хакім Абай қазақ арасында осындай білместікпен айтылған сөздерден сақ болуды ескерткен [5,164]. Ал, Б.Момышұлының жоғарыдағы баяндамасында айтқан «Оттауизм» туралы түсінігін халқына жаны ашып, бос, еш дәлелсіз білместікпен айтылған сөздерден сақ болуды ескерткен деп түсінгеніміз абзал.

Ия, Б.Момышұлы – қазақ әдебиетіндегі әскери проза жанрының негізін қалаушы тұлға. Әскери әдебиеттегі проза жанрының негізгі шынайы бейнесін басқа білмесе де Б.Момышұлы жетік білген. Сондықтан да, әдебиттте соғыс тақырыбына жазылған туындыларды уақытында оқып, оның олқы тұстарын дер кезінде айтып өз ойын білдіріп отырған. Кей жерлерде соғыс туралы жазылған шығармаларға көңілі толмай оны жиі сынап отырған. Ал әдебиетте сынның орны қашанда ерекше болған. Сын деп адам ісінен шыққан нәрсені тексеріп, баға беруді айтамыз. Сынға салуға болады – ғылымнан шыққан нәрсені де, өнерден шыққан нәрсені де, қоғамшылықпен құралған нәрсені де. Адамның қай ісінен шыққан нәрсе болса да, сынға салудағы мақсат жақсы-жамандығын ашу, мән-мағынасын анық таныту. Ғылым тарапынан шыққан нәрсе болса, ғылым жүйесіне дұрыс, терісін көрсету: өнер тарапынан шыққан нәрсе болса, мақсатқа сәйкес келген-келмегенін көрсету: қоғамшылық тарапынан шыққан нәрсе болса, адам қалпына қолайлы келу-келмеуін көрсету. Сөйтіп адам ісінен шыққан нәрсенің түрлісі түрлі мақсатпен сынға түседі.

Әдебиет адам ісінің бір түрінен шыққан нәрсе болғандықтан, бұл да сынға түспек. Мұның түрлісі түріне қарай сынға түседі. Бірақ қайсысы сынға түссе, шығармалардың түсетін сынының жалпы аты – әдебиет сыны деп айтылады [6,98]. Сын айту екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс болғандықтан Б.Момышұлының жоғарыда айтқан соғыс тақырыбына арналған туындылар мен аттары аталған әдебиет жазушылары мен көрнекті лингвистеріміз туралы ойларын әдеби сын деп қабылдағанымыз абзал. «Көркем әдебиетші болудан оның сыншысы болу қиын» дейді көрнекті ақын С.Сейфуллин. «Сын айтсаң-шын айт»- дейді батыр Б.Момышұлы. Ал, шындықты Б.Момышұлынан асырып айтқан тұлға қазақ әскери әдебиетінде жоқтың қасы ғана.

Халқымыздың ұлттық батыры, көреген қолбасшы, қарымды қаламгер Б.Момышұлы қазақ әскери тақырыбына арналып жазылған барлық көркем шығармаларға өзінің көзқарастарын жиі білдіріп қана қоймай, олардың қандай болуы керектігі туралы тұшымды пікірлері мен астарлы ойларын айтып отырған. Сондықтан да, кей жерлерде сыни ойлары да көрініс беріп отыруы да заңдылық. Оның айқын бір дәлелі ретінде Б.Момышұлының жасаған баяндамаларындағы сыни ойлары туралы батырдың өз сөзімен айтсақ, онда Б.Момышұлы былай дейді: «Жолдастар! Қазақ совет әдебиетіндегі әскери тақырыптың игерілу барысына көз салсақ, бір ерсілеу селқостықты, шабандықты, дәлірек айтқанда, творчестволық жайбарақаттықты анық аңғаруға болады. Алғашқы кезде бұл заңды да сияқты еді қаламгерлер соғыстан шаршап қайтты. Оның үстіне сұрапыл сырын орнығып отырып ойлануы, толғануы, қорытуы, сөйтіп барып қалам ұстауы керек деп ұқтық. Жоқ, олай болмады. Бара-бара бұл шабандық басқа бір сипатқа көшті енді біздің арамыздан әскери тақырыпқа енжар қарайтындар шықты.

Мынаны мықтап ұғу керек. Отан қорғау тақырыбына жазылған кітаптар – ең алдымен, біздің халықтың ерлігінің көркем тарихы. Біз соғыс жөніндегі шығармаларымызды дәріптеу мақсатымен емес, соғысты болдырмау мақсатымен және еліміздің сұрапыл жылдардағы жаппай ерлігін есте қалдыру, сол арқылы советтік патриотизм дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа сіңіре беру, азаматтық сезім-сананы нығайту мақсатымен жазғанбыз және жазамыз. Біз өз кітаптарымызда халықтар арасындағы бейбітшілік пен достықты насихаттаймыз. Бейбітшілік бізге арзанға түскен жоқ! Бейбітшілік жолында біз жанымызды пида еттік, қан төктік. Оны біз ұмыта алмаймыз.

Миллиондаған жетім балалар мен жесір әйелдердің көз жасы әлі құрғап үлгерген жоқ, жолдастар! Миллиондаған жүректердің әлі жазылып болмаған жарасына жайбарақаттық жансыздықтың аз-ақ алдындағы нәрсе.

Арамыздағы әлгідей ойланбай пікір айтушылар ойлансын, түсінсін деген ниетпен созыңқырап сөйлеп жібердім бе, қалай?..

Қазақ совет әдебиетінде әскери тақырыпты толғаған алғашқы көлемді шығарма – Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» атты романы. Бұл еңбектің құны жұртқа мәлім, мен мінін ғана көрсетіп өтейін.

«Қазақ солдатының» негізгі кемшілігі – жазушының соғысты көрмей жазғандығынан туған үстірттік, жауынгер психологиясының тым жалаңдығы, кей реттерде жалғандығы дер едім.

«Қазақ солдатынан» кейін Мәлік Ғабдуллиннің «Менің майдандас достарым», Дмитрий Снегиннің «Шалғай шепте», «Шабуылда» деген кітаптарын атауға болады. Бұлардың құны – шындықтың шынайылығында, міні – жазушылық шеберліктің төмендігі. Мәлік пен Дмитрий Федоровичтың кітаптарындағы шеберлікті тұтастырар ма еді деген ой келеді маған!....

Тағы бір көңіл бөлуге тұратын нәрсе – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Курляндия» атты романы. Әбдіжәміл – жас офицер. Оның тың ойлары, терең пікірлері, әп-әдемі тілі бар жігіт екенін романның алғашқы беттерінен-ақ көрінеді. Бірақ романды оқып болған соң «етке тойып, сорпа жетпей қалған қонақтай» толық қанағаттанбаған сезімде қаласыз. Себебі романда сюжет жағы босаң, иі қанбаған қамыр сияқты... Біздің кейбір егде жазушыларымыз бір кезде «Курляндияны» орынды-орынсыз көтермелеумен, қолпаштаумен болды. Ал Әбдіжәміл болса, табанының қызуы басылғаннан кейін, өз кемістігін өзі өзгелерден гөрі айқын көріп, кітабын бастан-аяқ қайта жазуға азаматтығы жетті. Қайта жазу өзіне де оңай соққан жоқ шығар. Жаңа вариантында роман көп жағынан ұтымды, ойы тетік, мақсаты айқын, сюжеті арналы, тілі ажарлы шығыпты. Бұл – игілікті еңбек! «Күткен күнді» оқығанда, бұрынғыдай кібіртіктеп, я сүрініп жатпаймыз, даңғыл жолмен жөнелгендей боламыз. Мен Әбдіжәмілді асыра мақтаудан аулақпын, оның жаңа романында да ірі-ірі кемшіліктер бар.

Мысалы, автордың әлі де ой шеңбері шағын, әскери-философиялық толғамдар тайыз, әскери-психологиялық нәзіктік жете бермейді.

Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндер» романы біздің әскери көркем әдебиеттің ауыз толтыра атайтын бір табысы екені рас. Ол роман туралы жақсы пікірлер айтылып та, жазылып та жүр. Оларды қайталаудың қажеті аз болар. Мен офицермін. Тахауи жас офицер, талантты жазушы, мен оны тұңғыш романымен құттықтаймын.

Ал енді романның бүркеуге болмайтын кемістіктері бар. Соларға біраз назар аударғым келеді. Романның басты кемшілігі – соғыс панорамасының шағындығы. Қимыл-әрекеттен гөрі психологизм басым. Оның өзі де қозғалыс үстінде емес, дайын қалпында алына салады. Адам характерін қалтастыруда да қозғалыс, даму болса керек еді. Мұнда ол жоқ. Мысалы, Арыстанов пып-пысық, ержеткен, тәжірибелі командир күйінде берілген. Ол аспаннан түскен жоқ қой. Оның жанұялық өмірінің өзі шөре-шөре тұрақсыз сезімнің адамы, романда осы неге бір жайлы аяқталып шешілмеген? Прототиптің өмірі шынында да солай шығар, бірақ автор оның жетегінде болмауы ұтымды еді. Арыстанов пен Купциановтың арасындағы қарым-қатынастардың көбі ойдан шығарылған, сенімсіз.

Саяси жетекшілер Кусков пен Байсаров образдары өте сұрғылт. Саяси жетекшілер мен командирлердің жұмыстарын соғыста текшелеп бөлек жинап, бөлек көрсету оңай емес екенін мен жақсы білемін, бірақ Тахауидің өзі офицер болғандықтан, оған саяси жетекшілер ісінің айрықша психологиялық ішкі сырын, астарын толық көрсет деп тілек қоюымыз орынды.

«Ежелден еркек – еркек, әйел – әйел,

Ешқашан болған емес еркек әйел», –

деп Бутин айтқандай, романдағы жауынгер қыздар өте орынсыз қылымсып, бар ықыласын романтикалық сезімге аударады екен. Олардың табиғаты әйел екені рас, бірақ соғыста дұшпан оғы «қайсың қызсың, қайсың жігітсің?» деп таңдап атылмайды. «Тұрымтай тұсымен, балапан басымен» деген жағдай жиі кездесетінін автор жақсы біледі. Жалпы жауынгерлік міндет-борыштар жігіт пен қызды қатар қояды. Демек, олардың ішіндегі өзара қылтың-сылтыңына оқ бораған ұрыс даласында орын тар. Соғыста бойжеткен мен бозбала махаббаты ортақ тағдырлы екі адамның достығына көбірек ауысар болар. Жеңіл-желпі жеңсіктен гөрі жауынгерлер арасында тартымды тақуалық басымырақ болса керек. Сөз жоқ, соғыста азғындық атаулы да анайы жалаңаштанады. Ал, адал сезімдер арды қалқалап, әдемі жасырынар болар. Міне, Тахауи романында осы сырлар логикалық шешім таппаған.

Мен Тахауиді сынап тұрмын. Әрине, сынау оңай, ал істеу қиын екенін мен түсінемін. Бірақ, мынаны ескеру керек.

Бұл роман – Тахауидің бірінші ірі еңбегі. Автордың әлі табанының қызуы басылған жоқ. Буырқанған денесінің тері әлі кепкен жоқ. Ол әзір өзіне-өзі сүйсінуден суынып, «табысқа бас айналудан» тарылып үлгерген жоқ. Кейін солығы басылған Ахтановтың қатал да адал сыншысы Ахтановтың өзі болады. Біз айтқан кемшіліктерді ол сонда ғана көреді. Тахауи сол кезде кітабын түзер деп сенемін».

Бұдан ары қарай Б.Момышұлы тек әскери әдебиетке сын айтып қана шектелмей оны жазудың жолдарын айқындап, олқы тұстарына тоқталып оларды жоюдың да тиімді жолдарын ұсынады. Ол туралы Б.Момышұлы былай дейді; «Біздің кейбір жақсы деген шығармаларымыздың өзінен ең бір көзге түсе беретін кемістік – авторлардың қазыққа арқандаған аттай айналсоқтап, рота мен батальоннның маңынан ұзап шыға алмауы.

Кейбіреулердің қиял құсы окоптың үйінді топырағының тасасынан шыға алмай-ақ қойды. Мұның себебі – көптеген әскери жазушылардың соғыс туралы түсінігі қолма-қол ұрыс офицерлерінің ұғым шеңберінен аса алмауы деп білемін. Ондай жазушылар соғыстың тактикалық және стратегиялық сыр-сипатын жоғарғы офицерлер мен қолбасшылар толғамының кең арнасында түсіне алмайды. Сондықтан да бізде жалқы бейнелер арқылы жалпы тұлғаға емеурін жасау әрекеті бар да, ал жалпы арқылы жалқыны даралау деген атымен жоқ. Түсініктірек айтқанда, ұрыстағы бір ротаның жалқы қимыл-әрекеті бүкіл бір майдандағы жалпы, үлкен әрекеттен тумай ма? Бір рота жауынгерлері арқылы танылар шындық бүкіл бір армия тіршілігіне тән үлкен шындықтың бір бөлегі ғана ғой! Міне, осыны тұтастыра білу жазушының кең құлашын танытары сөзсіз деп білемін. Келешекте осыны ескеруіміз керек.

Әскери әдебиеттің басты міндеті – соғыс тәжірибесін көркем түрде жинақтау болса, әскери әдебиеттің басты мәселесі – жауынгердің жасалу, қаһарманның қалыптасу процесін шынайы суреттеп көрсету болып табылады». Көріп отырғанымыздай Б.Момышұлы қазақ әскери әдебиетіне тек сын айтып қана шектелмей оның көркем бейнесінің қандай болу керектігін де айқындап берген. Бұл Б.Момышұлының қазақ әскери әдебиетттің негізін қалағандығының бір көрінісі десек те болғандай.

Б.Момышұлы негізін салған әскери әдебиеттің Б.Момышұлы, Д.Ф.Снегин, Т.Ахтанов, Ә.Нүрпейісов, Ә.Сәрсенбаев, С.Бақбергенов, В.Ф.Ванюшин, Д.Әбілов, М.Ғабдуллин, Ә.Шәріпов, Қ.Қайсенов, С.Омаров, Ө.Қанахин, Ж.Жұмаханов, Л.Кривощенов, М.Әлімбаев, Ә.Нұршайықов, Ғ.Мүсірепов сияқты аса көрнекті авторлары болды. Жалпы Ұлы Отан соғысына қатысқан, кейін соғыс туралы роман, поэма, өлеңдер жазған 40-қа жуық адам бар. Олардың барлығы да әскери әдебиетіміздің жасалуына зор үлес қосқан майдангер жазушыларымыз [7,6]. Ал, солардың басындағы жанартауы Б.Момышұлы екендігін әсте ұмытпағандығымыз абзал.


Пайдаланылған әдебиеттер:


  1. Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына арналған «Бауыржан Момышұлының өмірі мен өнегесі» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының материалдары жинағы. 24 қыркүйек 2010ж. – Тараз, Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, - 194 бет.

  2. Нұршайықов Ә. Ақиқат пен аңыз. Роман-диалог. -Алматы, «Атамұра», 2004.-400 бет.

  3. Момышұлы Бауыржан. Көз алдымда бәріңсің.-Тараз, 2007.-195 бет.

  4. Момыш-улы Б. Тысячи мыслей – тысячи сомнений. Сборник произведений. Том 19. (2-я книга). – Алматы: «Онер», 2010. – 312 стр.

  5. Ғарифолла Есімов. Хакім Абай: (даналық дүниетанымы) – Алматы: Атамұра – Қазақстан, 1994.-200 бет.

  6. Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш. Зерттеу мен өлеңдер. Алматы: Атамұра, 2003. – 208 бет.

  7. Мәмбетәлиев Ж. Баһадүр Бауыржан [Б.Момышұлы туралы. Эссе] // Алтын Орда. -2008. – 17,24 сәуір; 8-14, 15-21 мамыр.

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет