Қарында астың қорытылуы және оның жас ерекшеліктері
Өңештегі ас қоймалжыңы қарынға барып жеткеннен кейін қарындағы астың қорытылуы басталады. Бұл жерде ас қоймалжыңына қарын сөлі әсер етеді. Қарын сөлінің құрамында 0,35-0,5 %-дық тұз қышқылы, органикалық заттар мен хлордың, фосфордың натрийдің және күкірттің тұздары болады. Қарын сөлінің 98,5-99 % -су, 0,2-0,3 % органикалық заттар, қалғандары — тұздар . Қарын сөлінің белсенді рН реакциясы - қышқыл болады. Қарын сөлінің реакциясы тамақтың түріне байланысты, мысалы, ет жегенде сөлдің қышқылы 0,56 %, сүт ішкенде 1,48-0,50 %, нанға 0,45-0,49 % болады.
Органикалық заттарға ферменттер, азотты қосылыстар жатады.
Сөл құрамында белокты ыдырататын пепсин, сүт казеинін ұйытатын химозин (мәйек), майды қорытатын липаза ферменттері болады.
Тұз қышқылы ас түйіршіктерін ұсақ тап, майдалап, ферменттердің, әсіресе пепсин мен липазаның әсер етуіне дайындайды.
Қарын сөлінде амилаза ферменті болмаса да, ауыз қуысында қорытыла бастаған көмірсу сілекей амилазасының әсерінен ас қоймалжыңының ортасында әрі қарай қорытылады.
Қарын сөлінің асты қорыту күші тамақтың құрамына байланысты. Оның қорытқыш күші өсімдіктен жасалған тағамдарды жегенде жоғары болады, өйткені өсімдік белоктарының қорытылуы қиын. Майлы тағамдар қарында ұзақ уақыт қорытылады. Жалпы алғанда қарын сөлінің мөлшері, құрамы, асты қорыту күші адамның тамақ қабылдау кестесіне, тамақтың түрлеріне, жасына, жеке басының қасиеттеріне байланысты. Қарында ас шамамен 3-4 сағаттан 10-11 сағатқа дейін болады.
Баланың қарнының кілегей қабаты нәзік, қан тамырларына бай, бірақ сөл шығаратын бездері аз болады, сыйымдылығы да кішкентай: 6 айлық баланың қарынының аумағы не бары 250- 300 мл.
Қарын сөліндегі тұз қышқылы мен ферменттердің күші 1 жасқа дейінгі балалардың сөлінде төмен болады да, содан кейін күшейе бастайды. Оның есесіне химозин ферменті өте белсенді болады, ал ересек адамда оның белсенділігі төмен. Емшектегі баланың сөлінің рН реакциясы жоғары. 1 айда - 5,84; 3-7 айда - 4,94; 7-9 айда - 4,48. 9 айдан аса -3,76-ға тең болады. Сондықтан сөлдің құрамындағы рН =2,0 болғанда белсенді болатын пепсин ферментінің қарындағы асты қорытуда рөлі төмен болады. Сондықтан емшектегі балаларға сиыр сүтін, немесе басқа жасанды сүттерді көп бергенде диатез - бет терісінде қызғылт қышыма қабыршақтар пайда болады. Бұл баланың қарын сөлінің ферменттік белсенділігінің төмен екенін білдіреді.
Қарын сөлі қарынның кілегей қабатындағы без клеткаларында өндіріледі. Қарынның 1 мм2 кілегейлі қабатында жүз шақты бездер болады.
Ұйқы безі сөлінің құрамындағы трипсиноген ферменті, ішекте белсенді түрі, трипсинге айналады. Трипсиннің әсерінен белок қанға оңай сіңімді амин қышқылдарына айналады. Ұйқы безінің сөліндегі липаза ферменті майды глицерин мен май қышқылдарына, ал амилаза ферменті крахмалды дисахаридтерге, мальтаза ферменті дисахаридтерді моносахаридке, яғни глюкозаға айналдырады. Осы сөлдің құрамындағы лактаза ферменті сүттің қанты лактозаны моносахарид лактозаға ыдыратады.
Он екі елі ішектегі сөлдің рН 7,5-8,5 тең. Бірақ қарыннан келген ас қоймалжыңы оның белсенді реакциясын рН 4-6-ға дейін төмендетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |