ОРЫС СЫНЫПТАРЫНДА ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҒЫНДА ОҚУШЫЛАРДЫҢ ЖАЗЫЛЫМ ӘРЕКЕТІН
ДАМЫТУДА МОДУЛЬДІК ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ҚОЛДАНУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Тойлыбаева Гульбахыт Кажыкеновна
Өскемен қаласы
«М.Шаяхметов атындағы №23 орта мектебі» КММ
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Қазіргі кезде мектептегі білім беруде маңызды мәселелердің бірі – оқушылардың коммуникативтік құзіреттіліктерін
дамыту. «Құзіреттілік» – оқушының алған білімі мен біліктерін күнделікті өмірде тәжірибе және теориялық мәселелерді
шешуге қолдана алу қабілеттілігі. Ал, «коммуникация» – қарым-қатынас, өзара байланыс дегенді білдіреді. Бұл
терминнің тілге байланысты мағыналық ерекшелігі лингвистикалық энциклопедиялық сөздікте: «Коммуникация - /лат.
сommunicatio от – communico - делаю общим, связываю, общаюсь/ - общение, обмен мыслями, сведениями, идеями
и.т.д. специфическая форма взаимодействия людей в процессе их познавательно-трудовой деятельности»,-деп
көрсетілген. Яғни, қоғам талабына сай, бәсекеге қабілетті, шығармашылығы дамыған жеке тұлға болып қалыптасу үшін
коммуникативтік құзіреттілікті дамыту қажеттігі туындайды.
Тілдік қатынас (коммуникация) – тіл арқылы байланыс, сөйлеу тілі арқылы адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас
жасауы; қоғамдық, ұлттық тіл арқылы ұғынысу, түсінісу; яғни адамзаттың тіл арқылы қатынасқа түсуі.
Тілдік қатынастың дыбыс арқылы айтылуы және әріп арқылы таңбалануы лингвистикада ауызша және жазбаша
тілдік қатынас деп те айтылады.
Сауатты жазудың қоғамдық мәні зор. Сауаттылықты қалыптастырудың негізі – емле ережелері.
Мектептегі жазба жұмысы алдына бірнеше ұстанымдар қояды:
1) Тілдің фонетика, морфология, синтаксис салаларын тығыз байланыста оқытады.
2) Әртүрлі тілдік құбылыстарды бір-бірімен салаластыра оқыту (дыбыс пен әріпті, фонеманы позиция тұрғысынан).
3) Мағыналық-құрылымдық ұстаным (морфемалардың құрамы мен мағынасы туралы білімді тірек ету).
Қазақ тілін сауатты үйрету үшін оқушыларға берілетін жазба жұмыстарын дұрыс жоспарлаудың маңызы зор. Оқу
орыс тілінде жүргізілетін мектепте оқушылар қазақ тілінің дыбыстық құрамын, дыбыстардың айтылу нормасын,
дыбыстық заңдылықтарын, грамматикалық құрылысын меңгеруге, ойын еркін жеткізуге, жеткілікті дәрежеде сөздік
қорын меңгеруге, сонымен бірге қазақша сөйлеуге жаттығып, қазақ тілінде қарым-қатынас жасай алуы қажет. Оқушыны
мұндай дәрежеге жеткізу үшін педагог-мамандар түрлі жаңа технологиялардың тиімді жақтарын алып, оқушыны жеке
тұлға ретінде дамыту жолында жұмыс жасай алулары қажет.
Оқу орыс тілінде жүргізілетін оқушылардың қазақ тілінде тілдік қатынас жасау деңгейін жетілдіруде, әсіресе
жазылым әрекетін дамытуда арнайы қарастыруды қажет ететін мәселелер бар. Мектеп оқушылары мемлекеттік тілде өз
ойын нақты, дәл жеткізе алмайды, олардың жазбаша сауаты нашар, тіл тазалығы мен сөйлеу мәдениеті талапқа сай емес.
52
Мектеп бағдарламасының талабына сай сауатты жазу дағдысын қалыптастыру үшін бірнеше жазба жұмыстар
жүргізілуі тиіс. Мұндай жазба жұмыстарына жататындар:
1. Жазбаша жаттығулар
2. Қысқа мәтіндер
3. Жазбаша бақылау жұмыстары
4. Диктанттың түрлері
5. Жазбаша ойындар
6. Іс – қағаздарының үлгілері
7. Мазмұндама
8. Сөздікпен жұмыс
9. Шығарма
Оқушылардың жазбаша сөйлеу тілін дамытуда орфографиялық дағды қалыптастырып, өз ойын жазбаша дұрыс бере
білуге дағдыландыратын және үйрететін жаттығу жұмысының тәжірибелік әдістерінің бірі - диктант жаздыру жұмысы.
Жазбаша сөйлеу тілін дамыту бағытында жүргізілетін диктант жұмысының ең тиімді түрлері сұрыпталып, оқу
бағдарламасында берілген модуль мазмұны бойынша аталған диктант түрлеріне мәтін қоры дайындалды:сөздік
диктанты; жатқа жазу диктанты, терме диктант; бақылау диктанты; шығармашылық диктант.
Орыстілді оқушылардың жазбаша тілін дамытуда жүргізілетін жазба жұмысының тағы бір түрі – мазмұндама.
Мазмұндама жұмысын орыстілді сыныптарда жүйелі ұйымдастырып, нәтижесін бақылап отыру қажет. Мәтін
мазмұнын түсініп, ауызша баяндап беруге даярлауда жеке сөйлемдерден бастаған орынды. Оқушылардың жеке
сөйлемдерді жаттап алу дағдысының қалыптасуы диктант пен мазмұндама жұмыстарын орындауда көмектеседі, есте
сақтау қабілеттерін дамытады.
Жеке сөйлемдермен жұмыс істеу дағдысы қалыптастырылғаннан кейін оқушыны шағын, қысқа мәтінмен жұмыс
істеуге дағдыландырады. Мәтін мәнерлеп оқытылып, мазмұны айтқызылады. Мәтінмен жұмыста орындалатын жұмыс
түрі: 1.Мәтінді мәнерлеп оқу; 2. Мәтінді жаттау; 3. Мәтінді ауызша мазмұндау.
Оқушылардың жазбаша сөйлеу тілін дамытуда орындалатын жазба жұмысының бір түрі – шығарма.
Жаттығу жұмыстары қазақ тілі пәнінен жинақтаған теориялық білімді бекітуде, дұрыс жазу емлесі мен дұрыс сөйлеу
өлшемдерін қалыптастыруда, оқушылардың тілін ұстарту, байланыстырып сөйлеуге үйретуде ауызша және жазбаша
сөйлеу тілін дамыту дағдыларын қалыптастырады. Қатысым әдісі арқылы оқушылардың жазбаша сөйлеу тілін
дамытуда жүргізілетін жаттығулар жүйесінің қатысымдық бағыты, танымдық қызметі және шығармашылық ойлауды
дамыту бағыттары негізге алынады. Осыған байланысты жазбаша сөйлеу тілін дамытуда берілетін жаттығулар жүйесі
екі негізгі бағытта жүргізіледі:
1.Тілдік жаттығулар;
2. Қатысымдық жаттығулар.
Мемлекеттік тілді орыс сыныптарындағы оқушылардың жазба жұмысын дамыту аса күрделі әрі үнемі ізденісті
қажет ететін іс. Яғни, бұл жерде сабақ жүргізу әдістемесін меңгерген ұстаз сабақты түсіндіріп қана қоймай, оқушының
өз бетімен ізденуіне түрткі болып отыруы, жетектей білуі қажет. Осы орайда, ұстаз дәстүрлі әдіс-тәсілдерді түрлендіре
отырып және жаңа технологияларды ұтымды пайдалана отырып оқыта білсе, оқушының бойындағы тілге деген
қызығушылықтың артары және жазбаша сөйлеу тілінің дамуы сөзсіз. Бүгінгі күнде белгілі болған көптеген
технологиялар бар. Соның бірі – М.М. Жанпейісованың «Модульдік оқыту технологиясы». Технологияның тиімділігі –
оқушының терең білім алуына және мұғалімнің де шығармашылық шыңдалуына септігін тигізеді.
Бұл технологияның ерекшелігінің бірі – сөйлесу бөлімінде оқушылардың жазбаша тілінің дамуына мүмкіндік беруі.
Технология модульдік сипатта. Оқу модулі үш құрылымды бөліктен: кіріспеден, сөйлесу бөлімінен және қорытынды
бөлімнен тұрады. Оқу модулінің ерекшелігі – жалпы сағат санына қарамастан, кіріспе және қорытынды бөлімдерге 1-2
сағат беріледі. Барлық қалған уақыт сөйлесу бөлімінің меншігінде болады.
Оқытуда көп уақыт сөйлесу бөліміне беріледі. Сол себепті сөйлесу бөлімін даярлағанда мұғалім оқу материалының
негізгі мазмұнын бөліп, құрылымдайды. Мұнда оқушылар оқу материалына қайта оралып, пысықтап, бекітуі үшін оның
әр сабақта жеке бөліктермен берілетінін есепке алу керек, бұл бөліктерде қысқаша сыйымды түрде тұтас тараудың
мазмұны беріледі. Және мұғалім оқушылардың өзара сөйлесуін қамтамасыз етуге баса көңіл бөледі. Сөйтіп, мұғалімнің
сөйлесу бөлімін дайындаудағы 5 әрекет-қадамнан тұратын даярлық құрылымы қалыптасады:
1. Модульдің сөйлесу бөліміндегі негізгі материалдың мазмұнын белгілеу.
2. Оқу материалын біртұтас, жинақы «өсу» бағытымен беру.
3. Тақырып бойынша жеңілдетілген деңгейдегі және білім стандартының талаптарын қамтамасыз ететін деңгейдегі
тапсырмалар да йындау.
4.Оқушылардың пәнге қызығушылығын және креативтілігін (шығармашылық қабілеттерін) дамытуға арналған
шығармашалық сипаттағы материал дайындау.
5. Осы бөліктің барлық сабақтарында өзара сөйлесуді қамтамасыз ету.
Қорыта айтқанда, модульдік оқыту технологиясын жүйелі түрде пайдалана білген ұстаздың оқушының білім, білік
дағдыларын арттыруда ұтары мол деп білемін. Өйткені, технология практика жүзінде өтіліп жатқан тақырыпқа жиі
қайта оралып отыру арқылы және оқушының бойындағы жасырын жатқан дарынын ашуға, қызығушылығын арттыруға
бағытталған ойын әрекеттері арқылы сабақ ұйымдастыруды қажет етеді. Және бұл жұмыстар арқылы мұғалім де көп
ізденіп, өзін-өзі толықтырып отырады. Яғни оқушылармен бірге дамиды.
|