ЖАТТАНУ – философияда, әлеуметтануда, әлеуметтік психологияда әртүрлі мағыналарда кең көлемді қолданылады. Термин қоғамдық келісім теориясында (Т. Гоббс, Ж.Ж. Руссо және т. б.) адам құқының мемлекетке бері- лу актісі ретінде қарастырылады. Неміс классикалық философиясында Ж. категориясын И.Г. Фихте, Ф.В. Шеллинг қарастырған. Әсіресе Г.В.Ф. Гегель осы ұғымды рухтың өзіндік дамуымен терең байланыстыра зерттеген. Дінді сынаған Л. Фейербах Құдайдан адамның өзінен жаттанған, оған үстемдік
250
жүргізетін бұлдыр, жаратылыстан тыс өмір сүру таңылатын жеке мәнді кө- реді. К. Маркс жаттануды еңбек бөлінісімен, жеке меншікпен байланыстыр- ды және оны буржуазиялық өндіріс тәсілінің өзіндік ерекшелігі (жаттана- тын еңбек) ретінде қарастырды. Маркстік философия дәстүрінде Ж. адам қызметі мен оның нәтижелерінің адамның өзіне жау болатыны және оны өзіне бағындыратын дара күшке объективті түрде айналатыны көрсетіледі. Қазіргі заманғы батыс ғылымында Ж. ұғымы объективті және субъективті мәндерде қолданылады. Бұл – адамның әлеуметтік ортаға, өзінің қызметіне, оның нәтижелеріне деген Ж. сезімі. Адамзат қауымдастығының тарихи дамуына байланысты адамның әлеуметтік өмірден алшақтауы Ж. ретінде түсіндіріледі. М. Хайдеггер Ж-ды адамның қауымдастық жағдайындағы болмысының тәсілі ретінде, ал Э. Фром қазіргі заманғы әлеуметтік психологияның ең бір жалпы ұғымы ретінде қарастырады. Ж. өзінің тар ауқымдағы ұғымында құбылыс, заттар, тауар-ақша қатынасы, техника мен технологияның адамға жүргізетін үстемдігі ретінде, ал кең ұғымында
– әлеуметтік байланыстар жиынтығының сапалық жағдайы ретінде көрінеді. Ж. қазіргі заманның негіздік үрдісі ретінде, адамның әртүрлі: экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, технологиялық, рухани қырлары бар еріксіздігі ретінде сипатталады. 1960–1970 жылдары индустриалды әлеуметтануда еңбектегі Ж-ға эмпириялық зерттеулер жүргізіліп, оны жеңудің жүйесіне кірген «адами қатынас», «еңбек гуманизациясы» және т. б. нақты бағдарламалар жасалды. Адами қатынастарды ұйымдастырудың тарихи қалыптасқан тәсілі ретіндегі Ж-ды жеңу мәселесі, теориялық және сол сияқты практикалық мәндердегі кешенді зерттеулерді қажет етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |