«ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ» БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫ
Мақсаты: балаларды сурет салуға, мүсіндеуге, музыкаға, ән айтуға, қарапайым аспаптарда ойнауға қызығушылықтарын арттыру; әсемдікті түсінуді, балалардың эмоционалдық әлемін дыбыстармен, бояулармен, пішіндермен молайтуды қалыптастыру.
«Шығармашылық» білім беру саласының базалық мазмұны:
- сурет салу
- желімсіз жапсыру;
- мүсіндеу;
- музыка ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде жүзеге асады.
Сурет салу
Мақсаты: баланы сурет салуға, мүсіндеуге ынталандыру және жағдай жасау.
Міндеттері:
1. Бейнелеу өнеріне қызығушылықтарын арттыру.
2. Түс, сызық, дақтарды қолдана отырып, қоршаған ортадағы нақты шындық құбылыстарын бейнелеу жолдарына үйрету.
3. Сурет салуға арналған материалдар туралы ұғымдарын толықтыру.
Мазмұны
Балалардың бейнелу өнеріне қызығушылықтарын арттыру, сурет салуда, мүсіндеуде түрлі заттар мен құбылыстарды бейнелеуге болатыны туралы түсініктерін бекіту. «жаңбыр тамшылайды», «жапырақтар жерге түсті», «қар жауып тұр», «ормандағы аңдар» және т.б. құбылыстарды көрсететін бояулар мен сызықтарға назар аударту.
Таныс заттардың, кейіпкерлердің бейнелерін тану, не (кім) бейнеленгенін, не істеп жатқанын (Сәуле шай ішіп отыр) түсіну.
Қол қимылдарын дамыту. Түрлі-түсті қарындаштар және бояулармен (гуашь) сурет салуға үйрету.
Қарындаш пен қылқаламды үш саусақпен, қатты қысып ұстамай, түзу, тұйық сызықтарды сурет салудың қарапайым элементі ретінде қағаз бетіне жеңіл түрде түсіру. Қарындаш немесе қылқалам ұстаған қол қимылын бақылау. Қағаз бетінде сурет салу қимылдарын реттеу, бұл қимылдарды ырғақты түрде қайталау, қарындаш пен қылқаламды қысып ұстау күшін реттеу (қағаз бетінен қолды үзбеу, қарындашты қатты қысып ұстамау, қылқаламның түгіне салмақ салмай жүргізу), қылқаламның түгін бояуға сулап алу, артығын ыдыстың шетіне жағу, қылқаламды суға жуу, оны шүберекпен кептіру.
Сурет салуға өз жұмысының нәтижесі ретінде қарауға баулу.
Балаларды қазақтың ою-өрнектерімен безендірілген кесе, табақтарын қарап, өз пікірлерін айтуға үйрету.
Ашық түсті бояуларға эмоционалды пікірлерін білдіру. Қарама-қайшы түстерді үйлестіріп, бейнелерді бере білуге үйрету («Үйдің терезесіндегі жарық», «Шыршадағы шамдар»). Дақтарды қағаз бетіне жағу.
Қағаз бетіне тігінен, көлденеңінен, түзу және толқын тәрізді сызықтар сызуға үйрету. Қалыптан тыс тәсілмен сурет салуға үйрету: қағазды екіге бүктеп, бір бетіне бояу жағып, екінші жартысына түсіру.
Балалардың қарапайым дөңгелек пішінді заттарды бейнелей білуін бекіту. Сызықтардың мәнерлілігін, бояу жағудың үйлесімділігін («Күн жарқырайды», «Гүл басын иді» және т.б.) байқауға үйрету. Қағаз бетін, қуыршаққа арналған көйлектің кескінін сызықтармен, жағыстармен әсемдеуге үйрету.
Балаларды ересектермен бірге әрекет етуге (ересектердің салған суреттерін толықтыру) қызығушылықтарын тудыру. Өз еркімен бояудың түсін, қағаз бетінің түсін таңдауға ынталандыру. Бояулармен, қарындаштармен эксперимент жүргізуге ниеттендіру.
Бейнелеу өнері әрекетінің нәтижесіне қызығушылық танытуын мадақтау. Балалардың жұмысын қарау және талдау. Таныс заттар мен кейіпкерлерді табу. Кеңістікті бағдарлауға («Аспанда күн жарқырап тұр», «Үйдің жанында шырша өсіп тұр» және т.б.) үйрету.
Белгілі бір ережелерді орындауға үйрету: түзу отыру, тек қағаз бетіне сурет салу, қағазды жұмарламау, қарындашты тықылдатпау, бояуды ұқыпты қолдану, оған қылқаламның түгін ғана батыру, сабақ аяқталған соң материалдарды жинау.
Балалар жылдың соңында бағдарлама материалдарын меңгеру нәтижесінде:
- таныс заттардың, кейіпкерлердің бейнелерін тануды, не (кім) бейнеленгенін, не істеп жатқанын түсінуді;
- түрлі-түсті қарындаштармен және бояулармен (гуашь) сурет салуды;
- қағаз бетіне тігінен, көлденеңінен, түзу және толқын тәрізді сызықтар сызуды;
- қарапайым дөңгелек пішінді заттарды бейнелеуді, сызықтардың мәнерлілігін, бояу жағудың үйлесімділігін байқауды,
- сурет салудың белгілі бір ережелерін орындауды білуі тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |