Мазмұны:
Тәрбиешімен бірлескен ойында балалардың заттар және ойыншықтармен әрекет жасау біліктерін бекіту. Ойын әрекеттерін қалыптастыру, оларды қарапайым сюжеттерге («Анасы баласын тамақтандырады», «Күтуші бөлмені жинады», «Жүргізуші көлік жүргізеді») біріктіруге үйрету. Рөлдік ойындарда балалардың мінез-құлық мәдениетінің қарапайым түрлерін қалыптастыру: белгілі рөлге сай әрекет жасауға талпындыру (ана, жүргізуші, дәрігер). Баланың жас ерекшелігіне сай келетін ойыншықтар, атрибуттар ұсына отырып, екі-үш бөлімдік ойын әрекеттерін қалыптастыру. Әрекетті ойыншықтың бірінен екіншісіне ауыстырып, ойында 2-3 бірізді эпизодты орындауға үйретуді жалғастыру («Қуыршақ ұйықтап жатыр, серуендеп жүр, тамақтанып отыр»).
Ойынға ойыншықтар мен атрибуттар таңдап алуға, ойыншықты өзімен бірге ойнайтын серіктесі ретінде қолдануға үйрету. Рөлдік ойынға ауысқанда, әрекетті тек өзі үшін ғана емес, сонымен бірге серіктес ойыншығы үшін де бейнелеуге, әңгіме жүргізе білуге үйрету.
Балалардың бастамасы бойынша туындаған ойынды қолдау. Ойында орынбасар-заттар қолдануға, бірлесіп, бірігіп ойнауға (2-3 баладан) ынталандыру.
Ойында балалар қатар отырып қана ойнамай, сонымен бірге басқа балалармен де бірге ойнай білу, жолдастарына мейірбанды болу: бірге ойнай білу, басқа балаға кедергі жасамау керектігін түсіну біліктерін қалыптастыру. Балалардың бір-бірімен жағымды эмоционалды қатынасын дамыту. Тәрбиешінің ұйымдастырған қарапайым бірлескен ойындарына қатысуды үйрету.
Тәрбиеші еліктеуге құрылған (ересектерге, жануарларға) қуыршақтармен театрландырылған ойындарды қолдауы тиіс.
Балалардың ойындарын қуыршақтармен сахналау көмегімен (отбасы, балабақша) байыту. Балаларды осындай ойындарға және ойыншықтармен сахналауға белсенді қатысуға: тәрбиешінің тапсырмасы бойынша белгілі әрекеттерді орындауға, сұрақтарға жауап беруге, әңгімелеуге үйрету. Қарапайым ертегілерді драмалау ойындарына («Шұбар тауық», «Қолғап») үйрету. Осы ойындарды қолдау, бастама көтеру, балаға театрландырылған, драмалау ойын тәжірибесін өздері ойлап шығаратын ойындарға ауыстыруға көмектесу.
Балалардың белсенділігіне сүйене отырып, бөлме, жиһаз, үй құрастыратын құрылыс ойындарына қатыстыру. Балаларды ойынның сюжетін дамыту үшін құрылыс материалдарынан (кірпіштер, кубиктер, пластиналар) құрылыс салуға ниеттендіру. Балаға орынбасар зат ретінде қолданатын материалдарды пайдалануға беру. Пікір айтуларын мадақтау.
Балаларды тәрбиешімен бірге қарапайым мазмұнды, күрделі емес қимылды ойындар ойнауға қызығушылығын тудыру. Оларды түрлі ойын жаттығуларының көмегімен жандандыру. Балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, шағын топпен, содан соң барлық балаларды қатыстырып, ойнауға үйрету. Біртіндеп ережесі күрделірек және қимыл түрлерін алмастыратын, рөлдерді орындайтын ойындар енгізу.
Қимылдарды жетілдіретін (жүру, жүгіру, лақтыру, домалату) ойындарды қолдау. Балаларды кейбір кейіпкерлердің қарапайым бейнелі әрекетін (қоян сияқты секіру, балапан сияқты дән шоқу, су ішу және т.б.) көрсете білуге үйрету.
Балалардың дидактикалық ойыншықтармен ойнауға қызығушылықтарын арттыру. Балалардың зейінін, ойлау қабілетін, толық түрде қабылдауын, қиялын, ұсақ қол моторикасын дамытуға мүмкіндік беретін және заттардың түсін, түрін, көлемін бағдарлауын дамытуға арналған ойындар жүргізу қажет.
Заттарды түсі мен көлеміне қарай (6 түсті үлкен, кіші шарлар) таңдауға және салыстыруға, шарды сол түстес, сол шамалы қақпаға домалатуға (үлкен шарды биік қақпаға, кіші шарды аласа қақпаға, қызыл шарды — қызыл қақпадан және т.с.с); мұнараға сақиналарды кему ретімен 2-3 түсті кезектестіре отырып жинау. Зат құралдармен әрекет жасай білуді бекіту.
Құммен, сумен, қармен ойнауда балалардың осы материалдардың қасиеттері туралы білімдерін бекіту.
Балалар жылдың соңында бағдарлама материалдарын меңгеру нәтижесінде:
- екі-үш бөліктен тұратын ойын әрекеттерін орындауды, оларды күрделі емес сюжетпен біріктіруді;
- қарапайым рөлдерді орындауды;
- әрекетті ойыншықтың бірінен екіншісіне ауыстырып, ойында 2-3 бірізді эпизодты орындауды;
- ойынға ойыншықтар мен атрибуттар таңдап алуды, ойыншықты өзімен бірге ойнайтын серіктесі ретінде қолдануды;
- ойында орынбасар затты қолдануды, бірлескен ойынға қатысуды, өздігінен ойнау үшін (2-3 баладан) бірігуді;
- ойында тек балалардың жанында емес, сонымен қатар басқа балалармен бірге ойнап, құрдастарына мейірбанды болуды;
- ойыншықтармен сахналау және ойындарға белсенді қатысуды;
- ойынның сюжетін дамыту үшін құрылыс материалдарынан құрылыс салуды;
- тәрбиешімен бірге қарапайым мазмұнды, күрделі емес қимылды ойындарды;
- кейбір кейіпкерлердің бейнелі әрекетін бере алуды;
- дидактикалық ойыншықтармен ойнауға қызығушылықтарын көрсете білуі керек.
Достарыңызбен бөлісу: |