4.3 «Қылмыстық және әкімшілік-деликтік заңнаманы одан әрі ізгілендіру» бастамасы. Қылмыстық – ең алдымен заңдылық пен құқықтық тәртіптің салтанат құруы үшін қауіп-қатерлерді ескере отырып, экономикалық қылмыспен күрес саласында - саясатты одан әрі ізгілендіру үшін мүмкіндіктер айқындалатын болады.
Салықтық, кедендік және басқа да құқық бұзушылықтарды қоса алғанда, қоғамдық қауіптілік дәрежесі жоғары емес құқық бұзушылықтың экономикалық құрамдарын қылмыстық сипаттан арылту және ізгілендіру жөніндегі жұмыс одан әрі жалғасатын болады. Қазірдің өзінде енгізілген өзгерістерден болған нақты әсер қазіргі заманғы талдамалық және пікіртерім әдістерінің көмегімен бағаланатын болады.
Заңнаманы және қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәркілеуді тек қылмыстық жолмен жинаған мүлкін тәркілеу ретінде қолдану практикасын жетілдіру, сондай-ақ мүлікті заңсыз жолмен алғанын дәлелдемелерді берудің нақты критерийлерін белгілеу бойынша шаралар қабылданатын болады.
Әкімшілік-деликтік заңнаманы ізгілендіру әкімшілік жауапкершіліктің құқық бұзушылық сипатына сәйкестігі қағидатын сақтауға бағытталатын болады.
Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарау бойынша соттар мен соттардан тыс инстанциялар арасында өкiлеттiктердiң аражігін ажыратудың нақты тұжырымдамасы әзірленеді. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы жаңартылған заңнама қолдану үшін қарапайым әрі тиімді және негізінен әкімшілік-деликтік заңнамамен қорғалатын құқықтар мен заңды мүдделерге қол сұғудан соттан тыс қорғауға бағытталады.
4.4 «Қылмыстық процесті жаңғырту» бастамасы. Дамыған елдердің базалық қағидаттарына сәйкес келетін, адам құқықтарын қылмыстық қудалау шеңберіне негізсіз тартудан қорғау кепілдіктерін нығайтуды, айыптауды төмендетуді, қылмыстық іс бойынша процестік шешімдер қабылдау кезінде объективтілікті арттыруды болжайтын сотқа дейінгі процесс моделі кезең-кезеңімен енгізілетін болады. Қорғаушы тарапқа дәлелдемелер жинау және оларды сотқа ұсыну бойынша неғұрлым кең мүмкіндіктер бере отырып, қылмыстық процесте айыптау және қорғау тараптарының жарыспалылық қағидаты күшейтілетін болады,
Қылмыстық-процестік құқықты жетілдіру шеңберінде оның репрессивтілігін төмендетуге бағытталған қылмыстық сот ісін жүргізудің қағидаттары іске асырылатын болады. Мұндай тәсілді іске асыру адам мен азаматты негізсіз айыптау мен соттаудан, құқықтары мен бостандықтарын заңсыз шектеуден қорғауды, кінәсіз адамды айыптаған немесе соттаған жағдайда оны дереу және толық ақтауды қамтамасыз етеді.
Заңдылықты мүлтіксіз сақтау қамтамасыз етілетін болады, жедел-іздестіру іс-әрекеттерін жүзеге асыру және жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде осындай әрекеттердің құралдары мен әдістерін заңсыз пайдалану үшін жауаптылықты күшейте отырып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кепілдендіру жүйесі күшейтілетін болады.