«Қызғыш құс» өлеңінде еліне, халқына сүйіспеншілігін, сезімін «ау, қызғыш құс, қызғыш құс, ел қорыған мен едім, мен де айрылдым елімнен, көл қорыған сен едің, сен де айрылдың көліңнен» деген психологиялық параллелизм арқылы бейнелейді. Елден айрылып, қуғынға түскен ерлердің халі лашыннан ығысқан панасыз қызғыш құс тағдырына ұқсастырыла жырланады. Қызғыш құстың көлсіз тіршілігі болмаса, ақынның туған елінсіз тіршілігі жоқ. Сол өлеңінде «Сені көлден айырған- лашын құстың тепкіні, мені елден айырған – Хан Жәңгірдің екпіні» ден қас жауының кім екенін айқын аңғартады. Бірақ Махамбет ешқашан өмірден түңіліп, өзі бастаған істен бас тартқан емес. Ол атаның бастаған ісін ілгері дамытатын ерлердің туатынына берік сенеді. Халықты жасымауға, қамықпауға шақырып, жаудан кек алуға үндей түседі. Болашаққа сеніммен қарайды. Махамбет өлеңдері – халықтың сарқылмас күш-қуатын бейнелейтін көркем шығарма.
Исатай сөзі ретінде айтылған "Әй, Махамбет, жолдасым" деген өлеңінде батырдың ешкімнің сөзін тындамайтын қыңырлық және аңқаулық ісі батыл ашылады.
Махамбет өлендері өзіне тән сипатымен көркемдік жағынан ерекше жанр жағынан тарихи шындықты, уақиғаны лирикалық сезімге бөленіп баяндалған, оған өз көзқарасын, қатысын және қалай сезінуін қоса айтады. Осындай үлгі лиро-эпикалық жанрға жатады. Махамбет өлеңдерінің тарихи салмағы басым баяндалады. Ақынның өлеңдерінде эпостық баяндау сарыны да бар, ол жалынды лирикамен араласып келеді ("Баймағанбетке айтқаны").
Махамбет өлендері әлеуметтік сарындағы саяси-үгіттік лирикаға да ұштасады. Өйткені онда өз көңіл күйі мен елдің күй-жағдайы ілік-шатыс келеді. Махамбет көтеріліс басшысының бірі болғанда, ол халықтың күреске деген сана-сезімін оятарлық үгіт-насихат қызметін өзінің өткір әсерлі өлеңімен іс жүзіне асыра білген.
Махамбет өлеңдерінің көбі дерлік жоқтау сарынында айтылады. Ол әсіресе Исатай мерт болғаннан кейін туындайды. Оның жоқтауы халық ауыз әдебиеті жоқтаулары үлгісінде құрылады. Теңеу, эпитет, метафора қолданыстары сол мұрадан сусындайды. Мысалы, "Тарланым", "Тайманның ұлы Исатай".
Махамбетте өмірді философиялық бағытқа негіздеп өзінің түйіндеген ұғымын баяндайтын сәттер де бар. Олар риторикалық сұрақтармен де айтылады. ("Қоғалы көлдер, қом сулар", т.б.).
Махамбеттің Исатайдан айырылып, әбден сәтсіздікке үшырап, көңілі құлазыған кездерінде шығарған өлеңдерінде өз көңіл-күйін көрсететін элегиялық лирика біраз орын алады.
Махамбет — сауатты ақын, сонда да ол жыр ағымымен суырып салма түрде толғаған. Көбіне арпалыс кезеңнің жағдайына бейімдеген. Сондықтан оның өлендері 7 буынды, 7 және 8 буын аралас түрде жасалған. Ал 11 буынды тек бір ғана "Мінгені Исатайдың Актабан-ай" деген өлеңі бар.
Махамбеттің тақырыбы да ерлік және халықты күрес қимылдарына шақыру болып саналады.
Махамбеттің тіл көркемдігі тартымды. Исатайды ел қамын ойлап, "қызғыштай болған есіл ер" деп теңеу жасап, батырды аң патшасы арыстанға балап, "Арыстан еді-ау Исатай" деп "Таудан мұнартып ұшқан тарланым" деп қыранға балап, әсерлі метафора қолданады. "Қой мойынды көк жұлын" деп ер серігі тұлпарды метонимиялық бейнеде суреттейді.
Махамбет өлендерін 1838 жылға дейінгі және одан кейінгі деп екі тарапта айырып қарау бар. Осы бөлістің алғашқы кезеңінде ақын лирикасы оптимистік прогрестік романтизм сипатты туындыларға жатады. Онда ақын ер-азаматты басқа түскен ауыртпалықты қайыспай көтеруге, қас жауға "қанды көбік жұтқызуға" шақырады. Ал, екінші кезең, әрине, көтеріліс жеңіліп, Исатай өліп, қалың қол тарап, ақынның басы жалғыздыққа кезіккен шақта айтылған лирика-элегия. Осындай тарихи қасірет ақынның көңіл күйіне, ой-пікіріне елеулі әсер етті. Онда да Махамбет күйреп кеткен жоқ. Алған бетінен қайтпады. Әлде де жаудан кек алуды қарастырып, өзінің "Үлы арман" деген өлеңінде:
Желп-желп еткен ала ту,
Жиырып алар күн қайда!?
Орама мылтық тарс ұрып
Жауға аттанар күн қайда?
— деп алға қойған мақсатынан танбады.
Махамбет - өзіне дейінгі және кейінгі ақындардан өмірді басқаша танып, шындық болмысты дұрыс көре білген халық әдебиетінің өкілі. Махамбет - қазақ әдебиетінде ең алғаш болып хан-сұлтандарға қарсы қарғыс оғын жаудырып, халық тілегін батыл да ашық айтқан адам. Махамбет ең алдымен халқын, Отанын сүйген патриот ақын. Оның өлеңі - елін тереңнен сүюдің айқын үлгісі. Махамбет өзінің қысқа ғұмырында төңкерістің жеңісі мен жеңілісін поэзия тілімен кестелеп, туған халқына деген шексіз сүйіспеншілігін, күш-қуатын елдің бостандығы мен тәуелсіздігі жолына жұмсады. Махамбет - кейінгі ақындар үлгі алған, өзіндік өлең құрылысы, тіл өзгешелігі, өз стилі бар ақын. Бүгінгі ақындар Махамбеттің образ қолданысынан үлгі алады. Махамбеттің әр образды, сөзді әр жағдайдың өзіне тән етіп қолданатын шеберлігін үйренеді. Ақын шығармалары жас жеткіншектерді табандылыққа, қиыншылықты жеңетін қайсарлыққа тәрбиелейді. Ол – асыл сөздің кені, көркем тілдің ұстасы, ерлікке үндейтін жалынды үгітші.
Достарыңызбен бөлісу: |