Батыс қазақстан ауыл шаруашылығЫ 1946-2000 жылдарда


Республика ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің материалдық тұрмыс халі мен мәдени-дәрежесі



бет24/31
Дата05.02.2022
өлшемі2,58 Mb.
#1623
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   31
Республика ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің материалдық тұрмыс халі мен мәдени-дәрежесі

60-80 жылдардағы Қазақстанның ауылшаруашылығын дамытуды көздеген кешенді бағдарламада өндірісті өркендетудің және еңбек өнімділігін арттырудың басты шарты ретінде ауыл еңбеккерлерінің тұрмыс халін жақсарту жөнінде қабылданған шаралар жүйесі елеулі орын алады. Село тұрғындарының тұрмыс дәрежесін көтеруге бағытталған әлеуметтік бағдарламаның құрамдас бір бөлігі болып табылатын бұл шаралар жүйесі мыналарды қарастырады:


- колхозшылардың еңбекақысын совхоз жұмысшыларының жалақысына жақындату арқылы ауыл тұрғындарының өскелең кірісін, совхоз жұмысшыларының жалақысын өнеркәсіп қызметкерлерінің жалақысына жақындату арқылы бұлардың кірісін өсіруді қамтамасыз ету;
- бөлшек сауда тауар айналымының жоғары қарқыны мен селодағы ақылы төлемді қаладағымен салыстыра отырып, қамтамасыз ету негізінде ауыл тұрғындарының тұтынуын қала халқының тұтыну дәрежесіне жақындату;
- қала тұрмысына жақын ауыл жағдайын қалыптастыру елді мекендерді көркейту тағы басқаларды жүзеге асыру.
Еңбекшілердің материалдық және тұрмыстық – мәдени қажеттері үшін жұмсайтын негізгі табыс көзі – еңбегіне қарай ақысы. 60-80 жылдары Қазақстанның ауылшаруашылығында колхозшылар мен совхоз жұмысшыларының нақты табысын жоғарылатуға көмектесетін, ауылшаруашылық еңбеккерлеріне өнеркәсіптегілерге жақын еңбекақы төлеуге мүмкіндік беретін маңызды шаралар дүниеге келді. Әлеуметтік ірі өзгерістердің бірі – мемлекеттік деңгейде бірыңғай зейнеткерлік жүйені, колхозшыларды әлеуметтік қамтуды енгізу. Осы мақсатқа 1965-1975 жылдары мемлекеттік қаржыдан 11,4 млрд сом бөлінді. СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің «Қоғамдық өндірісті дамытудағы колхозшыларды материалдық ынталандыруды арттыру туралы» қаулысына сәйкес 1966 жылы еңбекке сенімді ақы төлеудің енгізілуі жақсы жаңалық болды. Мұнда совхоздарда қолданылып келген нормалар мен белгіленген баға бойынша колхоз мүшелеріне ақы төлеу (ай сайын) көзделді. Еңбекке сенімді ақы төлеудің принциптік артықшылығы болды, колхозшылардың жеке мүддесі мен қоғамдық мүдде жақындасты. Оған мысал 1965 жылы колхозда бір адам-күнге 3,4 сом төлесе, совхозда 3,65 сом төленді. 1979 жылы бұл көрсеткіштер тиісінше 5,05 сом және 5,91 сом болды. Совхоз жұмысшыларының жалақысы едәуір өсті. 1975 жылы еліміздегі совхоз қызметкері орта есеппен ай сайын 74,6 сом 1980 жылы 135 сом жалақы алса, Батыс Қазақстан совхоздарының әр жұмысшысы ай сайын 1975 жылы 175,2 сом жалақы алды. Жекелеген шаруашылықтағы көрсеткіш бұдан да жоғары болды. Батыс Қазақстандағы «Перм» совхозы 1974 жылы мемлекетке 3,2 млн. пұт астық, көп мөлшерде ет тапсырды. Мұнда жұмысшының жылдық орта жалақысы 1470 сомға жетті. Озаттарға сыйлық ретінде қосымша ақы да төленді.
1968 жылы СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің «Селодағы құрылысты ретке келтіру» деген қаулысында ауылдық жердегі елді мекендерді, поселкілерді біртіндеп жаңарту, көріктендіру, мәдени-тұрмыстық объектілер мен қолайлы тұрғын үйлерді салу міндеттелінді. Аудандық, облыстық Кеңестер осы қаулыға сәйкес шешімдер қабылдап, алғашқы игі қадамдар жасала бастады. Көркейтілген ауылдар құрылысы өндірістің болашағына қарай совхоздардың келешегіне, даму жоспарына қарай жүргізілді. Ақтөбе облысында мәдени-тұрмыстық бағытта 54881,7 млн.сомның күрделі қаржысы игеріліп, 311 объект пайдалануға берілді. Олардың ішінде 66-монша, 50 магазин, 14 асхана мен мейрамхана, 35 клуб пен Мәдениет үйі, 3 кинотеатр, 6 кітапхана, 11 тұрмыстық қызмет көрсету шеберханасы, 5 аурухана, 10 дәрігерлік пункт, 45 мектеп, 6 интернат, 29 балалар мекемесі, 5 қонақ үй, 8 стадион, 1 спорт зал, 2 наубайхана, 10 әкімшілік үй бар. Бұған қоса 9377 үйге газ тартылды, 15 елді мекенге электр желісі жүргізілді. 40,8 километр жол жөнделді, басқа да жұмыстар тындырылды.
Батыс Қазақстан облысының ауылшаруашылығын дамытуға мемлекет бұл жылдары қыруар қаржы бөлді. Атап айтқанда жетінші бесжылдықта облыс совхоздары 146 млн сом, тоғызыншы бесжылдықтың алғашқы екі жылында 209 млн. сом күрделі қаржы алды. 10 жылда (1965-1975 ж.ж.) ауылдарда 740 мың шаршы метр тұрғын үй, 10 мың оқушылық мектеп, 3100 орындық балабақша, 27 клуб тағы басқа да объектілер тұрғызылды.
60-80 жылдары сауда саласында оң өзгерістер болды. Халықты саудамен қамту айтарлықтай жақсарды. Бұл кезеңде бөлшек сауда айналымы 2 есеге өсіп, Батыс Қазақстан бойынша 1965 жылғы 545,9 млн. сомның орнына ол 1168,4 млн. сомға жетті. Ауылдық жерде тауар айналымының көлемі әр адамға 40% артты. Осы саланың материалдық базасын нығайтуда көп іс тындырылды. Сауданың материалдық базасын нығайту мақсатында мемлекет 7,4 млн. сом күрделі қаржы бөлді. Осы қаржыға ауылдық жерлерде 8000 шаршы метр сауда алаңы бар 100 магазин салынды. Сонымен бірге өзіне өзі қызмет көрсететін 832 дүкен жұмыс істеді.
Батыс Қазақстанда тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуге айрықша көңіл бөлінді. 70-жылдардың аяғында Батыс Қазақстанның қалаларында ауылдары мен селоларында 4,5 мың дәрігері бар 280 аурухана жұмыс жасап, олардың материалдық-техникалық базасы біршама нығайды. Бұл жылдары 10 мың адамға төсек орын 103-тен 120-ға дейін өсті. 60-80 жылдары СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің «Ауылдағы жалпы білім беретін мектептердің жұмыс жағдайын одан әр жақсарту жөніндегі шаралар туралы» қаулысына сәйкес (1973ж. сәуір) мектептер құрылысын кеңінен өрістету, оқу-материалдық базаны нығайту, жоғары білікті педагогикалық кадрларды даярлау сияқты өмір күнтәртібіне қойған мәселелерге назар аударылды. 70 жылдардың аяғына таман Батыс Қазақстан облыстарында 54,8 мың оқушылық жалпы білім беретін мектеп үйлері салынып, пайдалануға берілді. Білім беру ісімен бір уақытта халықты мәдени қамту қатар жүргізілді. 1972 жылы шілде айында Қазақ КСР Жоғарғы Советі қабылдаған «Қазақ КСР ауыл тұрғындарын мәдени қызметпен қамтуды жақсарту туралы» қаулысы бұл орайда белгілі бір роль атқарды. Батыс Қазақстан аумағында бір миллионнан астам дана кітап пен журнал жинақталған 1238 көпшілік кітапхана, 1200 клуб мекемелері 70-жылдары оқырмандар мен көрермендерге есігін айқара ашты. Олардың материалдық базасы біртіндеп нығайып, жұмыс сапасы мен мазмұны талапқа сай жақсара түсті. Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы Сарбұлақ ауыл клубында тақырыптық кештер, өндіріс озаттарымен кездесулер ұйымдастырылды. Оларда «Бүгінгі қоғамның адамы қалай?», «Қазақстан – менің туған өлкем» деген қызықты кештер өтті. Гурьев облысында да мәдени шаралар тартымдылығымен көзге түсіп, қатысушыларды бей-жай қалдырмады. Мұнда 70 жылдардың ортасында 15 ұжымы «халықтық» деген құрметті атаққа ие болған көркемөнерпаздар қатарында 15 мың адам болды. Көркемөнерпаздар күшімен 57 мыңнан астам көрерменді қамтыған 250-ден астам спектакль мен концерт қойылды. Осы тұста «Жайық қызы» ансамбілінің атағы алысқа кетті. Орал облысының мәдениет қызметкерлері өзге әріптестерінен кем түспеді. Мәдениет Үйлері мен сарайларында жастар бойына адамгершілік, эстетикалық отансүйгіштік сезімдерді сіңіретін әртүрлі мазмұнды шаралар күн құрғатпай өтіп жатты. Көркемөнерпаздар ұжымдарының байқауы, «Өнер күндері» және «Ақындар айтысы» нағыз халықтық мейрамға айналды. Калинин атындағы колхоздың Мәдениет Үйінде халықтың ескі жаңа салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, үйлену тойлары тағы басқа да шаралар театрландырылған көріністер арқылы беріліп, көрермендердің көңіліне шуақ нұрын ұялатты.
60-80 жылдарда барлық деңгейде жүргізілген әлеуметтік-мәдени шаралар ауыл тұрғындарының денсаулығын қорғауға, еңбек және тұрмыс жағдайын жақсартуға, олардың шығармашылық белсенділігін арттыруға, демалысы мен оқуын мазмұнды да тиімді ұйымдастыруға бағытталды.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   31




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет