Қажеттілік пен еріктік. Жауапкершілік Адам еріктігі жөнінде философия тарихында мыңдаған мақалалар мен кітаптар жазылған. Бұл категория, әсіресе, бұрынғы Кеңес Одағының шеңберіндегі “қайта құру” үрдісі басталғаннан кейін қоғамдық санада аса көп айтылатын, насихатталатын ұғымдардың біреуіне айналды. Алайда, бүгінгі қоғамдық санада “еріктікпен мастану” сатысы өтіп бара жатқан сияқты, өйткені, еріктікті ұран етіп жасалған жақсы нәрселермен бірге қаншалықты теріс нәрселер де болды!!! (басқалардың мүдделерін таптау, ұрлық-қарлық, зорлау, өр-көкіректік т.с.с.). Сондықтан, бұл категорияның саяси “ұрандық” сипатынан бас тартып, философиялық деңгейде қарайық.
Еріктік категориясының маңыздылығы – ол адамның тектік қасиетіне жатады – жануарлар әлемінде еріктік жоқ. Яғни, ол адамның саналы мақсатқа лайықты іс-әрекетінен туындайды. Алайда, адам жалғыздан-жалғыз ғарыштағы кеңістікте өмір сүріп жатқан жоқ, оны жағалай қоршаған - өз мүдделері мен мақсаттары бар – басқа адамдар да бар. Сондықтан, еріктік деп адамның жағалай қоршаған ортадағы ақуалды ескере отырып, өз мүдделері мен мақсат-мұраттарын іске асыру қабілетін айтамыз.
Философия тарихында, көбінесе, еріктік мәселесін қарағанда, оны қажеттілікке қарсы қоюды байқаймыз. “Еріктік бар жерде қажеттілік жоқ”, я болмаса, “Ешқандай еріктіктің болуы мүмкін емес, тек қана қажеттілік бар”. Ақырында, бірінші көзқарас еріктікті адамның ойына не келсе, соны жасауға теңеп, волюнтаризмге (А.Шопенгауэр, Ф.Ницше) әкелді (voluntas,- латынша,- ырық). Еріктікті терістеп, тек қана қажеттікті мойындағандар (Т.Гоббс, П.Лаплас т.б.) фатализм бағытын тудырды (fatum,- латынша, тағдыр). Егерде адам өмірінде еріктік жоқ болатын болса, онда тағдырдың тәлтегіне толығынан көнуге тура келеді.
Мұндай көзқарастардың біржақтылығын сезініп, жаңа формула әкелген Б.Спиноза болды: “Еріктік – танып-білінген қажеттілік”. Негізінен алғанда, маркстік философияда да осы бағыт ұсталған. Бұл формула, қалай айтсақ та, қажеттіліктің басымдығын ертелі-кеш мойындайды. Соның негізінде конформизм (бәрі не істесе, сен де соны істе), я болмаса, тоталитаризм (не айтылса, соны істе) пайда болады. Қажеттікті танып-білу еріктікті өзінен өзі туғызбайды. Түрмеде отырған адам қаншалықты қажеттікті түсінгенмен, одан ерікті бола алама? Осы арада бір анекдотты келтірсек те болғаны: Полицай бір адамды ұстап клеткаға жауып қойып, оқтын-оқтын “Итбаев !”,- деп атын атағанда, ол байғұс: “Мен мындамын, полицай мырза”,- дегенде, полицай: “Қайда кетерсің”,- деп жауап қайтарады екен.
Жоғарыда келтірілген көзқарастар бұл категорияның аса күрделі екендігін көрсетеді. Сондықтан, оны жете түсіну үшін басқа “Тәуелсіздік пен тәуелділік”, “мүмкіндік пен шындық” т.с.с. категориялармен байланыстырып қана оның терең мәнін ашуға болатын сияқты.
Біріншіден, адамның еріктігі – ол Дүниенің іргетасын құрайтын әр зат пен құбылыстың өз тәуелсіздігіне деген “ұмтылысының” саналы көрінісі ретінде қаралуы керек. Әрине, адамды зорлап-зомбылауға, аяқ-қолын шынжырлауға т.с.с. болады. Бірақ оның ішкі рухани бостандығын, соған жетуге деген ынтасын еш диктатор, патша, жауыз ешқашанда жоя алмайды.
Сонымен қатар, бұл Дүниеде өз тәуелсіздігін толығынан іске асырып өзімен-өзі өмірі сүріп жатқан да бір нәрсе жоқ. Олай болса, абсолюттік еріктік те Дүниеде жоқ. Бұл мәселені ерекше талдап арнайы жазған кітабын Э.Фромм “Еріктіктен қашу”, - деп атаған (қараңыз: Бегство от свободы. М., Прогресс, 1991). Расында да, ойлап қарайықшы: абсолютті, шексіз еріктікке жеткен адам шексіз жалғыздықтың ащы зардабын тартар еді. Өйткені, ол барлық тәуелділіктен құтылды, өз “өзіндігімен” ғана қалып қойды.
Уақытында К.Ясперс айтқандай “адами ақуал – рухани” болатын болса, өз еріктігімен қатар, адам басқа адамдармен байланысқа түсуге, өз болмысында басқаларға жақсылықтар жасауға, әсемдікке, шындыққа, әділеттікке жетуге ынталы. Ал, мұның өзі оны қоғаммен шым-шытырық байланыстарға әкеліп, басқалардың да мүдделерімен санасуға ой салады. Қоғам шеңберінде өмір сүре отырып одан толық тәуелсіз болу – ойға сыйматын нәрсе. Тек дамымаған, я болмаса, зұлым тұлға ғана басқалармен есептеспейді.
Екіншіден, қажеттіктің өзі әр-түрлі мүмкіндіктер арқылы кездейсоқтықтың негізінде көрініс тапқаннан кейін еріктіктің өзі адамның қалайтын мүмкіндіктерді қажымас қайрат көрсетіп өмірге әкелуімен тең сияқты. Яғни, адам өз саналы іс-әрекетінің нәтижесінде, әр-түрлі мүмкіндіктердің ішінен өз қалауын таңдау арқылы өз еріктігін іске асыра алады. Ал, оның өзі шығармашылықты талап етпей ме ?! Өйткені, ол таңдалған мүмкіндік дайын түрде адам алдына келмейді, оны ол тудыруы керек. Сондықтан, осы жаратылған Дүниені адам әрі қарай өз шығармашылық дарынының арқасында әрі қарай жетілдіріп жатқан жоқ па? Осы тұрғыдан алып қарағанда, орыс философиясының аса дарынды өкілі Н.А.Бердяевтің “еріктік дегеніміз адамның ішкі шығармашылық күш-қуаты. Адам өз еріктігінің арқасында мүлде жаңа өмірді тудыра алады… Еріктік – бұл Дүниенің шеңберінен шығумен тең”, - деген сөздерінің тереңдігіне таңғаласыз (қараңыз: Н.А.Бердяев. Царство духа и царство кесаря. М., Мысль, 1995, с.247-248 ). Олай болса, еріктік дегеніміз – шығармашылық. ХХ ғ. өмір сүрген көрнекті австрия ғалымы В.Франклдің “шығармашылық құндылықтары – адам өмірінің ең терең мән-мағнасын құрайды”,- деген ойы да жоғарыдағы оймен шектесіп жатқан жоқ па? (қараңыз: В.Франкл. Человек в поисках смысла., М.,Прогресс, 1990, стр.165). Уақытында К.Маркстің өзі коммунизмді әр адамның шығармашылық сатысына көтеріліп, гүлдеуімен теңестірген болатын.
Алайда, бұл арада біз тағы да бір күрделі мәселеге тап боламыз. Адам кірпіштен әсем сарай сала алады. Сонымен қатар, адамдарды құртуға бағытталған концлагерлерді, оларды жағуға арналған газ камераларын да тудырды. Атомның ядролық күшін өз күшіне айналдырып жүздеген атомдық электростанцияларды салды. Сонымен қатар, жер бетін мыңдаған рет қопарып тастай алатын ядролық бомбаларды жинады. Адамзат мыңдаған тұруға лайықты гүлденген қалаларды орнатты, бірақ, “Ұлы мәртебелі” арғы анамыз - Табиғатқа - барлық салмағын салып - аздыртты.
ХХ ғ. ғылыми-техникалық революцияның теңдеспес дамуына байланысты адамзат алдында бұрынғы-соңды болмаған үрейлер пайда болды. Бүінгі таңда адамзат құпияның-құпиясы – тіршіліктік геномының ішкі сырын ашып, неше-түрлі генетикалық инженерия технологияларын жасауда. Адамның өзін клональды, яғни, бейжыныстық түрде Дүниеге әкелу мүмкіншілігі пайда болды. Мәселенің өршіленгені соншалықты, Италияның Генуя қаласында 2001 ж. шілдесінде өткен дамыған елдердің саммитінде бұл мәселе ерекше сұрақ ретінде күн тәртібіне қойылды.
Бұл арада адамның ерікті шығармашылық қызметі мен оның жауапкершілігіне байланысты мәселе туады. Бұл мәселені алғаш көтергендердің бірі ретінде қазіргі экзистенциализм бағытындағы ойшылдарды жатқызуға болады. ХХ ғ. екі Дүниежүзілік соғыстың ащы салдарларын сараптаудан шыққан ойшылдар адам өмірінің трагизмін мойындайды. Бір жағынан, адам ерекше ерікті пәнде, ол не істесе де оған құқылы, екінші жағынан, ол саналы пәнде ретінде өз істеріне жауапты. Сондықтан, экзистенциалистік философияның көрнекті өкілі Ж-П.Сартр айтқандай, “еріктік дегеніміз – адамның арқаланатын жауапкершілік жүгі”. Яғни, сен еріктісің, бірақ, өз ісіңе толығынан басқалардың алдында жауап бер.
Адам, бір жағынан, өз үшін (эгоизм), я болмаса, басқалар үшін ғана (альтруизм) емес, өз мүддесін басқалармен бірге ұштастырып өмір сүруі керек.
Сонымен, еріктік пен жауапкершілік – күміс ақшаның екі жағындай, бір-бірінсіз өмір сүре алмайды. Еріктік бар, жауапкершілік жоқ жерде әділетті дұрыс қоғам орнату мүмкін емес. Сондықтан, жаңа ғана қалыптасып жатқан демократиялық қоғамның берген еріктіктерін тек өз құлқынына жаратып, жауапкершілікті мойындағысы келмейтіндердің алдына тосқауыл қойылуы қажет. Бұқара ақпарат құралдарында еріктік пен қатар, ал біздің жағдайда, мүмкін, көбірек, - адамның қоғам алдындағы жауапкершілігі егжей-тегжей талдануы қажет,- деп есептейміз. “Арнасы жоқ” еріктіктің уақыты өтті, халық алдындағы жауапкершіліктің уақыты келгендей сияқты.