Дәрістер. 1 тақырып. Философия, оның пәні мен қоғамдық маңызы


Адам өмірінің мән-мағнасы



бет168/175
Дата24.10.2023
өлшемі2,79 Mb.
#187769
1   ...   164   165   166   167   168   169   170   171   ...   175
Байланысты:
lektsii po filosofii

Адам өмірінің мән-мағнасы
Адам дүние жөнінде неше-түрлі ұғымдар мен бейнелерді тудырып, солар арқылы кеңістік пен уақыттың шектеуінен ой арқылы шығып кету дәрежесіне көтеріледі. Ол заттар мен құбылыстардың ішкі сырын аша алатын пенде. Ол неше-түрлі рухани құндылықтарды басшылыққа алып өмір сүреді, сонымен қатар, оларды жойып, тіпті өзін жойып жіберетін кездер де болады. Ең соңында, адам өз-өзін бақылап, баға беріп, өзімен өмір мен өлім жөнінде сұхбаттаса алатын пенде. Егер жануарлар өз табиғатына сай өмір сүрсе, адам алдында “мен неге дүниеге келдім?”, “не үшін өмір сүруім керек?”, “қалай өмір сүруім керек?”,- деген т.с.с. сұрақтар пайда болады. Оның себебі жоғарыда көрсетілген адамның ішкі рухани өмірінде жатыр. Міне, бұл қойылған сұрақтар адам өмірінің мән-мағнасын анықтауға итереді.
Адам өмірінің мән-мағнасы ғасырлар бойы талданып келе жатқан мәселе. Өмір өзгерген сайын болашақта да бұл мәселе талай рет көтерілетіні сөзсіз. Яғни, бұл адамзаттың өзіне қойған “мәңгілік” сұрақтарының біреуіне жатады. Орыстың ұлы ойшылы Л.Н.Толстой “адамның ішінде екі “мен” бар сияқты және олар бір-бірімен сыйыспай күресіп жатқан сияқты”,- дейді. Бір “мен”: “мен ғана нағыз өмір сүріп жатырмын, қалғандардың бәрі өмір сүріп жатқан сияқты ғана, сондықтан, бүкіл дүниенің мән-мағнасы маған деген жақсылықтың болуында”- дейді. Екінші “мен”: “Бүкіл Дүние саған емес, өз мақсаттарына, сондықтан, саған бұл өмірде жақсы ма әлде жаман ба, ол оны білгісі де келмейді”,- дейді. Бұл өмір сүруге қорқыныш сезімін әкеледі”,- деп қорытады ұлы ойшыл. Әрине, адамның ішкі өмірі неше-түрлі қайшылықтардан тұрады. Біршама жағдайда біз тек ақыл-оймен ғана емес, инстинктер, интуиция арқылы бір нәрселерді (жақсы, я жаман болсын) жасауымыз ғажап емес…
Адам өз өмірінде, басқа тіршіліктер сияқты, әр-түрлі қажеттіктерін өтейді. Жаңғыз ғана дәулетке жету адамды қанағаттандырып, оның өмірінің мән-мағнасын құрай алмайды. Оның сыртында талай рухқа негізделген адамның қажеттіктері тұр. Уақытында американ ғалымы А.Маслоу адам қажеттіктерінің төменнен жоғары көтерілетін тізбесін жасаған болатын. Ең төменгі - іргетасты физиологиялық (тамақтану, тыныс алу, қозғалу, киім, баспана т.с.с.) жыныстық (дүниеге ұрпақ әкелу) қажеттіктер. Екінші – экзистенциалдық қажеттіктер (қауыпсіздік, ертеңгі күнге деген сенімдік, өмір сүру жағдайларының және қарым-қатынасқа түсетін қоршаған адамдардың тұрақтығы т.с.с.). Үшінші - әлеуметтік қажеттіктер ( басқа адамдармен бірігіп, қарым-қатынасқа түсіп, солардың сый-сияпатына ие болу). Төртінші - престиждік, яғни, беделді басқалардың назарына ілігу, еңбек сатыларымен жоғарылау, жоғары тұлғалық бағаға ие болу т.с.с. Бесінші – рухани қажеттіктер - шығармашылық арқылы өз мүмкіндігіңді өмірге еңгізу, іске асыру.
А.Маслоудың ойынша, төменгі қажеттіктер өтелмейінше жоғарғылар әлі де болса адамға қызықты емес. Өтелген қажеттіктер өз күшін жойып, адамды жоғарғы қажеттіктерді игеруге итермелейді. Егер де төменгі қажеттіктерді өтеу - қоғамның даму деңгейіне байланысты - қиын мәселеге айналса, ол адам өмірінің негізгі мән-мағнасына айналуы мүмкін. Бүгінгі таңда қаншама адам “нан табу” мәселесінің шеңберінен шыға алмай жүр?! Оны тарихи қалыптасқан қоғам өмірінің кемшілігі ретінде қарау жөн болар.
Сонымен, өмірдің ең биік мән-мағнасы – шығармашылық сатыға көтеріліп, өз қабілеттеріңді іске асыру, соның арқасында өз тұлғаңның ерекше орнын анықтап, қанағаттану болмақ. Ондай адамға тән нәрселер:
өмірдің әрбір күнін теңдесі жоқ сый ретінде қуанышты сезіммен қабылдау;
басқаларды өзіңді сияқты бағалап қабылдау;
басқаларға тәуелді болмау, әр мәселе бойынша өз пікіріңді көрсете білу, өзгелердің пікірін де қабылдап сыйлау;
өз таңдаған ісіңді сүю, шығармашылық деңгейінде игеру;
үне бойы өз қабілеттеріңді әрі қарай дамытуға тырысу;
мақсат-мұратқа жететін құралдарды таңдау, жақсылық пен жамандықты, сұлулық пен түрсіздікті айыра білу;
қай жерде болмасын өзіңді қарапайым күндегідей ұстай білу; т.с.с.
Адам өмірінің мән-мағнасы жөнінде арнайы еңбек жазып құнды пікірлер айтқан ХХ ғ. өмір сүрген австрияның ұлы ойшылы В.Франкл болды. Ол бүгінгі адамның өмір ақуалына тоқтала келе оның қиындығы жөнінде сыр шертеді. Бүгінгі адам жануарлар сияқты инстинкттің, кешегі қоғамдағы сияқты әдет-ғұрыптың талабына сай өмір сүре алмайды. Сондықтан, ол басқалар сияқты болғысы келеді (конформизм), я болмаса, басқалардың айтқанын істейді (тоталитаризм). Ол оның рухани дағдарыста екенін, өмірдің мән-мағнасын әлі таба алмағанын көрсетеді. Нәтижесінде, адам “экзистенциалдық вакуумға” (өмір сүрудегі мәнсіздікке) келіп тіреледі. Ондай адам әлеуметтік аномияға (ауытқуға) ұшырауы мүмкін. Олар: нашақорлық, ішімдікке салыну, қылмыстыққа бару, құдай іздеу жолына түсу, өз-өзін өлтіру (суицид) т.с.с. Батыс қоғамында кең тараған жалған көзқарас ретінде В.Франкл өмір мәнін байлықтан іздеуді келтіреді. Мысалы, әке-шешесі өз баласына барлық жағдай жасап, не қалағанын алып береді де, оның алдындағы өз борышын орындағандай сезінеді. Ал ол баланың ішкі жан-дүниесі қандай, ол кім болғысы келеді, нені қиялдайды т.с.с. – оған көңіл бөлуге олардың қолдары да тимейді. Ақырында, киімі көк, тамағы тоқ бала көзді ашып-жұмғанша ересектік сатыға келеді. Балалық қиялдарының бәрі артта, ерекше тұлғалық дәрежеге көтерілген жоқ, өмірден өз орнын таба алмай қалды. Не істеу керек? – бұл сұраққа ол жауап бере алмайды. Бұл қиын ақуал кездейсоқ біреудің нашаны ұсынуымен аяқталады. Ол оны қабылдап - өз армандарын орындаған сияқты тәтті сезімге шомылады…
Ішімдікке келер болсақ, ол да аз уақыт болса да “ащы шындықтан қашуға” тең нәрсе. Мұндай сараптауды жалғастыра беруге болар еді. Оқырман оны жақсы түсінді ғой деп ойлаймыз.
Әңгіменің қиындығы - өмірдің мән-мағнасын тудыру, жасауға болмайды, оны тұлға өзі іздеп тауып алуы керек. Бұл Дүниеде өмірге келген әр адамның өз орны бар, сондықтан, әр адам өмірінің мән- мағнасы өзгеше. В.Франклдің айтуынша, бұл өмірде әр адамға өзіне керек іс тауып, қайсыбір ақуалдың шеңберінде өмірлік мән-мағнаны ашуға болады. Біреу өмірінің мән мағнасын балаларын жеткізуден, екінші – табиғи дарынын ашудан, үшінші – сүйген адамы үшін өмір сүруден т.с.с. көруі мүмкін.
В.Франклдің ойынша, жалпылай келе, өмірлік мән-мағнаны үлкен үш топқа бөлуге болады. Оның ең биігі – шығармашылық құндылықтарына жету, яғни, тарихта бұрынғы-соңғы болмаған жаңаны тудыру. Ол үшін, әрине, табиғи дарыннан тыс, сол саланы толығынан игеріп, шыңына жету керек. Ол негізінен элитарлық топтарға тән нәрсе.
Бірақ, кең түрде алғанда, шығармашылық - адамның тектік қасиеті. Сондықтан, әр адам - өзінше шығармашылық сатысына көтеріледі. Мысалы, талай жылдар гүл өсіріп, осы істі сүйетін адам күндердің бір күнінде гүлдің бір жаңа түрін тудырмай қоймайды. Киім тоқыйтын көп балалы әйел журналдағы көп өрнектерді игереді де, күндердің бір күнінде өз өрнегін ойлап шығаруы мүмкін. Бәлкім, ол өрнек модалар журналында басылмас, бірақ, ол шығармашылық деңгейге көтерілді емес пе?! Егер қайсыбір нәрсені бұрынғыдай емес, жаңа жолмен, әдіспен жасасаңыз – ол да шығармашылықтың нышаны болмай ма?
Көп жағдайда өз өміріңнің мән-мағнасын жоғалтып алмас үшін белгілі бір алдыңа қойған мақсатқа жете алмасаң, соған деген көзқарасыңды өзгертсең болғаны. Оны В.Франкл “құндылықтарға деген көзқарас” деген ұғыммен береді. Ондай ақуал қарапайым адамдардың арасында қиын-қыстау заман кезінде жиі кездеседі. Мысалы, құндыздан тігілген қымбат киімді армандап, сол себепті дұрыс ұйықтай алмай, жүйкесі тозып жүрген сұлу бикеш өз көзқарасын өзгертіп, Джина Лолобриджида секілді осы құндылыққа деген өз көзқарасын өзгертсе (аңның терісінен киім кию – соларды өз қолыңмен өлтіргенмен тең), я болмаса, үнді халқының тудырған “еш тіршілікті зәбірлемеу” философиясын қабылдап, басқа материалдан тігілген киім алса – мәселе сол сәтте-ақ шешілер еді.
Адамның өмірінде тіпті ойға келмейтін қиын жағдайлар туып (соғыс, жер сілкінуі, түрмеге түсу, қатерлі ісіктің пайда болуы т.с.с.) қолынан еш нәрсе келмей, тағдырдың тәлтегіне түскен кезде ол өмірінің мән-мағнасын жоғалтып түңілуі мүмкін. Ондай жағдай болмағанның өзінде әр адам өз өмірінің аяғында “қайғылы үштіктен” (зардап, күнә, өлім) өтеді. Осындай жағдайдың өзінде адам өз өмірінің мән-мағнасын жоғалтып алмауы керек,- дейді В.Франкл. Ол “ой-толғау құндылықтарына” көшу керек, сонда зардап шегудің өзінен жан-дүниені тазартатын, көп нәрселерге жаңа баға берілетін мән-мағнаны табуы мүмкін.
Осы араға келгенде біз үлкен экзистенциалдық мәселеге - өлім мен өлместікке келіп тірелдік.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   164   165   166   167   168   169   170   171   ...   175




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет