Дүниенің жаратылу мәселесі.
Августин Дүниенің жаратылу мәселесін ертедегі гректерге қарағанда басқаша шешеді. Плотиннің Демиургі Августиннің Құдайынан тіпті бөлек. Өйткені, оның жоғарысында “Идеялық әлем² - үлгі ретінде, ал төменгі жағында мәнгілік өмір сүріп жатқан еш бітімі жоқ материя жатты. Сондықтан, Демиург, бір нәрседен екіншіні жасаған ұста сияқты, өйткені, материя мен “Идеялар әлемін² ол тудырған жоқ, олар мәңгілік өмір сүріп жатты.
Августин мұндай көзқарасқа үзілді-кесілді қарсы шығып, Дүние жоқтан (ex nіgіlo- лат. сөзі, - ешнәрседен) Құдайдың құдіретті күші арқылы пайда болды дейді. Ойшылдың айтуынша, шындықтың пайда болуының үш жолы бар.
1. Генерация жолымен (generatіo - лат.сөзі, - туу, ұрпақ) яғни тіршілік өзін-өзі тудырып отырады. Мысалы, сиырдан бұзау, жылқыдан - құлын, шешеден - бала туады;
2. Фабрикация жолымен (fabrіcatіo-лат. сөзі – жасау) яғни, бір заттан екінші затты жасау. Мысалы, ағаштан үй жиһазын, я болмаса үйді жасау, салу, саздан кірпіш құю т.с.с.
3. Жоқтан барды тудыру, (creatіo-лат. сөзі-жарату) яғни, өз денесінен, я болмаса басқа сыртқы заттан емес; Ол тек Құдайға ғана тән нәрсе.
Адамға келер болсақ, ол бірінші және екінші жол арқылы өмір сүреді - өз-өзін тудырып, табиғаттағы заттарды өзгертіп, өзіне лайықты керек нәрселерді Дүниеге әкеле алады.
Бірақ, ол нағыз жаратудың не екенін білмейді, өйткені, оның өзі жаратылған, олай болса - мәңгілік емес.
Олай болса, адамдардың тудырған заттар мен Құдайдың жаратуының арасында шексіз айырмашылық бар. Өйткені, Құдай бұрынғы-соңғы болмаған нәрселерді Дүниеге әкеледі. Бұл Құдайдың “өлшемсіз сыйы², өйткені, ол ешнәрсені талап етпейді, ол оның құдіретті еркінің, игілігінің туындысы.
“Құдай қаласы² деген еңбегінде Августин “Біз жаратушы деп бақты өсіргенді, тіпті бәрін асырайтын ана-жердің өзін де айтпаймыз. Тек қана Құдай - барлығын жаратқан, әртүрлі жолмен өзін солар арқылы көрсеткен… Егер ол болмаса, онда ешнәрсе болмас еді²- дейді.
Дүниені жарату жолында Құдайдың ойының алатын орны ерекше. Августиннің айтуынша “идеяларды мойындамау, Дүние ақыл-ойсыз жаратылды дегенмен тең… әрбір заттың өзінің идеясы, негізі бар. Ал идеялардың бәрі қайда, егер Жаратушының ойында болмаса?, - деген сұрақпен Августин бұл мәселені қорытады.
Достарыңызбен бөлісу: |