Екінші кітап



бет20/31
Дата06.02.2022
өлшемі3,16 Mb.
#37858
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   31
17. Сыншы Мұраты
(Б. Сахариев )

Баламер Сахариев қазақ әдебиеттану ғылымына елуінші жылдардың басында келіп қосылған.Ең алғашқы туындылары 1950 жылы «Әдебиет және искусство», « Халық мұғалімі» журналадарында жарық көріп, сол кезден бастап мерзімді баспасөз беттерінде оның әр алуан тақырыптағы әдеби-зерттеу мақалалары жиі жарияланатын болған.Әсіресе, М. Әуезов, С.Мұқанов, Ғ. Мұстафин сияқты әдебиет тарландары жайлы еңбектерінде сыншы негізінен шеберлік үлгілерін жаңа бір қырларынан танытуға, талдауға күш салған.


1965 жылы « Уақыт тынысы » атты кітабы жарық көреді.Соның негізінде сыншы 1975 жылы « Қазақ романдарындағы идиямен образдың эстетикалық бірлігі»деген тақырыпта кандидаттық қорғайды.
Ғалымның еңбектерінің бір саласы мектеп оқулығы, жоғары сынып оқушыларына арналған « Қазақ совет әдебиетін» жазуға, құрастыруға жазушыларымыз творчествосына арналған «М. Әуезов », « С.Мұқанов », «Ғ. Мүсірепов », « Ғ. Мұстафин» бөлімдерін жазады. Сондай-ақ, ғалым Х.Сүйіншәлиев, Ә.Дербісәлинмен бірігіп, «19-20 ғ. қазақ әдебиетінен» көмекші оқу құралдарын жасауға атсалысады.
Б.Сахариевтің құрастыруымен жарыққа шыққан « Біздің Мұхтар» атты естеліктер жинағындағы М.Әуезовтың творчестволық портретінің ойдағыдай жасалуы, естеліктер табиғатының сан салалы, мейлінше ұқыпты мүсінделуі-тер төге еңбектенген сыншы еңбегінің тағы бір айғағы іспеттес.
Ал, ғалымның «Күрескер тұлғасы» атты кейінгі үлкен еңбегі – сыншының өз творчесвосы аумағындағы ғана белгілі бір биігі емес, бұл сонымен бірге қазақ әдебиеті сынының да кемелденгенін көрсететін туынды.
Б.Сахариевтің М.Әуезовтің орыс тілінде жазылған мақалаларын қазақшалау жолындағы еңбегін ерекше атау парыз. Б.Сахариев ұлы зергердің стилін, түп нұсқадай болуын мүмкіндігінше қаз қалпында жеткізуге тырысқан.
Сыншы өмірінің соңғы кездері «Мұхтар Әуезовтің творчестволық лабораториясы» деген тақырыпта үлкен зерттеу еңбегін жаза бастаған еді.
Б.Сахариевтің «Күрескер тұлғасы» атты кітабы – сыншының зерттеу, мақалаларының үлкен бір топтамасы ғана емес, сонымен бірге қазақ әдебиеті сыны қорына қосылған сүбелі еңбектердің бірі. Сыншы зерттеу мақалаларын «Жанр жүгі», «Поэзия патшалығы», «Сын дестесі» дейтін тақырыптармен үш бөлімге топтастырған.
Өзінің әдебиеттегі алғашқы қадамын салмақты сыннан бастаған қабылетті қалам иесі өз жанрында ширек ғасырдан астам уақыт бойы талмай ізденіп, еңбектеніп, жұртшылық игіліне ойлы, парасатты біраз мұралар қалдырып кетті.
Ол сын теориясына да жете үңіліп, салиқалы пікірлер ұсына алды.
Өзінің теориялық тұжырымдарымен ол әдеби-көркем сын қоғамдық дамудың қозғаушы күштерінің бірі екендігін ашып көрсетіп, бұл сынның берік ұстанған позициясы екенің айтады. Сын саласында жемісті еңбек еткен белгілі ғалым, әдебиет зерттеушілері Е. Ысмайыловтың «Жаңа белеске», А. Нұрқатовтың «Идея мен образ», Қ. Нұрмахановтың «Дәстүрлі достық»,М. Базарбаевтың «Тамаша дәстүрлер», М. Дүйсеновтың «Әдебиеттегі мазмұн мен түрдің бірлігі», С. Қирабаевтың «Сәкен Сейфуллин» атты монографиялық туындыларын автор сынның сол кезеңіндегі жетістіктеріне жатқызады.
Дәстүр мен жаңашылдық мәселесі Б.Сахариев толғаған тақырыптардың бірі.Әдибиеттегі формалистік, абстракционстік ағымдарға жол бермеу жайлы айта келіп,сыншы соның кейбір көріністері ретінде «Лениншіл жас» газетінде жарияланған.Т.Ысмайыловтың «Заман мен өлең», Ж.Қыдыровтың «Түр туралы ойлансақ» атты мақалаларын келтіреді. Сыншы бұл мақалалардан сол кезде жаңа мен ескінің арасында Қытай қорғаны бар деген сияқты теріс бір бағыт байқаған сияқты.
Сыншының осы мақалада көтерген тағы бір мәселесі-кітап жарық көргенге дейінгі сынның дәрежесі мен жайы еді. Бұл бағыттағы сынның көзжұмбайлығына төзбеуге шақырады. Ал бүгінгі күнге дейін бізде бірсыдырғы, қалыпқа түскен «көңілшек» сындар көп. Автормен жұмыс істеу барысында редактор қанша шимайласа да, автор үшін шықпай жатқан характерін жасап бермейді ғой деген ойды ашық айтады сыншы. Әттеген-ай дейсің амалсыз. Кемшілігін сын баса көрсетіп, автор қолжазбасын әбден пісіріп әкелсе, нұр үстіне нұр емес пе.Шалағай сындардан бас тартуымыз керек, ақын-жазушыларға ең падалы сын-оның шығармасы жарыққа шықпай тұрғанда айтылатын сын»(94),-дейді Б.Сахариев.
Сайып келгенде,сыншының бұл мақаласы-қазақ әдебиеті сынының ыстығы мен суығын өзге қаламдастарымен бірге кешкен айтулы маманның сондағы көптеген әлеуметтік мәні бар мәселелерге тоқталып,туған әдебиеттің кемшіліктері мен жетістіктеріне тереңірек үңіліп, зерттеу үстінде өзінің сыншылық принціпін еркін таныта алған байсалды туынды. Мақаланың ең құнды жағы-мұнда сын өткірлігі,сын әділдігі үшін күрес рухы бар. Сыншы қандай мәселеге де қай жағынан болсын, принципті сын тұрғысынан келе білген.
Сыншының келесі бір үлкен дүниесі «Сын мүддесі» деп аталады. Онда автор: «Шынын айту керек, әдебиетіміздің қалыптасу жылдарындағы сынның жай-жапсарын оқиғаның басы-қасында болған аға буын әдебиетшілеріміз болмаса,кейінгілеріміздің көпшілігіміз жеткілікті біле бермейміз. Сонау Аристотель мен Гегельдің, Белинский мен Чернышевскийдің эстетикасын, Поль Лафарг пен Плехановтың, Горькийдің, Луначарскийдің көркем өнерге көзқарасынан мағұлматы бар әжептәуір білімді деген жастарымыздың сүрінер томары-қазақ әдебиет сынының туу, қалыптасу, даму тарихы десек өтірік болмас»(95), - дейді.
Одан әрі Б. Сахариев қазақ әдебиетінің даму кезеңдерін, қиыншылықтарын тілге тиек ете отырып, сонымен бірге сынның да туу, қалыптасу белестеріне шолу жасайды. Соның ішінде Абай мұрасын танып білу, пайдалану мәселесінің төңірегінде қаншама күрес, айтыс болғанымен, сол күрестің қаншалықты қиынға түскенін айта келіп, осы жайларды жастар тереңірек оқып білуі, үйренуі керек екеніне ешқандай шек келтірмейді. Болашақ әдебиетшілер сынның тарихымен үзіп-жұлып танысудан гөрі, жүйелі түрде, жеке пән ретінде өтсе, бұл әлдеқайда пайдалырақ болатынын меңзейді.
Сыншы бұл мақаласында да сынға көзқарас мәселесіне кең тоқталған. Керек десеңіз тіпті «Сыншыға көзқарас» талқысына бұрынғыдан да салмақты ойлармен келген. Ол мұнда ең алдымен сыншы кім деген сұраққа жауап береді. « Көпшіліктің ішінен бізде сынды әркім жазады, бірақ әркімнің» бәрі сыншы емес.Белгілі бір шығармаға талдау жасағанда автордың идеясын әдеби құбылыс ретінде эстетикалық тұрғыдан түсініп, тап басып талдау жасай білген оқушы ғана сыншы»(96),-деп қайырады.
Б.Сахариев қазақ романдарын да талдаған.Бұл салада сіңірген еңбегі де қомақты, айтқан салиқалы ойлары да салмақты.Негізінен ол романдардың идеялық-тақырыптық жағын нысана ете отырып, образдардың көтерілген биігіне, шеберлік,ізденіс сырларына жете мән береді.
Сыншы заманымыздың кемеңгер жазушысы, ірі қоғам қайраткері М.Әуезовтің творчестволық лабораториясын да зерттеген.Оның, әсірісе, жазушының алғашқы әдебиетке келген жылдарындағы шығармалары жайлы жазушы қаламынан шыққан шынайы туындының бірі « Қилы заман » повесі жайлы сыншы айтқан пікір айырықша елең еткізерлік.Ол кейбір әдебиетшілер (Ә.Шәріпов) пікірін толықтырып, « Қилы заман » повесть емес, романға лайық дүние дегенге саяды.Мұны сыншы шығарманың көлемі, эпикалық баяндау тәсілі, кейіпкерлер характерінің тереңдігі, психологиялық сезімталдығы, композиция, сюжет құру шеберлігі, тіл көркемдігі сияқты көптеген компонеттері арқылы повестен гөрі романға баларлық туынды екендігін айтады. Пікірі дәлелді болуы үшін повесть кейіпкерлеріне, тіліне тоқталып, көптеген нақты деректер келтірген. Ол осы еңбек деңгейінде-ақ жазушының нағыз реалистік позициясын анықтап берген.
«М.Әуезов тарихи шындыққа зәредей де қиянат жасамай, оқиғаны да, характерді де өзінің эволюциялық өсу жүйесімен, логикалық сенімділігімен, барды бардай, жоқты жоқтай, қаймағы бұзылмаған қаз-қалпында таңғы шық тәрізді мөлдіретіп әкеп қағазға түсірген »(97), деп жазады ол.Шығармадағы Ұзақ пен Жәрмеңке тұлғасына қарап сыншы кейінгі « Түнгі сарындағы » Жантас пен Тәнекенің шығу тегін де байқап қалған. Бұл туынды жазушының «Абай жолына» барар жолындағы алғашқы баспалдақтары дейтін пікір түйеді.
Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясы жайлы кезінде бұрынғы Одақ көлемінде де, туған әдебиетіміз аумағында да көптеген мақалалар, очерктер, зерттеу, монографиялар жарық көрді. Соның бәрінде де авторлар кемеңгер қаламгердің суреткерлік талантын әр қырынан ашып көрсетуге күш салды.
Б. Сахариев бұл орайда өзінің «Өмірі - өнеге, өнері, - мұра» атты еңбегінде М. Әуезовтың өмірі мен эпопеясының образдар галереясына кең тоқталады. Алдымен осы керек туындының бір ерекшілігін сыншы айрықша бөле қараған. Ол – батыстың классикалық әдебиетінің тарихи шығармаларымен салыстыра бағаланғандағы М.Әуезов эпопеясының өзіндік ерекшілігі.Жазушы Абай өмірі деректерінің хронологиясында байланып қалмай, негізгі идеяны шешуге тұрарлық құбылыстарды сұрыптап бейнелеп, әрбір жеке кейіпкерді типтік дәрежеге көтере білген.
Б. Сахариев жағымды образ, оны типтік дәрежеге көтеру проблемасын біраз сөз етіп, басқа да талай ойлы, салмақты дүниелер берген сыншы. Соның бірі «Еңбекпен ержеткен талант» атты көлемді зерттеу мақаласы. Онда қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілдерінің бірі - Ғабиден Мұстафиннің творчествосы тақырып өзегі болады.
Жазушы творчествосы – Б.Сахариевтің ұзақ жылдар бойы зерттеп, салмақты ой түйіндеген түбегейлі әдеби бір нысанасы. Бұл зерттеуді де сыншы өзіндік маңызы бар құнды тұжырымдар жасап, қаламгер романдарының образдар алқасына кесімді баға берген байыпты еңбек деп түсінген жөн.
«Қарағанды» романы жазушының оқиғасы мол, тынысы терең, кең құлашты шығарма жасау жолындағы кесек туындысы деп бағалайды сыншы. Ол жазушының кейінгі шыққын биігі – « Дауылдан кейінгі» романына барар жолдағы сенімді бір баспалдағы болған.
«Адам. Тарих. Роман.» – сыншының жетпісінші жылдары тарихи – революциялық тақырыпта тәмамдалған үлкен еңбектің бірі жазушы Ә. Нұрпейісовтың «Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу» атты үш кітаптан тұратын « Қан мен тер» трилогиясының кейбір ерекшеліктерін саралауға арналған мақаласы.
Б.Сахариев мақаласында романдағы халық образының біршама типтік дәрежеге көтеріле алғандығын айтады. «Абай жолындағы» қалың жатақ, оның типтік өкілі – Дәркембай ұлы ақын бейнесінің ажырамас бір құрамдас бөлігі болса, Әбдіжәміл трилогиясында да халық бейнесі айбарлы.Мұны дұрыс байқаған сыншы тіпті «романда суреттелетін қарапайым халықтың өзі бас кейіпкерлер Еламан , Кәлендерді жоқтатпайтын дәрежеге көтеріле көрсетілген»(98),-деп автор жетістігін айрықша бағалайды.
Б.Сахариевтің айтар оралымды ойы, көтерер жүгі бар еңбектерінің тағы бірі –жазушы Ә.Нұршайықовтың «Махаббат,қызық мол жылдар» романына орай жазған мақаласы («Жастықтың өзі жайсаң жыр»).
Мәдениетіміз бен әдебиетіміз шарықтап өскен заманда оқушыларымыздың да көркем шығарманы қабылдау ,бағалау дәрежесінің өскенін мақтаныш тұтпасқа болмайды. Бүгінгі оқырман сауатты оқырман.Сыншы мақаласында осы оқырман проблемасын көтерген. Мақаланың құндылығы осында.
Сыншы оқырман сынының әділеттілігі жайлы толғанады. Жақсы шығарма әр кез оқырман көзінен қалыс қалмай,оны «еліктіріп, ертіп ала жөнеледі, мұның өзі оның ең бірінші табысы». Сыншы Ә.Нұршайықов романын осындай ойға жетелейтін жақсы шығарма деп бағалайды.
Б.Сахариев прозаның ықшам жанрлары саласына жататын сан алуан повестерді де талдаған.
М. Иманжановтың «Алғашқы айлар» повесі жас педагог Жақыпбектің алғашқы аяқ алысы, кездескен кедергі, қиындықтары жайлы сыр шертеді. Жақыпбек – ізденгіш бейне. Алғаш сабаққа келгенде-ақ балалармен ашық сырласуға талпынады. Осынысымен-ақ ол біраз жаңалық енгізеді.
Дегенмен, Жақыпбек бейнесінде кемшіліктер жоқ емес. Ең бастысы, Жақыпбектің оқушының жеке басын зерттеу ісіне мән бермеуі. Шәкіртінің мінез-құлқы, танымы – педагогтің ең бір ден қойып зерттейтін нысанасы болуы керек. Ал шындығында оқушының кейбір қыңыр өжеттігінің де себебіне Жақыпбек өресі жете бермейді. Осыдан келіп ұстаз бейнесі өз биігіне жетпей,образ ретінде аяқталмай қалады.
Сыншы мұның екінші бір себебін басты образды толықтырып отыратын екінші қатардағы кейіпкерлердің аздығы, жұтаңдығынан іздейді.Тәжірибесіз жас педагогтің өзіне ақылшы ұстаз өте керек.Амал не,осы міндетті атқаруға толық мүмкіндігі бар тәжирбелі мұғалім Нүрипа апай бейнесі повесте қалтарыстан шыға алмай қалған эпизодтық қана дәрежеде. Ал ұжым бейнесі шығармада тіпті көрінбейді Сыншының өз сөзімнен айтқанда,Жақыпбек «күреспен өсіп-жетілудің орнына, бәрін өз бойына сидырған, аспаннан түскендей образ»
Б.Сахариев мақалаларының ендігі бір тобы насихаттық бағытта,яғни көпшілік қауымды жаңа бір шығармамен таныстыру, өнер жаңалығының өзегін ашып, ойын екшеу бағытында жазылған. Бұл салаға оның «Қауышқан құшақтар», «Тәрбиеші таланты», «Өшпес мұра», «Әлемге мәшһүр әдебиет», «Жаңа өмірдің жаршысы» т.б мақалаларын жатқызуға болады.
Мәселен, «Қауышқан құшақтарда» - сыншы қазақ және орыс әдебиеті арасындағы тығыз достық байланысты сөз еткен, мақтан тұтқан. Міне, осы ұлы достықтың бір көрінісі – қазақтың кемеңгер жазушысы Мұхтар Әуезов пен орыс әдебиетінің ірі өкілі М.Соболевтің берік достығы мақала тақырыбы, арқауы болған.
Ал «Өшпес мұра» Абай поэзиясының әлеуметтік күшін тілге тиек еткен.
Сыншы ақын Қасым Тоғызақов творчествосын терең зерттегені көрініп тұр. Ол ақынды тек ақын ретінде ғана емесе, білікті аудармашы ретінде де бағалайды.
«Ақын жолы – жыр жолы» - сыншының Қасым Тоғызақов творчествосын оның талант шоқтығы – «Сібір Омар» дастанын талқыға салған көлемді бір еңбегі.
Ә, дегеннен- ақ байқалатын бір жайт – Б.Сахариев ақын творчествосына мейлінше терең үңілген, ол Қасым ақынды Қасым аудармашы ретінде екінші бір қырынан да көрсетеді. «Әдебиет майданында 40 жылдан аса тынымсыз еңбек етіп келе жатқан ақынның сіңірген еңбегінін басты саласы-аударма. Бұл салада ол....қап толы қазынасы бар ақын ,-деп сенімді сөйлейді
Осы орайда сыншы ақынның аудармашылық ерекшелігі-түпнұсқаның бояуын, көркемдік кестесін, нәр-нақышын, өлең өлшемін,жазу мәнерін мүмкіндігінше толық сақтай отырып,оны төл туындының дәрежесіне көтере білетіндігіне екенін баса айтады.
«Балбырап ымырт түссе,шапақ батса,
Кавказдың шыңына түн перде жапса,
Сиқырға басы айналған сияқтанып,
Мүлгіп ың-дың дүние тыным тапса,
Жүзімнің бұтақтары бойын жазса,
Ынтығып жер шағына аузын ашса,
Алтын ай аспандағы сәуле берсе,
Жоғары жылжып таудан дөңгеленсе,
Ғажайып дидарына құштар болып,
Тасадан көз жіберсе, әуреленсе –
Сол кезде соған ұшып мен жетермін
Мейман боп күн шыққанда бір кетермін,
Жібектей кірпіктерің ілінгенше,
Ұйқыға әлдилермін, тербетермін...»
Лермонтовтың Демоны Қасым аудармасының сиқырлы күшімен осылайша сырласады.
Қ. Тоғызақов – аудармамен қатар, лирикалық қысқа өлеңдер, кесек дастандар да жазған ақын. Сыншының ендігі сөзі – ақын талантын айқындайтын «Сібір Омар» дастанының ерекшеліктері жайлы. Дастанның, композициялық – сюжеттік құрылысында біраз кемшіліктер бар. Дегенмен ақынның ең бір ұтқан жері – шығарма тілінің тартымдылығы дейді сыншы. «Ал жалпы алғанда Қасым осылайша тарихта болған, патша үкіметінің абақтысын көрген, кейін кеңес өкіметі үшін жалынды күрескер дәрежесіне көтерілген Омар Досжановтың балалық шағынан өмірінің соңғы сағатына дейін, қилы-қилы өмір жолына ілесе отырып, оның поэтикалық тұлғасын мүсіндейді».
«Жыр тасқынында» сыншы қазақтың көрнекті ақыны Т.Жароков шығармаларын жүйелеп, оның қазақ әдебиетіндегі орнын айқындаған. 20-дан астам көлемді поэма жазған ақынның «Тасқын» поэмасы тақырыбы жағынан, жырлануы жағынан Пушкиннің «Мыс салт атты» поэмасына ұқсастау. Бірақ Қайсар – Евгенийге қарама-қарсы бейне. Ал, ақынның «Жапанды орман жаңғыртты» поэмасын сыншы поэзиямызда лайықты орны бар, кесек те құнды шығарма деп бағалайды.
Қорыта айтқанда, сыншы, зерттеуші Баламер Сахариев қазақ әдебиетінде сын жанрын туындылармен дамытып, байытуға, сын беделін, белсенділігін арттыруға өзіндік үлес қосқан қадірменді қалам иесі болы. Оның бұл саладағы еңбектері осынысымен құнды, осынысымен қадірлі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   31




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет