А
.М.Акмагамбетова
Қарағанды қаласындағы
№92 гимназияның
бастауыш сынып мұғалімі
Қазіргі таңда бастауыш сыныптан бастап
оқушыларды өз Отанын сүйетін патриот етіп
тәрбиелеу - әрбір мұғалімнің алдында тұрған
міндеттердің бірі. Ер балалардың бойындағы қасиеттерін ашып, өз - өздеріне деген сенімділіктерінің қалыптасуына ықпал еткен, 3 – сынып оқушылары арасында өткен «Ер – сұлтан – 2011» атты сайыс – сабақтың жоспарын әріптестеріме көмек болар деген ниетте жолдап отырымын.
Ер – сұлтан – 2011
Мақсаты: 1. Ер балалардың бойындағы қасиеттерін көрсете отырып, батылдыққа, өз - өзіне деген сенімділіктерінің қалыптасуына, өз бойындағы өнерлерін көрсете білуге тәрбиелеу.
2. Оқушылардың бойындағы өнері мен дарындылығын, төзімділігін, ептілігін дамыту.
3. Адамгершілікке, Отанды қорғау, сүю сезімдерінің қалыптасуына ықпал ету.
Көрнекіліктер: мақал – мәтелдер, буклеттер, суреттер, слайдтар.
Түрі: сайыс
Сабақтың барысы: Күй баяу ойнап тұрады. Ортаға қазақ киімін киген екі жүргізуші қыз шықты.
1 – жүргізуші: Қазағымның салт – дәстүрі жаңғырған,
Тәлімді ой сынағы, тәрбие көзі қалдырған.
Салт – дәстүрді ардақтайық, ағайын.
Қазақ атты үлкен, кіші, балдырған.
2 – жүргізуші: Жиналыппыз сәтті күні бәріміз де,
Үлкен - кіші, жасымыз, кәріміз де,
Төрлетіңіз, қадірменді қонақтар,
Гүл – гүл жайнап мына біздің төрімізге.
1 – жүргізуші: «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дегендей, «Ер – сұлтан – 2011» сайысын ашуға рұқсат етіңіздер.
2 – жүргізуші:
Бәйгеге түсіп жарыспай,
Жүйріктің бағы жанар ма?
Білім мен өнер сайысын
Өткізер бүгін ұландар.
1- жүргізуші:
Білім, ғылым, өнерге
Қанат қағар кездерің.
Ата салтын ертеңге
Жеткізетін өздерің – дей отырып, сайысқа қатысушыларды ортаға шақырайық.
Алып шыққан қыздар сайысқа қатысушыларды таныстырады.
1. Имене басып мектепке
Келіпті беске жеткенде.
Әр саладан көрінер,
Домбыра тартып әуелетер,
Жүргізуші өнерін тез игерер,
Мақсат келді ортаға.
2. Ақылы мол, байсалды да, салмақты,
Альтаирды барлық досы мақтапты.
Тәрбиелі жақсы оқитын сабағын,
Орындалып арманың, өсе берсін талабың.
3. Тілі қызық, өзі шыжық Айваздың,
Еркелігі басым түсер әрқашан.
Мұғалімдер сабақ сұрамаса, бұртиып қалатын,
Қоңырауда жүгіріп мазаны алатын,
Бос уақытында домбыраға баратын,
Шақырамыз кезек келді өзіңе.
4. Биылғы жыл ғылым жағын игерген,
Математиканы жақсы көріп, тез меңгерген.
Озат болу ойында бар,
Бірақ тіл жағынан мүдірген,
Салмақты, байыпты, сабырлы,
Пардабеков Әзім бар gайымды.
5. Даламдай кең түсінігі, ұғымы,
Қазаққа тән мінезі мен қылығы.
Есептеуге жүйрік, тілге шешен,
Қимыл – қозғалысы тіпті ерен,
Асхат атты бір балаң келсін ортаға.
6. Артық сөз бен артық қимыл жоқ онда,
Айтқан сөзін әрқашан да орындар.
Жалқаулығы кейде мойын бұрғызбай,
Сабағын да төмендетіп жіберер.
Мойынсұнып кітап оқып, келсе егер,
Алдына жан салмайтын,
Ата – анасының еркесі де, серкесі,
Нұрандас атты бала бар.
7. Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра,
Деп жасынан домбыраны серік еткен,
Ата – ана үмітін ақтауды арман еткен,
Сайыстарға қатысып, жүлдені иемденген,
Сабақты да жақсы оқып, барлық тілді меңгерген,
Арыстан атты ұлды шақырамыз ортаға.
2 – жүргізуші:Жүйрік аты жарысады даламда,
Жомарттығы жүйрік тіпті одан да.
Ақ пейілі ақша бұлттай қазақтың,
Адалдығын айтам жүйрік қаламға, - дегендей жүйрік қалам мен адал пейілмен ұландарымыздың әділ бағасын берер әділ қазыларымызды сайлап алайық.
(Әділқазылар алқасымен таныстыру)
1 – жүргізуші: Өнер қуып ұландар өтер деймін,
Бір басына өнері жетер деймін.
Бәске түскен 7 ұлан кезектесіп,
Таныстырып өздерін өтер деймін.
Таныстырсын өздерін,
Тамылжытып сөздерін.
Енді ұландарымызды өздерін таныстыруға шақырамыз. Алған нөмірлері бойынша ортаға шығып, өздерін таныстырады (Ұлдар өздерін таныстырады) Сөз кезегі әділ қазы алқасында. Олар қолдарындағы қойған бағаларын көтеріп, көрсетеді, жүргізуші оқиды.
2 -жүргізуші: «Жігітке жетпіс өнер де аз» дегендей еңбек сайысы. Қай кезде болса да, ұлдардың білуге міндетті өнерінің бір түрі – түйме қадау сайысы болмақ. Сондықтан ұландарымызды «Түйме қадау» сайысына шақырамыз. Инеге жіпті сабақтап, 3 түрлі түйме қадайды.
1 -жүргізуші:
Құлақтан кіріп, бойды алар,
Жақсы әнмен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй – деп Абай атамыз айтқандай, ұлтымыздың қай дәстүрі болса да, өнермен, өлеңмен, әнмен ұштасып жатады. Содан болар “әу” демейтін қазақ жоқ. “Өнерлі өрге жүзер” атты сайысымызды бастаймыз. Ортаға өнерлі өрендерімізді шақырамыз. ( Ұлдар өнерлерін көрсетеді, бағаланады)
2-жүргізуші: Біреу білмегенді біреу білер демекші сайысымыздың келесі бөлімінде ұлдарымыз сұрақтарға жауап береді. Сұрақтарды интерактивті тақтадағы қазақ жерінің көркем бейнелерінің артына жазып, алдыңғы жағына сандар жазып қойдық. Шыққан ұлан суретті айтады, суретті басқанда артындағы сұрақ ашылады. Сұрақтар 3 – сыныптың ана тілі, дүниетану пәндері бойынша алынды.
1- жүргізуші: Асау тұлпар ауыздықпен алысқан,
Арғымақтар тұяғында дала ұшқан.
Шабандоздың жанарынан от парлап,
Тасы ойнап, жерді айырған жарыстан.
«Қазақ халқы өз баласын беске толысымен атқа мінгізіп, тоқым қағар жасаған. Ат жалын өзі тартып, атқа мініп, жүре бастасымен – ақ түрлі жарыстарға қатыстырып, жастайынан атқа шабу, садақ тарту өнерін де игерген. Міне осынадй халықтың ұландары өз өнерлерін спорт саласынан да көрсетпек. «Қол күресі» сайысы. Бұл сайыстың шарттарымен таныстырып болған соң, ұландар кезектесіп қол күрестірді.
2 – жүргізуші: Кім жүйрік,өнерпаз білейікші,
«Сұлтаны» деп сыныптың жүрейікші.
Әділдікті әділ қазы алқасына,
Ал ұлдарға сәттілікті тілейікші, дей отырып, сөз кезегін әділ қазылар алқасына берейік.
(Жеңімпаздар анықталады,сыйлықтар ұсынылады.)
1-жүргізуші:Осымен біздің «Ер – сұлтан – 2011» атты сайысымыз аяқталды.Жеңімпазды құттықтаймыз.Бүгінгі кешке келгендеріңіз үшін үлкен рахмет. Қош, сау болыңыздар.
Бойларында от бар екен байқадым,
Жүректерде шоқ бар екен байқадым.
Әрқашанда осы шоқты өшірмей,
Жалындатып, шарықтандар әрдайым.
Достарыңызбен бөлісу: |