Ғылыми конференциясының материалдары


ШЫҒЫС ХАЛЫҚТАРЫ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ОРТАҚ САРЫНДАР



бет10/131
Дата28.03.2024
өлшемі5,96 Mb.
#200351
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   131
Байланысты:
treatise40297

ШЫҒЫС ХАЛЫҚТАРЫ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ОРТАҚ САРЫНДАР


Бахдулақызы Сұңқар (Қазақстан)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекшісі: аға оқытушы Бисенбаев А.Қ.

Қазіргі таңда болашақ әдебиетшілер алдында ең басты міндеттердің бірі шығыстық сюжеттер негізінде жырланған дастандарды барынша толық әрі жан-жақты меңгеру болып табылады. Қисса-дастандардың жанрлық ерекшеліктеріне тоқталып, мән-маңызын терең тексермей, құнды мәтіндерге текстологиялық салыстырулар жүргізбей, әдебиет тарихының басты кезеңдеріне барлау жасау мүмкін емес.


XIX ғсырдан бері қарай бірнеше рет басылып шығып, қазақ ішіне ертеден мәлім болған шығарма – «Шәкір-Шәкірат» дастаны. Авторы белгісіз туындының қолжазба қорларында сақталған нұсқалары баршылық.
«Шәкір-Шәкірат» дастанында Хашәм деген патшаның бәйбішесі дүниеден қайтып, қос ұлы жетімдіктің зардабын шегеді. Патшаның кейін алған әйелі сарайға келген соң түрлі мінез көрсетіп, кесапат қырсық болып жабысады. Ағасы Шәкірат аң аулап, сейіл құрып кеткенде өгей шешесі Шәкірге:
Сен маған лайықсың, айналайын,
Қартайған сұм әкеңді не қылайын.
Сұм әкеңді у беріп өлтірейін,
Не қылсаң да қасыңда мен тұрайын, – дейді.
Ол дегеніне көнбеген Шәкірді әкесіне жамандап, оның «арам туған ұлын» өлтіртпек болады. Алайда жан алғыш жендеттер баланы аяп босатады да, қойдың қанын көйлегіне жағып, «өлтірдік» деп патшаға алып барады.
Өгей шешенің ғашықтығы мен қырсығы сөз болатын сарын эпостың көне түрлерінде жиі кездесетіні белгілі. Тек қазақ ауыз әдебиетінде ғана емес, шығыс халықтарының фольклорында да бұл мотив ежелден-ақ қалыптасқан. Фирдоусидің «Шаһнамасынан», Әлидің «Қисса Жүсібінен», т.б. бұған көптеген мысал келтіруге болады. Осы сарынның шығу тегін, таралу жайын, шығарма желісіндегі қызметі мен идеялық мазмұнын анықтау үшін атақты «Шаһнамадағы» Сияуыш өміріне қатысты аңызға тоқталуды жөн көреміз.
Дәстүр бойынша Иран патшаларының ұлдары сарайдан тыс жерде тәрбиеленеді. Патша тақ мұрагері саналатын Сияуыштың тәрбиесін систандық батыр Рүстемге сеніп тапсырады. Сияуыш Рүстемнің тәрбиесін көргендіктен патша сарайындағы жалғандық, сатқындық үстемдік құрған ортаға төзе алмайды. Жағдай туған анасы кенеттен қайтыс болғанда тіпті шиеленіседі, қарт әке сарайға Судабе сұлуды кіргізіп алады. Сияуыш туралы дастандағы осы деталь жаңа сюжеттік желі құрайды.
«Шахнама» авторына бұл оқиға бұрыннан таныс еді. Тұрмыс құрған әйелдің жас жігітке (өгей баласына, күйеуінің інісіне, құлына) деген махаббаты ежелгі Мысырдың «ағайынды жігіттер» әңгімесіне, гректердің Ипполит туралы мифіне, Тәурат пен Құрандағы Жүсіп туралы аңызға өзек болғаны анық.
Кейқауыстың жас әйелі өгей баласының сұлу бітіміне, елден асқан ажар-көркіне қайран қалады, оған сырттай ен тағып, өзіндік етуге бекиді. Бірақ Сияуыш Судабенің ырқына көнбейді, дегеніне жүрмейді. Оның сиқыр сөзіне балалық пәк сезіммен жауап қатады. Өгей ұлдың салқындылығы Судабенің төзімін тауысады. Ол енді Сияуышты қалайда өзінің сарайына келтірудің жолын іздейді. Жас әйел сарайдағы қарындастарын іздеп келмеген Сияуыштың қатыгездігін айтып, патшаға шағымданады. Не керек, патшаның араласуымен өгей шешенің ойы іске асады. Судабе сарайына келген Сияуышқа кең дастарқан жайып күтеді. Сол жерде іштегі бар сырын ақтарып салады.
Әкең өтсе бұл дүниеден,
Оның көзі – сен барсың.
Кем қылмассың мені өзгеден,
Көз қырыңды саларсың.
Қарсы алдыңда тұрмын міне,
Жан да, тән де сенікі.
Ал Сияуыш болса:
Сияуыш мына ұяттан өрттей болды,
Екі көзі қызарып қанға толды.
«Жын ісінен, жаратқан сақтай гөр», – деп,
Құдайына батырың жалбарынды.
Сияуыштың қарсылығын өзін мазақ етті деп түсінген әйел одан қалай да кек қайтарудың жолын іздейді. Ол үстіндегі көйлегін жыртып, мына Сияуыш абыройымды төкпек болды деп айқай шығарады. Бар жайды әміршіге хабарлайды. Судабе патшаға аяғының ауыр екекнін айтып, Сияуышты сыртынан қаралай түседі. Патша баласының өн бойынан Судабе тұтынған иісмайдың жұпар иісін таппағандықтан, ұлына сенеді. Бірақ Судабе жағдайды мүлде шиеленістіріп жібереді. Жұлдызшылар нағыз айыптыны тауып, патшаға бар жағдайды түсіндіріп бергенімен, Судабе жолын тауып, әміршіні дегеніне көндіреді.
Кейқауыс абыздарын жинап, кеңес өткізеді. Олар Сияуыштың отпен сынап көруге болатынын айтады. Көне ирандықтардың дәстүрі бойынша айыпты адам өрт жалынды кесіп өтіп, ақталуға мүмкіндік алған, Сияуыш оттан аман шығып, өзінің адалдығын дәлелдейді. Онымен қоймай, әкесіне жазалануға тиісті Судабеге кешірім ет деп өтініш айтады.
Фирдоуси өлімнен қашу сарынын өзек еткен тағы бір аңызды таратып баяндайды. Ол «Жеті сұлудағы» Бахрамның әкесі Иездегирдтің өлімі туралы мынадай оқиғаға тоқталады. Иездегрид жұлдызшыларға өзіне қазаның қашан, қай жерде келетінін анықтауды тапсырады. Олар: «Егер су деген бұлақтың басына баратын болсаңыз ажал қармағына ілігесіз», – деп жауап берді. Патша ол жаққа бармаймын деп ант ішеді. Бірде ол ауыр науқасқа шалдығады. Дәрігерлер су бұлағының басына барып, жаратқанға жалбарынып, ниет етсе көп ұзамай сауығып кететінін айтады. Иездегрид тәуекелге бел буып, онда баруға келісімін береді. Әлгі жерге табаны тиген ол өзін керемет жақсы сезініп, келешегін дұрыс болжамаған жұлдызшыларды тілдейді. Сол кезде бұлақ ішінен теңіз жылқысы шауып шығады. Патша тұлпарды ұстауға бұйрық береді. Не керек, қызметшілер ұстап алып келеді. Бірақ судан шыққан сүліктей сұлу сәйгүлік патша үстіне отырған сәттен тулап, бой бермей шаба жөнеледі, патша аттан жығылып өледі.
Қалай болған күнде де, мақалада шығыстық қисса-дастандардың күрделі табиғатын танытуға арқау болатын, қызықты, тартымды туындыларды дәлелдейтін мәнді тұжырымдарды ұсынуға тырыстық. Талданған тақырыптардың нақтылықтары, пайдаланған әдебиеттердің тартымдылығы оқырмандар назарын аударады деп үміттенеміз. Алайда мол дүниені зерттеу ісі мұнымен шектелмек емес. Осындай зерттеулердің сапасын арттыру үшін келешекте атқарылатын жұмыстар мұнан да мәнді болмақ.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   131




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет