Шарапат – құдық. Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.
Шоқтал – көл. Қызылқұмның солтүстік-шығысында, Сырдария өзенінің бойында. Көл жағасында бір топ талдың өсуіне орай қойылған атау.
Шолақ - өзен. Сырдария алабында, Жаңақорған ауданы жерімен ағады. Бастауын Қаратау жотасының солтүстік-батыс етегінен алады. «Ұзаққа ақпайтын, қысқа, келте өзен» мәніндегі атау.
Шолақарық – арық. Қалғын көлінен егін егуге пайдалану үшін қазылған арық. Діттеген жеріне дейін жетпегендіктен Шолақарық аталып кеткен. Бітпей қалған себебі: Ұлы Отан соғысы басталып кеткен.
Шопанкөл – Қожакент елді мекенінің оңтүстік батысында орналасқан үлкен ойпатты жер. Бұл жерге жаңбыр мен қардан жиналған судан көл құрап, көктем мезгілінде шопандар малдарын суғаратын болған. Сол себепті Шопанкөл аталып кеткен.
Шұқырой – көл. Қаратау жотасының батысында, Сырдария алабында.
Шымқорған – Жаңадария өзені бойындағы қорған. 1818-19 жылдары салынған. Дуалының биіктігі – 8 м болған. Бекіністің төрт бұрышында мұнаралар орнатылған, айналасы екі қатар ормен және сумен қоршалған. Бекіністің оқ-дәрі, қару-жарақ сақтайтын ұңғыма орны сақталған.
Ызғар – ауыл орны. Жаңақорған кентінен солтүстік-батысқа қарай 4 км жерде. «Ызғарлы, қара суық жел тұратын жер» мәніндегі атау.
Ызакөл – Қойлақы көлі мен Қойлақы ата әулиесінің батыс жағындағы ойпат жер. Көл суға шіреп толғанда, ыза су пайда болғандықтан солай аталған.