Құрылысы мен физиологиясы. Полихеттердің денесі құрттәрізді, созылыңқы, аздап арқа құрсақ бағытында сопайған немесе цилиндр пішінді. Бас, тұлға, аналь (пигидий) бөлімі бар. Тұлға бөлімі біркелкі бөлшектелген гомономды сегменттерден тұрады, сегменттерінің саны 5-тен 800-ге дейін болады. Сегменттерінің саны аз болса бұларды аз сегментті немесе олигомерлі полихеттер деп атайды (Dinophilus, Myzostomum туысынан), ал көп болса - көп сегментті немесе полимерлі полихеттер.
Бас бөлімі екі сегменттен құралған: ауыз алды немесе - простомиум және ауыз сегменті - перистомиум. Простомиумда көру мүшелері, қармалағыштары /антенна/ және пальпалары орналасқан, ал перистомиумда - ауыз тесігі және бірнеше мұртшалары - цирралары (89-сурет).
Тұлға бөлімі біркелкі гомономды сегменттерден тұрады, олардың әрқайсысының бүйірінде метамерлі және жұптасқан өсінділер немесе параподия деп аталатын жалғанаяқтары орналасады. Параподия екі мүшеленбеген бұтақшадан тұрады: арқа /нотоподия/ және құрсақ /нейроподия/. Параподидің арқа және құрсақ бөліктерінде мұртшалары /цирралары/ және қылтандары шоғырланған. Мұртшалары сезу қызметін, ал қылтандары жылжу қызметін атқарады. Қылтандар - жіңішке, хитинге жақын органикалық заттан құралған. Осылардың арасында ацикула деп аталатын қатты, мықты ішкі сүйеніш қылтандары да болады (89-сурет). Қылтандарының көп болатындығынан класс көпқылтанды құрттар деп аталады (грек тілінде poly - көп, chaeta - қылтан).
Параподиялардың және қылтандарының көлемі, формасы, саны әр түрлі. Кейбір қозғалып өмір сүретін полихеттерде параподияларының үстінде тарамдалған өсінділері бар, олар - желбезектер /Eunice тұсында/. Бекініп тіршілік ететін түрлерінде параподиялар денесінің алдыңғы жағында ғана дамыған, ал денесінің артқы жағында олар жойылып, тек қылтандары ғана сақталған, солар арқылы құмды қазады. Ал Dinophilus - туысының өкілдерінде параподиялары мен қылтандары жоқ.
Құйрық бөлімінің немесе пигидияның сегменттері 5-6 ғана, олар тұлға сегменттерінен өзгеше, өте жіңішке, целом қуысы және параподиялары жоқ.
Көпқылтандылардың денесі бір қабатты эпителимен қапталынған. Эпителий өзінің сыртқы жағына жұқа кутикула бөліп шығарады. Эпителиінде без клеткалары көп. Бекініп тіршілік ететін полихеттерде без клеткаларының сыртқа шығарған, қатқан сілекейінен хитин тәрізді түтікше пайда болады, ал Telepus туысының өкілдері шығарған сілекейіне құмның ұнтағын жабыстырып, мықты түтікше немесе "үйшік" жасап алады.
Эпителидің астында тері-бұлшықет қапшығы орналасқан. Ол сыртқы сақина тәрізді және ішкі ұзына бойы бүлшықеттерден құралған. Тері-бұлшықет қапшығы ішкі жағынан перитонеальды астаршамен (целотелимен) қапталынған.
Целом. Полихеттердің ішкі мүшелері дененің қуысында жатады, сол қуысты екінші немесе целом қуысы деп атайды. Целомның бірінші қуыстан ерекшелігі - арнайы қабаты болуыңда. Целом қабаты - перитонеальды эпителий немесе целотелий мезодерма клеткаларынан түзілген. Тері-бұлшықет қапшығын астарлайтын қабаты соматоплевра (париеталь), ал ішек пен қан тамырларын астарлайтын - спланхноплевра (висцеральдық) деп аталады және арқа, құрсақ мезентериялық перделері болады. Осы арқа құрсақ перделері арқылы целом (оң жақ және сол жақ) екі бөлікке бөлінген (целом қапшығына). Дененің іш қуысы көлденең перделер немесе диссепименттер /септалар/ арқылы жеке камераларға бөлініп тұрады, мұндай камералар сыртқы сегментацияға сәйкес. Целом қуысы сұйық затқа толы.
Целомның негізгі қызметі - тірек, зәр шығару, тасымалдаушы және сол қуыста ұрық клеткалар пісіп жетіледі.