Казақстан республикасының білім және ғылым министрлігі к. Ә. ДӘуітбаева


Теңіз гидроидты полиптердің көбеюі. Медузаның құрылысы



бет37/155
Дата24.04.2022
өлшемі2,44 Mb.
#140657
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   155
Байланысты:
zoo

Теңіз гидроидты полиптердің көбеюі. Медузаның құрылысы.
Теңіз гидроидты полиптер алғашқыда тек жыныссыз жолмен көбейеді. Соның нәтижесінде, жоғарыда көрсетілгендей гидранттар қалыптасады. Сонымен қатар белгілі бір кезеңде колонияда бүршіктену арқылы ерекше (гидранттарға ұқсас емес) өскіншелер пайда болады да, олар созылып түрі өзгерген полип - бластостильге айналады. Оның төңірегін қоршап тұрған теканы - гонотека деп, ал осындай құрылымды особьты гонангий деп атайды (36-сурет).
Бластостиль бүршіктену арқылы жынысты особьтарға - медузаларға бастама береді, олар бірте-бірте жас медузаларға айналып, кейін бластостильден белініп гонангийдің ішінен суға жүзіп шығады.
Медуза - гидроидты полиптің ұрпағы болғандықтан, оны гидромедуза деп атайды. Денесі көлденеңінен 2-3 мм шамасындай, қол шатыр немесе қоңырау пішіндес. Сыртқы төбешік бөлігін - эксумбрелла, ішкі ойығын - субумбрелла деп атайды.
Шатырдың жиегінде қармалауыштары және сақиналы бұлшықетті жұқа жарғақ орналасқан - ол желкен, шатырдың жиегін жиырып, гидромедузаның жүзуіне көмектеседі. Гидроидты медузалар сцифозоа (Scyphozoa) класына жататын медузалардан осы белгісімен (желкенімен) ерекшеленеді.
Гидромедузалар суда жай қалқып, шарықтап немесе өзінше белсенді қозғалады. Шатыр жиырылғанда, ойық жағындағы су қатты қысыммен атқылап шығып, денесінің алға қарай қозғалуына күшті дүмпіл береді.
Гидромедузаның құрылысы полиптің құрылысына ұқсас, бірақ тіршілік етуіне қарай бірнеше өзгешеліктері байқалады.
Эктодерма мен энтодерманың аралығындағы мезоглея қабаты суға толып қалыңдаған жалқаяқ тәрізді іркілдек күйінде болады. Сондықтан денесі су түстес мөлдір болып, жауларынан жасырынуына мүмкіндік береді.
Гидромедузаның гастраль қуысы гастроваскулярлы жүйеге айналған. Ауыз сабақшасының ұшында орналасқан ауыз тесігі жұтқыншақ арқылы қарынмен және одан тарамдалған төрт немесе төртке тең радиальды түтікшелермен жалғасады. Радиальды түтікшелер шатырдың жиегіндегі орталық сақиналы түтікшемен тұтасып тұйық бітеді (37, А-сурет). Қорытылмаған ас қалдықтары ауыз тесігі арқылы сыртқа шығарылып тұрады.
Қозғалмалы тіршілік етуіне байланысты гидромедузалардың нерв жүйесі полиптерге қарағанда күрделіленген. Диффузиялы нерв жүйесінен басқа денесінің шатыр жиегінде нерв клеткалары шоғырланып ганглиялы түйіндерді құрайды. Олар нерв сабақшаларымен өзара жалғасқан біртұтас нерв сақинасын түзейді. Сонымен қатар шатырдың айнала жиегінде, радиальды түтікшелердің жанында сезім мүшелері орналасқан. Олар көзшелері және тепе-теңдік мүшелері.
Көзшелерінің құрылысы қарапайым, көздақтары деңгейіңце дамыған. Эктодермальды пигментті және жарық сезгіш - ретинальды клеткаларының қабаттасып орналасуынан түзіледі. Кейде пигмент клеткалары тереңірек батып көз шұңқыры пайда болады. Ол көзшені закымданулардан сақтайды және ретинальды клеткалары беткі қабатына жиналып, жарық сезгіш қабілетін ұлғайтады. Кейбір түрлерінде (Sarsia туысынан) көз шұңқыры эктодермальды клеткаларынан бөлінген мөлдір қоймалжың затқа толып, көз жанарына (хрусталикке) айналады (37,В-сурет).
Статоцист деп аталатын тепе-теңдік мүшесі, эктодерма қабатының сезгіш клеткаларынан құралған, көбікше пішіндес болып шатырдың жиегіндегі қармалауыштардың түбінде орналасады (37,Б-сурет).
Статоцисттің қабырғасын құрайтын сезгіш клеткаларының бірі ішке қарай сұйық ортасына өтіп, статолит деп аталатын ұсақ ізбесті тасшаға айналады. Гидромедузаның денесі ауытқыған кезінде статолиттер өз қалпын өзгертіп, сезім клеткаларына әсер етеді де, олар нерв клеткаларын қоздырып, сол сәтте дене қайта тепе-теңдікке келеді. Сонымен қатар статоцист шатырдың жиырылуын да реттеп тұрады, егер статоцисттерді кесіп тастаса, онда гидромедузаның қозғалуы тоқтайды.
Көбеюі және дамуы. Гидромедузалар тек жынысты жолмен көбейеді, олар - дара жыныстылар. Жыныс бездері (гонадалары) радиальды түтікшелер астында (Тһесарһога отряд тармағында), немесе ауыз сабақшасында (Athecata отряд тармағында) орналасады.
Жетілген жыныс клеткалары су ортасына шығып, сырттай ұрықтанады. Зигота толық біркелкі бөлшектеніп сопақша келген бластуланы түзейді. Бластуланың гаструлаға айналуы, оның вегетативтік полюсіндегі клеткаларының біртіндеп бластоцелъ қуысына көшуі (иммиграция әдісі бойынша) арқылы жүзеге асады. Ең соңында бластоцель қуысы, энтодерманы түзейтін бір текті клеткаларға толып, ұрық осы күйде паренхимула деп аталатын личинкасына айналады. Ол - губкалардың паренхимула личинкасына ұқсас (38-сурет).
Кейін паренхимуланың энтодермальды клеткаларының бір бөлшегі ыдырап, сол жерде келешек гастральды қуысының бастамасы шұңғыл пайда болады. Осы сатыда паренхимула, ішекқуыстыларға тән - планула личинкасына айналады.
Планула сопақша келген, денесі кірпікшелермен қапталған, соның көмегімен суда біршама уақыт еркін жүзіп жүреді де, су түбіндегі субстрактқа бекінеді. Оның ауыз тесігі, қармалауыштары, гастраль қуысы қалыптасып, кос қабатты құрылысты жас гидрополипке айналады. Ол өсіп, жыныссыз көбеюдің нәтижесінде гидрант және медузалық бүршіктерді беріп колония құрайды. Сөйтіп теңіз гидроидты полиптер ұрпақ алмасу (метагенез) жолымен, яғни жыныссыз көбею мен жынысты көбеюдің кезектесіп отыруы арқылы дамиды. Осындай даму кезінде құрылысы мен көбею әдісі жағынан ерекшеленген екі түрлі ұрпақ алмасады. Біріншісі гидрополиптер, бекініп тіршілік ететін, тек қана жыныссыз жолмен көбейіп полиптер мен медузаларды қалыптастыратын формалар. Екіншісі - гидромедузалар, еркін тіршілік ететін, тек қана жынысты жолмен көбейіп гидрополиптерді қалыптастырады. Осыған орай гидрополиптік ұрпақ жынысты жолымен пайда болады да, өзі жыныссыз көбейіп гидромедузаларды қалыптастырады, ал жы­ныссыз жолымен пайда болған гидромедуза жынысты жолмен көбейіп гидрополиптерге бастама береді (39-сурет).
Ұрпақ алмасудың биологиялық маңызы - түрлердің таралуына мүмкіндік береді.
Кейбір гидроидтылардың даму сатысында бір ұрпақтың басым болып, екіншісінің жарым-жартылай редукцияға ұшырауы байқалады. Мысалы, Athecata отряд тармағының өкілдерінде дамыған медузалы ұрпақтары колониядан үзілмей, бластостильде қалады да, сол жерде редукцияға ұшырап медузоида, гонофора немесе споросак деген формаларына айналады (40-сурет). Медузоида мен гонофора формалары кәдімгі медузаға ұқсас, тек ауыз тесігі, көзшелері, статоцист мүшелері дамымаған. Споросак - іші жыныс клеткаларына толған шар тәрізді.
Trachylida отрядының өкілдерінде медузалық ұрпақ басым болып, планула личинкасы субстратқа бекінбей бірден медузаға айналады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   155




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет