Теңіз гидроидты полиптер отряды - Leptolida
Бүкіл жер жүзіндегі теңіздерде кең таралған, тек Limnomedusae отряд тармағының кейбір түрлері тұщы суларда кездеседі.
Бұл отряд төрт отряд тармағына бөлінген: Athecata, Thecaphora, Limnomedusa, Hydrocorallia. Athecata және Thecaphora отряд тармағының өкілдері өте көп және теңіздегі жануарлар дүниесінде көрнекті орын алады. Бұлар метагенез жолымен дамиды. Гидроидты ұрпақтары ағашқа немесе бұтақтарға ұқсас колония құрып өседі де, қалың тоғай сияқтанып кетеді. Оның арасында неше түрлі организмдер қоныстанып, барлығы ерекше гидроидты тоғай биоценозын құрайды.
Athecata отряд тармағының Thecaphora-дан айырмашылығы: колониядағы гидранттардың гидротекасы дамымаған, жыныс бездері ауыз сабақшасында орналасқан, медузалары - антомедуза деп аталады, даму сатысында медузалық ұрпақтары редукцияға ұшырап, медузоида, гонофора, споросак деген формаларына айналады. Бұларға жататындар Tubularia, Sarsia, Branchiocerianthus, Clava, Cordylophora туыстары. Біздің Каспий теңізінде көп мөлшерде Cordylophora caspia түрлері мекендейді. Олар Балтық, Азов пен Қара теңіздердің суы тұщы жерлерінде де кең тараған.
Thecaphora отряд тармағының колониядағы гидранттарының гидротекасы жақсы дамыған, жыныс бездері радиальды түтікшелер астында орналасқан, медузалары - лептомедуза деп аталады, полиптік және медузалық формалары кезектесіп, ұрпақ алмасу жолы жақсы дамыған. Бұларға жататын: Obelia, Sertularia, Mitrocoma туыстары.
Limnomedusae отряд тармағының медузалық ұрпақтары басым болып, полиптері колония құрмай жеке тіршілік етеді. Теңіздерде және тұщы суларда кездесетін бірнеше түрлері белгілі. Мысалы, тропиктік және субтропиктік тұщы су қоймаларында және тропиктік жануарлар мен өсімдіктер өсірілетін аквариумдарда, қолдан жасалған бассейндерде кішкене Craspedacusta медузасы кездеседі. Оның полиптік ұрпағы рудиментті - микрогидра деп аталады. Табиғи күйінде Craspedacusta Тульск облысынан, Дон өзенінен, Бұхара маңындағы су қоймаларынан табылған. Ал күйдіргіш күші бар улы медуза "крестовичок" -Gonionemus vertens Жапония теңізінің жағалауында, Курилл аралдарын қоршаған теңіздерде мекендейді.
Hydrocorallia отряд тармағының өкілдері қоңыржай және тропиктік теңіздерді жайлаған. Олардың медузалық ұрпақтары жойылған, полиптерінің эктодерма клеткалары ізбесті қаңқасын түзеп, колония бұталарының арасын толтырып, маржан полиптерге ұқсас, гидромаржандар деп аталатын колонияларды құрайды. Бұларға Stylaster, Allopora туыстары жатады.
Гидромедузалар отряды - Trachylida
Полиптік ұрпақтары жойылған, таза гидромедуза күйінде теңіздерде тіршілік етеді.
Aglantha туысының өкіддері бүкіл дүниежүзілік мұхитта кездеседі.
Cunina туысының личинкалары - Leptolida медузаларының паразиттері.
Гидромедузалардың арасында омыртқалы жануарларға зиян келтіретін түрлері бар. Мысалы, Polypodium hydriforme (систематикалық жағдайы анықталмаған) алғашқы даму кезеңінде бекіре балықтарының уылдырығында паразиттік тіршілік етеді. Ол Еділ, Дон, Сулака өзендерінен және Арал теңізінен табылған.
Хондрофора отряды - Chondrophora
Тропика теңіздерінің беткі қабаттарында (плейстон) жеке тіршілік ететін ірі полиптер. Денесі диск тәрізді, ауыз тесігі, қармалауыштары, гонофоралары денесінің төменгі жағында, ал үстіңгі жағында, текаға ұқсас хитинді қабық жақсы дамыған (Porpita туысында). Кейбір түрлерінде (Velella туысында) хитинді қабық үшбұрышты өскін түрінде дамып - желкен деп аталады. Соның көмегімен полиптер теңіздің бетінде жүзіп жүреді.
Гидроидтылар байырғы жануарлар. Олардың қазба түрлері силур дәуірінің қабаттарынан табылған. Әсіресе, СаСО3-ге бай қаңқасы жақсы дамыған Hydrocorallia өкілдерінің таңбалы қалдықтары жиі кездеседі. Кембрий дәуірінде Тһесарһога қалдықтарының табылғандығы жөнінде мағлұматтар келтірілген.
СИФОНОФОРАЛАР КЛАСС ТАРМАРЫ - SIPHONOPHORA
Сифонофоралар жылы теңіздерде еркін жүзіп тіршілік ететін ерекше колониялы жануарлар. Колония құрайтын особьтары құрылысы мен физиологиясы жағынан әр түрлі, оларды зооидтар деп атайды.
Зооидтар колонияның полиптік және медузоидты особьтары, атқаратын қызметіне қарай гастрозоид, цистозоид, гонозоид деп аталады. Олар шоғырланып кормидия деген топтарды түзейді, әрқайсысының арасында буын аралығы болып, оларды түрі өзгерген тақта жауып тұрады.
Құрылысы мен физиологиясы. Сифонофоралардың көпшілігінің колониясы ұзын сабақша тәрізді, особьтары оның бүкіл бойында реттескен (Physophora туысында), қалғандарының сабақшасы қысқа, особьтары (зооидтары) оның астыңғы жағына бекінген (Physalia туысында).
Энтодермамен астарланған гастраль қуысы сабақшаның ішін бойлап, жеке орналасқан зооидтармен байланысып, олардың қарым-қатынасын қамтамасыз етеді. Колонияның алдыңғы тұйық төбесі ішке қарай ойысып газға толған кеңістікке айналады. Бұны ауа торсылдағы немесе пневматофор деп атайды (41-сурет). Пневматофор - түрі өзгерген медузоидты формасы, гидростатикалық аппарат қызметін орындайды. Егер пневматофор газға толған болса, онда сифонофораның денесі жеңілдеп судың ең жоғарғы бетінде жүзіп жүреді, ал қолайсыз жағдайда газды сығып шығарады да, жануар су түбіне шөгеді. Газды бөліп шығаратын пневматафораның түбіндегі безді клеткалар, ал оның бұлшықет талшықтарының жиырылып - жазылуынан газдың көлемі көбейіп не азайып тұрады.
Пневматофораның астындағы сабақшада жүзу коңыраулары немесе нектофоралары орналасқан. Олар медузоидты формалы, тек ауыз тесігі, қармалауыштары, сезім мүшелері редукцияланған. Шатыршасы жиырылып, сифонофораның қозғалысын реттеп, оны алға қарай жылжытады (41-сурет). Колонияның ас қорыту қызметін қоректендіруші полиптер немесе гастрозоидтар орындайды. Олар гидранттарға ұқсас, әрбір гастрозоидта күшті атқыш клеткалары-мен (атқыш батареяларымен) жабдықталған қозғалмалы ұзын қармалауышы немесе жіпшесі болады. Соның көмегімен ұсақ жәндіктер гастрозоидтың гастраль қуысына түсіп, қорытылып колонияның барлық особьтарына таралады. Жіпшесі қорғаныс қызметін де атқарады.
Колоннада гастрозоид тәрізді басқа да полиптік особьтары - пальпондар немесе цистозоидтар орналасқан. Олардың ауызы жоқ, қармалауыштары тарамдалмай нашар жетілген. Нақты қызметі белгісіз, бірақ зәр шығару қызметін орындайды деп жорамалдайды.
Сифонофоралардың жыныс особьтары немесе гонозоидтары медузоид және гонофора құрылысты, жақсы дамыған. Колония бойында аталық пен аналық гонозоидтары кездессе, бұлар қос жыныстылар немесе тек аталығы, не аналығы - дара жыныстылар болып келеді.
Жыныссыз және жынысты жолмен көбейеді. Жыныс клеткалары суға шығарылып, ұрықтанған жұмыртқадан планула личинкасы дамиды. Ол күрделеніп, бүршіктену нәтижесінде зооидтар пайда болып колонияға айналады. Сөйтіп сифонофоралар әр түрлі особьтарынан (зооидтардан) құралған полиморфты колониальды жануарлар. Олардың особьтары реттесіп орналасқан: жоғарыда пневматофора оның астында нектофоралары, қалғандары топтасып кормидия түзейді. Әрбір кормидия гастрозоид, цистозоид және гонозоидтардан тұрады.
Достарыңызбен бөлісу: |