Экологиясы. Сцифомедузалар теңіздерде кең тараған, әсіресе аурелия аурита барлық қоңыржай және тропикалық теңіздерде мекендейді, арктикалық аймақтарда да кездеседі. Балтық, Ақ, Баренц, Қара, Азов, Жапон теңіздерінде көп көлемде таралған.
Дене түсі мөлдір, себебі мезоглеясындағы судың мөлшері - 97,5%. Шатыры жалпақ болып келетін медузаларды - дискомедуза деп атайды, мысалы аурелия аурита, ал шатыры биік - кубомедузалар (Chiropsalmus туысы).
Дене көлемі де әр түрлі. Аурелия ауританың шатырының диаметрі 40 см, қармалауыштары қысқа, ал цианеа арктиканың (Cyanea arctica) шатырының диаметрі 2 м-ден артық, қармалауыштарының ұзындығы 30 м-ге жетеді. Қармалауыштарының және шатырының көмегімен суда қалқып, шарықтап немесе реактивті түрінде жылжиды. Шатыры минутына 100-140 рет жиырылып жазылады. Тіркелмелі тіршілік ететін медузалар да кездеседі. Олар солтүстік теңіздерде көп кездесетін, қоңыр түсті, биіктігі 2-3 см - Haliclystus және ақшыл түсті, биіктігі 12 см-ге дейін жететін Lucernaria туысының өкілдері. Олар шатырының жоғарғы жағындағы сабақшасымен субстратка бекінеді. Шатырша шеті терең ойысталған, түйреуіш тәрізді қармалауыштарының арасыңда түрі өзгерген безді клеткаларға толы - ропалиялары орналасқан.
Сцифомедузалар - жыртқыштар, планктондық организмдермен, балық шабақтарымен де қоректенеді, ал тамырауызды медузалардың Rhyzostoma pulmo өкілінің ауыз тесігі бітеліп, ауыз айналасындағы қалақша өскінділері бірігіп қатпарланып, тек кана ұсақ планктонды организмдерді сүзетін елекке айналған.
Достарыңызбен бөлісу: |