Байланысты: Мектепке дейінгі кезеңдегі психикалық даму
Мектепке дейінгі кезеңдегі психикалық даму.
Сөйлеу. Мектепке дейінгі кезде сөзді меңгеру және игеру процесі аяқталады. 7 жасқа қарай тіл баланың қарым-қатынасының және ойлауының құралы болып табылады. Сөйлеудің дыбыстық жағы дамиды. Кіші мектеп оқушылары өздерінің сөйлеу ерекшеліктерін түсіне бастайды, сөздерді дұрыс естіп, дұрыс айтады. Сөздік қоры қарқынды дами түседі. Кейбіреулерінде көп, кейбіреулерде аз болады. Сөздің грамматикалық құрылымы дамиды. Сөйлем құру тек сан жағынан емес, сапа жағынан да үлкен өзгерістерге ұшырайды. Мектеп жасына дейінгі балалар бар сөздік қорына негізделе отырып, тілдің тиісті ережелерін пайдаланып, мыңдаған жаңа сөйлемдерді құрай бастайды. Олар бұл кезде тіпті жоқ сөйлемдерді де құрастырып шығарады. Сонымен қатар қолданатын сөзін бала тым өткір және ұқсастырып күлдіріп айтуға да шеберлігі дами бастайды.
Егер сәбидің сөйлеуі көбінесе ситуацияға тәуелді келсе, мектепке дейінгілерде сөйлем контекстіге сай құрала бастайды. Контекстіге байланысты сөйлеу деп сөйлеушілердің қасында тыңдап отырғандар әңгіме не жөнінде болып отырғанын білмесе де сол айтылған сөздің тікелей мәнісіне қарап, соны айқын түсіне алуын айтады. Кейде бала өз-өзіне арнап сөйлейді. Сөйлеудің бұл түрін Ж.Пиаже эгоцентрикалық сөйлеу деп атаған. Үнсіз сөйлеу мектепке дейінгілерде әлі қалыптаспағандықтан, ойын естіртіп өз-өзіне айтады. Демек, эгоцентрикалық сөйлеу деп өзгелерге арналған емес, баланың өзіне арналған ойды жеткізудің ерекше түрін айтады. Бала ой үстінде өзіне сөз арнағанда, сол сөзді тірек ретінде пайдаланады. әйтпесе оның ойлана алуы мүмкін емес. Ж.Пиаже эгоцентиркалық сөйлеу балада 7 жасқа дейін сақталады да кейін өзінен өзі жоқ болып кетеді деген тұжырымды айтады. Бұған Л.С.Выготский қарсы шығып, 7 жасқа толғанда эгоцентиркалық сөйлеу жоғалып кетпейді, ол кейін баланың үнсіз сөйлеуіне айналады деген. Л.С.Выготскийдің пікірінше үнсіз сөйлеу сырттай естіртіп сөйлеудің негізінде дамиды.
Ес. Мектепке дейінгі кезең – ес процесінің дамуы үшін ең қолайлы кезең. Бұл кезеңде ырықсыз ес басым. Себебі, бала бір нәрсені есінде сақтау үшін ешқандай мақсат қоймайды. Ол үшін қызықты оқиға, әрекеттер жеңіл есте қалады, сондай-ақ сөздік материал есте жақсы сақталады. Ертегі, әңгіме, кино кейіпкерлері есте жақсы сақталады. Мектепке дейінгі жастың орта шенінде (4-5 жасқа қарай ) ырықты ес қалыптаса бастайды. Саналы, мақсатты түрде есте қалдыру тек эпизодты түрде көрінеді. (Ойынның түріне қарай атқарылатын әрекеттерді есіне түсіреді).
Қабылдау. Мектепке дейінгі кезде баланың қабылдауы көп жоспарлы болады. Ақырындап апперцепция дами бастайды- қабылдауға өзінің тәжірбиесінің әсері. Жас бойынша апперцепцияның рөлі ұлғая түседі. Қабылдаудың мағыналылығы пайда болады. Оның ішінде ырықты әрекеттер бөлініп шығады- бақылау, байқау, іздеу. Осы кезде қабылдаудың дамуына сөйлеу әсер етеді. Бала қасиеттердің, белгілердің атауын, түрлі объектілердің және олардың арасындағы қатынастар күйін белсенді қолдана бастайды. Заттар мен құбылыстардың қасиеттерін атайды. Арнайы ұйымдастырылған қабылдау құбылысты дұрыс түсінуге мүмкіндік береді. Бала картинаның мазмұнын да дұрыс түсіне алады.
Ойлау. Ойлаудың дамуындағы негізгі бағыт- көрнекі-әрекеттіктен көрнекі-бейнелікке өту .Мектепке дейінгі бала бейнелі түрде ойлайды, бәрақ әлі қисын ой жүгірту дамымаған. Мектепке дейінгі жастың соңына қарай жалпылауға, байланыс орнатуға деген тенденция байқалады.