Бақылау – мемлекеттік мақсатты бағдарламалар немесе жағдайға байланысты шешімдер секілді әр түрлі мемлекеттік іс-шаралардың жүзеге асыру барысын жан-жақты, үздіксіз бақылаудың және түзетудің заңдытұрғыдан қамтамасыз етілген әдістері. Бұл әдістер шешімдерді қабылдау және олардың орындалуын, атап айтқанда көлемдік көрсеткіштерге, ресурстардың уақытында бөлінуін және түпкілікті жерлерге жеткізілуін, олардың нәтижелі жұмсалуын бақылауды қамтиды. Бұл ортада мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарының күрделі өзара іс-әрекеті орындалады.
Мемлекеттік басқарудың негізі туралы түсінік, мемлекеттік басқару қызметінің мәнін және міндетін анықтайтын, оның негізгі элементтері арасындағы қарым-қатынас түрін түсінуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде оның ерекшелігін және белгілерін анықтау оңайлана түседі.
Мемлекеттік басқарудың ерекшелігі, ең алдымен, екі шектес басқару аумағына байланысты пайда болады. Олар: саяси және кәсіпкерлік саласындағы басқару.
Мемлекеттік басқарудың жұмыс істеп жатқан саяси билік жүйесімен тығыз байланысы бар екені айқын. Мемлекеттік билік мемлекет тетігі және әдісі болып табылады және оның көмегімен мемлекет іс жүзінде қандай да бір келіспеушіліктерді (жеке, топтық, ұлттық, өңірлік, таптық) шешу және халықтың әр түрлі топтарының материалдық, әлеуметтік, мәдени қажеттіліктерін қанағаттандыру саясатын жүргізеді. Ол нақты саяси, құқықтық, ұйымдастырушылық, қаржылық және басқа да іс-әрекеттер сипатының көмегімен іске асырылады. Бұл сипат мемлекеттік саясатты түзету және іске асыру жүргізілетін әкімшілік дайындықтың әр түрлі сатыларын, қажетті басқарушылық шешімдердің және әлеуметтік бағдарламалардың іске асуын қамтиды. Бұл, бір жағынан, мемлекеттік басқару мемлекеттік саясаттың нақты-маңызды бөлігі болып табылады. Екінші жағынан, мемлекеттік басқарудың жеке ұйымдардағы менеджменті ерекшеліктерімен қатар негізінен басқарушы технологияларға және клиенттер қызығушылығын ескеруге негізделген ортақ белгілері бар. Осыдан оңтайлы талдау мен қабылданған саяси шешімдерді біріктіруден әкімшілік, қаржылық, ақпараттық, адами және мемлекеттің билік ресурстарының мүмкіндіктерінің пайдаланылу сапасы көрінеді.
Осыдан мынадай анықтама шығаруға болады: «Мемлекеттік басқару – тұтас қоғамда немесе оның жеке бөліктерінде мемлекеттің ұйымдастырушы-реттеуші және қызметтік міндеттерін жүзеге асыру барысындағы оның заң шығарушы, атқарушы, сот және мемлекеттің басқа да өкілетті органдарының іс-әрекеті».
Бұл дегеніміз, мемлекеттік органдар:
- біріншіден, мемлекеттік билік өкілеттігіне ие және соның арқасында қоғамда болып жатқан істерге әсер етеді де сол істердің жағдайына жауап береді;
- екіншіден, өздерінің құзіреті шеңберінде мемлекеттің мүддесі атынан әрекеттену өкілеттігіне және мүмкіндігіне ие;
- үшіншіден, қатаң нормативтік тәртіп іс-әрекетін, формалды-рәсімдік тұрғысынан оқиғаны және оны реттеуші заңнаманы субъективті пайымдау арқылы кең мүмкіндіктерді үйлестіре қызмет атқарады;
- төртіншіден, кей жағдайларда тұтас қоғамға немесе оның белгілі бір бөлігіне елеулі әсерін тигізетін мемлекеттің атқарушы-әкімшілік саласында шешімдер қабылдаумен және оларды жүзеге асыру жұмысымен тікелей айналысады.
Бұл анықтама қазіргі таңдағы Қазақстандағы мемлекеттік басқаруға сипаттама беруге мүмкіндік береді.
Егер келтірілген анықтаманы бұрын зерделенген ғасырлар тоғысындағы мемлекеттік басқаруға сипаттама беруге қолдансақ, екі негізгі үрдістің қарама-қайшылығын көруге болады:
- біріншісі, басқарудағы нұсқаулық бастаманың қысқаруы, экономиканың мемлекеттік саласының азаюы, мемлекеттің дербес, дегенмен қоғамдық үдерістердің ең беделді субъектілерінің біріне айналуы;
- екінші үрдіс мемлекеттің нарықтық инфрақұрылым құруда, жаңа заңнамалық және басқа нормативтік құқықтық рәсімдерді қалыптастыруда, жеке меншік қарым-қатынастардың қалыптасу үдерісін реттеу барысында міндеттерінің ұлғаюы және қиындауы арқылы жүзеге асады.
Өткен ғасырдың 90-шы жылдардан бері қарай Қазақстанда мемлекеттік басқарудың объектісі өтпелі қоғам түрінде болды. Ол кезеңге өтпелі кезеңге әлеуметтік жағдайдың ушығуы, әлеуметтік шиеленістер, әлеуметтік институттарға сенімсіздіктің өсуі, қоғамдық тәртіп нормаларынан тез алшақтау сәйкес келді. Осы кезде әр түрлі әлеуметтік (кәсіпқой, мүліктік, өңірлік, демографиялық) топтардың мүдделерінің тепе-теңдіктері бұзылды. Қоғам игерген әлеуметтік әділеттілік үлгісі өзгерді. Осыдан тұрақсыздық және дағдарыс, басқарудың әлсіреуі, нәтиженің төмендеуі мемлекеттің басты мәселелеріне айналды.
Өтпелі жүйелерде экономикалық шешімдер, негізінен, мемлекеттік ұстанымдарды айқындайды да, кей ретте құқықтық жағынан негізделмейді. Әділ, құқықтық тексерілген жүйе және басқару технологиялары негізіндегі мемлекеттік басқару қалаулы мақсат болып табылады. Бірақ қазіргі жағдайда қоғамдық дамуының саяси басымдықтарын таңдауда экономиканың, технологиялардың және шешімдерді ұтымды қабылдаудың әсеріне сілтей беруге болмайды. Біздің қоғамда техникалық жағынан шешімі оңай болып көрінетін мәселелер бар. Бірақ оларды тиімді шешуге көшбасшылардың саяси ерігі және халықтың саяси мінез-құлқын болжай алмау деп аталатын саяси ой болжамдар мен қызығушылықтар кедергі жасайды. Сол себепті «басқарудың субъективті факторы» ерекше орын алады, ал оның ішінде өтпелі кезеңнің органикалық кемшілігін толықтыратын қазіргі заманғы тиімді мемлекеттік қызметті ұйымдастыру. Ол өте қиын және ұзақ уақытқа созылатын үдеріс. Оның көптеген аспектілері бар, олардың бірі қазіргі мемлекеттік басқару теориясының дамуы. Ол әлеуметтік басқарудың тек қана ғылыми негізделген әдістемелік зерттеуіне мүмкіндік бермейді, сонымен қатар, мемлекеттік аппараттың жүйелі, бірізді, шынайы реформаларын анықтауға көмектесіп, оның институттары мен тетіктерінің басқару қызметін қамтамасыз етеді.
Бақылау сұрақтары:
1. Мемлекеттің пайда болу тұжырымдамалары.
2. Мемлекеттік биліктің қажеттілігі.
4. Мемлекеттік басқару жүйесі түсінігі.
5. Мемлекеттік басқару үдерісі.
6. Мемлекеттік биліктің ресурстары.
1.2. Мемлекеттік басқару үдерісіндегі мемлекеттік саясат
Мемлекеттік құрылымдар белгілі бір міндеттерді орындауы үшін жасалынады. Олар белгілі дәрежеде мемлекеттік саясатты жасау және жүзеге асыруға байланысты. Мемлекеттік аппараттың негізі қоғамдық өмірдің түрлі салаларында нақты мемлекеттік саясат негізінде жүзеге асқан саясаткерлердің еркі мен пиғылын жүзеге асыру болып саналады.
Мемлекеттік саясат – бұл мемлекеттік билік органдарының қоғамдық мәселелерді шешудегі, қоғам дамуының жалпы маңызы бар мақсаттарға жетудегі, жүзеге асырудағы немесе оның жеке салаларындағы нысаналық іскерлігі. Ол мемлекеттің белгілі бір салада нақты мақсаттарға жету әдісі болып саналады. Өз қарамағындағы ресурстарға негізделіп, құқықтық, экономикалық, әкімшілік ықпал ету әдістерін пайдаланады. Саясат ашық, бәсекеге қабілетті болуы және нәтижеге негізделуі керек.
Достарыңызбен бөлісу: |