. «Аңыздың ақыры» романынан үзінді
http://www.adebiet.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=53&Itemid=23
Даңқ пен дақпырт
Шариғаттың өзінде де бар емес пе? Баяғыда сұңғыла Сүлейменге бір күні құмырсқа кеп: «Саған жаратқан ием желді неге бағындырып бергенін білесің бе?»-деп сұрапты. Сүлеймен қапелімде жауап таба алмай мүдіріп қалыпты. «Ол сенің патшалығыңның ақыр түбі желге ұшатынына меңзегені»,-депті құмырсқа. Сүлейменнің бұны естігенде өңі ауып кетіпті. Әлгі құмырсқа: «Алланың әмірін ұлыларға кішілердің сөзі жеткізеді деген осы болады»,-деп тайып тұрыпты. Сүлейменнің де басынан ауған бақ кімнің басынан аумайды дейсің. Бірақ Сүлейменнің басынан бақ ауғанмен, даңқ ауды ма? Соған қарап-ақ, бақ-аз ғана күн тіршіліктің ырызығы да, ал даңқ -ұлан-асыр мәңгіліктің несібесі екенін біле беруге болмай ма?
Бағзы Сүлейменнің даңқын қазірге жеткізген де әлгі жарлы дихан мен құрдым құмырсқа емес пе? Ұлыларға Алланың пиғылын жеткізетін кішілер олардың атын да тым алысқа шығандатып шығармай ма? Үлкендер істеген үлкен іс-кішкентайлардың кішкене көзіне тым алапат боп көрінбей ме? Ал шын ересен іс істесең, олар сені құдіреттің өзінен кем көре ме?
Даңқтың астындағы дүлдүлі-дақпырт. Парасаттының аузындағы керенау ақиқат қашан үзеңгіге аяғын салғанша, дарақының аузындағы далаңбай дақпырт екі етек боп елден бұрын жетпей ме?
Дақпырт тарататын дарақы тек дабырайғанды көреді. Дабыралап іс қылмаған даңқтың жылы-жұмсағынан дәметіп, құр бекерге тамағын ісірмесе де болады.
Кішкентай көздерді не істесең де ірі істеп таңғалтасың. Таңғалған кісінің жақсы мен жаманды таразылап жатар шамасы қайсы? Мінекей, алдында күн батыстың талай елінің қазынасында жатқан алтын мен асылды теңдеп ап, тау-тау шағылдардың жып-жылмағай көбесін омыра опырып, балп-балп басып бара жатқан пілді алғаш көрген адам, «бұл жақсы хайуан ба, жаман хайуан ба» деп бас қатырып жата ма? Оның ересен үлкен денесіне де, орынсыз шұбалып жатқан оғаш тұмсығына да түк шошынбай да, жиренбей де, бірден таңғала қарап, таңдайын қақпай ма? жанарының шарасына сыймайтындай алапат қып істе. Әйтпесе, аз жақсылығыңа бәрібір місе тұтпайды, ал сәл ғана жамандығыңды көрсе-жерден алып, жерге салып жазғыра жөнеледі. Біреудің тұмсығын қанатсаң, бар пәлені басыңа үйіп-төгіп бағатын немелер кең әлемді белшеден қанға малып қойсаң: «Бұл не істегенің?» деп нәлет айтпайды. - «Апырай, қалай істедің?» деп қайран қалады.
Тек тіріңде маңайыңдағылардың бәрін таңғалтумен өт. Өле өлгенше таңғалып өткенде саған өлген соң да таңғалады. Олардың аузындағы лақапты естіп, сені көрмегендер де таңғалады. Тек оларға әлгі өзгеден естіген естіміштеріне «е, бәсе» деп қойғызатындай қып, әр жер-әр жерге өз құдіретіңнен жұрнақ қалдырып отырсаң болғаны,
Ол кез келген пенденің қолынан келмегенмен, бар қазынаны астыңа басып, бар қаруды маңайыңа иіріп ұстап отырған сенің қолыңнан келеді. Тек қажып қалма... Тоқмейілсіп қалма... Өйтсең болды, күйеуінің көзіне шөп салмай жүре алмайтын жады қатынның қойнынан өрген бөтен еркектей мына опасыз дүниенің тағы бір пұшпағынан өзіңнен гөрі мықтырақ басқа біреудің сыпаң етіп шыға келуі оп-оңай... Өзің де осынша құдіретке жұрттың қапысын тауып жетпеп пе ең, ендеше өзің де жұртқа қапыңды таптыртпа... Қапыңды құдай таппаса, адам таппасын...
Құдай таппаса... Иә, бұл бұрын ол жорықтан жеңіспен оралғанда дәл осы жолғыдай қайдағы-жайдағының бәрін ойлап, миын ашытушы ма еді. Бұның бәрі ту сонау жүрегінің түбінде жасырулы жататын еді ғой. Жұртқа көрсетпек түгілі, қайта-қайта қолына алып қарай берсе, көлденең көзге қолды қылып алармын деп, қорқып, әйтеуір, сенімді жерде тұрғанын біліп, іштей тоқ боп, өзі де көп сұқтана бермейтін қымбат бұйымындай осы бір ұры түйіншек түп ниетін тіпті өз ойынан да бірер қабат қалтарыс ұстаушы еді ғой... Енді неге бүгін кеп, өз жынын езі қайта шайнап, күйіс қайтарған қоспақ түйедей әлдеқашан бүге-шігесіне дейін ойлап, әбден кесіп-пішіп қойған, тіріде ешкімге аузынан шықпайтын сырларын қайыра толғап, қайта ойлап отырғаны несі? Іш есепті де тұтынғасын, алмас қарудай берік тұтынған жөн. Орынсыз шошаңдата берсең, о да қолыңнан шығып кетеді, жауға бұйырса, өз қаруындай, о да өз мойныңды қырқады.
Бауыржан Момышұлы, Екі томдық шығармалар жинағы, «Жазушы» баспасы, 2004ж. «Ұшқан ұя» повесінен
Отбасы –өнегесі (311- 313)беттер
Кейде менің өнеге алған, тәлім үйренген, дәріс оқыған ұстаздарымды еске түсіріп ойға бататыным бар. Сондай шырын шақтарда ең алдымен ата-аналарымның бейнесі елестейді. Солардың уағызы басымырақ бола береді...
Өйткені есейе келе көрген көп ұстаздарым талай-талай тағылымға бой ұрғызғанымен, солардың бірде-бірі нақ өзімнің әжемдей, әке-шешем мен ауылдың қадірлі ақсақалдарындай өсиет айдынына жүздіре алған жоқ, молынан құлаш сермете алған жоқ десем, ардақты ұстаздарымның көңіліне келмес. Бұл сезім өзіме қанымның тартқанынан немесе жақыныма сезімімнің бөлектігінен,
әлде ата-анаға деген парызымның молдығынан ғана туып отырған жоқ. Өмір шындығының өзі ақиқатқа бас ұрары даусыз. Дүние тарихы, жаратылыс шежіресі, жан-жануар болмысы жайлы алғашқы әңгімені әжемнен естігенімді, адамзат қауымының қалыптасуы туралы тұңғыш мағлұматты әжемнен алғанымды қалай ғана ұмытармын... Иә, әлемнің пайда болуы, тірлік дамуы, адамзаттың шығуы, өмір жайлы шынайы сезіммен азаматтық тұрғысындағы жан баурайтын аңыздарды айтқан; ненің жақсы, не жаман екенін, нені сүйіп, неден аулақ жүруді үйреткен; ар заңының, әдеттің жинағынан алғашқы тарауларды таныстырған да, ең алдымен, ата-ана, ағайын-туған еді. Әрине, ол кезде мен де өзге сәбилер сияқты әжем айтқан ертегі мен аңыздардың түпкі байыбына бара бермейтінмін, әке әңгімесінің өсиетін ұға бермейтінмін және үлкендердің талай-талай өнегесін орындай бермейтінмін... Ол кезде мені қызықтыратыны ертегі-аңыздардың ғажайып оқиғалары еді... Енді, міне, есейіп ер ағасы болғанымда ойласам, мен сол әңгімелерден адамзат өресінің өрісін тани берген екем ғой...
Менің ұстаздарым әріптен бастап буынға дейін, сонан соң ақ қағазға қаламмен өрнек жазуға дейін үйретті. Келе-келе жүйелі оқып, есепті жүйрік шығаруға қол жетті... Ал өмірдің өзі ше? Осынша ғұмырымның ішінде түрлі- түрлі күрделі жағдайда; толқымалы тоқсан сырлы кезеңде кездесіп дидарласқан, тағдырлас болған, табақтас болған адамдар ше? Мамыражай сәттерден мазасыз майданға көшіріп, көбік шашқан өмір дариясының бір толқынынан екінші толқынына аямай лақтырған уақыт ше? Осының бәрі де менің тірлігімдегі тірек болған, жүрек болған, қол ұшын берген, қорған көрсеткен ұстаздарым деп білем. Осындай уақыт талқысы ғана, өмір өткелдері ғана, тірлік тізбегі ғана менің әжемнен үйренген «жақсы», «жаман», «мақұл», «немакұл» деген сөздердің байыбына терең бойлата алды.
Әжемнің «осылай болған екен» деген сөздері мені бірде ғасырлардың шыңырауына сапар шектірсе, бірде кұс қанатындай демеп ілгері ұмтылдырды, биікке самғатты...
Міне, енді өзім де әке болып ұл өсіріп, қыз өсіріп отырғанда, немере сүйіп мейірленген сәттерде, олар да маған аңғал да адал, бірақ құштарлыққа толы шынайы сұрақтар береді. Тағы сол сәтте осы балаларымның дәл менікі сияқты ғұлама әжелері азайып бара жатқанына қайта өкінем, қабырғам қайысады.
Достарыңызбен бөлісу: |