Құрастырғандар: Нұрмұратов С. ., Нұрекеева С. С., Сағымбаев Е.
Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі - «Өзін-өзі тану» пәнінен қосымша құрал ретінде адамның рухани-адамгершілік дамуына игі ықпал ететін қазақ халқының руханиятындағы негіздер -- философиялық, педагогикалық және көркем әдеби мұраларындағы пікірлер қамтылды. Өзін-өзі тану пәнінің бағдарламасына сай, мұғалімдер мен оқушылардың пайдаланатыны ескеріле отырып құрастырырды.
Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі - «Өзін-өзі тану» пәнінен қосымша құрал ретінде адамның рухани-адамгершілік дамуына игі ықпал ететін қазақ халқының руханиятындағы негіздер -- философиялық, педагогикалық және көркем әдеби мұраларындағы пікірлер қамтылды. Өзін-өзі тану пәнінің бағдарламасына сай, мұғалімдер мен оқушылардың пайдаланатыны ескеріле отырып құрастырырды.
КІРІСПЕ
Адамзаттың дүниетанымдық көкжиегі заман өзгеріп, ғылым мен білім тереңдей түскен сайын кеңеюде және әлеуметтік кеңістікте әрбір тұлға ақиқатты нақты ғылыми тұжырымдарға, дәйектелген ақпараттарға сүйене отырып іздейді. Тарих сахнасында қордаланған көптеген ғылыми түсініктер қайта қаралуда, гуманитарлық білім даму үстінде, рухани байлығымыз сараптан өткізілуде. Соның бір айғағы 2004-2009 жылдары елімізде жүзеге асырылған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы болып табылады. Осы бағдарламаның ауқымында халқымыздың ғасырлар бойы қордалаған рухани құндылықтары, тарихи жәдігерлері жүйелі түрде жинақталды, сонымен қатар әлемдік руханияттағы даналықтың озық үлгілері қазақ тіліне тәржімеленді.
Жалпы адамның рухани дамуы, оның тұлға ретінде кемелденуі ғасырлар бойы гуманитарлық білім үшін күн тәртібінде болған өзекті мәселе. Ежелден барлық халықтардың ойшылдары пайымдаған даналық үлгілерімен қатар заманауи білім мен ғылымның дамуы адам руханиятының, оның кемелдену бағытының негізгі арқа сүйейтін құрылымдары болып келеді. Осы тұрғыдан алғанда тұлғаның әмбебап сипатта қалыптасуы мен дамуында ұлттық және әлемдік философияның да, этнопедагогикалық білімнің де, моральдік өнегелердің, әдебиет пен өнер туындыларының да алатын орны зор. Әсіресе, адамның өзін-өзі тереңдеп тануында, оның табиғат пен қоғамға, қоршаған әлеуметтік ортаға қатынасында үйлесімді негіздердің орнығуы күрделі үрдіс және ол тұлғаның қауымдастықтағы руханилық үлгілерін орнықты және зерделі қабылдай білуімен, әлеуметтік практика тиімді қолдана алуымен астасып жатады. Адам тәрбиесінің өзегі осында.
Оқырмандарға ұсынылып отырылған антологияның ерекшелігі - «Өзін-өзі тану» пәнінің мемлекеттік бағдарламасына барынша сәйкес келетін және адамның рухани-адамгершілік дамуына игі ықпал ететін қазақ халқының руханиятындағы негіздерді қамтуында болып отыр. Антологиялық жинақта түркілік тарихи кезең мен қазақ халқының ұлттық тарихындағы озық ойлы шығармалардың топтамасы жүйелі түрде беріледі. Құрастырушы авторлар негізінен менталитеті жағынан алғанда жақын өткен ғасырлардағы түркілік бастауларды және қазақ топырағында қордаланған даналық үлгілерді, адамды танудың мен оның мәндік негіздерін түсінудің ұтымды және айғақты тұстарын қамтуға ұмтылады. Антологияның қалыптастырудағы тағы бір ерекшелік – әрбір оқырманның өзіндік шығармашылық қабілеттерін шыңдауға, мүмкіндіктерін арттыруға жағдайлар жасауында. Әрбір таңдалып алынған шығарма, немесе шығарманың кейбір үзінділері адам мәселесінің әртүрлі қырларын айқындауға үлес қосады. Сондықтан оқырман мәтіндермен тек танысып қана қоймайды, ол сонымен қатар өзара сұхбатқа түседі, үнемі ізденісте болады, сөйтіп, адами жетілудің өзіндік мектебінен өтеді, даналардың әрбір айтқан сөзінің астарын ұғынуға тырсады.
I. ФИЛОСОФИЯ
ӘБУ НАСЫР ӘЛ-ФАРАБИ
Қайырымды қала тұрғындарының
кӨзқарастары
Жиырма сегізінші бөлім: Қайрымды ел басшысының қасиеттері туралы сөз
Бірінші басшының қасиеттері
Мұндай адам өзіне ешкім билік жүргізбейтін билік иесі. Міне бұл адам имам, ізгі елдің бірінші басшысы, ізгі ұлттың билеушісі, әлемнің билеушісі болады.
Мұндай жағдайға тек бойында жаратылысынан 12 табиғи қасиеті бар адам ғана жете алады: а) осы қасиеттердің бірі, оның мүшелері кемшіліксіз және сау болуы, бұл мүшелердің оны және өздеріне қатысты әрекеттерді жасауға қаблетті болуы. Ол осы мүшелердің кез келген біріне қатысты әрекет жасағысы келген кезде, оны өте оңай жасауы тиіс. ә) Ол өзіне айтылған бар нәрсені жақсы түсініп, қабылдау қабілетіне жаратылысынан ие болуы керек. Айтып жатқан кісінің мақсатына немесе айтылып жатқан нәрсенің логикасына сай оны түсінуі керек. б) Түсінген, көрген, естіген, қабылдаған нәрсесін есінде сақтау қабілеті болуы керек. Ешбір нәрсені ұмытпауы керек. в) Көкірек көзі ояу, өте ақылды болуы керек. Бір нәрсеге байланысты ең кішкентай бір дәлел көрген кезде, осы дәлел меңзейтін бағытта сол нәрсені жетік меңгеруі керек. г) Осындағы нәрсені толық жеткізе алатын көркем сөйлеу қабылеті болуы керек. д) Үйренуді, ізденуді сүюі керек, оған өзін арнауыкерек, үйренудің қиыншылықтарын жеңіп, қиындықтарға сабыр етуі керек. Бұларды шаршататын, қиыншылық туғызатын нәрсе деп қабылдамауы керек е) Дұрыстықты, дұрыс адамдарды сүюі керек, жалғанды және өтірікшілерді жек көруі керек. ж) жеу, ішу мен жыныстық ләззатқа ұмтылмайтын, оларды қаламайтын адам болуы керек. Құмардан бойын аулақ салып, ондай нәрселерден туындайтын ләззатты жек көруі керек. з) рухы биік болуы керек, намысты, жомарттықты сүюі керек, рухы жаман және төмен нәрселерден жоғары болуы керек, ең жоғары нәрселерге қарай ұмтылуы керек. и) Күміс, алтын және сол секілді дүниелік мұраттар, нәрселер оның назарында маңызы жоқ нәрселер болуы керек. к) Әділетті және әділ адамдарды сүюі керек, қысым мен зұлымдықты және осыларды істейтіндерді жек көруі керек, өзі мен басқаларына байланысты ынсап иесі болуы керек, адамдарды ынсапты болуға шақыруы керек, қысым көрген жандарға жаны ашуы керек, жақсы, дұрыс деп тапқан барлық нәрселерге қолдау көрсетуі керек, әділ болуға, әділетті жүзеге асыруға шақырылған кезде, оны істеуде жүзеге асыруда құлықсыз болып, қыңырлық көрсетпеуі керек, керісінше әділетсіздік пен жамандықты істеуін талап еткенде оғанқарсы табанды, ұстамды және жігерлі болуы керек. л) істелуі міндетті деп тапқан нәрсеге байланысты жігерлі, шешімге берік болып, қорқу мен әлсіздік танытпай, батылдықпен оны жүзеге асыруы керек.
Екінші басшы (орынбасар)ның қасиеттері
Осы ерекшеліктердің барлығы бір адамның бойында жиналуы өте қиын. Сондықтан да мұндай табиғи жаратылысы бар адамдар әр дәуірде тек бір-ақ рет кездеседі. Егер ізгі елде осындай адам болып, ол адам есейгеннен кейін, жоғарыда аталған шарттардың алтауын орындаса (немесе қиялдау қуаты арқылы адамдарды ескерту қаблетінен басқа бесеуін орындаса), бұл адам басшы болады. Мұндай адам кездеспесе, бірақ бұрын бұл елде бір-бірінің ізін басқан осындай басшылар буыны болған болса, олардың шығарған заңдары, ережелер мен әдеттер қабылданып, сақталады.
Бірінші басшыдан кейін келген басшының бойына туылғаннан кейін және балалық шағынан бастап осы он екі ерекшелік жиналуы керек және есейгеннен кейін де оның төмендегі алты қасиетке ие болуы керек: а) Ол – философ болуы тиіс. ә) Алғашқы басшылардың қала үшін айтып кеткен өсиеттерін, елді басқарудағы заңдарды, қағидаларды, методтарды біліп, оны сақтауы керек, барлық істе осы басшылардың жолымен жүріп отыруы керек. б) Бұрынғылардың заңдарында көрсетілмеген мәселелерде, олардың жолымен жүре отырып, жаңа заң шығару, атқару мәселесінде жоғары деңгейде болуы тиісті. в) Алғашқы басшылардың кезінде пайда болмаған олардан кейінгі дәуірлерде пайда болған оқиғалар мен нәрселерге байланысты дұрыс үкім беру үшін ақыл, жүгірту күші мен жоғары тәжірибелік ақылға ие болулары керек. г) Алғашқы басқарушылардың заңдары мен олардың жолымен жүре отырып, өзі шығарған жаңа заңдарға байланысты халықтың сөз арқылы көзін ашуда, оларға жол көрсетуде жоғары деңгейде болуы тиіс. д) қызмет етуші болсын, соғыс өнерлері болсын, басқарушы екеуінде де білгір болып, соғыс әрекеттерін жүзеге асыру үшін тәні де сау болуы керек.
Егер осы шарттардың бәрін бойына жинаған адам да табылмай, бірі философ, екіншісі қалған шарттарды бойына жинаған екі кісі табылса, олардың екеуі де осы елдің басшысы болады.
Егер осы шарттар, бірінде пәлсапа, екінші ерекшелік екінші бір адамда, үшінші қасиет үшінші адамда, төртінші қасиет төртінші адамда, бесінші қасиет бесінші адамда, алтыншы қасиет алтыншы адамда болып, осы қасиеттер әртүрлі адамдар да болса, осы адамдардың барлығы бір-бірімен келіссе, олардың барлығы бірге ең жоғары басқарушылар болады.
Бірақ әйтеуір бір уақытта егер философия, басшылықтың бір бөлігі болудан қалса, қалған басқа шарттардың барлығы осы басшылықта болған күннің өзінде, ізгі ел басшысыз қалады, елдің басшылығымен айналысып жүрген кісі басқарушы болмайды, қауым халқы жойылып кету қаупіне ұшырайды. Егер осы елдің басшысының қол астында бір философ болмаса, белгілі бір уақыттан кейін ол ел жойылып кетуі мүмкін.
Отыз үшінші бөлім: Ізгі ел халқының барлығы да білуі тиіс
ортақ нәрселер туралы сөз
Ізгі ел халқының барлығы да білуі тиіс ортақ нәрселерге келсек: Олардың а) біріншісі Алғашқы Себепті және оның сипаттарын білу. Бұдан кейін олардың білуі керек нәрселер мыналар: ә) материядан тәуелсіз нәрселер, олардың әрқайсысының сипаттары мен мәртебелері (белсенді санаға дейінгі) және олардың әрқайсысына тән әрекеттері, б) космостық субстанциялар мен олардың әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері, в) олардың астындағы табиғи денелер, олардың қалай пайда болатындығы мен жойылатындығы, олардағы барлық нәрсенің тәртіп, кемелдік, жақсылық, әділет пен даналыққа сай пайда болғандығы, кемшіліктің, әділетсіздіктің еш болмағандығы, г) адамның пайда болуы, рухтың қуаттарының қалай пайда болғандығы, белсенді сананың оларға алғашқы рационалдар, ерік пен таңдау қабілеті пайда болатындай етіп қалайша жарық бергендігі, көзін ашқандығы, д) алғашқы басшы мен аянның қалай пайда болғандығы, е) кейін ол жоқ болса, оның орнын басатын басшылар, ё) ізгі елді, оның халқын, осы адамдардың рухтары қол жеткізетін бақытты, ізгі елге қарама-қарсы елдерді, олардың рухтарының өлімнен кейінгі жағдайлары (кейбірін ол жерде – азап, бақытсыздық, ал кейбірін – жоқшылық, тапшылық күтіп тұрады), ізгі ұлттарды және оларға қарама-қарсы ұлттарды білу.
Бұл нәрселерді екі жолмен білуге болады: а) шын мәнінде қалай болған болса адамдардың рухтарында дәл солай көрініс табуы арқылы, 2) немесе байланыс құру мен символикалық жолмен ойлануы арқылы. Бұл екіншісі адамдардың рухында олардың ұқсас мысалдарымен көрініс табады. Қоғамдағы философтар бұларды нақты дәлелдермен, көкірек көзімен білетін адамдар. Философтардан кейінгілер, философтардың ізімен жүріп, оларды дұрыс деп қабылдап, оларға сенім артып олардың айтқан нәрселері арқылы осыларды біледі. Қалғандары болса оларды мысалдар, символдар арқылы біле алады. Өйткені оларға табиғат пен дағды жағынан осы нәрселерді дәл сол қалпында түсіну үшін қабілет берілмеген. Бұлардың екеуі де таным; бірақ философтардың танымы өте кемел болғаны күмәнсіз. Бұл нәрселерді символикалық мысалдар арқылы білетіндердің кейбірі оларды өте ұқсас символдармен, кейбір аздаған ұқсас символдармен, кейбірі онша ұқсамайтын символдармен, кейбірі болса мүлдем ұқсамайтын символдармен біле алады. Бұл нәрселер әрбір ұлт пен әрбір ел халқы үшін, олар үшін ең таныс, ең жақын мысалдармен беріледі. Алайда ең жақсы танымал нәрселердің өзі, көбінесе ұлтқа қарай аз немесе көп болып өзгеріп отырады. Сол себепті бұл нәрселер әр ұлтта басқа бір ұлт қолданатын мысалдардан басқаша мысалдармен көрсетіледі. Керісінше да барлығы мақсат ретінде бір және бірдей бақытты бөліскен, бір мүддені мақсат еткен, сонымен қатар діндері әртүрлі көптеген ізгі ұлт пен ізгі елдердің болуы да мүмкін.
Осы ортақ нәрселер нақты дәлелдермен айқындалған кезде шатастыру арқылы және қандай да бір адамның түсінігіндегі кемшіліктің нәтижесі ретінде ешбір жерде дәлелдермен оларға қарсы шығу мүмкін емес. Өйткені бұл жағдайда қарсы шығатын нәрсе мәселенің өзі емес, ол туралы қате түсінік болады. Алайда бұл нәрселерді мысалдармен білген кезде қарсылық кейбір мысалдарға азырақ, ал кейбір мысалдарға да көбірек болуы мүмкін. Келіспейтін жерлер кейбірінде өте оңай көрінуі мүмкін, ал кейбірінде қарсы келетін тұстар көрінбеуі (жасырын болуы) де мүмкін. Бұл нәрселерді ұқсас мысалдар арқылы білетін адамдардың арасында осы қарсы шығуға болатын тұстарды байқап олардың дұрыс емес екендігін айтатын кісілердің болуы да мүмкін.
Бұл адамдар әртүрлі болады: олардың бір бөлігі дұрыс жолдың не екенін білгісі келеді. Егер олардың бірі қандай да бір нәрсені қате деп тауып, оған қарсы шығатын болса, ақиқатқа жанасатын, жалған қарсылыққа жол бермейтін одан да жақсырақ мысалмен түсіндіруі керек. Егер ол осы мысалға көңілі толса, сол жерде қоя қойып, ілгеріге кетпеу керек. Егер ол осы мысалды да қате деп жоққа шығаратын болса, мысалды одан да жоғары бір мәртебеге көтеру керек. Осы мәртебеге жеткен кезде барлығын қоя қою керек. Яғни, ол өзіне көрсетілген қандай да бір мысалды қате деп тауып, қарсы шыққан сайын, одан да жоғары мысалға көтерілу қажет. Егер ол барлық мысалдарды жоққа шығарса және бұған қоса ақиқатты түсіне алатындай қуаты мен ерекшелігі болса, оған ақиқат айтылуы тиіс және ол адам философтарға еліктейтін адамдар қатарына алынуы керек. Егер ол мұнымен де шектелмей хикметке қол жеткізгісі келсе және бұл үшін қажетті қуат пен ерекше қасиетке ие болса (онда) оған хикмет үйретілуі керек.
Екінші бір бөлігі болса, даңқ, байлық, ләззат пен басқа да нәрселер секілді надан елге қатысты мүдделерге ұмтылатын адамдар болып табылады. Олар ізгі ел заңдарының бұған кедергі болатынын көрген кезде, ізгі елдің көзқарастарына қарсы шығып, ақиқаттың мысалы болсын, немесе ақиқаттың нақ өзі болсын, олардың барлығын дұрыс емес деп жоққа шығаруға тырысады. Мысалдар екі жолмен жоққа шығарылады: 1) олардағы өздеріне қарсы шығуға болатын жерлерді көрсету арқылы, 2) жаңылтып, қасақана алдау арқылы. Ақиқатты тек қана жаңылтумен және әдейі алдату арқылы жоққа шығаруға болады. Осылардың барлығы, тек қана олардың надан әрі жиіркенішті мүдделеріне кедергі келтіретін барлық нәрсені жою мақсатымен ғана жасалынады. Бұл жағдайда бұл адамдардың ізгі ел халқына қосылуы керек.
Үшінші бір топты барлық мысалдарда қарсы шығуға болатын жерлердің болғаны үшін, оларды қате деп есептейтін кісілер құрайды. Әсіресе бұл адамдар әсіресе ақиқат мысалдар, символдар арқылы берілген кезде түсіне алмайтын, тани алмайтын әлсіз адам болғандықтан, қарсы шығатын жерлері болмаған мысалдарды да жоққа шығарады. Бұлар ақиқатты тану үшін оның дәрежесіне көтерілсе де, түсінудегі кемшіліктеріне байланысты аң-таң күйге түсіп, осылайша оны шын мәнінде болғанындай емес, басқаша ойлап, сол ойлаған нәрселерінің ақиқатын, шын мәнінде білетін кісі ақиқат деп айтқан нәрсенің дәл өзі, деп ойлайды. Бұл да оларға қате болып көрінген кезде, қате деп жоққа шығарған нәрселерінің, өздерінің қателесіп дұрыс деп айтқан нәрселері болмай, барлық адам дұрыс деп айтатын дұрыс нәрсе деп ойлайды. Осылайша олар осы себепке байланысты ақиқаттың жоқ екендігін, ақиқатты табуға апаратын жолмен келе жатырмын деп ойлайтын адамның қателесетіндігін, адамдарды дұрыс жолға салдым деп айтқан адамның осындай сөздер арқылы тек қана мәртебе немесе тағы басқа сол сияқты нәрселерге ұмтылған айлакер деген пікірге тоқтайды. Осы адамдардың бір бөлігін осындай ойлар күдікшілдікке алып барады. Кейбіреулері болса бір нәрсенің адамға ұзақтан көрінгендей немесе түске енгені секілді бұлынғыр болса да, ақиқаттың бар екендігі, бірақ кейбір себептерге байланысты танылмағандығы және танылмайтындығына сенеді. Осылайша олар ақиқатты білетін немесе білемін деп ойлайтын адамдарға деген қызғанышқа байланысты олардың білген нәрселерінің қате және мәні жоқ екенін көрсетуге тырысады.
Әл-Фараби. Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары.
Бейрут-Любнан: Дар-уль-ад-Дамаск, 1986. 23 - 173 б.
ӘЛ-ФАРАБИ
ДАНАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
30
Адамның мәні құпия және айқынға бөлінеді. Айқынға келер болсақ, сезім арқылы қабылдайтын дене және оның мүшелері. Сезімдік қабылдағыш оны сырттан қабылдаса анатомия оның ішкі құрылымын көрсетеді. Құпиялыға келсек, ол адамның рухани күші.
31
Адамның рухани күші екі категорияға бөлінеді: бірі - іс-әрекетпен шұғылданса, екіншісі – таным. Іс-әрекет үш текті: өсімдікті, жануар және адамдық. Ал танымдық екі түрлі: жануарлық және адами. Бұл әрекеттердің бесеуі де адамның бойында бар және бұлардың көбісі ортақ.
32
Өсімдікті әрекеттің мақсаты түрді сақтау әрі оны өсіру. Оны көбейту арқылы мәңгі ету және сол текті сақтау. Мұның үстінен адамның бір күші билік етеді. Кейбір адамдар оны - рухани күш деп атайды.
Жануарлы күштің мақсаты – пайдалы нәрсені тарту, бұл қалаумен байланысты және зиянды нәрсені алшақтату – бұл үреймен қатысты. Оны ашу-ыза басқарады. Адамның күштері осындай.
33
Адамдық әрекет күнделікті, өтпелі өміріміздегі мақсаттарға талпыну барысында пайдалы мен игілікті таңдап алудан тұрады. Алайда ағаттылық әділеттіктен жоғары. Бұл мақсаттарға ақыл-парасат бастайды. Ол, яғниәуелгі ақыл-парасат сау-саламат жағдайда адамдар қатынасынан жинақталған және біліммен таңбаға әшекейленген тәжірибеден құралады. Таным біліммен таңбаға ұқсайды. Мөрге бөтен балауыз сияқты. Мөр балауызды жауып, қатты көмкерген соң мөр иесінің есімін және суреттің кескіндерін мөрден ажыратып алып қалған балауыз тәрізді.
Әуелде таным үшін зерттеліп жатқан нәрсеге жат. Ал таным танылған нәрсенің кейіпін зерттелген нәрседен алған сәтте онымен жаңа қатынас орнатқандай. Бұл сезім қабылдауының қабылданған нәрсенің образын алып еске тапсырғаны сияқты. Тіпті қабылданған нәрсенің өзі жоқ болған күнде де оның образы есте сақталып тұрады.
34
Жануарлық [яғни сезімдік] таным сыртқы дене мүшелер арқылы немесе ішкі қасиеттің арқасында іске асады. Сыртқы таным бес сезім мүшелері арқылы іске асады, ал ішкі таным жануарлар үшін инстинкт арқылы болмақ.
35
Сыртқы сезім мүшелерінің әрбірі қабылданған обьектен оның құдіретіне байланысты әсер алады. Егер обьект күшті болса, алған әсер ұзаққа қалады. Сол сияқты, егер көз күнге тесіліп қарап тұрса күннің бейнесі қалады, ал енді көз күннің денесінен теріс қараған уақытта көзде күннің бейнесі ұзақ сақталады. Күннің күштілігі сонша кейде ол көз қарашығының табиғатына зиян келтіреді. Құлақта осы сияқты: ол қатты дыбыстан бұрылғанда оның қатты үні құлақта ұзақ сақталады.
Түйсік пен дене мәселелерінде де осы жағдай сақталады. Әсіресе бұл нәрсе сезімде қатты байқалады.
Көз – қарсысында көрініп тұрған нәрсенің бейнесі суреттелетін айна. Көрініп тұрған обьект қанық түсті болмаса, онда обьект көзден таса болғанда оның бейнесі де жойылады.
Құлақ – ауа толқындары екі дененің арасында тіркесетін және соғысатын шұңқыр. Сол себепті сен естисің.
Сезім – мүшеде тең мөлшерде орналасқан әсер етуші күш. Сондай-ақ, ол денедегі жанасу мен болған кез-келген өзгерісті қабылдап әрекетке түсіретін күш. Түйсік пен дәмнің жағдайлары да осы сияқты.
36
Сыртқы сезім мүшелерінің соңында сезімнің арқасында қабылданған образдарды теріп отыратын торлар бар сияқты. Осылардың қатарына мидың алдыңғы қабатына тиіс бейне көрсеткіш күш жатады. Бұл күш қабылдағыш алаңынан ғайып болған немесе бұдан әрі қатысы болмаған нәрселердің сезілген формаларын бекітіп отырады. Олар қабылдағыш сферасынан кеткенімен бейне көрсеткіш күшінде қалады.
Тағы бір күш болжау күші деп аталады. Бұл күштің арқасында сезім арқылы қабылдап болмайтын нәрселердің орны толысады. Мысалы: қойдың болжау күші. Қойдың сезімі қасқырдың бейнесін алғанда, қойдың болжау күшінде қасқырдың жауыздығы, қастандығы туралы елес пайда болады, ал бұл жағдайға сезім арқылы жету мүмкіндігі болмас еді.
Тағы бір күш «сақтаушы күші» деп аталады. Бұл күш жорамал күшімен және сезім күштері арқылы келген нәрсені сақтайды.
Келесі күш «ой жүгіртуші күші» деп аталады, күштің бұл түрі өзінің алдындағы күштердің қабылдаған қазыналарын біріктіріп, айырып отырады. Ал «ой-жүгіртуші күші» деп онымен тек адамның рухымен ақыл-парасаты қолданған кезінде аталады. Егер осы күшпен жорамал күші пайдаланған жағдайда «елестетуші күш» деп аталады.
37
Сыртқы сезімдер таза түсініктерді қабылдамайды, бірақ оларды материалды субстратпен біріктіреді. Оларды қабылданып жатқан объект жоғалған соң күшейтпейді.
Мысалы: сезімдер «Зейд» сөзін адамның таза түсінігі ретінде қабылдамайды. Оны сандық, сапалық, мекен-жай, жағдай т.б. категориялар жатқызылатын нақты адам ретінде қабыл етпейді. Егер бұл жағдайлар «адал» түсінігінің шынайы мәніне жатқанда, онда олар барлық адамдарға ортақ болар еді. Бірақ, қабылдау обьект жоғалғанда әлгі образдың елесі жоғалып, оны, яғни образды тек материяда ғана таниды, әрине егер оның материямен қатысы болса.
38
Болжам мен ішкі сезімдер таза ұғымдарды танымай оларды материалды субстратпен қосады, бірақ оны обьект жоғалған соң барып күшейте түседі. Болжам мен елес күштері ішкі сезімнің адам туралы таза ұғымды қабылдағанындай қабылдай алмайды, бірақ оған сырттан қабылданатын түрлі сандық, сапалық, мекен-жайлық сияқты қоспалар қосады. Ішкі сезім өзіне адамның абстракты мәнін елестетуге тырысқанда оны дәл сондай етіп елестетуге шарасыз. Ол тек сыртқы сезімдер арқылы келген адам туралы аралас образды растай түседі.
39
Адамның рухы өзіне үздіксіз акциденциялардан ажыратып жалпыға ортақ болуы үшін ұғымды анықтамасы мен шынайы мәніне сай елестете алады. Бұл жағдай теориялық ақыл деп аталатын рухқа тән күштің арқасында іске асады. Рух мұнда айнаға, ал ақыл жылтыратқыш өңдеушіге ұқсайды.
Бұл ұғымдар рух үшін жылтылдаған айнада көрінген заттардың бейнесі сияқты сақталып қалады. Әрине, егер айнаның жылтырауын бетіндегі дақтар бұзып, оның жақсыға арналған бағытын ауыстырып, орнына құмар, ыза, кек т.б. нашар қасиеттерге бағыттаған болмаса: рух олардан бұрылып бұйрық әлеміне қараған кезде, ол ұлықтық патшалығын көріп жоғарғы рақатқа жетеді. [....]
41
Егер ішкі сезімдерге сүйенетін болсақ, қарапайым кісілердің рухы сыртқы сезімдерін жоғалтады. Ал егер сыртқы сезімдерге сүйенетін болсақ, онда ішкі сезімдер жоғалады. Егер жалғыз сыртқы сезімдерге сенетін болса, басқа сезімдерін жоғалтады. Ал егер ішкі сезімдерге тән басқа бір күшпен біріксе, онда басқа күштерге жат болады. Осылай есту қабілеті көру қабілетін [көзді] қорқытады. Қорқыныш қалау қабілетін шектейді, ал ой-жүгірту еске-алудан алшақтайды, ал еске алу ойлауға бөгет жасайды.
Қасиетті рухқа келетін болсақ, рухта ешнәрсе ешнәрсеге бөгет болмайды.
42
Сыртқы және ішкі түйсінудің ортақ шеңберінде сыртқы сезімнің қабылдаған әсерлері жиналады. Мұнда жылдам қозғалған заттың образы сақталып қалады. Қабылданған обьект жоқ болсада оның образы жоғалмайды. Осы сияқты түзу сызықты, немесе дөңгелек шеңберлі материалды түрде жоқ болғанымен аз уақыт болсада елестетуге болады.
Сондай-ақ, бұл жер түс көргендігі ішкі образдардың жиналатын орны. Сөйтіп, біздің шын мәнінде жеткен нәрселеріміз мейлі ол сырттан немесе іштен келсе де оларды осы күш бейнеленеді. Осы күште бейнеленген нәрсе көрінетін болады. Егер оны сыртқы сезімдер билеген болса, ол ішкі түйсіктермен қатынаспайды. Оны сыртқы сезімдер қоя бергенде ол тыным таппайтын ішкі түйсіктердің әміріне кіреді. Оның ішінде адамның ішкі дүниесінде пайда болған нәрселердің бейнелері суреттеліп біздің түсімізге кіреді.
Ішкі күштерді қатты қызықтырып, оларды шын мәнінде әуреге түсіретін нәрселерде жоқ емес. Бұл кезде олардың әрекеттерінің күштілігі соншалық, тіпті адамға билік жасайды.
Бұл арада екі түрлі жағдай болады: ақыл ішкі күштердің қозғалысын шамалайды және оның асып-тасуына жол бермейді немесе ол [ақыл] мұндай әрекетке тым әлсіз болғандықтан олардан аулақ болады. Егер ақыл-парасат өте әлсіз болған жағдайда немесе елес адамды қатты билеген жағдайда айнаны, яғни осы елесті билеп-төстейтін күш туады. Айнада елестетіп тұрған нәрсенің бейнесін суреттеліп көріне бастайды. Бұл жағдай адамды өзінің ішкі сақтығы билеген сәтте немесе бойында күші пайда болған уақытта болады. Мұның мысалы, адам дауыстарды естіп, көз алдына адамдар елестей бастаған мезгіл. Кейде бұл күш сыртқы әсерлердің өте әлсіз болғанына қарамастан ішкі уайымнан күшті. Осы сәтте адамның жанында жоғарғы патшалықтан келген бір нәрсе жарқ етіп беймәлімнен хабар береді. Дәл сол сияқты адамның сезім мүшелері демалып, дене мүшелерінің әрекетсіз халде болған кезінде адамның көрген түсін және ұйқыда жалт-жұлт еткен эпизодтарын атуға болады. Естің көрген түсті сақтап қалатын жағдайы да жиі кездеседі. Адам түсті болған күйінде сақтап қалып оған қосымша түсіндірмені қажет етпейді. Ал кейде елестету күші өзінің елесі үшін түсіндіру көмегіне мұқтаж. Түсіндірме дегеніміз – ағаштың шыбықтары арқылы оның тамырына жететін болжам.
Аль-Фараби. Естественно-научные трактаты.
Алма-Ата: Наука, 1987. – с. 251-270
ӘЛ-ФАРАБИ
БАҚЫТҚА ЖЕТУ ЖАЙЫНДА
Ү Ш І Н Ш І Б ӨЛ І М
Ойшылдық ізгіліктер
Ойлау қабілеті былайша бөлінеді. Ойшылдық ізгілік дегеніміз - әлденедей бір ізгі мақсатта барынша көп пайда келтіретін нәрсені анықтауға жұмсалатын ізгілік. Жамандықты көздейтін мақсатқа жетуде барынша көп пайда келтіретін нәрсені анықтау үшін жұмсалатын ойлау қабілеті ойшылдық ізгілік бола алмайды, сондықтан оны басқаша атаған жөн. Егер де ойлау қабілеті жалған игілік жолына барынша көп пайда келтіретін нәрсені анықтау үшін жұмсалатын болса, онда бұл қабілет ойдағы жалған ізгілік болғаны. Ойшылдық ізгіліктердің ішінде жалпыға бірдей жағдайда барлық халықтарға және халыққа немесе қалаға ортақ ізгі мақсатқа жету жолында барынша көп пайда келтіретін нәрсені жақсылап анықтау үшін жұмсауға болатындары бар. Ізгі мақсатқа қажет және ізгі мақсаттағы ең пайдалы нәрсе - сол мақсаттағы ең әдемі нәрсе. Мұндай ойшылдық ізгілік ойшылдық азаматтық ізгілік болып табылады. Бұл ортақ [ізгілік] ұзақ уақыт бойы қалпында қалып, өмір сүре алады және қысқа мерзімді уақыт ішінде пайда болуы да мүмкін.
Алайда барлық халықтарға, жеке халыққа немесе қалаға ортақ ең әдемі нәрсені ғана анықтайтын, анықталатын нәрсе жөнінде әдетте [жұрттың] зердесінде ұзақ уақыт сақталатын немесе қысқа мерзімді уақыт ішінде ауысып отыратын ойшылдық ізгілік азаматтық ойшылдық ізгілік болып табылады. Егер мұның өзі әрқашан барлық халықтарға, жеқе халыққа немесе қалаға ортақ нәрсені, ғасырлар бойы немесе басқа белгілі бір ұзақ мезімді уақыт ішінде өзгеріп отыратын нәрсені ғана анықтайтын болса, онда мұндай ізгілік заң шығаруға бәрінеде қабілеттірек келеді.
Қысқа мерзімді уақыт ішінде өзгеретін нәрсені ғана анықтайтын ойшылдық қабілеті барлық халықтарда, бір халықта немесе қалада жүйелі түрде болып тұратын оқиғалар тұсындағы белгілі бір жеке-дара уақытша басқару түрлеріне деген қаблеттілік болып табылады. Бұл екінші ізгілік бірінші ізгіліктен кейін келеді. Ең ыңғайлы және ең әдемі нәрсені яки қала тұрғындарының белгілі бір тобындағы немесе семья мүшелеріндегі ойшылдық мақсатта болатын ең пайдалы нәрсені анықтау қабілеті осы топқа тән ойшылдық ізгіліктер: мәселен, семьялық ойшылдық ізгілік немесе әскери ойшылдық ізгілік болып табылады. Бұлар, өз тарапынан, тек ұзақ мерзімді уақыт ішінде ғана ауысатын ізгіліктер және қысқа мерзімді уақыт ішінде ғана ауысатын ізгіліктер болып бөлінеді.
Ізгіліктің бұдан да шағын бөлшектерге мысалы, қайсыбір өнердің акциденциясындағы немесе акциденцияда жеке мезгілде пайда болатын әрі ең пайдалы, әрі ең әдемі нәрсені зерттейтін ойшылдық ізгілік сияқтыға бөлінуі мүмкін. Осы ойдағы ізгілік әлгі өнерлер мен қол өнердің бөлінуіне сәйкес бөлінеді. Бұл қаблет сондай-ақ адамның жеке басында кездеседі оның көздеген мақсаттындағы ең пайдалы және ең әдемі нәрсені анықтауының ішінде бөлінеді. Нақ осы ойшылдық қабілет арқылы басқаларға қатысы бар ізгі мақсаттағы ең пайдалы және ең әдемі нәрсә де анықталады, - кеңесші ойшылдық қаблет міне осындай. Мұның екеуі де бір адамның бойына бітуі және әр түрлі адамдардың да бойында болуы мүмкін.
Әлбетте, қайсыбір ізгі мақсат үшін ең пайдалы және ең әдемі нәрсені анықтаушы ізгілік игілік болып табылады, ал мұның өзіне оның өз қамы үшін көзделетін игілікті, не де басқа бір нәрсенің қамы үшін көзделетін нақты игілікті анықтайды. Ізгілікті қалаушы адам басқа адамға игілік қалауы керек, әйтпесе оның мұндай қабілеті ойшылдық ізгілік бола алмайды, яғни бұл қалаушының ойындағы ізгілік болып қала береді. Нағыз игілік қана ізгі игілік болмақ.
Дәлі сол сияқты, егер адам игілікті соның өзі үшін тілейтін болса, онда мұның нағыз игілік болғаны, ал мұның өзі оның ойында, тіпті мінез-құлқы мен әрекетінде ізгі игілік болмағаны мен, іс жүзінде тек ізгі игілік болмақ, ал оның ізгілігі, мінез құлқымен әрекеті оның ең пайдалы және ең әдемі нәрсені анықтау жөніндегі ойлау қабілетіне сәйкес келеді, егер де ол ойшылдық ізгілік арқылы күші астам ең пайдалы және ең әдемі нәрсені зерттейтін болса, мысалы, барлық халықтарға, жеке халыққа немесе қалаға ортақ, әдетте ұзақ мерзімді уақыт ішінде ғана ауысып отыратын ізгі мақсаттағы ең пайдалы нәрсені зерттейтін болса, онда оның этикалық ізгіліктері де осыған сәйкес болуға тиіс. Егер оның ойшылдық ізгіліктері жеке мақсаттағы және жеке жағдайлардағы ең пайдалы заттармен ғана [шектелетін] болса, онда оның этикалық ізгілігі де осыған сәйкес келуге тиіс. Ойшылдық ізгіліктер жетекшілігі не құрлым кемелді болып және олардағы бар нәрселер не құрлым күшті болса, осымен ұштасатын этикалық ізгіліктер жетекшілігі сол құрлым толық қүшті болмақ.
Барлық халықтарға, жеке халыққа немесе қалаға ортақ, ұзақ мерзімді уақыт ішінде ғана өзгеріп отыратын мақсаттармен жағдайлардағы ең пайдалы және ең әдемі нәрсені анықтайтын ойшылдық ізгіліктің жетекшілігі мейлінше кемелді және күшті болады. Сондықтан да соған байланысты этикалық ізгіліктердің де жетекшілігі мейлінше кемелді ал күші мейлінше астам болмақ. Қысқа мерзімді уақытта көзделетін уақытша мақсаттағы ең пайдалы нәрсені анықтайтын ойшылдық ізгілік бұдан кейін келеді.
Кейін, қала [тіршілігінің] әйтеуір бір саласымен: әскери, ақша немесе басқа бір саласымен шектелетін ойшылдық ізгіліктер келеді. Этикалық ізгіліктер солармен үйлеседі.
Бұдан соң әрбір өнермен байланысты, осы өнердің акциденциясына сәйкес, әрбір үймен және әрбір үйдегі әрбір адаммен байланысты, белгілі бір сағатта немесе белгілі бір күнде болатын, сол адамға тән белгілі бір жағдайларға сәйкес ойшылдық ізгіліктер келеді. Оған байланысты [этикалық] ізгілікте осымен үйлеседі.
Достарыңызбен бөлісу: |