«Алла кішіпейілдінің абыройын асырады,
тәкаппардың құтын қашырады»
Ұлық болуға қол ұсынғаның,
Менменсігенің малға байланысты болса,
Малдың пайдасы немене? Жалаңаш өлесің.
Кісең де, себетің де, сандығың да бұл дүниеде қалады.
Егер мақтан иесі: «Менің тегім асыл», – десе,
Мен оның жауабын кесіп айтайын.
Бұл халық бір ата, бір анадан өрбіген,
Өте байқап қараса, [бір-бірінен] айырмашылығы жоқ.
Сондықтан пайғамбар – оған Алланың нұры жаусын! – былай
деген: «Адам баласы егер екі уысы толы алтын болса,
үшіншісі тағы болса дейді»
Ей, ашкөз! Ашкөздік неменеге керек?
Маған айтып берші, ол не үшін керек?
Аз ба, көп пе, ризығың жазылған
Ақылды кісі дүниеқорлық жасай ма?
Алла тағала мынадай хабар жіберген: «Біз олардың
несібелерін дүниеде өмір сүруге лайықтап дәл бөлгенбіз»
Тегі асыл адамның мінезі де сүйкімді.
Сүйкімді қылық көңілді еріксіз тартады.
Бір ерден екінші ердің айырмасы үлкен
Бірақ бір қарағанда бәрінің бөркі бірдей.
Адамгершілік бір үй, қарапайымдылық оның іргетасы сияқты
Немесе қарапайымдылық [жасыл] алқап, адамгершілік [онда өскен] алқызыл гүл сияқты.
Қолыңда бар болса, кемтарға жәрдем бер.
Бұл сипатты адамға [әркімдер] азат басын құл етеді.
Уа, дос, үлкендердің абыройын қастерле.
Пайдасыз егес, орынсыз сықақтан сақтан.
Сықақ саған үлкендердің ашуын келтіреді.
Кішілерді ыза етеді. Мұны жете біліп ал.
Бәле келсе сабыр ет, қуанышын күт.
Қуанышын күте тұр, реніш-қайтысын көтеріп.
Алланың сәлемі мынадай: «Алла сабырлылықты сүйеді, өйткені әр қасіреттің соңы қуаныш: Алланың елшісі – оған Алланың нұры жаусын! – Былай деген: Жақсылықтан үміт етсең, сабыр ет».
Азаптың оты өшеді, табы да кетеді,
Сабырлы кісі сауабын ұстап қалады.
Ұлықтыққа қолың жетсе, өз [қалпыңнан] жаңылма.
Егер атлас кисең [бір кезде киген] бөзіңді ұмытпа.
Дәрежең үлкейген сайын ұстамдырақ болып,
Үлкенге-кішіге сыпайы сөйле.
Ойлап сөйле, астын-үстін сөйлеме,
Сөзіңді арашала – [Сонда] кейін басыңды арашаламайсың.
Мың кісі досың болса – көп көрме,
Бір дұшпаның болса – аз деме.
Сондықтан пайғамбар – оған Алланың нұры жаусын! – былай деген: «Мың дос – аз. Бір дұшпан – көп»
Небір ұқыпты ерден бірер мүлт кетеді.
Небір асқан өнерде бірер мін болады.
Бір айыпқа бола бас кесуші
Дүниеде тірі адамсыз қалады.
Жақсы ісіңмен [елдің] көңілін алып, өмір кеш,
Ақылсыздықтан өзіңді аулақ сал.
Іс істесең, ойланып-толғанып істе,
Керек пе, керексіз бе, анық біліп [ал].
Қайсыбір іс саған бетпе-бет кез боп қалса,
Ол істің алды-артын ойла.
Сүйінішті [іс] болса, оған кейін көңіл қой.
Өкінішті [іс] болса, одан бұрынырақ сақтан.
Ердің қайыры тектен текке кетпейді.
Жамандық жақсы істің қарымы бола алмайды.
Ей, жақсылықтан үміт етуші, өзің жамандық жасама,
Тікен еккен адам жүзім жинамайды.
Кімнің досы жақсы болса, өзі де жақсы болады,
Кісіге досының жақсылығы арқасында көп қайыр келеді.
Бұзыққа жуыма, оған үйір болсаң
Сені де дереу бұзық қылықты етеді.
Сондықтан пайғамбар – оған Алланың нұры жаусын! – былай деген:
«Кім залым адаммен бірге өмір кешсе, дереу залымдық жасайды».
Ғалым еңбек етуді, тақуа сыйынғанын қойды.
Оқымысты би билеп, ән шырқады.
Бейбастықтан тыятын кісі қалмады.
Сондықтан бейбастықтар күнде көбеюде.
Кім маскүнем болса, кісінің тәуірі сол.
Тәуір болғың келсе, бар, маскүнем бол.
Кім [таза] жолды тұтса, оған жол жоқ,
Кім [арам] жолмен жүрсе, оған – даңғыл жол.
Ей, бұзықтық істеуші, [ен] қызыққа бат!
Бұл сенің заманың! Ойыңа келгенді істе.
Тыныштықта, қуанышта, қайғы-мұңсыз
Сайранда. Көңіліңнің қоштығын көзде.
Жұрт малы бар адамға көзін сүзіп,
Бәрі өздерінің азат басын құл қылады.
Егер біреу малсыз болса, ол адамды көріп,
[Тұсынан] бетін бұрып, көзін жұмып өтеді.
Ей, малға сұғанақ ер, жете біл! Бұл мал –
Бүгін арман-қайғы, ертең күнә, обал!
Малды арамнан жинасаң – соңы азап,
Егер малды адалдан жинасаң, ол – есеп.
Пайғамбар – оған Алланың нұры жаусын! – былай деген:
«Адал болса – есеп, арам болса – азап».
Малға сен неге мұнша сұқтанасың?
Көңілдегі қамың, тіліңдегі сөзің – [мал].
Өлесің. [Тірнектеп жиған] малың дүниеде қалады.
Кебіндік бөзіңді ұялғанынан береді.
Сенің малың – берген, пайдаланылған мал,
Қатып ұстап тұрған [малың] – өзіңе қасірет.
Алла тағаланың сәлемі: «Сендегі таусылады, Алланікі мәңгі-бақи».
Саған бүгін бұл тіршілік өте тәтті.
Ертең артыңа тастап өлгенде ащы болады.
Бұл дүниенің рахаты – опасыз рахат.
Рахаты аз да, азары көбірек.
Бал қайда болса, сол жерде арасы бар,
Бал жемей тұрып, араның зәрін байқап көр.
Өнерлі [кісіге] дүние опасызырақ.
Өнерсізге бұдан жәбір азырақ.
Өнер арқылы дәулеттің келуі.
Мүмкін емес. Қиындық атаулының ең қиыны [осы].
Бұл дүниеге өнерпаз не жазды?
Не себепті бұл оны үнемі қинай береді?
Арамдарды көтеріп, адалды [аяқтан] шалып,
Құтсыз дұшпан дүние алжып қартайған ба?
Ей, дүние туралы үкім айтушы!
Бұдан жиреніп және оны бірер мақтаушы!
[Біліп қой]. Әрбір болған іс Алланың бұйрығы бойынша болады.
Кім [мұратқа] жетсе, оның әмірі бойынша жетеді.
Дүниені бұлайша кейіп сөгудің не керегі бар?
Қазаны жаратқан да, беретін де Құдай.
Аяққа тікен де бұйрықпенен кіреді.
Қаза келсе елік тұзаққа ілінеді.
Барлық болған нәрсе бұйрықпен болады.
Ақылсыз кісі оны себептен көреді.
Қаза жетсе әуеде ұшқан құстар
Қолдың қарына қонады, өзі торға түседі.
Қаза кел се жүйрік те жүгірмейді.
Бұйрық қайтпайтын қатты садақ құрады.
Саған реніш, оған қазына берген Құдай
Ей, ренжіп-қамығушы, [бостан босқа] күнәлі болма!
Уағыз, нақыл кітабын жазып бітірдім.
Атым шайыр Ахмет, сөзім – өнеге, өсиет,
Сөзім дүниеде қалады, өзім өлемін.
Күз келеді, жаз кетеді, бұл өмір өтеді.
Бұл өмірде жазым күзім түгеседі.
Сондықтан осы түрікше кітапты шығардым.
Шайырдың жерінің аты Йүгінек деп аталады.
Көңіл көтерілетін тартымды ғажап жер.
Атасының аты – Махмұд Йүгінеки.
Әдіб Ахмет оның ұлы. Мұның еш шәгі жоқ.
Кітабының аты – «Ақиқат сыйы».
Мұның бәрі араб тілінен ғибрат.
Түгелдей қашғар тілінде [жазылған],
Ақынның нақышты сөзімен айтылған.
Себеп осы еді, кітапты жазып бітірдік.
Қажет етсең қабыл ал, қажет етпесең сөк.
Әрбір адам ақынның сөзін түсініп пайдаланса,
Халық арасында құрметті болады.
Қ.Махмудов
Ахмад Югнакийнинг «Хибатул Хақойик» Асари Хақида. Узбекистон ССР «Фан» Нашриети Тошкент – 1972, 25-39 беттер;
Махмұд Қашқари.
Түбі бір түркі тілі
Түркі халықтарының бәйіттері
* * *
Үш адамды жақсылыққа бастағанды ғалым біл,
Оның ісін жұртқа жайып, қолдан келсе тәлім қыл.
* * *
Тоныңды асып тастама,
Асынды бер басқаға,
Қонағыңды жасқама,
Даңқыңды ол жаяды.
* * *
Көзімнің жанары сөнді,
Басыңа ажал төнді,
Шыбыным қайда қонды,
Ұйқыдан мені оятар.
* * *
Ұлым, менің өсиетіммен жанды ауызыңа қаратқын,
Ғалым болып, біліміңді ел ішіне таратқын.
* * *
Меңдіқыз жанарыңмен ғашық еттің,
Ойлауды сені ғана кәсіп еттім,
Отына орап қойып қасіреттің,
Жаным-ау, енді неге қашықтайсың?
* * *
Ел басшысы болсаң егер, жағымды істі кәсіп ет,
Бек қасында адамдарға жақсылықты тасып өт.
* * *
Жанымды жар күйігі жабырқатты,
Басқаны менің дертім таңырқатты.
Күндерден көңіл мұңы ауыр тартты,
Содан да жапырақтай сарғаюым.
* * *
Тау-даланы жайқалтқан Еділ суы,
Көлшік-көлдер маңайда оның буы,
Ақ шортандар жүзеді айдынында,
Жағалары көз тартқан қалың нуы.
* * *
Жігітім, кеттің неге жылы орныңнан,
Айырылып, қолындағы бар қорыңнан,
Қайтейін, жаяулығың өз сорыңнан,
Атыңнан бұдан былай үмітінді үз.
* * *
Көріп неге қашпадың,
Қу нәпсіңнен аспадың,
Биік таудан аспадың,
Қолға түстің қор болып.
* * *
Жасалар қыстың қамы құтты жаздан,
Ойласаң шіркін ғұмыр тіпті аз да.
* * *
Қонақжай жомарт кетіп, дүние қараң қалды,
Жинапты бұл мекенге өңкей қу-сараңды.
* * *
Тәңірін ұмытып, дүние жинады,
Туысын тиынға бола қинады.
* * *
Білімді адам еткен инабаты,
Талайлар жан нұрынан сыйға батты,
Ешкімді астамдықпен қинамапты,
Халыққа үлгілі істі өсиет қып.
* * *
Қонақты қарсы алғын, асыңды күттірме,
Қуана жар салғын, бір затын зыттырма.
* * *
О, аяулы сүйіктім,
Басып жолын киіктің,
Таудан асып биік тым,
Қалай жеттің, бұл жерге?
* * *
Қар кетіп, туды міне көктем айым,
Ал енді, суға қарақ әрбір сайым.
Сөзімді тыңда күлмей еркетайым,
Жайнады жарық жұлдыз көк аспанда.
* * *
Бұлақтан су ішелік сылдыраған,
Жайқалтып жапырағын сылдыраған,
Арудың әнін естіп сыңғырлаған,
Келелік қайғы-мұңды алыстатып.
* * *
Залым жан қонақты ұры деп қарайды,
Ел сыйын серінің жолда тонайды.
* * *
Өзгерді заман күймелі,
Парасатты ой сиреді,
Естіні есікке сүйреді,
Білімсіз зұлым басшы боп.
* * *
Ақымақ есін жиып ірге құрсын,
Қастаспай қоймен қасқыр бірге жүрсін,
Жайқалған өмір бетін гүлге бұрсын,
Береке ел ішіне тәртіп орнап.
* * *
Деді сенің жолында,
Азап тарттым сүйіктім,
Тас үгілді қолымда,
Аштысынан күйіктің.
* * *
Көршіңді, туысыңды құрметте,
Таралар тәлімі оның сыры көпке,
Сый алсақ қарымына құры кетпе,
Онан да артық бұйым дайындағын.
* * *
Қыс ызғары басылды,
Барша гүлдер ашылды,
Жердің беті жасыл-ды,
Жайнады әлем жәннәттай.
* * *
Қаһарланып атылдым,
Арыстандай ақырдым,
Батырын жерге батырдым,
Енді мені кім ұстар.
* * *
Күліп келген адамның бетіне күл шашпағын,
Жақсылық ет қашан да, қалыбыңнан аспағын.
* * *
Тағдырдың жазуынан аса алмайсың,
Кез болар тасқын суды тоса алмайтын.
* * *
Тұлпардың туа біткен шабысы бар,
Басатын жолдың жақын, алысы бар,
Нөсердің кездестірер сан ісі бар,
Келемін жануармен желдей есіп.
* * *
Көңілді шарап ішіп жылыталық,
Өмірдің қалды бізді дуы танып,
Қайғыны аз да болса ұмыталық,
Бір мезгіл өзімізге ерік беріп.
* * *
Бұзыраш және құтырды,
Ісі бардай ұтымды,
Келу жолын ұсынды,
Батырларын іріктеп.
* * *
Алудан аманатты зерікпеді,
Тойымсыз әдетіне ерік берді,
Айламен алаңдатты көрікті елді,
Достықтық адамшылық шартын бұзып.
* * *
Аңызақтан әуе айналып жерге түсті,
Таратты опасыз дос қалың күшті,
Үрейлі сонан халық күйге түсті,
Жау қолы Қара Ертістен өтпекші боп,
* * *
Заманның қас дұшпаны суғанақ қол,
Апарар сұмдықтарға сүреңсіз жол,
Тұс-тұстан оған атса қаптаған қол,
Су тартылып, ау болды жермен жексен.
* * *
Арланды қоймай қуып, әлсіреттім,
Жөніне жіберсін бе аршын екпін,
Жотасын күжірейтіп айбат шекті,
Мен оны сойылменен тартып өттім.
* * *
Қыспенен жаз тартысты,
Кездері бар әртүсті,
Қырын қарап айтысты,
Бірін-бірі ұтуға.
* * *
Шөл дала көктемде жайқалыпты,
Өзгеше таулар басы ой танытты.
Бар жәйі дүниенің байқалыпты,
Өрімдей уыз гүлдер шешек атып.
* * *
Оқты көзбен атысып, шықты ерлер майданға.
Ондай кезде сын болар, өз сертінен тайғанға.
Қақтығысты қарулар, оңай соқпай жай жанға,
Қынапқа қылыш сыймады, қанмен жүзі қалыңдап.
* * *
Қар, мұз түгел еріді,
Ағу — судың ерігі.
Ақ бұлттың желігі —
Қайық боп көкте жүзеді.
* * *
Бөрідей шулап жыласты,
Өзекті өртеп мұң ащы.
Дауыстар көкке ұласты,
Көз жастан көп жан соқыр боп.
* * *
Жарасы жайсаң ердің ауыр тартты,
Жанын көп қан тоқтамай, жабырқатты.
Сонан да қайран сабаз тауға тартты,
Енді оны қалтарыстан кім табалар.
* * *
Ту тігілді шатырға,
Дабыл қақты батыр да.
Жау анналып пақырға,
Тұтқындалар қашқаны.
* * *
Ұйқыдан енді оянды,
Ісіне дұшпан өкініп.
Ел болуға ой алды.
Алған соң, біз бекініп.
* * *
Жау тұтқынға алынды,
Азаптан қорқып жалынды,
Қылмысына малынды,
Бар еркінен айырылып.
* * *
Жеткіз менің сөзімді білімді адамдарға,
Тай ат болса — енесі артына алаңдар ма.
* * *
Өз құнын малмен төлеуге,
Болсын деп ісі елеуге,
Теңемей оны селеуге,
Тұтқынның бірін босаттым.
* * *
Құлан қырда жосылды,
Архар —құлжа қосылды.
Жайлап жазық төсінді,
Ойнақтайды оркиік.
* * *
Әкім осы асқынған,
Өз еліне қас қылған,
Жазықсызды басқа ұрған,
Отыр енді бүкшиіп.
* * *
Көңілім сәулемді ойлап тыншымады,
Жанымды ғашық оты шымшылады.
Әсерлі әуенімнен мұң шығады.
Өзінді сәулетайым есіме алсам.
* * *
Көз жасым бұлақ болып толып ақты,
Аққу, қаз жүзуге оған келіп жатты.
* * *
Сүйіктім мойыныма асылады,
Шырқалып назды үнімен тасып әні.
Көңілім сәулешіммен ашылады,
Жайдары жаны таза еркетайым.
* * *
Батыр шықты әр түсті,
Өш алуды айтысты.
Сақалдарын тартысты,
Кеуделерде көкжанып.
* * *
Алуан гүл түрге еніп жайқалыпты,
Көркімен көңілдерге ой салыпты.
Табиғат талай жанға нәр танытты,
Әлемде өзгермейтін ешнәрсе жоқ.
* * *
Жазғы жайлау жасылды,
Тұман түсіп, ашылды.
Жылқы үйездеп, қасынды,
Құлын-тайы кісінеп.
* * *
Батырлар қарсыласын аямайды,
Жан салып майдандасын аялайды.
Ешқашан төккен терін санамайды,
Ерлігін бір-бірінің ағлыстаумен.
* * *
Қауышып жардың өзімен,
Нәр алып нәзік сөзінен,
Мөлдір қара көзінен,
Қуат алғам жаныма.
* * *
Көктем күн табиғатты идіреді,
Тасқын су салындыны үйдіреді.
Тазалап, адам оны күйдіреді,
Әр жерде қурап қалған көң-қоқсықты.
* * *
Кеште бұлт болса — әйелі ұл тапқандай қуанады,
Күзде күнде күн жауса дихандар мұңаяды.
* * *
Парасатпен жалықпастан үйренсең зор білімді,
Көрсетесің даңдайсымай сынақта асыл сырыңды.
* * *
Айдағы құлақтанып, қораланды,
Ақшабұлт көк аспанды орап алды.
Малшыды бастағы әсем орамалды,
Толассыз нөсерлетіп жаңбыр құйып.
* * *
Жігіттер жеміс өсер жайқалатын,
Көңіл де тынса жұмыс жай табатын.
Адамға аң аулауда ой салатын,
Қайталық серуендеп желпініп бір.
* * *
Ізіңнің санап тізбегін,
Бақытым сені іздедім:
Үмітімді үзбедім,
Көзімнен ағыпқанды жас.
* * *
Азық берсең мүсәпір алғыстаған,
Ренжітсең ондайды қарғыс саған.
* * *
Жаз болса, жылқы ойнақтап жарысады,
Үйірін кісінесіп табысады.
Семіз атауыздықпен алысады,
Мырзалар сәйгүлікпен сейіл құрып.
* * *
Дұшпаннан тақғұт бегі тасаланды.
Әдісі уақыт еткен аса мәнді.
Басына бақыт-дәулет жасаған-ды,
Тәңірім оған медет бергендіктен.
* * *
Басқа дүние қиялымды не болса да жеңбейді,
Сәулешімнің басқан ізі жанарымды емдейді.
* * *
Аязда таңғұт қолын басып алды,
Қорланған қатын-қызы жасыған-ды.
Батырлар жеңісіне тасыған-ды,
Олжалап, мал-мүлкін көп түсіріп.
* * *
Бір жігіт асулардан асып кепті,
Мейлінше дүниені шашып-төкті.
Ақыры масқара боп қашып кетті,
Атының атырылған арынымен.
* * *
Бақыт-дәулет берсе Тәңір қолына,
Сәтті күндер туады оның жолына.
* * *
Ендіріп Ертіс суын түрлі түске,
Жұмсадық қалың қолын барлық іске.
Сүйеніп ашу-кекті зорлық күшке.
Дұшпандар бізге қарсы жиналмақта.
* * *
Тәңірім аспанды кең жаратыпты,
Жұлдыз бар онда ғажап, дара тіпті.
Асылды ауаменен оратыпты,
Адамды болмысымен таңырқатып.
* * *
Іс бітірдік, тындырып,
Қашты дұшпан шыңғырып.
Бұтқа дәрет сындырдық,
Қолымыз алға өрледі.
* * *
Ел түрік деп таныса,
Оның өзі бас бәйгі,
Халықты тура бастайды,
Одан ешкім аспайды.
* * *
Күн күркіреп, найзағай жарқылдайды,
Тау мен дала аңызақтан алқынбайды.
Қара боран соғудан тартынбайды,
Бұлтты түріп барады шалғай жаққа.
* * *
Батырлар шақырысты жекпе-жекке,
Кернетіп тұлабойын ашу-кекке.
Құралын қандамады олар текке,
Қынапқа қылыш қаннан сыймай қалды.
* * *
Малың сенің көбейсе — айналаңа жан толар,
Дастарханың болмаса — маңайыңа кім жолар.
* * *
Сескенбей ұлықпенен майдандастым,
Қасқайып қара атыммен тауларды астым,
Белгісіз талай сырлы ойларды аштым,
Отарға оғын атқан сыйлық етіп.
* * *
Айырдым дұшпандарды батырынан,
Пәш болды талай ісі жасырынған.
Көп әскер қолға түсті бас ұрудан,
Күмісін алтынымен олжаладық.
* * *
Ханышаға жыр жүректен есіледі,
Қызметшің жаңа міндет өтінеді.
* * *
Көңілденсе патша-ханым алтын-күміс жаудырар,
Мейіріменен талайларды есінен де тандырар,
Бізге қарап бір жымиса жүрегімді жандырар,
* * *
Сүйіктім, менің ғана аймаңдайлым,
Өзіннен басқа жанға айналмаймын.
* * *
Жасырын құрған тұзаққа,
Ілігіп сәулем ауырдым.
Емінді созсаң ұзаққа,
Жанымды орар ауыр мұң.
* * *
Қонақты құт деп білген ерлер кетті өмірден,
Қалыпты жаны жаман, пейілі қар көмірден.
* * *
Қой, түйе, жылқы болса қолыңызда,
Дәулеті жарар өмір, жолыңызға.
Гүл түрі бір-біріне көрік берер,
Көктемде көтеріліп ерікті өнер,
Адамдар құшақ-құшақ, теріп келер,
Айнымас әсемдікке таңданумен.
* * *
Соғыстан талай бастар домалады,
Бүлінді небір жердің соны алаңы.
Ел қалай бұл алаңға қона алады,
Аққан қан, төбе-төбе сүйек жатыр.
* * *
Соғысты бастаушыны ұстап алып,
Жеткізсем жұрттың көзін іске анық.
Ондайды өлтірмей-ақ жөнге салып,
Бәлемді жіберерем қарыздарғып.
* * *
Бұл өмір оны ауыр жаралады,
Тек қана, сенің емің дауалады.
* * *
Өзіңді бір сұлу қыз алдап кетті,
Жүргенде сен жай басып, таңдап көпті,
Қыр мұрын, қыпша белді есіңе алып,
Ол жайлы әлі талай өкінерсің.
* * *
Сыйлық алсаң сен оны ақым деме,
Жүз моншағын тегінде жақын көрме,
Айып болар жоқты айту ақылды ерге,
Данышпандар бос сөзді жаратпайды.
* * *
Тірлікте бейнетке жан жаншылады,
Рахат көргенше өмір таусылады.
* * *
Құс салып, ит жүгіртіп, аң аулайды,
Қырларда қызыл түлкі алаулайды.
* * *
Тармақтың тасқын суы толқындайды,
Орманын саялаудан ел тынбайды.
* * *
Қарғаны мұз шоқытқан —
Қу құлқынның ісі еді.
Құл болса, егер, жоқтықтан,
Тұзаққа өзі түседі.
* * *
Құрметке, білімдінің сөзін тыңда, жігітім,
Үйреніп парасатын, ақта әділ үмітін.
Аттардың жал-құйрығын жеңілдеттік,
Түн қатып жау шебіне келіп жеттік.
Бөгелмей өткелдерден жеңіл өттік,
Мыңлақтың басын алдық адамының.
(Мыңлақ — қыстақтың аты).
* * *
Жаз шығып, түйін тастап, бүр ашылды,
Аспаннан түрлі гүлге нұр шашылды.
Құс сайрап, сай-саладан су тасыды,
Сұлулық көзді тартты таңғажайып.
* * *
Өнім бермес жер жаман,
Қайырымсыз, озбыр ел жаман,
Оған себеп кер заман,
Сауысқандай саққұлақ.
* * *
Ақылды адамға артық жалынбайды
Үлгілі өсиетті қабылдайды.
* * *
Атты баптап жолға анық,
Қалқан, найза қолға алып.
Қырандай болып қомданып,
Айбынмен жауға баралық.
* * *
Бөктерлеп шықтым тау жаққа,
Қарадым анық жан-жаққа.
Дұшпанның қолы аржақта,
Көрінді жау қарасы.
* * *
Жасалды келісім-шарт аса күшті,
Хан өзі соғыспауға қасам ішті.
Тәртіпті қайта бастап жасап ішкі,
Енді заң бұзғандардың: басын алып.
* * *
Қатал қыс жазды қуды жадыраған,
Мұз басар сықырлатып қазір адам,
Бүрісіп түліктер де қожыраған,
Аяздан жан-жануар тітіркеніп.
* * *
Өмірді білмесең— білімің жоғалар,
Талғамды қашан да — бос сөзді доғарар.
* * *
Оғрақтың, азаматы батыр келер,
Меймандос жомарттыққа басым келер,
Лақтың қонағына басын берер,
Қымызы сабасында үзілмеген.
* * *
Аттың түйіп құйрығын,
Тәңірдің күтіп бұйрығын.
Алуға өмір сыйлығын,
Із тастап, кейін шегіндік.
* * *
Жіберіп аттың тізгінін,
Уақыт еді күзді күн,
Құртуға жауыз құзғынын,
Жеттік ұшып ұйғырға.
* * *
Түсіріп еске бар жайды,
Бектер зарлап сарнайды,
Қайғыдан жүзі сарғайды.
Афрасияптың қазасына.
* * *
Соғыс болмайды айласыз,
Онда жалбару пайдасыз.
* * *
Басында бітімге келмедің,
Қоқандап қарумен ерледің.
Ал енді, бағынсаң тездегін,
Болмаса, басыңды жер жұтар.
* * *
Сараңдар өмірге кең қарамайды,
Сол үшін ішкен асы тарамайды.
Дәм бітсе, ол бір тиынға жарамайды,
Алтынды өз бойыңдай жинаса да.
* * *
Мейіріне жардың тұнық қашан көңлім қанады,
Алауына махаббаттың ойым өрт боп жанады.
* * *
Еңіреген ер еді,
Ойы елге төр еді,
Адамның асыл зерегі,
Ажал оны әкетті.
* * *
Өртті талай өшірген,
Басынан көп іс кешірген,
Шешендік сөзге көсілген,
Қайран ер ерте көз жұмды.
* * *
Қанатын қақса қалың құс, үйрек көлде жылжиды,
Аздығын оқтың білгендей, қасқалдақ суға сүңгиді.
* * *
Қыс, сенде бүрсеңдейді жан-жануар,
Жаз менде бар сұлулық мән бағы бар.
Бұлбұлдар сайрағанда гүл бақшада,
Адамға туады ойдан таңданулар.
* * *
Өсек сөзбен бір әйел атпақшы боп сыртымнан,
Байсыз қалды ақыры тыныш жүрмей құтырған.
* * *
Қасқырды атым менің тарпып жықты
Серпіні жануардың артып мықты.
Даусым да сонда менің шалқып шықты
Көңілімнің құдіреті артып тіпті.
* * *
Күлгенде сенде ашық көңіл сыйла
Көретін қызығынан оны тыйма.
* * *
Кем санасаң жауыңды,
Болар күнің дауылды.
* * *
Көзің түсіп басқаға,
Меніалып тастама,
Жанарымды жасқама,
Көз жасымды көлдетіп.
* * *
Ел ісіне келгенде ерекше ол ер еді,
Адам үшін асылды жер бетінен тереді.
Қыста келген қонаққа асын дәйім береді,
Жұртын тастап азамат оралмасқа кетіпті.
* * *
Жақсылыққа жайсың жан,
Ізгілікке ой салған,
Жауды талай қайтарған,
Ажал оны әкетті.
* * *
Жадырап жаз шыққаны ол анық-ты,
Жер беті мәуе бакқа ораныпты,
Жүретін жануарға жол анық-ты,
Өрісте қалың сиыр ойнақтайды.
* * *
Пайдаланып орайын құлынымды ұрлады,
Нәпсіге еріп қомағай қойымды алып, жырғады.
Өз сертінде өзгермей туралықпен тұрмады,
Шартын бұзды бірліктің, кетсін енді бетімен.
* * *
Жаз бен қыс бір-бірімен айтысты кеп,
Өзгеше өнерімен тартысты көп.
Ушығып кетті күрес әртүсті боп,
Кектеніп аралары алыстады.
* * *
Күй болама қолға түскен адамда,
Істің бәрі айналды енді жаманға,
Ат, адамы тізімделді табанда,
Оның сөзін бұдан былай кім тыңдар.
* * *
Ақ жауыннан гүл қауызы ашылды,
Жаз нұрынан жерге моншақ шашылды.
Жасыл орман жамылыпты асылды,
Хош иістен жадырайды жанымыз.
* * *
Білімдінің, қасына бар күнде балам ерінбей,
Төмен тұрып үйрен толық тәкәппар боп көрінбей.
* * *
Махаббаттың мейіріне нәзік жаның иеді,
Оның ыстық теңізіне бойың балқып күйеді.
Білім деген мәуелі ағаш өз жемісін береді.
* * *
Шүкіршілік жазғанымда шешек атып өнеді
Өмірімде тоқталуға жақындасып келеді,
Еңбегімді елім алсын маған сол ғой керегі.
* * *
Төрт түлік пен алтын, күміс байлығыңа сүйенбе,
Білімсіз ол бос дүние жарамайды сүйеуге.
* * *
Жасырын ол махаббаттан айырыланда, әшкере,
Көзін тіпті жұмсадағы түрады оған жас келе.
* * *
Атымды сұрап алып арықтатты,
Жем-шөпке жануарды жарытпапты.
Тәңірдің талқысынан қорықпапты,
Оңбаған ырысымды алыстатты.
* * *
Махаббаттың күйігінен есі мынау ауысқан,
Жапырақтай сарғаюмен жүрер жолын тауысқан.
* * *
Атымен Тәңірімнің білім жидым,
Өмірдің көңіліме сырын түйдім.
Гүліме таудың таза суын құйдым,
Мәртебем сонан менің биіктетті.
* * *
Халық дәйім сұғанақты жек көрген,
Талай істі басынан көп өткерген.
Ұлым өзің дұрыс өткін өткелден,
Кішіпейіл жаннан тарар жақсы үлгі.
* * *
Сараңдық қып астықты,
Үй-ішіне бермедің.
Тышқан тасып, ас қыпты,
Қызығын да көрмедің.
* * *
Амалы жетік ақылды,
Жаны адамға жақын-ды,
Жауға қарсы атылды,
Оған ешкім тең келмес.
* * *
Сарқырап сай-саладан ағады су,
Бөлеген ақ моншаққа жағаны бу.
Жамылған жасыл жапырақ бағалы ну
Қанатын көк жүзінде қағады қу.
* * *
Шешек атып алуан гүлдер жарасқан,
Көк теңіздей көрінеді жер, аспан.
Қырқаларды қызыға жан қарасқан.
* * *
Құстар ұшып келеді,
Жерден дәнін тереді.
* * *
Әмірімен Тәңірімнің кең әлем бұл байланған,
Оның бәрі жұлдыз-аспан, күндіз-түн доп байланған.
* * *
Қонақ келсе өзін күт, ашықтырма атын да,
Ойнақтасын жануар ертесінде тақымда.
* * *
Адамды заман күйі әлсіретті,
Әйтеуір қолда барын талшық етті.
Айлалы аса пысық болса да епті.
Ажалдан ешкім қашып құтылмайды.
* * *
Көктемде құстар сайрайды,
Жарасып жердің қаймағы.
Құрт, құмырсқа ойнайды,
Ініне шығып, еркіндеп.
* * *
Жолдасыңды жамандап, артық пайда көздеме,
Туғаныңды жоғалтып, қырғауылды іздеме.
* * *
Мың кісің де құрбан болар өзіне,
Жанын қияр оның нұрлы көзіне.
* * *
Көл боп жасым төгілді,
Оған құстар шомылды.
* * *
Жақынын жамандап, дүние жияды,
Әйтеуір, амалдап туысын қуады.
* * *
Іс бастасаң асықпа, толғансаң ой өседі,
Асыға тартқан шақпағың тұтанып, тез өшеді.
* * *
Жеріме жетсем деген жете алмадым,
Өйткені ғашығыма алаңдадым.
* * *
Сымбатты өзі,
Сиқырлы көзі,
Әдепті сөзі,
Алды менің еркімді.
* * *
Бұлтпен бүркелді аспанның жолағы,
Тауларды жапты ол әппақ қар қонағы.
Жел шықса сүрі қар сай-сайға толады,
Сел болып ол енді сырқырап ағады.
* * *
Бүтіндей заман өзгерді,
Құтыртып жаман өздерді.
Адамдар өтірік сөзге ерді,
Парасатты бек кеткен соң.
* * *
Еңкейгенге еңкейгін басың жерге жеткенше,
Шалқайғанға шалқайғын төбең көкке жеткенше,
Жамандықтан аулақ бол жаның сонша күйгенше,
Жақсы сөзден жылылық мәртебеңді өсірер.
* * *
Қу адам әдетінен жаңылмайды,
Данышпан орынды ойды қабылдайды.
* * *
Байлықты да асқынбаған ұстайды,
Дәулетімен басқаларды қыспайды.
* * *
Ниетінен қайтыпты ол дұшпандар,
Келген бізге елшісін де қыспаңдар.
Ел мұратын қобалжымай ұстаңдар,
Деп сарбаздар бір-ақ жерге жиналды.
* * *
Басқаларға жүк көтертіп озбырлықпен үдеме,
Асыңды елге сарқып беріп өзің қатып, жүдеме.
* * *
Жолдас болып танысты,
Алым-берім алысты.
Бір қуменен табысты,
Ұрлап алып, ақшамды.
* * *
Айтып едім жолама деп Құлбаққа
Суайт қой ол судай аққан қужақта.
Сондағы кетіп қапты біз жоқта,
Басқа елден алып келген құлыммен.
* * *
Ол маған басын иіп сәлем етті,
Құрғатып көз жасымды құрмет етті,
Опалы еміне де көзім жетті,
Бірақ та жолаушыдай кетіп қалды.
* * *
Мақсатыма жетемін,
Ғылыммен еңбек етемін,
Өткелден сан өтемін,
Байлығымды сарып қып.
* * *
Қошқар, теке бөлінді,
Балалар да көңілді.
Тасып сүт те төгілді,
Қой, ешкілер сауылып.
* * *
Тегінде оқ себепсіз атылмайды,
Ол бірақ, тау-даланы зақымдайды.
* * *
Әнші, күйші жиналды,
Бөлеп сазға бұл маңды.
Өнерлілер сыйланды,
Сайраңдайық шалқып бір.
* * *
Көл толқыса өзгеше тамға суы енеді,
Ақылдымен кезіксе бұл сөзіме сенеді.
* * *
Дауыл шықты дамылсыз,
Жер-суыңды жалынсыз,
Аяз қатты үскірік,
Жіберді елді тысқырып.
* * *
Шайтан сені адастырды бал беріп,
Кетті сонан маңдайыңнан жан жеріп.
* * *
Жеткіз менің сөзімді білімді адамдарға,
Ұрпақ өссе, естілер өмірге алаңдар ма.
* * *
Күніне жаздың жайлы сеніп қалма,
Абайсыз жаман іске еніп, талма.
Бастайды ізгі ниет ерікті алға,
Сөйлеуге жақсы сөзді әдеттенгін.
* * *
Дәні бөртіп шүйгін қонақ піспеді,
Сүт сүзілді, қазан оттан түспеді.
Мені жібер майданға,
Ерлігімді көрсетем,
Өз сертімнен таймауға,
Бір сәйгүлүк болса екен.
* * *
Қыс, сенен бар тіршілік жиренеді,
Түгелдей бүріскек бір түске енеді.
Кеңдікті жәндік жаздан үйренеді.
Бұлбұл құс бақшаларда еркін сайрап.
* * *
Жаны кедей адамның құлқыны бір толмайды,
Оны ешқашан күшпенен толтыруға болмайды.
* * *
Қордайдың аққу, қазы қаңқылдайды,
Төске алып, тау самалын салқындайды.
Сен неге сәл нәрсеге қырындадың,
Артына аз да болса бұрылмадың.
Көңліңді бізге деген ырымдадың,
Қалдың ғой енді міне, елеусіз боп.
* * *
Қараңғы түн тез атса дел тіледім,
Ұйқымды ой ашса екен деп тіледім.
Жеті қарақшы ол жұлдызын көп санаумен,
Жеңілденді менің күпті көңілім.
* * *
Алтын, күміс болса қолда әркім мекен салады,
Көңілі оның орныққан соң құдайды еске алады.
* * *
Махаббаттың дерті мені қинады,
Күндіз-түні жүрегімде тулады.
Толғанудан жаным да бір тынбады,
Көшіп кеткен жұртын көріп жарымның.
* * *
Жауың барда қанжарынды қайрап жүр,
Қастық етсе, не істеуді ойлап жүр.
* * *
Аяздан жердің беті тынығыпбір,
Айырар адамдар да ұғынып сыр.
«Сай-сайда қасат қарым тығылып түр»
Деп жазға қыс ақтарды өз болмысын.
* * *
Заманың күні-түні жолаушыдай өтеді,
Кімді келіп басса егер оны әлсіз етеді.
* * *
Жарым мені көре сала емдеген,
Сусынымды қандырып еді шөлдеген.
Енді соның күйгінен әлсіреп,
Қайғы уы өзегімнен өрлеген.
* * *
Білімдіден ақылдылар қорланды,
Парасатты ой паршаланды зор мәнді.
Адамдарды бір-біріне қажатып,
Естілерді есер заман торға алды.
* * *
Сүйген жарым кетіп еді сапарға,
Көңілім менің оған берік байланған,
Онсыз жерде жүре алмадым қатарда,
Қайғысынан басым зеңіп, айналған.
* * *
Шыбын жанын қорғауға мекен-жайын сатпақшы,
Төлем беріп, ісіне дәмін жерден татпақшы.
Зорлық түбі қорлық қой қашаннан бұл айтылған,
Ол шындықты енді ұқты, тірі деген ат жақсы.
* * *
Есінен дұшпан ауысты,
Басар жолын тауысты.
Ажалменен қауышты,
Сөзге ауызы келместен.
* * *
Бұзырачтың құнын даулап баралық,
Ердің кегін ерлікпенен алалық.
Жан-жағынан жауды қоршап, қамалық,
Ал жігіттер, тез жиналып, атқа қон.
* * *
Уәде бер қаракөз,
Естіртші бір жақсы сөз.
Қасіретіңе болдым кез,
Жан күйімді түсінші.
* * *
Барыңды шашуға сен асықпағын,
Мақтанып, ойыңды онша тасытпағын.
Жаныңа қайғы деген қас болады.
Көңліңді шығынды ойлап, жасытпағын.
* * *
Жаз сенде жылан-шаян еркіндейді,
Шағуға адам, малды еркім дейді.
Сан мыңдаған улы жәндік желпілдейді,
Деп қыс та бар шындықты баян етті.
* * *
Саған деген қалың малды аяулым,
Дей алмаймын табу үшін аяндым.
Шаршап жүріп, өзіңді ойлап ояндым,
Әкем алып барады оны қабыл ал.
* * *
Қайғым менен шаттығымды дауалайтын емім бар,
Мекенімді жәннәт дейтін менің жақын елім бар.
* * *
Тәңір жолын берген артық ойлана,
Шек келтіріп, ойыменен ойнама.
* * *
Адамдар мәңгілікке туылмаған,
Күн, жұлдыз аспанда ол суынбаған.
* * *
Дүниеге құнықсаң сені орға жығады,
Данышпандар шыныққан оның мәнін ұғады.
* * *
Туласын аса, долығы шықсын іштегі,
Шыланып терге, ерттеулі тоқым ішпегі.
Арыны біраз басылған осы көздегі,
Жөнге оны көндіруге күштеді.
* * *
Қарт адамға көрсетпегін ірге күш,
Ауырлыққа халықпенен бірге түс.
Достарыңызбен бөлісу: |