ҒЫЛЫМ
Ғылым-білім немен болады? Ең алды құдайды, құдай тағаланы танымақ. Ол құдайды қайтсе таниды? Әркім өзін таныса, сонда тәңірісін таниды. Қазақ қариялары да айтады жақтырмаған кісісін: «бұл, шіркін, өзін танымайды, кімді таниды?» — деп. Олай болғанда, ғылым-білімге талап қылушылар алдымен өзін тануды мақсат қылу керек.
Адам баласында бір табиғат бар, кәдімгі заманнан өзге өзгерсе де, бұл табиғат өзгермейді. Бұл күнге шейін мәңгі-бақи.
Адам қалай қылғанда адам болады? Ұшқан құстан, жүгірген аңнан ғибрат алып, солардың мінезімен мінезденбесе, аш арыстан жүректі болып келсе, палуан жолбарыс білекті болып келсе, досы көп болып, дұшпаны жоқ адамнан осы екеуінің жүрегі табылады. Бұл екі хайуанның мінезінен шапағат табылады. Қазақта мақал бар: «Қарға табанымен басып жейді, сұңқар шашып жейді» деген. Оның мәнісі — қарға біреу көріп қоймасын деп жалтақтап, табанымен басқаны — жасырғаны. Сұңқар өзінің жегенін мақсат қылмайды, басқаға пайдам тисін, сарқытытымды кім болса, сол жесін деп, жан-жағына шашып отырады екен. Сондай болғаны үшін қазақ мақал сөзінде: «Қарғаға балшық, сұңқарға талшық» делінеді. Бұл сөзден насихат табылады. Бал жинайтын ара қандай ұя жасайды... Адам «мен дәнеңе білмеймін» деп қарап отырмай, өнерге тырысу керек. Қазақ мақалында бар: «Өнерлі өрге жүзеді» деген.
Мысық бір тышқан алып жесе, аузы-басын сүртіп, жаланып, өзін-өзі таза ұстауға қандай тырысады. Сол үшін оның өзі арам емес, тазалықты мұнан ғибрат алуға жарайды. Кішкененің қайраттысы мысық. Өзі кіп-кішкентай болып, зор нәрседен қорықпайды. Қараңғы түнек жерге хайуаннан қорықпай жетіп баратын — мысық.
Өзінің қаралдысынан үлкенді құмырсқа көтереді. Ол үмітінің зорлығынан үмітті болуы мұнан ғибрат алуға жарайды.
Жігіт адамның қырағылығы бүркіттей болсын. Зеректігі байғыздай болсын. Жүрісі маймылдай болсын. Он екі қырлы, бір сырлы, отыз аяқты болсын. Бұлай дегені — басқан ізін білдірмей, жүрген ізін кісіге сездірмейтін болсын дегені. Орнына қарай мінез қылсын. Сонда адам болып, адам қатарына кіреді...
Адам мінезді қайдан үйренем десе керек. Түйе деген малдан ғибрат алу керек. Түйе сондай зор биіктігін ойына алмай, бір тышқанның құйрығына байлап қоя берсе, еріп жүре береді. Өзі қырық күн шөлге шыдайды. Көзіне көрінгенді қорек қылып, еш нәрсені талғамай жеп, қанағат қылып жүре береді. Күштілікте қара жердің кемесі десе болады. Көнгіш те, сондай көнгіш бола, шөгерсе де, шөгіп жатады. Түн болса, байлап қойған жерден қозғалмайды. Оның жалғыз-ақ құмар нәрсесі тұз болады. Тұз жалата берсе, жаны кіре береді. Қазақта мақал бар: «Түйе тұзға тоқтайды, жігіт қызға тоқтайды». Және бір мақал бар: «Тұз десе, түйе тұтпайды, төркін десе, қыз тұтпайды» деген...
...Жапалақ деген құс болады. Өзі он жұмыртқа табады. Соның бәрін бірден жарып ұшырмайды. Екеу-екеуден жарып, бала қылып ұшырады. Бәрін бірден жарып бала қылсам, тамақ жеткізе алмаспын деп. Өзі намаздыгерден жоғары, бесіннен төмен бір-ақ мезгіл ұшады. Алса бір тышқан алады, алмаса — алмай қалғаны. Сонда да құстың сезімі болады. Себебі қанағаты мол болғаннан. Адам қанағаты содан ғибрат алса керек.
...Байғыз деген құс бар. Ғариплықты, бейшаралықты мойнына алып, таста жатады, қайда бұзылған жай болса, сонда жатады. Су ішпейді, бидай, тары жемейді. Өзенде көлденең тістеген қылдан да жіңішке шөп болады. Оны да жемейді. Құр тістеп жүрсе керек. Қазақта бір сөз бар: «Тұрымтай екеш, тұрымтай да тайлы биенің етін жейді»- деген. «Бір тауыққа һәм дән керек, су керек деген». «Бір нәрсені қорек қылып жейтұғын болсам, соның қарғысына ұшырап, бейнетке қалсам керек» деп. Сол үшін ешкімнің көзіне түспей, жанға көрінбейді.
Сүлеймен пайғамбарға барша құстар қызметкер құл болғанда, ол келмеген. Сонда Сүлеймен патша:
- Не үшін маған келмейсің? — дегенде, байғыз айтты:
- Менің жалған дүниеден ешбір керек қылған нәрсем жоқ. Сенен не іздеп келейін, — деген.
Бұл сөзге ақыл жіберіп, ықылас қойған адам мұны ойлап, пікір қылу керек. Ұшқан құсты торға түсіретін, жүгірген аңды орға түсіретұғын — тамақ екен. Жұтқын тамағына ие болған адам торға да түспейді, орға да түспейді. Осы күнгі адаммын деп жүрген адамдардың жауы иегінің астында. Ол жау не десеңіз - жұтқын тамақ. Жалғанды мазаққа, ақыретке, ғазапқа түсіретін - тамақ. Тамағынан тартылған бәріне ықыласты болғаны.
(Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Аспан, жер, және адам жаратылысы туралы / Психология. Адамзат ақыл-ойының қазынасы. 10-том.- Алматы: «Таймас» баспа үйі, 2006.-480 бет. 162-165- беттер)
ШЫН БАҚЫТТЫҢ АЙНАСЫ
Жаңа ғана аяғымды басып, тілім жаңа шыққан кезде, өзім құрбы балаларды бауырымнан жақсы көріп, ойнаушы едім. Ойнап жүріп қарным ашқанын, күннің батқанын білмей қалушы едім. Сол, тіпті, сүйікті ойын әм жанымдай көретін жас құрбыларыма махаббатым, үйге келгендегі ата-анам сақтап қойып берген тәтті тамақ пен әлпештеп еркелеткен сол өлшеусіз қызық бағым! Қайдасың? Қайда кеттің?... Ол кезде өзімізден жасы үлкендерден қорқыңқырап, именетұғынымыздың, аулақ жүргіміз келетұғынымыздың себебі не еді? Тіпті, білмеуші едім. Енді шын білдім. Нанбасаңыз төменгі жазылған өмірімнің сырынан байқаңыз.
... Біраз уақыттан соң қарасам, бізден жасы үлкеніректер асыр салып, асық ойнап ұтысып жатыр. Ай жарықта «ақ сүйек» ойнап, жарысып, күрес салып алысып жатыр. Оны көрген соң, бұрынғы жер шұқып «құдық» деп, тас үйіп «қора» деген ойынымнан мынау тіпті қызық көрініп, мен де соларға араласып кеткенім ғой. Мінеки! Менің «баққа» қарай басқан алғашқы адымым... Әрине, мұнан ойын да шықты, ұрыс та шықты. «Әкеме айтам» деп, кей нашардың балаларын қорқыту да шықты...
- Әке, ағам кім еді? Ел билеген бай! Олардан кім қорықпайды?!
Тағы біраздан соң әп-әдемі киінген, домбыра тартып, ән салып, неше түрлі ойын ойнаған «бозбалалар» көзіме елестеді. «Ойпырай! Шын бақ мынау екен ғой!», не қылсам да солардай болмаққа тырыстым да, соларға араластым. Кейбіреулерінен анағұрлым астым да. Әрине, «бозбала» күндегі неше түрлі құмарлық пен істеген істерді айтып тауыса алмаймын.
Бірақ онан әрі көрінген «бақ» оған да тұрақтатпады. Себебі: біраздан соң жиылысқа келіп, болыстар әмір жүргізіп, билер билік құрып, шешендер тілін безеп жатқанын дегендей, әлденеше түрлі «адамшылық» атты бір «бақ» кез болды. Мұндай нәрсе адамды қызықтырмай тұра ма? Енді қамшылап, қалың жауға кіргендей-ақ, өзімді-өзім қайраттандырып кірдім де кеттім.
Оның да неше түрлі ақыл-әдісін біліп алсам да, мына жақтағы «дәулет» деген бір тіпті керегіндей «бақ» шыға келді. Ол болмаса ешқайсысының өңі де кірмейтұғын болды, жолы да болмайтұғын болды. Ой, тәңірі-ай! Адам қылғанды адам қылмайтұғын несі бар деп, белсене қимылдап, оның да мәнісін таптым.
Бағана жас балалықтан асық ойнауға аяқ басқан кезімде кез болған бір іс бар еді. Оны айтпай кеткенім: көңілім сүймей, зорлықпен болған іс еді. Және ата-анама жанымдай көріп қылған махаббатым алғаш бұзыла бастауына себеп болған да сол еді. Ол не десеңіз – оқу. «Балам, асық ойнама, сабақ оқы»,- деген екі ауыз сөз сүйгенімнен айырып, өз сүймегеніме зорлаған сықылданып еді. Яғни менің «бақ» іздеймін деп, шын махаббаттан айрылуға бет қойғанымның басы.
Енді жоғарғы сөзіме қайтайын. Сүйтіп тамам «бақты» тауып алып, өзімнен төмендегілерді «бақпен» көзге ұрып, көзін ағартып, алдыңғыларға, аяғынан алсам да, жетпек болдым. Жеттім де. Мұнан басқа талай «бақтарым» айтылмай да қалды. Себебі: сіздерді зарықтырмай, ақырғы «бағымды» айтпақпын. Сүйтіп «бақтан» «баққа» қонып жүргенімде, бір күні, құрғырдың қайдан келгенін білмеймін, «өткен өміріңді ойлашы» деген бір ой сап ете түсті. Амалсыз ойладым, сондағы ойым мынау: Мен жастықтан балалыққа қызықтым, одан бозбалалықты «бақ» деп білдім. Онан әрі адамшылық атты «баққа» қызметкер болдым. Ақырында малға құл болдым. Себебі, жасаған сайын алдыңғы бұзылып, артқы «бақ» түзу сықылданды.
Енді ойласам, өлмегім хақ. Жә, сол бақтарымның ең жарамдысын ұстап қана өлгеннен басқа не бар деп ойладым. Байқасам, жас бала күнімдегі бағымнан артығы жоқ. Себебі: онда қайғы да жоқ, ар-иманнан тайғызатын ісі де жоқ. Бірақ оған қол жете алатын емес, бозбалалыққа да қол жетпейді. Егер бір құдірет жеткізсе, о да «шын бақ» емес, себебі онда қайғы да көп, қатер де көп, ар-иманнан безу де көп.
Адамшылық деген алдамшы ат қойылған антұрған, айтпай-ақ қойылсын. Атына заты тіпті келмейді. «Мал - байлық» деген керек те болса, боқтың арасынан былғанбай алу, ар-иман кетірмей сақтау мүмкін емес. Жә, еріксіз жаңадан бір «бақ» іздеу керек болды. Не қыларымды білмей, құр сандалып, көзімді жұмып жүрдім де кеттім. Не заманда маңдайым бір нәрсеге сақ ете түсті. Қарасам, бір үлкен айна. Бетін қара пердемен жауып қойыпты. Басындағы тақтайға «Шын бақыт айнасы» деп жазылыпты. «Құдай тағала шын тілесе береді екен ғой» деп қуанғаннан пердесін қайырып тастап қарасам, белі бүкірейген, көзі қызарған, аузы опырайған, бет терісі қатпар-қатпар, қасы түксиген, сақалы қудай бір шал тұр!... Алды-артын ойламай, «сіз кім?» деп едім, әлгі шал (әрі мені мазақ қылғандай) аузын жыбырлатып сөйлегендей болды. Анықтап қарасам, өзімнің айнадағы көлеңкем. «А, Еһ! Алдамшы бақтар, өкінішпен өткен өмірім!» деппін де екпетімнен құлаппын... Бір заманда көзімді ашсам, ақ киімді, түсі сұп-сұр бір адам басымды сүйеп отыр екен. Менің есім кіргенін біліп: «Ақсақал, айнаға тағы бір қара! Бірақ өз көлеңкеңе де, одан арғыларға да алаң болмай, ең арғы балаларын әлпештеп отырған ерлі- қатынды кісі мен екі балаға қара!» - деді. Айнаға қарасам, өз көлеңкемнен ары байлар, адамшылықтар, бозбалалар, асық ойнаған балалар бірінен-бірі әрі, ең әріде көрінген ерлі-қатынды адам екі баласын әлпештеп сүйіп, балалары да мойындарынан құшақтап, ата-анасын аймалап тұр. Сонда әлгі ақ киімді сұр кісі айтты: «Ақсақал, «шын бақ» сол айнаның ең түбіндегі ата-анадағы шын махаббат пен балалардағы шын таза жүрек еді. Сол махаббат әм таза жүрек сізге де біткен еді. Соны қалдырмай, бұзбай ала жүріп, барша адам баласын өз балаң, өз бауырыңдай көріп, махаббат, ғадалат қылсаң, шын бақыт сол еді. Оны іздеп жүріп көрген бейнет, тартқан қайғы, аңшының қанша бейнетпен іздеген аңын алғанда қуанышқа айналғаны сықылды, сәудегердің пайда іздегендегі бейнеті көп пайда тапқанда қызыққа айналғаны сықылды болушы еді.
Сіз сол махаббат пен ақ жүректі жолдағы жалған атақтарға айырбастап кеткенсіз. Бұдан былайғы түрлі өміріңізде осыны қатты ескерерсіз. Өкініштен пайда жоқ, енді иманыңызды айтыңыз!» - дегенде, талып қалыппын.
(Құдайбердиев Ш. Шығармалары: Өлеңдер, дастандар, қара сөздер. Құраст. Жармұхамедов М., Дәуітов С., Құдайбердиев А. – Алматы: Жазушы, 1988. – 560 бет. 270 -272 беттер)
АРМАН
... Адамды санай берсең, көп арманда,
«Мінсіз бақ, сансыз дәулет» деп арманда...
Мергенге түзу мылтық, оқ арманда
Тамақсыз табысы жоқ кәріптерге
Жалғыз күнгі тамақтың тоғы арманда.
Жалаңашқа киімнің жоғы арманда,
Тоңғанға отын менен шоқ арманда.
Талап қылса, табылар соның бәрі,
Мал жаусын ба оларға жоғарыдан да ...
Тамам жанға бақ пенен мал арманда
Ұрыға жүйрік аттың жалы арманда.
Жердің жүзін жесе де көзі тоймай
Патшалар да болып жүр әлі арманда.
Кербезге киімінің сәні арманда,
Науқасқа жалғыз шыбын жаны арманда...
Бағаласам, адамның бәрі арманда,
Санай берсем, табылар сан арман да.
Өзі білмес, білгеннің тілін алмас,
Анық ойлар қарасам әне, арманда.
(Құдайбердиев Ш. Шығармалары. Алматы, «Жазушы», 1989, 42-43-беттер)
БӘЙШЕШЕК БАҚШАСЫ
Дүниені көп көрген бір адамнан: «Қандай қатты кейіс не қатты қуаныш көрдіңіз?» — деп сұрағанда, ол айтыпты: «Африканың зор шөлінде бір керуенмен еріп келе жатып, ауырып жүре алмай, бір судың басында қалып, аздан соң жазылып, керуендерге жеткенше азығым таусылып, аштан өлер болып, әлім кетіп бір жерге отыра кеттім. Өмірде осыдан қатты кейіген емеспін. Қайтерімді білмей, қасымдағы дөңкейген құмға қарасам, құмнан бір киімнің етегі шығып жатыр екен. Құмды ашсам, мендей бір сорлы өзін-өзі құмға көміп, өлерінде алдындағы тақырға таяғымен мынаны жазыпты: «Азықсыз аш адамға ат басындай алтыннан түк пайда жоқ, менің мына бір кесе меруертім мен белбеуімдегі жүз ділдәм мені бір шақырым жердегі мөлдір бұлақ, жемісті ағашқа жеткізе алмай, аштан өлдім, мені сол бұлақтың басына көміп, моланың басына не тас, не тақтайға: «Азықсыз аш адамға ат басындай алтынның пайдасы жоқ» деп жазған адамға осы меруертім де, ділдәларым да адал болсын», — деп жазыпты. Бір шақырымда су бар екенін білгенде, жаным кіріп, етегімді беліме түріп, бар қуатымды жинап алып, жүгіріп келсем, мені тастап кеткен керуендер шөлден меспен су алып өтіп, сол бұлақта тынығып жатыр екен. Керуенге келіп, тамақтанып, көлік һәм жұмысшы жалдап алып, әлгі өлікті бұлақ басына қойған тасқа: «Азықсыз аш адамға ат басындай алтыннан түк пайда жоқ» – деп жаздырдым.
Бір тілім нан — ардақты жанның досы,
Ақша деген — мақтаншақ паңның досы.
«Арпа, бидай — ас екен,
Алтын күміс — тас екен» деген осы.
Барлық ғылымның өзі қиялдан, ойлаудан туған. Адам — осы жаратылыстың бір бөлігі, бұл жаратылыстан, табиғаттан бөлек емес. Сондықтан адамның бұл дүниеде, бұл табиғатта жоқ нәрсені ойлауының өзі мүмкін емес, болуға мүмкін істі ғана ойлай алады. Екінші: сол қиял ауыстырылып айтылған болашақ болуы мүмкін. Неге десеңіз, фантазия, қиял деп жүрген ойлар бүгін мүмкін дағдылы іс екенін танып, құтыла аламыз ба? Әрине, қиялдың да шегі бар.
Адам өмірін қалай түзетуге болады? Адам қайткенде тату тұра алады? Ойлы, саналы адамдардың ғасырлар бойы миын тыншытпайтын осы сұрақтар. Адам өмірін түзейміз деп сан ғалымдар түрлі ойлар айтып, ол ойларын халыққа таратып, том-том кітаптар жазды. Солардың ойларының мен білетін бастылары: біреулер адам өмірі жаратқан иесін танумен түзеледі десе, кейбіреулер үкімет жойылса, әркім өз бетімен өмір сүрсе, түзеледі деді. Ал біреулері оқу біліммен, халықты ағартумен адам өмірі түзеледі деді. Біреулері бай, кедейді теңеумен түзеледі десе, біреулері тәрбиемен түзеуге болады дейді. Өмірдің өзі — тіршілік таласы. Сондықтан адам өмірін жаратылыстың өзі солай жаратқан, бірін-бірі жеп, талап, таласып өмір сүрмек дегендер де болған.
Біздіңше, бұларды жекелей алғанда, ешқайсысы да адам өмірін түзей алмайды.
Бізше, адам өмірін түзеуге, барлық адамдар тату тұруға — адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл болуға керек. Дүниеде бұл үшеуі үстем болмай, адам баласына тыныш өмір сүруге мүмкіндік жоқ.
Әрине, адам оқып, біліп үйренуі қажет. Білімсіз, ғылымсыз өнер табылмайды. Сол алған білім-өнерлерін адал еңбекпен жаратылыстың мол байлығын пайдалануға салса, табылмайтын нәрсе жоқ. Сол тапқан байлықты барша адам баласының керегіне, пайдасына жаратуы керек. Мейірімділік, махаббат, қайырымдылық, адалдық ақ жүректен шығады. Ал арлы, ақылды адам қиянатты, зорлықты, өзімшілдікті, мақтануды білмейді және істемейді.
Осы үшеуінің басы қосылса, адам жақсы өмір сүріп, бірімен-бірі тату тұруында сөз жоқ. Бірақ осы айтылғандарға қарсы, жолдан қосылған, адамның бойына біржолата сіңісіп, біте қайнасып қалған күшті, зиянды жау нәрселер, әдеттер де бар. Олар: нәпсі, өзімшілдік, мақтан. Бұлардан ұшы-қиыры жоқ жаман әдеттер туа бермек. Мысалы зорлық, алдау, мансапқорлық, рақымсыздық, мейірімсіздік, қанішерлік, тағы басқалар. Бұлай болғанда осы жаман әдеттерден құтылудың айласын іздеу керек. Ең алдымен барлық адамды адал еңбек ететін жолға салу керек. Ол үшін көптің қалауымен әкімшілік басына арлы, ақылды адамдарды қойып, сол адамдардың бұйрығы, ақылы бойынша туған, туашақ адамдарды, жастарды қазына қарауына алуға заң шығару керек те, ол заңды бұзғандарды жазалау керек. Оларға еңбек өнерін үйрету керек, онымен қабат оқу-білімге жетілдіру қажет. Жоғарғы айтылған жаман әдеттерді жоюға бұлар жеткіліксіз болғандықтан, сол адал еңбек, білім үйренумен қабат «ар білімі» деген білім оқытылуға керек. Бұл ғылымды ақылды адамдар ойластырып, пән ретінде жазып, нәпсіні жойып, адам бойында жеке ардың қожа болып қалу жағын көздеу керек. Адам бойындағы нәпсі кеселі кетсе, өзгерісі оңай...
(Құдайбердиев Ш. Психология. Адамзат ақыл-ойының қазынасы. 10 томдық: Қазақтың психологиялық ой-пікірлері. 10-том / Жетекшісі – акад. Ә.Н.Нысанбаев. – Алматы: «Таймас» баспа үйі, 2006. – 480 бет. 166-168 беттер)
*** *** ***
Мен кетемін,
Келеді тағы өмірге мендей.
Олар мінді көреді,
Қисық жерін жөндей.
Бара-бара айқындалып,
Ақтық істің анығы,
Адасқанмен хақиқатқа
Қоймақ емес сенбей.
Ақ жүрек пен Таза ақыл,
Қылсаң Адал еңбек, -
Бәрінен де сол мақұл –
Артқыға жол бермек.
Арсыздардың түкке тұрмай
Арам ойы жойылып.
Аяғында хақиқатты
Бұл үшеуі жеңбек.
Сен бола гөр аққа хақ,
Болам десең адам,
Адал еңбек берер бақ,
Бассаң соған қадам.
Айнымайтын ақ жүрек пен
Таза ақылды адамның
Таппасы жоқ бұл өмірде,
Осынымды ұқ, балам! (Құдайбердіұлы Ш. Жол табалық ақылмен. Шығармаларының бір томдық жинағы. Халықаралық Абай клубы. Жидебай, 2006. 730 бет. 391-бет)
АДАМШЫЛЫҚ
Кісіге адамшылық неге керек?
Адамдық - өзге айуаннан артық, демек!
Ит талаған төбеттен қалай дейсің,
Аямай әл келгенін жұлып жемек.
Мейірімсіз қасқырда да күшті өмір бар,
Артылған жерің қайсы онан бөлек?
Үнемі сен жеріңді қайдан білдің?
Бұл дүние кезек берер істі өңгелеп.
Онан қорқып, обырлық қоймасаң да,
Адам боп, хайуаннан болсаңшы ерек!
Жалмағанша, жәрдемің тигізсеңші,
Жығылған, жылағанға болып көмек.
Мархабатты теріс деп кім айтады,
Адамшылық сол дейді тамам зерек.
Мейірім – жақсы, зұлымдық – жаман дейсің,
Қасқырлыққа қайтесің құр дөңгелеп.
Жаны ашып жәрдем қылмай өткен адам –
Өсіп, өшіп құлаған бір бәйтерек.
(Құдайбердіұлы Ш. Жол табалық ақылмен. Шығармаларының бір томдық жинағы. Халықаралық Абай клубы. Жидебай, 2006. 730 бет. 287-бет)
ӘДЕБИЕТ ТАНЫТҚЫШ (ҮЗІНДІ)
Адам бала күнінде тысқы ғаламдағы көзге көрінетін, денеге сезілетін нәрселерді ғана танумен болды. Есі әбден кіргенше өзгеден өзін айырмайды. Есейген сайын өзінің өзгеден басқалығын біліп, өзіне ұнағанын істеп, ұнамағанын істемей, қылықтар шығара бастайды. Ер жеткен сайын дүниенің ісіне өзінше сүйініп, өзінше күйініп, өзінше жол тұтып, өзінше өміріне жол белгілеп, жақсылық, жамандыққа өз көзімен қарап, өзінше бағалап, өзінше пікірлейтін болды. Өз алдына мұңы, мұраты, мақсаты, мүддесі болып, сол мұрат-мақсатына жету талабына кіріскен жерде тысқы ғаламға тиісті жердің шегіне келіп, ішкі ғалам мен тысқы ғалам екеуі кездеседі. Сонда ішкі ғаламның шарттары тура келмей, екеуі ілінісіп ұстаса кетеді.
Затында, тіпті мүддесі жоқ адам болмайды. Адам болған соң оның көңілі бір нәрсені тілемей тұрмайды; көңілі тілеуіне қарай бір нәрсе істемей тағы тұрмайды. Көңілінің тілеуі де, ал тілеуінің жолындағы қамалы да адамына қарай түрлі болады. Неғұрлым қайратты болса, соғұрлым мақсаты да зор болады. Ұсақ адамның мақсаты да ұсақ болады. Біреу жер жүзін өзіне қарату, бағындыру талабында болады, біреу дүниеге атағын жаю талабында болады, біреу дүниенің сырын танып, адамның көзін ашып, білімін арттыру талабында болып, сонымен өмірін өткізеді. Біреу адам баласын теңгеріп, арасына әділдік орнатып, дүниеден жұмақ жасау талабында болып, өмірін сонымен өткізеді. Біреулер тек дүние жию, бай болу мақсатымен өмір өткізеді, әйтеуір тілеусіз, мақсатсыз адам жоқ. Аз болсын, көп болсын әркімнің мүддесі бар; ұлы болсын, ұсақ болсын әркімнің мұраты бар. Тілеусіз, мақсатсыз адам болмаған соң талассыз, тартыссыз да адам жоқ. Әркім әліне қарай таласады, тартысады. Талас-тартыс – табиғаттың негізгі заңының бірі. (Байтұрсынов А. Ақ жол: Өлеңдер мен тәржімелер, публ. мақалалар және әдеби зерттеу/Құраст. Р. Нұрғалиев. - Алматы: Жалын, 1991.- 464 бет. 458-459- беттер).
БІЛІМ ЖАРЫСЫ
Білімді жұрттарда білім жарысы деген болады. Ол жарыста бәйгеге түсе алатындар білімділер, зейінділер. Оларға бәйге тігіп, жарыстыратындар бай адамдар я обществолар. Бәйге тігу, жарыс істеу біздің қазақта да бар. Қазақта бай адамдар я қуаныш нәрсеге той істеп, ат шаптырады, я өлген адамына ас беріп, ат шаптырады. Байлығына қарай, адам-дығына қарай ас пен тойдың үлкені де, кішісі де болады. барлығы бәйгеге тіккен малынан гөрі шақырған елдердің санынан, сойылған малынан байқалады.
Тойдан көбіне ас зор болады. Асқа сойылған малды, қантына шығатын пұлды, ішілетін қымызды, тігілетін бәйгені ақшаға аударып есептегенде, зор астарға талай мың жұмсалады. Соның бәрі жұрт жиылып, бір-екі күн ішіп, жеп кету үшін істеледі. Не жұртқа келер онан пайда жоқ, не ас берушіге тиер сауап жоқ, құр далаға кеткен бір мал болады да қалады. Ақылдың ауанымен санағанда, астың шын мағынасы босқа мал шашу болып шығады. Ат шаптырып, ас берді деген бес-он жылға ат қалады. Қазақ жомарттығының түрі һәм оның ақырғы тиімі осы. Білімді жұрттардың білім жарысына келсек, оның ма-ғынасы да, көздеген мақсаты да басқа. Ол бірнеше ұлыс ел жиылып, бір-екі күн дуылдап, ет жеп, қымыз ішіп кету үшін ғана жасалмайды, бүтін ұлт я дүниядағы бүтін жұрт үшін һәм көпке қаларлық іс үшін істеледі. Дүнияда күн көріп, тіршілік етудің ауырын жеңілту үшін, жеңілін рақатқа айналдыру үшін істеледі. Неше түрлі ғылым, өнер - бәрі де тіршіліктің ауырлығын азайту үшін, рақатын молайту үшін шығарған нәрселер. Ғылым, өнер артылған сайын, дүнияда бейнет кемімекші. Осыған ақылы жетіп, есі енген жұрттар ғылым мен әнерді бірден-бірге асыруға тырысады. Асыру үшін әр түрлі істер істейді. Сол істердің бірі - білім жарысы.
Білім жарысы дегеніміз - бай адам пәлен мың ақшаны бәйгеге тігеді де, мәлім етеді: осы ақшаны пәлендей іс істеген кісі алады деп. Мысалы, пәлен ауруға ем тапқан я пәлен ғылымнан, яки өнерден жаңа жол тапқан, я пәлен турасында жазып, кітап шығарған адамдарға беріледі дейді.Ал бәйге тігілді. Енді ат жарысы болса, әркім атын жаратып, бәйгеге қосар еді, білім бәйгесі болған соң, білімділер бәйгеге қосылады. Бәйгеден дәмесі бар білім жүйріктері бірінен бірі озуға жүйріктігін аяп қалмайды. Тап дегенді табуға ойланады, істе дегенді істеуге қарманады. Ақырында әркім істегенін, тапқанын сынға жібереді.Сыншылары ғылым ордасында тұрған білімді ғалым адамдар болады. Бұлар қарап, сынап, бәйге кеседі. Еуропада, мысалы, Нобельевский білім жарысы бар. Бұл жарыста бәйгені ғылым ауданында я әдебиет ауданында еңбек етіп озған адам я соғысқа қарсы һәм халық арасын жақындастыруға пікір жайған адамдар алмақшы.
Жылда Рождество мейрамының алдында швед жұртының астанасы Стокгольм шаһарында білім жарысынан озғандарга бәйге аталады. Өткен 1912-ші жылы Нобель бәйгелерін алған адамдар: 1) инженер Дален - ғылым хикметінен көрсеткен үздік біліміне алды; 2) профессор Каррел - дәрігерліктен көрсеткен үздік біліміне алды; 3) неміс жұртының атақты драма жазғыш жүйрігі Гауптман - әдебиет жүзінде үздік біліміне алды; 4) Сабатья һәм; 5) Гренкер - француз ғұламалары, ғылым хикметінен көрсеткен үздік білімдеріне алды.
Осылардың һәм басқалардың жылда озғанда алатын бәйгелері шведтің Нобель деген бір инженерінің білім бәйгесіне деп шығарған 18 миллион ақшасы.Осындай жұртқа пайдалы, үлгі аларлық жақсы істі жұрттың құлағына салып, біздің айтайын деп отырғанымыз мынау: білім жарысын істеу әр жұрттың қолынан келетін іс. Істейін десе, қазақтың да қолынан келеді. Еуропадай зор істеуге болмаса, бойымызга шығындап, «сабасына қарай піспегі, мұртына қарай іскегі» дегендей етіп істеуге болады.
Еуропадағы ғылым, өнер толық, қазақта олардың жұрнағы да жоқ. Олар асқанның үстіне асыру үшін істеп отыр, біздер жұрнағы болу үшін істеу керек. Мың жылқысы бар байлар оның үстіне мал аз дегенде, бір аты жоқ жарлы мал аз демей, қарап отыруы дұрыс па? Ғылым, өнер турасында біздің жайымыз да сол жарлының халі сықылды. Ғылымның жаңа жолын табуға іздемек түгіл, тапқан ғылымға қолымызды жеткізерлік бізде еш нәрсе жоқ.
Жұртқа ғылым үйретумен, көрумен, білумен жайылады. Білімнің бас құралы - кітап. Қазақ арасында білім жайылуына, әуелі, оқу үйренетін орындар сайлы болу керек, екінші, білім тарататын кітаптар жақсы боларға керек һәм халық арасына көп жайыларға керек. Осы мақсатқа жетуге зор себепкер болатын істің бірі - білім жарысы.
Білім жарысының басқадан артық бір жері мынау: бұған шығарған ақша далаға кетпей, көздеген мақсатқа тура тиеді. Егін салсаң, шықпай қалып, босқа шығындау ықтимал, мал жисаң, өліп қалып, босқа шығындау ықтимал, білім бәйгесінен пайда болмаса, шығын болмайды. Пайдасы боларлық істі істемей, бәйгеге ешкім қол созбайды. Солай болған соң, бұған шығарған ақша босқа кетуге тіпті орын жоқ.
Еуропа байлары мұндай іске ақшасын басы бүтін қиып, жомарттық етеді. Ақшасын пайда қылып, сонымен малын көбейтуге шығармайды, әуелден-ақ жұрт үшін, көп үшін қайтпас қайыр құрбаным деп шығарады.Біздің қазақ байларында Еуропа байларындай мол байлық жоқ, аз байлықпен халінше жомарттық қылатын байлар қазақта аз, жоқтың қасында. Біреудің малы көп болса да, саңылауы жоқ болады. Жұрт ісіне жаны ашып, жұрт намысына қаны қызатын қазақта адамдар аз болады. Себебі жұрт жұмысы деген қазақтың әдетінде болған емес. Өзге жұрттан оңаша жүріп, қазақ басқа халықтармен бәсекелесіп, жарысқа түскен жоқ. Сондықтан жұрт жұмысы, ұлт намысы деген сөз қазақтың көбіне түсініксіз нәрсе. От басына келерлік бәле болмаса, жұрт басына келерлік бәлені ойлап, уайымдамайды. Қуанышы, қайғысы от басынан аспайды.Ұлт намысы дегенді қазақтың көбі екі ауылдың, екі таптың я екі рудың намысы деп ұғады.
Басқадан кемшілік көрсе, намыстанбайды, кектемейді, бір-бірінен кемшілік көрсе, кегін жібермейді. Ауылын шауып, адамдарын сабаса, жауын мұқатып, мақсатына жетіп болғаны. Халықтың көбі сондай болған соң, сол көптің ішіндегі байлар қайда барсын? Сондықтан қазақ байлары білім бәйгесіне ақшасын Еуропа байларындай басы бүтін бере алмайды. Еуропаша істе деп айтуға аузымыз бара алмайды.Осыны есімізге алып, Еуропа үлгісін қазақтың мүшесіне лайықтап, артығын мінеп, қазақ байларының алдына саламыз.
Қазақтың байлары білім бәйгесіне ақшасын басы бүтін шығармасын, өзіне қайтаратын етіп бәйгеге тіксін. Оны былай етуге болады: жоғарыда айтылды, білім жарысы қазақ арасына білім тарататын кітаптар шығаруға болсын деп. Білім түрлі болады. Білімнің әр түрін бірдей жақсы білетін адамдар аз болады. Бір түрін жақсы білетіндердің табылуы қиын емес. Докторлық ғылымын оқығандар денсаулық жайынан керек кітаптар жазуға мүмкін нәрсе; шаруа жайын оқығандар шаруа жайынан қазаққа керек жақсы кітаптар жазуға мүмкін нәрсе; оқыту жайын жақсы білетіндер мектеп кітаптарын жақсылап шығаруға мүмкін нәрсе; әдебиет ауданында жүйріктер халықтың қылығын, құлқын түзетуге керегі бар жақсы романдар сондай сөздер шығаруға мүмкін нәрсе.
Осындай кітаптарға бәйге тігілсе, ол бәйге нағыз жақсы шығарған ғана кітаптарға берілсе, тігілген бәйгеге қарай бәйге кітапты бір я екі рет бай бастырып, ақшасын өндіріп алатын болса, сонан кейінгі бастырулары жазушы өз еркіне берілсе, осы шартпен білім жарысы істелсе, әуелі бәйге тігуге жомарттық көп керек болмас еді: неге десең, сынаудан өтіп, жақсы деп бәйге берілген кітап өтпей қалады деп қауіптенуге орын жоқ. Екінші, жазушыға да қолайлы. Шығарған кітабы жақсы болса, еңбегіне тиісті даяр ақшаны алып, онан әрі тағы жақсы кітап шығаруға кірісер еді. Еңбегіне ақысы татымды болған соң, ол өзін сол жұмысқа алаңсыз жегер еді. Әр жерден сондай жазушылар шықса, білім жұмысын айдап алға бастырмай қоймас еді.
Бәйге тігушіге де, бәйге алушыға да тынышты, жұрттың білім турасындағы істерін алға сүйреуге қолайлы һәм нағыз керек жолдың бірі, біздің ойымызша, осы. Бұған, басқалар һәм байлар, не айтасыздар? 1913 ж.
(Байтұрсынов А. Ақ жол: Өлеңдер мен тәржімелер, публ. мақалалар және әдеби зерттеу/Құраст. Р. Нұрғалиев. - Алматы: Жалын, 1991.- 464 бет. 256-258- беттер).
АНАМА ХАТ
Қарағым, дұғагөйім, қамқор анам!
Арнап хат жазайын деп, алдым қалам.
Сені онда, мені мұнда аман сақтап,
Көруге жазғай еді Хақ тағалам!
Бара алмай, өтірікші болып әбден,
Семейдің түрмесінде отыр балаң.
Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбы жоқ,
Өкімет, өр зорлыққа не бар шараң!
«Үмітсіз шайтан болсын» деген сөз бар,
Жолдар көп жәннатқа да тарам-тарам.
Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп,
Бітпеген жүрегімде бар бір жарам.
Алданып тамағыма, оны ұмытсам,
Болғандай жегенімнің бәрі харам.
Адамнан туып, адам ісін етпей,
Ұялмай, не бетіммен көрге барам?!
Көп айтпай, қысқасынан сездіретін -
Балаңның мінезі бар сөзге сараң:
Кетер деп «суға құлап, отқа түсіп»,
Қайғы жеп, менің үшін болма алаң!
Отырмын абақтының бөлмесінде,
Бұйрықсыз көз жетеді өлмесіме.
Есіктің құлпы мықты, күзетші көп,
Ажалдан басқа ешкім келмесіне.
Қоршаулы айналасы, биік қорған,
Берік қып салған темір терезесіне.
Қалайша мұны көріп көңіл сенбес
Аттанып жау келсе де бермесіне.
Қаламда Лаухул-Махфуз ұмытқан ба,
Жазбапты бұл орынды көрмесіме.
Қаңбақпен салмағың тең бұл бір заман,
Ылаж жоқ жел айдаса ермесіңе.
Тайпалған талай жорға, талай тұлпар
Тағдырдың кез болып тұр кермесіне.
Солардан жаным, тәнім ардақты емес,
Орынсыз күйзелейін мен несіне!
(Байтұрсынов А. Ақ жол: Өлеңдер мен тәржімелер, публ. мақалалар және әдеби зерттеу/Құраст. Р. Нұрғалиев. - Алматы: Жалын, 1991.- 464 бет. 79-80 - беттер).
ОҚУҒА ШАҚЫРУ
Балалар! Оқуға бар! Жатпа қарап!
Жуынып, киініңдер шапшаңырақ!
Шақырды тауық мана әлдеқашан,
Қарап тұр терезеден күн жылтырап.
Адам да, ұшқан құс та, жүрген аң да,
Жұмыссыз тек тұрған жоқ ешбір жан да:
Кішкене қоңыз да жүр жүгін сүйреп,
Барады аралар да ұшып балға.
Күн ашық, тоғайлар шат, ың-жың орман,
Оянып жан-мақұлық түнде қонған,
Шығады тоқылдақтың тоқ-тоқ даусы,
Сайрағы сарғалдақтың сыңғырлаған.
Өзенде балықшылар ау қарап жүр,
Тоғайда орақ даусы шаң-шұң орған.
«Аллалап», ал кітапты қолдарыңа!
Құлдарын Құдай сүймес жалқау болған.
(Байтұрсынов А. Ақ жол: Өлеңдер мен тәржімелер, публ. мақалалар және әдеби зерттеу/Құраст. Р. Нұрғалиев. - Алматы: Жалын, 1991.- 464 бет. 65-66- беттер).
НЕГЕ АРНАЛСАҢ СОНЫ ІСТЕ
«Неге арналсаң, соны істе» деген алғашқыда бос сөз сияқты көрінсе де, бұл мағынаның астарында, асса әлеуметке, қала берсе ер адамға маңызы зор терең мәселе жатыр. Мәселені дұрыс шешу үшін ғылым жолымен зерттеу керек. Әлеумет тұрмысындағы зор кемшіліктің бірі - әлеуметтің мүшесі ер адам «өз орнында» қызмет етпеу. Естеріңізде болсын: адам қалай болса солай сүйреуге көне беретін тулақ емес, қалай қақса солай домалайтын «алланың» добы да емес. Ада өзінің ыңғайымен, еркімен қызмет ететін зат.
Кісі іштен туғаннан-ақ белгілі бір өнерге, қызмете икем болып туады; басқаша айтқанда, әр адамда бір нәрсеге талап, ыңғай, қабілет яки зеректік болады. Біреу бала оқытуға, біреу етік тігуге, біреу әкім болуға, біреу мал бағуға, біреу іскерлікке, біреу жазушылыққа, біреу дәрігерлікке, біреу саудаға, біреу сөзге, біреу дауға ыңғайланып жаралады. Өмірде жұмысқа икемі жоқ жан сирек болады. Ең болмаса өтірік айтуға зерек болып жаралады.
Кімде-кім өзіне біткен ыңғайына қарай өз жолымен жүріп, қызметте де, өз басына, әлеуметке де үлкен пайда келтірмек. «Өз орнындағы» адамның жұмысы да өнімді, берекелі болмақ.
Қайғы сол: өз жолын шу дегеннен тауып алатын адамдар сирек болады. Адамның көбі ана жолға бір, мына жолға бір түсіп, өмір бойы өз соқпағын таба алмай, сенделумен күні өтеді. Өз жолымен қызмет істемеген адамның жұмысы берекесіз болғаны өз алдына, ондай адам ісіне көңілі жарымағандықтан өмірге налып, зарланып, бақытсыз жан болып күнелтеді.
Санап қарасақ, әр өнер, әр қызмет мемлекетке, әлеуметке керек. Әлеумет те, мемлекет те әр адамның еңбегі берекелі, пайдалы болуын көздейді. Неғұрлым әр мүшесінің еңбегі жемісті болса, соғұрлым әлеумет тұрғысы да тез оңалмақ. Әр адамның еңбегі қашан жемісті болмақ?
Әркім «өз орнында» қызмет істегенде. Олай болса, бұл – негізгі мәселе.
Әр адам бір жағынан әлеуметтің мүшесі болып, әлеуметке пайда тигізуі қажет.
Екінші, әр адам өз пайдасын, өз мақсатын көздемек. Бас мақсатын біржола ұмытып, әлеумет қызметін түгел білетін адам болуы мүмкін емес, ондай адам кемде-кем. Біреу әлеумет үшін еңбегін көп жұмсайды, біреу бойын тежеп, бас мақсатын көбірек сағалайды. Айырма жалғыз осында. Бұл адамның табиғатынан туатын заң. Неге десеңіз, әр адамға тіршілік ету керек. Азды-көпті өмірін әркім өз көңіліндегідей мұңсыз өткізуге талпынады. Сондықтан ең күшті мақсат – бас мақсат. Қайткенде әрі жеке адамның, әрі әлеуметтің пайдасы бірден табылады? Қай уақытта әлеумет тілегі мен жеке адам тілегі тоғысады?
Әр адам табиғатына біткен қабілетіне, ыңғайына, зеректігіне қарай өз орнында қызмет етсе, сонда табылады...
(Аймауытов Ж. Неге арналсаң соны істе//Социалистік Қазақстан, 07.01.1989)
ҚАРАҒЫМ
Қарағым, оқу оқы, басқа жүрме!
Ойынға, құр қаларсың, көңіл бөлме.
Оқымай, ойын қуған балаларға
Жолама, шақырса да, қасына ерме!
Кідірме, аялдама, алға ұмтыл,
Алам деп көктен жұлдыз, қолың серме.
«Қарманған қарап қалмас» деген рас,
Тоқтамай істер болсаң батып терге.
Жасынан оқу оқып, өнер қуған
Жан жетпес көңілі жүйрік кемеңгерге ...
Білімсіз, құр қалтақтап жүргенменен
Ерте өлген, көмілулі қара жерген.
Жастық, байлық, қол қусырып бос жүру
Жас өспірім үмітті ерте бұзады.
Тер ағызып, өліп-талып табылған
Ата дәулет быт-шыт болып тозады.
(Жұмабаев М. Көп томдық шығармалар жинағы. 1 – том. Өлеңдер, дастандар, әңгіме. – Алматы: Жазушы, 2008.-208 бет. 34-бет)
ТЕЗ БАРАМ
Қыранымын сары сайран даланың,
Қос қанатым – алтын Алтай, Оралым.
Еркін дала ардақтысы, еркесі –
Бетім қайтпай өскен батыр баламын.
Асқан алып - ата затым сұрасаң,
Асқан дана - ана затым сұрасаң.
Шашып жалын жас жолбарыс ұмтылса,
Қорқақ құлдар, қалай қарсы тұрарсың?!
Тұлпар мініп, туды қолға алайын,
Сурып қылыш, қан майданға барайын.
Жердің жүзі кім екенім танысын,
Жас бөрідей біраз ойын салайын.
Тірілтейін алып атам аруағын,
Тазартайын Сарыарқамның топырағын.
Жан-жағына тегіс билік жүргізіп,
Кемеліне келсін кейінгі ұрпағым.
Дұғада бол, алтын Алтай – қарт анам,
Алып ата, қуды жолың ер балаң.
Ақ шашыңды, көкірегіңді иіскеуге,
Тәңірі жазса, сәулетпенен тез барам.
(Жұмабаев М. Көп томдық шығармалар жинағы. 1 – том. Өлеңдер, дастандар, әңгіме. – Алматы: Жазушы, 2008. - 208 бет. 46-бет)
ЖІГІТТЕРГЕ
Көрген мен көрмегенде көп парық бар,
Болмайды жігіт жақсы сыннан өтпей.
Үлкенге, кішіге де ілтипат қыл,
Жатырқап еш адамды сыртқа теппей.
Ғибрат ал жақсылықтан жақын жүріп,
Аулақ қаш жамандықтан сырттан шеттей.
Орынсыз батырлыққа арандама,
Әр істің мазмұнына көзің жетпей.
Жігіттер, мұнан ғибрат алмай болмас,
Адамға бірлік керек болса жолдас.
Бірінің айтқанына бірі көнбей,
Істеген бәтуасыз ісің оңбас.
Алыс пен жақын ойлы болмас жолдас,
Қас қылған жолдасына жігіт оңбас.
Бар болса нәсілінде бір шикілік,
Өзге түгіл - өзіне болады қас.
Бақ-дәулет басындағы бір гәуһар тас,
Жоқ болса бұл екеуі ісің оңбас.
Қызығы бұл жалғанның мал менен бас,
Дараққа миуасы жоқ бұлбұл қонбас.
Дос емес дос сыртынан жамандаған,
Несі дос бір қатасын жаба алмаған.
Дос қайда досы үшін жан қинайтын,
Әншейін дүние үшін амалдаған.
(Дулатов М. Оян, қазақ! Роман, өлең-жырлар, әңгімелер. Алматы: Атамұра, 2003. – 192 бет. 105-106 беттер)
ШАЛДЫҢ ҮШ БАЛАСЫ
(ертегі)
Күндерде бір күн ертеде бір шал болыпты. Шалдың үш ұлы бар екен. Бір күні шал үш баласын қасына алып отырып сұрапты: «Қорамда сан жетпейтін малым бар. Сандығымда сан жетпейтін алтын бар. Мен өлгенде қалай қылып көмесіңдер?» деп сұраған. Көп кідірмей-ақ балалары көңіліндегі барын айтады.
- Ой, мен сені жібекке орап ақ жауып, арулап, шақырмаған ел қалдырмай, басыңа мыңдап қой, жүздеп жылқы шығарам, - деген үлкен баласы. Онан соң ортаншы баласына : «Сен, мен өлгенде қалай ғып көмесің?» деген шал.
- Ой, мен сені қадірлеп, басыңа осы малдың бәрін шығарам, атағыңды жер жүзіне өлген күні шығарып, басыңа атыңды жаздырып көк тас қойғызам, - дейді ортаншы баласы. Онан соң: «Өлгенде қалай ғып көмесің?» деп сұраған кіші баласынан шал. Біраз ойға қалып отырыпты да: «Сенің өлуің біледі, менің көмуім біледі», - деген кіші баласы.
Көп кешікпей бір жылы мықты ашаршылық болып, ел жұтап, ашаршылықтан жұрт тегіс қырылған, сонда әлгі байдың тігерге тұяқ малы қалмай жұтаған. Екі үлкен баласы аштан өліп, бар мал-жанынан айырылып, жалғыз кенже баласы қалыпты. Бір күні шал ауырып қаза тапқан. Кенже баласы үстіндегі шекпеніне орап, жер ошаққа көмуге-ақ шамасы келіпті.
(Дулатов М. Оян, қазақ! Роман, өлең-жырлар, әңгімелер. Алматы: Атамұра, 2003. – 192 бет. 161-бет)
ЕШКІМГЕ ЖАУЫЗДЫҚ ҚЫЛМА
Тіленші байдан қайыр сұрайды. Бай оған еш нәрсе бермей: «Кет, жоғал», - деп ақырады. Тіленші кетпеді. Сонда бай ашуланып, алдында жатқан тасты алып Тіленшіге атты. Тіленші жерден тасты алып, қойнына салып тұрып айтты: «Осы тасты қашан сенің өзіңе жоғалтпай атуға күн туғанша сақтармын», - деп.
Тіленшінің айтқанындай-ақ, тасты ататын күн туды. Бай бір жаман іс істеп малынан айырылып, өзін абақтыға алып бара жатыр екен. Бұған Тіленші кез болып, қойнындағы сақтап жүрген тасын алып атпақшы болоды да, ойланып тұрып қалып, өзіне-өзі сөйлейді: «Әттеген-ай, бұл тасты бекер сақтап жүрген екенмін, мұнан бай әлі күшті күнінде мен бұдан қорқушы едім, мұны күндеуші едім, енді қазір мұндай нашар халін көріп, көңіліме аяушылық түсті».
(Дулатов М. Оян, қазақ! Роман, өлең-жырлар, әңгімелер. Алматы: Атамұра, 2003. – 192 бет. 163-бет)
ІІІ. ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ НҰСҚАЛАРЫ
БАБАЛАР ТАҒЫЛЫМЫ - ӘДЕП БАСТАУЫ
Құлпытастардағы тағылым сөздер (VI-VIII ғғ.)
... Аштықта тоқтықты түсінбейсің. Бір тойсаң аштықты түсінбейсің. Атамыз, бабамыз ұстаған жер-су иесіз болмасын деп, аздарды халық етіп құрап, оларға Төре бек болды... Әкеміз, ағамыз құрған халықтың аты, даңқы өшпесін деп, түркі халқы үшін түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым...
Жалаңаш халықты тонды, кедей халықты бай қылдым, аз халықты көп қылдым, татау елге жақсылық қылдым, төрт бұрыштағы халықтың бәрін бейбіт қылдым... Ұландарым, бектерімнің, халқымның қасы-көзі өзі болар деп қайғырдым... Жұқаны бүктеу оңай, жіңішкені үзу оңай. Жұқа қалыңдаса, оны тек алып бүктейді. Жіңішке жуандаса, оны тек оңай үзеді...
Бүкіл түрік халқына жау келтірмедім... Қандай қағанат болмасын, оның халқының арасында пәтуасыз табылса, онда ол халықтың қанша соры бар десеңізші...
Өлімнен ұят күшті... Жақын отырған сыйдың құрметтісін алады, алыс отырған сыйдың «немкеттісін» алады... Су ағысы тартылса – жас жапырақ қурайды, адамдардан күш кетсе – жат кісіге бағынады...
Тағдырды тәңірі жасар. Адам баласы өлу үшін туады... Егер сен, түрік халқы, өз қағаныңнан, өз бектеріңнен, өз Отаныңнан жырақ кетпей, бірге жүрсең, сен өзің де бақытты өмір сүресің, өзіңнің от басың да еш нәрседен мұқтаждық көрмейді... Ер жүрек халық – күшті халық... Бізге жеңіс әперген жер-суымыз – Отанымыз деп білу керек.
(Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы. Алматы, «Рауан», 1994, 89-90 беттер)
Достарыңызбен бөлісу: |