Бұл кітапта мекемелерді, кәсіпорындар мен ұйымдарды құру кезінде, қызмет ету барысында іс қағаздарын жүргізуге байланысты туындайтын негізгі мәселелерге жауап беруге тырыстық. Ел аумағында қолданылып жүрген заңдар, нормативтік-құқықтық актілер мен стандарттар талаптары, сондай-ақ іс қағаздарын жүргізудің халықаралық тәжірибелері мен стандарттары да басшылыққа алынды. Құжаттардың негізгі түрлеріне арналған материалдар тиісінше нақты құжаттың үлгілерімен дәйектеліп отырды. Кітаптың соңында қосымшалар ретінде беріліп отырған дәйектемелік материалдардың да пайдаланушыларға тигізер пайдасы мол болар деп үміттенеміз. Бұл кітаптың әмбебаптығы мен қолданбалы сипатын арттыра түседі.
Еңбектің қамту ауқымының ауданды, мазмұнының бай болуына авторлар құрамының қызмет барыстарында жинақтаған тәжірибелері мен ғылыми-әдістемелік ізденістерінің де елеулі әсері болды. Негізінен бұл еңбекті Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының, Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасы мен Сараптама және аударма бөлімінің, Мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту республикалық орталығының ұзақ жылғы қызметтері барысында жинақтаған тәжірибелерінің бір үзік көрінісі деп бағалауға болады.
Әрине, бір кітапта тұтас бір жүйенің барлық мәселесін қамту әрі шешіп тастау мүмкін емес. Жұртшылықты іс қағаздарын жүргізу негіздерімен таныстыруды көздеген бұл еңбекті ана тіліміздегі ресми-іскерлік стильді қалыптастырып, дамыту бағытында жасалған ізгі қадамдардың бірі деп қабыл алған лазым.
Адам алаламас ақ жүрек оқырмандардың бірі өз тәжірибесімен бөліскісі немесе осы кітапқа қатысты ұсыныс-тілектері мен сын-ескертпелерін білдіргісі келсе, біз оларды ризашылықпен қабылдауға және алдағы ғылыми ізденістеріміз барысында ескеруге дайынбыз.
Қосымша
І. Іс қағаздарының қысқаша түсіндірме сөздігі
А
АДРЕСАТ - алушы.
АДРЕСАНТ – жөнелтуші.
АҚПАРАТТЫҚ-АНЫҚТАМАЛЫҚ ҚОР – салалық ақпараттық қызмет көрсету мақсатында пайдаланылатын баспаның жүйелендірілген шығармалар және жарияланбаған ғылыми, техникалық құжаттар жиынтығы.
АҚПАРАТТЫҚ ХАТ – басқа кәсіпорындарды немесе мүдделі адамдарды болған факт немесе жоспарланған іс-шара туралы дер уақытында ақпараттандыратын хат.
АННОТАЦИЯ – түпнұсқаның қысқаша сипаттамасы.
АНЫҚТАМА - 1. Сол немес басқа фактіні немесе оқиғаны сипаттайтын және анықтайтын құжат. 2. Биографиялық немесе қызметтік сипаттағы фактіні анықтайтын құжат.
АСПЕКТ – құжатты іздеуге немесе одан қажетті мәліметтерді алуға түрткі болған жайт.
Б
БАҒДАРЛАМА - ұйымның немесе кәсіпорынның белгілі бір мерзімде жұмыстың негізгі бағытын немесе ауқымды жұмыс, тәжірибені жүзеге асырудың кезеңі және мерзімі көрсететін құжат.
БАҚЫЛАУ ПАРАҒЫ - қарар және хаттың тақырыбы енгізілген құжаттарды жеке тіркеуге арналған талон.
БАСТАМАШЫ ҚҰЖАТ – белгілі бір мәселені қарауға түрткі болған құжат.
БЛАНК – анықтамалық сипаттағы мәтін және бос жерлері бар арнайы үлгідегі ақ қағаз.
БҰЙРЫҚ - 1. Негізгі және жедел тапсырмаларды орындау мақсатында жеке басшылық негізінде әрекет ететін мемелекеттік басқару органының (оның құрылымдық бөлімшелерінің) басшысы шығарған құқықтық акт. Кей жағдайларда бағыну тәртібіне қарамастан ұйымның барлық ортасына және лауазымды тұлғаға да қатысты болуы мүмкін. 2. Мемлекеттік орган және ведомстволық арбитраждың шешімін міндетті түрде орындауға беретін құжаты.
БҰЙРЫҚ БЕРУ - әскери және кейбір басқа мекемелерде командир (басшының) жариялайтын құжат.
БҰРЫШТАМА – лауазымды тұлғаның құжатпен танысу фактісін растайтын қолы.
Г
ГРИФ – іс хат-хабарларының ерекше сипатын немесе ерекше тәсілмен жөнелтілуін көрсететін белгі (мысалы «құпия», «шұғыл», «жариялауға болмайды», «жеке өзіне» т.б.).
Д
ДАТА – құжат жасалған күн, ай және жыл, ол араб санымен көрсетіледі.
ДӘЛЕЛДЕУ ХАТ –құжаттың жөнелтілгенін анықтайтын факт, бұрында қозғалған мәселе және т.б. туралы хат.
ДИРЕКТИВТІК ҚҰЖАТ – жоғары тұрған органның орындауға міндетті нұсқауы бар құжаты.
ДУБЛЕТТІ ҚҰЖАТ – көбейтілген құжат даналарының бірі.
ДУБЛИКАТ (телқұжат) – түпнұсқасының орнына жасалған құжат, заңды күші бірдей болады.
Е
ЕРЕЖЕ – 1. Ұйымның және мемлекеттік органдардың, оның құрылымдық бөлімшелерінің, сондай-ақ бағынышты мекеменің, ұйымның, кәсіпорынның негізгі ережесін бекітетін құқықтық акт. 2. Мемлекеттік, саяси, қоғамдық, мәдени немесе шаруашылық өмірдің белгілі бір саласын реттейтін ережелер жинағы.
ЕРЕКШЕ БЕЛГІЛЕР – құжатты орындау жеделдігі, құпиялық дәрежесі.
ЕРКІН ҰСЫНЫС - еш міндет жүктемейтін ұсыныс. Егер тапсырыс беруші мұндай ұсыныс шартын қабылдаса, онда келісім бекітілген болып саналады.
ЕСКЕРТУ ХАТ – қандай да бір факт туралы ақпарат екінші рет берілетін хат. Мұндай хат телеграммаға ұқсас болады.
ЕСЕП – жоғары мекемеге немесе лауазымды тұлғаға ұсынылатын жоспарлар, тапсырмалар, іссапарлар және шараларды дайындау, өткізу және орындау нәтижесін (қортындысын) туралы мәліметтер бар құжат.
Ж
ЖАЗБА – қандай да бір мәселенің қысқаша баяндалуы не қандай да бір құжаттың, фактінің, оқиғаның қысқаша баяндалуы (мысалы, қызметтік хат, еске салу хат, баяндау хат, түсіндірме хат).
ЖАРНАМАЛЫҚ ХАТ - өнімді алуда немесе көрсетілген қызметте жетіспеушілік, ақаулардың болғаны жайлы арыз.
ЖЕКЕ АДАМДАРДЫҢ ІС-ҚАҒАЗДАРЫ – қандай да бір адамның құжаттары енген іс-қағаздары (өмірбаяны, білімі, еңбек немесе қоғамдық қызметі туралы).
ЖЕКЕ ШОТ - ұйыммен немесе тұлғамен анықталған және олармен ақшалай есебі бар қандай да бір нақты құрал түрінің (материал, құрал-жабдық, өнім, тұрақты т.б.) берілуін көрсететін бухгалтерлік құжат.
ЖЕКЕ ҚҰРАМ БОЙЫНША КАРТОТЕКА – жеке тұлғалардың еңбек стажы, білімі, еңбекақысы, әскерде қызмет етуі, әлеуметтік жағдайы және т.б. бар құжаттамалық материалдар каталогы.
ЖЕКЕ ТҰЛҒА – азаматтық құқықтық қатынасы бар азамат. (азаматтық құқық және міндетті адам).
ЖІБЕРІЛГЕН ХАТТАР НӨМІРІ – жіберушінің құжатты тіркеу нөмірі.
ЖІКТЕМЕЛІК ИНДЕКС – жіктеу схемасына жіктемелік бөлгіш беретін және жүйелік және басқа каталогтардың карточкаларына қойылатын шартты белгі (сандық, әріп, аралас). Ол құжаттарда да, сол секілді істерде де қойылуы мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |