XIX ғасырдың 70-жылдары Қазақстан аумағында облыстар құрылғаннан кейін олардың барлығында да статистикалық комитеттер пайда болды. Олар Қазақстан халқының тарихы, мәдениеті және шаруашылығы жөнінде құнды деректер мен мәліметтер жинастырды. Ол материалдар облыстарда жыл сайын мұқият шығып тұратын «Шолуларда» және «Естелік кітапшаларда» жарияланып тұрды.
Батыс Қазақстанның тарихын зерттеуде Орынбор ғылыми мұрағат комиссиясы көп жұмыс атқарды. Ол 1887 жылы құрылған болатын. Комиссия мәжілістерінде мұрағаттық дерек көздері негізінде әзірленген ғылыми баяндамалар талқыланды. Ол материалдар «Орынбор ғылыми мұрағат комиссиясының еңбектері» деген атпен жарияланып тұрды.
1895 жылдан бастап Қазақстанның оңтүстік аумағын археологиялық тұрғыдан Археология әуесқойларының Тұркістан үйірмесізерттеуге кірісті. Үйірме мүшелері археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді, оның нәтижелерін ғылыми басылым беттерінде жариялап тұрды.
XIX ғасырдың соңы - XX ғасырдың бас кезінде Қазақстанның далалық уездерін Ф. Щербина бастаған экспедициялық топ зерттеді. Экспедицияға қатысушылар «Қырғыздардың (қазақтардың. - авт.) жер пайдалануы туралы материалдар» деген атпен көп томдық еңбек әзірледі. Бұл топтың жұмысына Қазақстанның әртүрлі уездеріндегі білімді қазақтар да белсене қатысты. Бұл материалдар XIX ғасырдың аяғы - XX ғасырдың басындағы қазақ шаруашылығының жай-күйі жөніндегі теңдесі жоқ деректеме болып табылады. Сонымен қатар қазақ халқы туралы құнды деректер Ресей империясының 1897 жылы өткізілген алғашқы Бүкілресейлік халық санағы кезінде жиналды. Онда Қазақстанның шаруашылық қызметі, мәдениеті, тарихы, сондай-ақ халқының саны жөнінде аса қажетті мәліметтер мол болды.
Қазақстандағы ғылыми мекемелер мен кешенді зерттеулер
Орыс географиялық қоғамының (РГО) бөлімдері мен бөлімшелері