Ауыз әдебиеті үлгілерін жинауы. Мәшһүр Жүсіп философия, медицина, астрономия, геология, география, этнография, фольклор, лингвистика, педагогика т.б. ғылымдарды зерттеумен белсене айналысты. Діни зерттеулер де жүргізді. Даланың бай мәдениеті жайлы, қазақ халқының тарихы мен діни наным-сенімі туралы материалдар жинастырды.
Халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинау ісімен Мәшһүр Жүсіп бала кезінен айналысты. 1865 жылы ұстазы Қамар хазіреттің көмегімен «Ер Олжабай батыр» эпосын жазып алды. Бозбала шағында Абылай хан, Қазыбек би, Бөгенбай батыр және т.б. тарихи тұлғалар туралы мағлұматтар жинастырды. Ол Омбы, Павлодар, Семей, Петропавл, Атбасар, Ақмола қалалары төңірегіндегі және басқа өлкелердегі ауылдарда болды. Оңтүстік және Батыс Қазақстан аумағын тү- гелдей дерлік аралап шықты. Бұл сапарларының барысында қазақ даласының әйгілі адамдары, атап айтқанда Мейрам қажы Жанайдарұлы, Кенесары ханның ұрпақтарымен және Ақан сері, Саққұлақ билермен танысты. Ел арасынан жинаған материалдары бүгінде ауыз әдебиетін зерттеуші ғалымдар, тарихшылар мен филологтар үшін бағалы еңбек болып табылады.
Мәшһүр Жүсіп білікті өлкетанушы да еді. Ол халықтың әйгілі жырауы Бұқар Қалқаманұлыныңжерленген жерін тауып, анықтады. Мәшһүр Жүсіптің қажырлы ізденушілік еңбегінің арқасында ұлағатты сөздер, тарихи аңыздар, этнографиялық мәліметтер, хан, сұлтан, би, батыр, қожалардың шығу тегі жайлы құнды деректер жинастырылды.
Мәшһүр Жүсіп ел арасынан тарихи жерлер, қасиетті адамдар мен әулиелер, тарихи тұлғалардың өмірі жайлы халық ауыз әдебиетінің үлгілерін («Асанқайғы», «Сүлеймен мен құмырсқа», «Нұқ пайғамбар мен кемпір» т.б.) хатқа түсірді. Ол өз шығармаларында жасаған жақсылығыңның өзіңе қайтатыны туралы жазады. Табиғат пен адам, әлемнің өзара байланыста, үйлесімді өмір сүруі керектігін ашып көрсетеді.
Ол Орталық Азияның тарихына қатысты деректерді түпнұсқасынан оқи алды. Қазақ хандығының құрылу кезеңі, хандар мен сұлтандардың шығу тегі жайлы бірнеше нұсқаларын жазып шықты. Мәшһүр Жүсіп қазақ халқының тарихын көрнекті тұлғалар өмірімен байланыстыра жазады. Мәселен, Абылай ханға «Ұлы Даланың айбынды билеушісі» ретінде баға береді.
Мәшһүр Жүсіптің қазақ халқының айтулы хандары (Қасым хан, Есім хан, Тәуке хан т.б.) жайлы тарихи мәліметтер негізінде жазылған шығармалары ғылыми маңызы зор, құнды еңбектер саналады.