Құс шаруашылығында жұмыс істейтіндерге әсер ететін өндірістік факторлар мал шаруашылық кешендеріндегі факторларға ұқсас болып келеді, оған жататындар әрдайым қолайлы бола бермейтін микроклимат жағдайлары, ауа мен қоршаған орта нысандарының ластануы, жығымсыз өзіндік иісі, физикалық және жүйкелік-эмоционалдық жүктемелер. Дегенмен де, құс шаруашылығы технологиясымен байланысты олардың бірқатар ерекшеліктері бар. Құс өсіретін кешендерде құстарды бірінің үстіне бірі орнатылған бірнеше қабат торларда ұстайды немесе ауыстырылатын төсеніш үстінде еденде ұстау әдісін қолданады. Торда ұстау әдісінде негізгі үрдістер механикаландырылған және құс өсірушінің еңбегі көбінесе операторлық сипатта болады. Дегенмен де жұмыртқаның қабығын жарып шыққан балапандарды таңдап алу және сұрыптау, жұмыртқаларды сұрыптау және инкубаторларға салу, жас балапандарды алғашқы 10-15 күнінде өсіру, және қасапханадың конвейерлерінде құстарды сою, ішек-қарындарын ақтару және сұрыптау қолмен атқарылады. Жұмыс тез қарқындылығымен, бір сарындылығымен, жұмыс кезінде мәжбүр дене тұрысы болуымен, динамикалық дене жұмысы жүктемесімен сипатталады.
Шаңның құрамы бөлмелердің тағайындалуына байланысты болады. Мысалы, инкубаторлық цехтарда шаң негізінен балапандардың қауырсындарынан тұрады. Өсіп келе жатқан және ересек құстарды ұстайтын жайларда шаңның құрамында азықтық қоспалар, антибиотиктер, қауырсындар, мамықтар, әр түрлі микрофлора болады. Оның үстіне, құс өсіретін фабрикалардағы ауаның бактериалды ластануы мал шаруашылығы кешендерімен салыстырғанда аса жоғары болып келеді. Құс шаруашылығында жұмыс істейтіндерде биологиялық белсенді заттардан аллергияға ұшырау деңгейі жоғары, себебі құстарға берілетін жем биологиялық белсенді қоспаларға бай болып келеді. Аллергиялық ринопатиялар, созылмалы демікпелі бронхит, бронх демікпесі, аллергиялық конъюктивиттер жиі кездеседі, ал сирекірек дерматиттер мен экземалар кездеседі.
Қой өсіретін шаруашылықтарда қойды мал бағудың отарлық жүйесін қолданылады. Мұндай жүйеде шабандар ұзақ уақытқа тұрақты мекен жайынан ұзақ уақытқа шығып кетеді. Бүкіл жұмыс күнін, олар ашық ауада өткізеді, әр түрлі ауа райы және климат жағдайларының әсеріне ұшырайды. Қойлардың жүнін қырқу, қоздату кезінде қойшылар сарыпты, аса қауіпті және трансмиссивті жұқпалы ауруларды және басқаларды жұқтыру қаупіне ұшырайды. Терінің іріңді зақымдалулары мен шеткері жүйке жүйесінің қабыну үрдістері жиі кездеседі. Қой бағумен айналысатын әйел адамдарда қынап пен жатырдың төмен түсуі, жыныс мүшелерінің қабыну аурулары кездеседі.
Мал шаруашылығы мен құс шаруашылығындағы еңбек жағдайын сауықтырудың негізгі жолдарына өндірістік үрдістерді, әсіресе ауыр дене еңбегі қолданылатын жерлерде: малдарды суару, қоректендіру, сауу, қора-қопсыларды жайларды тазалау сияқты жұмыстарды автоматтандыру және механикаландыру жатады. Ауаның ластануын төмендету үшін қораларды тезектен, жем науаларын – оқтын-оқтын зарасыздандырып жемнің қалдықтарынан мұқият тазалап отыру керек. Микробтармен ластануын азайту үшін, сондай-ақ бактерицидті шамдардың сәулесімен әсер етіп тазартуға қол жеткізу керек. Жасанды желдетуді ұйымдастыру және фрамугалар мен басқа да құрылғылар көмегімен табиғи ауа алмасуын күшейтудің маңызы зор. Шаң пайда болатын көздері, мысалы, жем дайындайтын цехтарда жергілікті сормалы желдету құрылғысы бар қалқалармен жабдықталуы тиіс, ал технологиялық үрдіс механикаландырылған және автоматтандырылған болуы керек. Жылжымалы жем тартып беретіндер ретінде, ауаны тракторлар сияқты жанған жанар май (выхлопной) газдармен ластамайтын және қарқынды шуыл шығармайтын электрокарларды қолдану керек.
Антибиотиктерді қолдану мен оны мөлшерлеуді қораларды уытты және биологиялық белсенді заттардың аэрозольдерімен өңдеуді, пестицидтер қолданылуын қатаң гигиеналық бақылау қажет. Олармен жұмыс істегенде респираторлар, көзілдіріктер және арнайы киімдер кию керек. Дисбактериоздың алдын алу үшін биологиялық белсенді заттармен жұмыс істейтіндер, ашытылған сүт өнімдерін алып тұруы тиіс.
Малшылардың жұмыс режимі мен демалу режимі ұжымды ұйымдастырылуы тиіс. Жұмыс күінінің ұзақтығы 8 сағаттан аспауы керек, ал түскі үзіліс 40 минуттан кем болмағаны дұрыс. Мал шаруашылығы кешендерінде, жұмысшылар душ қабылдауға, демалуға, тамақтануға мүмкіншілігі болатын санитарлық-тұрмыстық бөлмелер (жайлар) жайлар жабдықталынуы тиіс.
Пестицидтермен жұмыс істеу кезіндегі еңбек гигиенасы. Пестицидтер – ауыл шаруашылығында кеңінен қолданылатын химиялық және биологиялық заттар. Олардың бірі өсімдіктерді жәндіктерден (инсектицидтер), кенелерден (акарацидтер), микроскопиялық саңырауқұлақтардан (фунгицидтер), құрттардан (нематицидтер), бактериялардан (бактерицидтер) қорғаса, басқалары арам шөптерді (гербицидтер), ұсақ жануарларды (зооцидтер) жояды, үшіншілері жапырақтарының түсуін ынталандыру үшін (дефолианттар) қолданылады.
Пестицидтердің көпшілігі өзінің улыландыратын ағзада, жоғары дәрежеде жинақталатын қабілетіне, ағзаға әр түрлі жолдармен түсетін және қорға жиналу қабілетіне политропты әсер етуіне, байланысты, сондай-ақ қауіпті мутагенді және канцерогенді эффектілер дамытатын қабілетіне байланысты адам денсаулығы үшін өте қауіпті болып табылады.
Пестицидтердің зиянды әсер ету қаупіне улы химикаттар сақтайтын қоймаларда жұмыс істейтіндер, пестицидтердің суспензияларын дайындайтындар және мөлшерлейтін өсімдіктерге оларды тозаңдандыратын және бүркетін, дәріленген тұқымдарды себумен (егумен) айналысатын, ауылшаруашылық дақылдарын өсіру кезіндегі механикаландырылған және қолмен атқарылатын жұмыстарды орындайтын адамдар, мал шаруашылық және құс шаруашылық кешендерінің жұмысшылары және басқалары ұшырайды.
Өндіріс жағдайларда пестицидтер ағзаға көбінесе тынысалу жолдары арқылы түседі, бірақ ағзаға тері арқылы және шырышты қабықтар мен асқазан-ішек жолы арқылы да енеуі мүмкін.
Пестицидтер ретінде химиялық қосылыстардың әр түрлі топтары қолданылады: фосфорорганикалық қосылыстар (ФОҚ), хлорорганикалық (ХОҚ), сынапорганикалық қосылыстар (СОҚ), карбамин, тио- және дитикарбамин қышқылдарының туындылары және т.б. қолданылады. Олардың әсер ету механизмі мен клиникалық көріністерін VIII бөлімнің 9.2 тарауынан қараңыз.
Пестицидтермен жұмыс істеу кезіндегі уланулардың алдын алу бірқатар шаралар жүргізуді қарастырады. Олардың ішіндегі ең тиімдісі аса улы заттарды улылығы аз және тұрақтылығы төмен заттармен алмастыру болып табылады. Жұмыстарды толық автоматтандыру және механикаландыру, сондай-ақ, қатар тұқымдарды дәрілеу кезінде жабдықтарды герметизациялау мен сормалы желдетуді ұйымдастыру аса маңызды. Өсімдіктерге пестицидтерді тозаңдандыру мен бүрікудің ранцтік әдісінде жұмысшыға алдын ала қауіпсіздік техникасы жөнінде нұсқау беру және олардың жеке басты қорғайтын заттарды: арнайы киімдердің, аяқ киімдердің, қолғаптарды көзілдіріктерді, респираторларды, ал қажет болған жағдайларда-ұшқыш пестицидтермен жұмыс істеген кезде - противогаздарды қолдану міндетті түрде болып табылады. Улы химикаттардың тозаңдану радиусы мен жоғары деңгейде булануын шектеу мақсатында бүркуді таңертеңгі немесе кешкі сағаттарда, желсіз немесе әлсіз желді ауа райында, желдің бағытын ескере отырып жүргізеді. Тракторға орнатылған тозаңдатқыштар мен бүркіштерді қолданған кезде трактордың кабинасы саңлаусыз болып жабылуы керек және таза ауа берілуі қамтамасыз етілуі тиіс. Ең жақсы нұсқасы бүріккіштердің жұмысын қашықтан басқару болып табылады
Аса улы заттармен жұмыс істеу уақытының ұзақтығы 4 сағаттан аспауы тиіс, ал аз зиянды заттармен - 6 сағаттан аспауы керек. Жасы 18-ге жасқа толмағандар және жүкті әйелдер мен бала емізетін әйелдердің жұмыс істеуіне рұқсат етілмеуі керек. Улану мүмкіншілігін болдырмау үшін пестицидтермен өңделген алаңдарда дала жұмыстарын тек бірнеше күн өткеннен кейін ғана жүргізуге болады.
Улы химикаттар сақтайтын қоймалар ауаны сорып әкететін шкафтармен және енбелі-сормалы жалпы ауа алмастыратын желдету түрімен жабдықталуы тиіс. Пестицидтерді сақтау үшін металлдан жасалған ыдыстарды пайдаланады. Мезгіл-мезгіл залалсыздандыратын және дегазациялайтын заттарды қолданып ылғалды жуып-тазалау жүргізілуі керек. Қоймаларда жеке басты қорғайтын заттарды қолданып жұмыс істейді.
Пестицидтермен жұмыс істеуге қарсы көрсетілімдері жоқ адамдарды қабылдайды. Кәсіби патологияның алдын алу үшін кезеңдік медициналық тексерулерді жүргізеді, емдік-профилактикалық тамақтану және басқа да ағзаның төзімділігін жоғарлататын заттарды тағайындайды.