Байланысты: Balalar khirurgiasy kaz medical students
VI. БАЛАЛАР ТРАВМАТОЛОГИЯСЫ ЖӘНЕ ОРТОПЕДИЯСЫ ТРАВМАТОЛОГИЯ Травматизм түрлері. Жарақатдеп сыртқы орта факторларының кездейсоқ әсер етуінен туындайтын, бала тіндерінің анатомиялық бүтінділігінің және физиологиялық үрдістердің бұзылуын айтады. Ұқсас жағдайда және әр түрлі жас топтар арасында қайталанатын жарақаттарды балалар травматизмі деп атайды.Бала травматизмінің себебіне және туындау жағдайына байланысты келесі түрлерін ажыратады: нәресте туған кезіндегі, тұрмыстық, көшелік, көліктік, мектептік (үзіліс кезінде, дене шынықтыру сабағында, т.б.), спорттық, ауыл-шаруашылық. Олардың ішінде туу және тұрмыстық жарақаттар барлық жарақаттың 70%-ын алады.
Нәресте туған кездегі травматизмі - асфиксия жағдайында реанимациялық шаралар кезінде акушерлік көмек жүргізілгенде және патологиялық босану кезінде туындайтын нәрестелердің сүйек және жұмсақ тіндерінің зақымдалуы. Көбіне нәрестелерде бұғана, иық сүйегінің сынуы, бас қаңқасының және бас миының жарақаттануы кездеседі. Аталған травматизмнің алдын-алу шараларымен босану үйінің мамандары айналысады.
Тұрмыстық травматизмге үйде, үй айналасында, баспалдақ алаңында алған жарақаттар жатады. Тұрмыстық жарақат көбіне саябақ жасындағы және мектепке дейінгі жастағы балаларда өте жиі кездеседі. Омырау жасындағы балалардағы тұрмыстық травматизмінің үштен бір бөлігін күйіктер құрайды. Аталған жарақаттардың болуы-болмауы көбіне бала күтуші адамдарға, бала күтіміне бөлінетін уақытқа, қоршаған ортада қолайлы жағдайдың жасалуына байланысты.
Балабақша жасындағы балаларға аса қатал бақылау қажет. Бақша қызметкерлерімен және ата-аналар арасында жарақаттар себебі және алдын-алу жөнінде жүргізілетін жүйелі ағарту жұмыстары жарақаттар санын едәуір төмендетеді. Мектепке дейінгі жастағы балаларда тұрмыстық жарақат көбіне биіктіктен құлау немесе әр түрлі заттарға ұрыну нәтижесінде туындайды. Жарақаттардың алдын-алу - қауіпсіздік ережелерін сақтау болып табылады (улы заттар, электроқұралдар, сіріңке бала қолы жетпейтін жерде сақталуы керек т.б.). Ата-анамен және тәрбиешілермен жүргізілетін түсіндіру сабақтары, бұл жастағы балалар жарақатын азайтады.
Мектеп жасындағы балаларда тұрмыстық жарақатымен қатар көшелік жарақаттар деңгейі көбейеді.
Көшелік травматизм – көшеде балалардың өзін-өзі ұстау, қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан туындайды. Бұл травматизмді болдырмау шаралары бос уақытты дұрыс пайдалану, мектепте және бос уақытында ұйымдасқан әрі бақылаудағы орындарда өткізу болып табылады.
Көліктік жарақаттары – қалада және ауылдық жерде көліктік қозғалыстың ұлғаюмен байланысты ауыр өтетін жарақат түрі. Ол көбіне бала өліміне немесе мүгедектікке әкелетін ауыр жарақат. Көше травматизмнің негізгі себебі балаға қарамау, баланың көше қозғалыс ережесін білмеуі және сақтамауы, кейде жүргізушінің көше қозғалыс тәртібін бұзуы болып табылады. Аталған ауыр жарақаттардың алдын-алу үшін балаларға көше қозғалысы тәртібін оқытуға арналған сабақтар өткізу, бала автодромын ұйымдастыру, балабақша қызметкерлері мен ата-аналарға осы салада сабақтар жүргізу қажет.
Мектеп травматизмінің 80%-ын үзіліс кезіндегі жарақаттар құрайды. Негізгі себебі – баланың өзін-өзі ұстау тәртібін бұзу болып табылады. Сондықтан үзіліс кезінде балаларды бақылауды күшейту негізгі алдын-алу шарасы болып табылады.
Дене шынықтыру кезіндегі жарақат (спорттық травматизм) үлкен көңіл бөлуді қажет етеді. Өйткені бұл жарақаттың туындауына ұйымдастырудың жеткіліксіздігі себеп болады. Оны болдырмау ретінде мектепте және дене шынықтыру сабақтарында балаларға құлау ережелерін оқыту, гимнастикалық жаттығу кезінде «сақтану» ережелерін дұрыс ұйымдастыру, балалардың жастарына сәйкес спорттық дұрыс инвентармен қамтамасыз ету, дене шынықтыру алаңдарын дұрыс күту керек. Ұйымдаспаған спорттық жарақаттарының алдын-алу үшін аулада, көшеде футбол, хоккей, сырғанау алаңдарын көбейту қажет.
Алынған жарақат санына және түріне байланысты келесі түрлері болады: шектелген, көптеген, қосарланған және аралас. Шектелген – бұл бір мүшенің немесе бір анатомиялық аймақтың функциялық құрылымының зақымдалуы. Көптеген – бір анатомиялық аумақтың екі немесе одан да көп мүшелерінің зақымдалуы. Қосарланған - әртүрлі қызмет атқаратын бір немесе бірнеше анатомиялық аумақтың зақымдалуы. Аралас - бұл екі немесе одан да көп жарақат факторларының (механикалық, ыстық-суық, химиялық, радиация) әсерінен туындайтын зақымдану түрі.
Жарақат алғанда, балалардың 91% амбулаторияда, ол 9%-ы науқасханада емделеді. Сондықтан балалар травмпункттерін ұйымдастыруға және оларға амбулаториялық көмек көрсету қызметін жақсартуға көп көңіл бөліну керек. Балалар травмпункті – 100 000 бала санына есептелетін арнайы жедел көмек көрсететін поликлиниканың бөлімі болып есептеледі. Негізгі мақсаты – жарақат алған балаларға квалифицияланған медициналық көмек көрсету; тірек-қимыл аппараты жарақатына байланысты науқасханалық ем алған балаларға көмек көрсету; жергілікті педиатр немесе бала хирургінің шақыруы бойынша үйде медициналық көмек көрсету; емдеу кабинетінде балаларды диспансерлік бақылау; балалар травматизмінің алдын-алу шараларын ұйымдастыру болып табылады.