Педагогика тарихы


Соғыстан кейінгі жылдардағы педагогика ғылымдарының дамуы



бет60/113
Дата18.11.2022
өлшемі2,03 Mb.
#158802
түріОқулық
1   ...   56   57   58   59   60   61   62   63   ...   113
Байланысты:
Педагогика тарихы Оқулық. - Алматы 2013. – 494 бет. (3)
өзіндік жұмыс, ОНАТИЛИ
Соғыстан кейінгі жылдардағы педагогика ғылымдарының дамуы. Соғыс жылдары құрылған Педагогика ғылымдар академиясы педагогикалық ғылыми зерттеулер жүргізуі үшін барлық ғылыми-педагогикалық мекемелер мен жеке ғалымдардың зерттеулерін біріктіріп үйлестіруге тиіс болды.
Алғашқы құрылған күнінен бастап Педагогика ғылымдар академиясы педагогика тарихы мен мектепке дейінгі тәрбие, жеке пәндерді оқыту әдістемесіне, психология, дефектология, балалар физиологиясына байланысты зерттеулер жүргізді. 1944 жылдан мектепте балаларды жеті жастан оқыту мен тәрбиелеуге байланысты олардың физиологиялық және психологиялық ерекшеліктері зерттеле бастады. Жаңа әліппелер құрастырылып, жеті жасар балаларға орыс тілі, математиканы оқыту ерекшеліктерін және оқыту мен тәрбиенің тиімді жолдарын қолдану қарастырылды.
К.Д.Ушинский мен А.С.Макаренконың, т.б. педагогтардың толық шығармалар жинағы даярланып, басылып шығарылды.
Сол кезеңде педагогика теориясы мен тарихына арналған монографиялық еңбектер мен оқу құралдары шығарылды. Мысалы, Н.К.Гончаровтың “Педагогика негіздері” (1947), И.А.Каировтың редакциялық жетекшілігімен педагогикалық жоғары оқу орындары мен университеттерге арналған “Педагогика” оқу құралы (1948), И.Т.Огородников пен П.Н.Шимбиревтың мұғалімдер институтына арналған “Педагогика” оқулығы (1950), Б.П.Есипов пен Н.К.Гончаровтың педагогикалық училищелерге арналған ”Педагогика” (1950) оқулығы жарық көрді.
Ұрпақ тәрбиесіне байланысты демократ-ағартушылардың еңбектері басылып шығарылды.
Мектепте политехникалық оқуды іске асыруға және коммунистік тәрбие беру ісін жақсарту мәселесіне басты назар аударылды. М.А.Мельникова мен М.Н.Скаткиннің редакциясымен «Жалпы білім беретін мектептегі политехникалық оқыту”, А.Г.Калашникованың редакциясымен «Мектепте политехникалық оқыту мәселелері” атты зерттеу жұмысының қорытындылары жарық көрді. Бұл еңбектерде политехникалық оқытудың мәні, мазмұны, оқыту әдістері, оқушыларды өндіріс негіздерімен, техника, физика мен химия, биология сабақтарында зертханалық және практикалық жұмыстардың жүргізілуімен таныстырды. Кейбір пәндерді политехникалық тұрғыдан оқытудың әдістемелері баспадан шығарылды.
Педагогика ғылымдар академиясы мен барлық одақтас республикалардағы педагогикалық институттардағы педагогика кафедраларының күшімен мектеп алдында тұрған маңызды мәселелер, жалпы және политехникалық білім берудің мазмұны, ғылым негіздерін оқыту әдістемесі, коммунистік тәрбие жүйесінің негіздері, оқушылардың жас және жеке бас ерекшеліктері зерттелді.
Жалпы педагогика тарихымен қатар, басқа ұлттар педагогикасы да зерттеле басталды. Соның нәтижесінде Ресейде жоғары оқу орындарына арналған “Педагогика тарихы” (1955), Е.Н.Медынскийдің “XVІ-XVІІ ғасырлардағы Украина мен Белорусиядағы туысқан мектептер” (1954); Н.А.Константинов пен В.Я.Струминскийдің “Ресейдегі бастауыш білім беру жайлы очерктер” (1949); М.Ф.Шабаеваның “Орыс прогрессивтік-демократиялық педагогикасының қалыптасу тарихынан” (1951); Ш.И.Ганелиннің “XІX ғасырдың екінші жартысындағы Ресейдегі орта мектеп тарихының очерктері (1950); Ф.Ф. Королевтің “Кеңес мектебі мен педагогика тарихының очерктері” (1958) атты еңбектері жарық көрді. Одақтас республикаларда да құнды зерттеулер жүргізіліп, педагогика тарихына байланысты еңбектер жарық көрді.
Кеңес мектебі мен педагогикасының қалыптасу тарихына зор үлес қосқан Н.К.Крупскаяның педагогикалық шығармалары, А.В.Луначарский, А.С.Бубнов, С.Т.Щацкий, П.П.Блонский таңдамалы педагогикалық шығармалары қайта басылып шығарылды.
Орыс педагогтары К.Д.Ушинский, Д.Д.Семенов, В.Я.Стоюнин, В.И.Водовозов, Н.И.Пирогов, Л.Н.Толстой, П.Ф.Лесгафт шығармалары педагогика тарихын маңызды жаңалықтармен байытты.
50-шы жылдардың соңына қарай мектептегі оқытуды жетілдіру бағытындағы ғылыми ізденіс жұмыстары кең көлемде жүргізіле бастады. Білім мазмұнының экономика, ғылым, техника, мәдениет жетістіктеріне сай дамуы; техника жетістіктеріне сай білім мен тәрбиеге қойылатын талаптар; әр жас кезеңіндегі оқыту әдістерінің ерекшеліктері; тәрбие жұмысын ұйымдастыру принциптері, т.б. зерттеу жұмыстарының басты тақырыбына айналды.
Ғалымдар политехникалық оқыту әдістерін ұйымдастыру үшін жаңа бағдарламалар жасау мақсатын қойды. Политехникалық білім мен дағдыны игеру үшін педагогикалық жағдайларды анықтау, ғылым негіздерін игерумен бірге, арнайы пәндерді - өндіріс негіздерін, машина жүргізуді, электротехниканы оқыту көзделді. Физика, химия, биология, сызу мен политехникалық пәндер циклының арасындағы байланыстар зерттелді. Осы мәселелерге арналған іргелі теориялық және әдістемелік еңбектер жарық көрді.
Педагог ғалымдар бастауыш мектептегі 7-10 жасар балалардың оқыту барысындағы жалпы дамуын зерттеді. Алты жасар балалардың сауатын ашу, есеп шығару, жазу қабілетін анықтау үшін тәжірибе жұмыстары жүргізілді.
Жеке тұлғаны жан-жақты тәрбиелеу мәселесіне байланысты тәрбие бағдарламасы жасалып, онда оқушы өмірін ұйымдастыру мен оқытудғыа еңбек ұстанымы арқылы тәрбиелеу көзделді.
Кеңестік кеңістіктегі мектептер бір типті болды, мұғалімге жоғарыдан берілген белгілі әдістемелік талапты ғана ұстану, бағдарлама, оқулық, әдістемелік нұсқау ауқымынан шықпау тәрізді талаптар қойылды. Ұлт мектептерінің өзіндік бет-бейнесі жоғала бастады. Олардың оқу бағдарламалары бір типке келтіріліп, орыс тілінің мәні күшейтіліп, оның оқу жоспарындағы жүктемесі көбейді. Ресей Федерациясындағы орыс емес ұлттардың ана тілі ғана бөлек пән ретінде оқытылды, басқа пәндер орыс тілінде жүргізілді. Барлық ұлт мектептеріндегі оқыту мазмұнынан ұлттық салт-дәстүр, мәдениет жайлы материалдар қысқартылып, тек кеңестік саяси-идеологиялық бағыт ұстанылды. Соның нәтижесінде әсіресе аз санды солтүстіктегі халықтар ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлері мен ата-кәсіптерінен ажырап, өзі туып-өскен ортасын бөтенсіп, өмірге араласуы жағынан қиындықтар көрді.
Кеңестік идеология барлық ұлттарды төл мәдени мұрасы мен рухани құндылықтарынан ажыратқан еді. Білім саласындағы партия-мемлекет тарапынан жасалған қатаң бақылау оның жұмысын тұйыққа тіреді, мұғалімдердің шығармашылығына тосқауыл қойылды, соның салдарынан оқушылардың оқуға ынтасы төмендеді. Дегенмен, жаңашылдыққа талпыныс жасаған педагогтар қатары өріс ала бастады. Бұған мысал ретінде В.А.Сухомлинскийдің өмірі мен шығармашылық еңбектерін айтуға болды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   56   57   58   59   60   61   62   63   ...   113




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет