66-бап. Қызметі тоқтатылған кезде дара кәсіпкерлердің және жеке практикамен айналысатын адамдардың жекелеген санаттарының салықтық міндеттемені орындау ерекшеліктері
1. Осы бап бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келетін:
1) қосылған құн салығын төлеушілер болып табылмайтын;
2) тәуекелдерді бағалау жүйесі іс-шараларының нәтижелері бойынша салықтық тексерулер жоспарына немесе ішінара салықтық тексерулер тізіміне енгізілмеген не тәуекел дәрежесін бағалау негізінде ерекше тәртіп бойынша жүргізілетін салықтық тексерулердің жартыжылдық графигіне енгізілмеген, қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкерлердің және жеке практикамен айналысатын адамдардың салықтық міндеттемені орындау ерекшеліктерін белгілейді.
Осы бап осы Кодекстің 48-бабында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі ішінде осы тармақта айқындалған шарттарға сәйкес келетін дара кәсіпкерлерге немесе жеке практикамен айналысатын адамдарға қатысты қолданылады. Осы тармақтың ережелері дара кәсіпкерлер ретінде мемлекеттік тіркелген күннен басталатын уақыт кезеңі осы Кодекстің 48-бабында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімінен кем дара кәсіпкерлерге де қатысты қолданылады.
2. Дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адам қызметті тоқтату туралы шешім қабылданған жағдайда, орналасқан жеріндегі салық органына бір мезгілде:
1) қызметін тоқтату туралы салықтық өтінішті;
2) рұқсаттар және хабарламалар саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламаны, осындай есепке алу болған кезде;
3) таратудың салықтық есептілігін;
4) осы Кодекстің 169-бабында айқындалған тәртіппен бақылау-касса машинасын есептен шығару туралы салықтық өтінішті ұсынады.
Қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкер осы тармақтың бірінші бөлігінің 4) тармақшасында көрсетілген құжатты бақылау-касса машинасы салық органында есепке қойылған жағдайда ұсынады.
3. Таратудың салықтық есептілігі қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адам салық төлеушілер (салық агенттері) болып табылатын салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің түрлері және әлеуметтік төлемдер бойынша қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш ұсынылған салықтық кезеңнің басынан бастап осындай өтініш ұсынылған күнге дейінгі кезең үшін жасалады.
Егер кезекті салықтық есептілікті ұсыну мерзімі таратудың салықтық есептілігі ұсынылғаннан кейін басталатын болса, мұндай кезекті салықтық есептілікті ұсыну таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
4. Қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адам таратудың салықтық есептілігінде көрсетілген салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және әлеуметтік төлемдерді төлеуді салық органына таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей жүргізеді.
Егер таратудың салықтық есептілігінің алдында ұсынылған салықтық есептілікте көрсетілген салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімі осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін басталатын болса, онда төлеу (аудару) салық органына таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
5. Салық органы дара кәсіпкердің немесе жеке практикамен айналысатын адамның қызметті тоқтату туралы салықтық өтінішін алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде:
1) уәкілетті мемлекеттік органдарға – қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкердің немесе жеке практикамен айналысатын адамның мемлекеттік тіркеуге жататын мүлікпен жасалған мәмілелері туралы, сондай-ақ қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш алынған күнгі жағдай бойынша олардың мүлкі туралы мәліметтерді ұсыну туралы;
2) екінші деңгейдегі банктерге және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға – қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкердің немесе жеке практикамен айналысатын адамның қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш алынған күнгі банктік шоттарындағы ақша қалдықтары мен қозғалысы туралы мәліметтерді ұсыну туралы сұрау салу жіберуге міндетті.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген мәмілелер туралы, сондай-ақ банктік шоттардағы ақша қозғалысы туралы мәліметтер қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкерге немесе жеке практикамен айналысатын адамға қатысты салықтық тексеру жүргізілмеген кезең үшін осы Кодекстің 48-бабында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі шегінде, салық органының қызметті тоқтату туралы салықтық өтінішті алған күніне дейін ұсынылады.
6. Салық органының сұрау салулары бойынша осы баптың 5-тармағында көрсетілген мәліметтер, егер осы Кодекстің 24-бабы бірінші бөлігінің 13) тармақшасында өзгеше белгіленбесе, оларды алған күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірілмей ұсынылуға тиіс.
7. Салық органы осы баптың 5-тармағында көзделген барлық мәліметтерді алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде камералдық бақылауды жүзеге асыруға және осы Кодексте айқындалған тәртіппен қорытынды жасауға міндетті.
Қорытындыда камералдық бақылау нәтижелері мен салықтар, бюджетке төленетін төлемдер және әлеуметтік төлемдер бойынша есеп-қисаптардың жай-күйі көрсетіледі.
Қорытынды кемінде екі дана етіп жасалады және оған салық органының лауазымды адамдары қол қояды. Қорытындының бір данасы қол қойылғаннан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей дара кәсіпкерге немесе жеке практикамен айналысатын адамға қолын қойдыра отырып табыс етіледі немесе оған хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберіледі.
Салық органы дара кәсіпкерге немесе жеке практикамен айналысатын адамға хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберген қорытындыны пошта немесе өзге байланыс ұйымы қайтарған жағдайда, осы Кодексте айқындалған негіздер бойынша және тәртіппен салықтық зерттеп-қарау жүргізілген күн осындай қорытынды табыс етілген күн болып табылады.
8. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда, дара кәсіпкерге немесе жеке практикамен айналысатын адамға қорытынды алынған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей, осы Кодекстің 12-тарауында айқындалған тәртіппен камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама тапсырылады.
Дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адам камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындауды осы Кодекстің 96-бабында айқындалған тәртіппен жүзеге асырады.
Хабарлама орындалмаған және (немесе) салық органдары салық төлеуші ұсынған түсініктермен келіспеген жағдайда, қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкерге немесе жеке практикамен айналысатын адамға қатысты салықтық тексеру жүргізіледі. Бұл ретте салықтық тексеру мұндай хабарламаны орындау мерзімі өткеннен кейін және (немесе) анықталған бұзушылықтар бойынша келіспеу туралы түсінік алынғаннан кейін он жұмыс күнінен кешіктірілмей басталуға тиіс.
9. Қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкердің немесе жеке практикамен айналысатын адамның салықтық берешегі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген кезектілік тәртібімен аталған дара кәсіпкердің немесе жеке практикамен айналысатын адамның ақшасы, оның ішінде мүлкін өткізуден алынған ақшасы есебінен өтеледі.
10. Егер қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкерде немесе жеке практикамен айналысатын адамда салықтардың, бюджетке төленетін төлемдер мен өсімпұлдың артық төленген сомалары бар болса, онда көрсетілген сомалар осы Кодекстің 102-бабында айқындалған тәртіппен осы дара кәсіпкердің немесе жеке практикамен айналысатын адамның салықтық берешегін өтеу есебіне есепке жатқызылуға тиіс.
Егер қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкерде немесе жеке практикамен айналысатын адамда салықтардың, бюджетке төленетін төлемдер мен өсімпұлдың қате төленген сомалары бар болса, онда көрсетілген сомалар осы Кодекстің 103-бабында айқындалған тәртіппен есепке жатқызылуға тиіс.
11. Қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкерде немесе жеке практикамен айналысатын адамда салықтық берешек болмаған кезде:
1) салықтардың, бюджетке төленетін төлемдер мен өсімпұлдың қате төленген сомалары осы Кодекстің 103-бабында айқындалған тәртіппен осы салық төлеушіге қайтарылуға жатады;
2) салықтардың, бюджетке төленетін төлемдер мен өсімпұлдың артық төленген сомалары осы Кодекстің 101-бабында айқындалған тәртіппен осы салық төлеушіге қайтарылуға жатады;
3) айыппұлдардың төленген сомалары осы Кодекстің 106-бабында айқындалған тәртіппен осы салық төлеушіге қайтарылуға жатады;
4) кеден органдары алатын кедендік баждардың, салықтардың, кедендік алымдар мен өсімпұлдың бюджетке артық (қате) төленген сомалары Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында айқындалған тәртіппен осы салық төлеушіге қайтарылуға жатады.
12. Салық төлеушi салықтық берешекті, әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті төлеуді (аударуды) камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы қорытынды жасалған немесе хабарлама орындалған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей жүргізеді.
13. Дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адам:
1) камералдық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар және салықтық берешек, әлеуметтік төлемдер бойынша берешек болмаған кезде – қорытынды жасалған;
2) камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар болған және салықтық берешек, әлеуметтік төлемдер бойынша берешек болмаған кезде – осындай бұзушылықтарды жою туралы хабарлама орындалған;
3) салықтық берешек болған кезде және камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар толық көлемде жойылған кезде – салықтық берешек, әлеуметтік төлемдер бойынша берешек өтелген күннен бастап тіркеу есебінен шығарылды деп танылады.
Дара кәсіпкерді немесе жеке практикамен айналысатын адамды осы тармақта айқындалған тәртіппен тіркеу есебінен шығару туралы ақпарат осындай салық төлеушілер тіркеу есебінен шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
Осы баптың 12-тармағында белгіленген мерзімдерде төленбеген салықтық берешектің, әлеуметтік төлемдер бойынша берешектің болуы дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адам ретінде тіркеу есебінен шығарудан бас тартуға негіз болып табылады.
Ескерту. 66-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Достарыңызбен бөлісу: |