65-бап. Қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкердің салықтық міндеттемесін орындау
1. Дара кәсіпкер қызметті тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап бір ай ішінде өзінің орналасқан жеріндегі салық органына бір мезгілде:
1) салықтық тексеру жүргізу туралы салықтық өтінішті;
2) таратудың салықтық есептілігін ұсынады.
2. Таратудың салықтық есептілігі қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкер төлеуші және (немесе) салық агенті болып табылатын салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің түрлері және әлеуметтік төлемдер бойынша салықтық тексеру жүргізу туралы салықтық өтініш ұсынылған салықтық кезеңнің басынан бастап осындай өтініш ұсынылған күнге дейінгі кезең үшін жасалады.
Егер кезекті салықтық есептілікті ұсыну мерзімі таратудың салықтық есептілігі ұсынылғаннан кейін басталатын болса, мұндай кезекті салықтық есептілікті ұсыну таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
3. Қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкер таратудың салықтық есептілігінде көрсетілген салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және әлеуметтік төлемдерді төлеуді салық органына таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей жүргізеді.
Егер таратудың салықтық есептілігінің алдында ұсынылған салықтық есептілікте көрсетілген салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімі осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін басталатын болса, онда төлеу (аудару) таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
4. Қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкердің салықтық өтінішін салық органы алғаннан кейін салықтық тексеру жиырма жұмыс күнінен кешіктірілмей басталуға тиіс.
5. Қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкердің салықтық берешегі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген кезектілік тәртібімен оның ақшасы, оның ішінде мүлкін өткізуден алынған ақшасы есебінен өтеледі.
6. Егер қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкерде салықтардың, бюджетке төленетін төлемдер мен өсімпұлдың артық төленген сомалары бар болса, көрсетілген сомалар қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкердің салықтық берешегін өтеу есебіне осы Кодекстің 102-бабында айқындалған тәртіппен есепке жатқызылуға тиіс.
Егер қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкерде салықтардың, бюджетке төленетін төлемдер мен өсімпұлдың қате төленген сомалары бар болса, онда көрсетілген сомалар осы Кодекстің 103-бабында айқындалған тәртіппен есепке жатқызылуға тиіс.
7. Қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкерде салықтық берешек болмаған кезде:
1) салықтардың, бюджетке төленетін төлемдер мен өсімпұлдың қате төленген сомалары осы Кодекстің 103-бабында айқындалған тәртіппен осы дара кәсіпкерге қайтарылуға жатады;
2) салықтардың, бюджетке төленетін төлемдер мен өсімпұлдың артық төленген сомалары осы Кодекстің 101-бабында айқындалған тәртіппен осы дара кәсіпкерге қайтарылуға жатады;
3) айыппұлдардың төленген сомалары осы Кодекстің 106-бабында айқындалған тәртіппен осы дара кәсіпкерге қайтарылуға жатады;
4) кеден органдары алатын кедендік баждардың, салықтардың, кедендік алымдар мен өсімпұлдың бюджетке артық (қате) төленген сомалары Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында айқындалған тәртіппен осы дара кәсіпкерге қайтарылуға жатады.
8. Қызметі тоқтатылған дара кәсіпкердің салықтық міндеттемесі салықтық тексеру аяқталғаннан кейін және салықтық берешек, әлеуметтік төлемдер бойынша берешек, оның ішінде салықтық тексеру нәтижелері бойынша қалыптасқан берешек болмаған немесе олар осы Кодекстің 115-бабында белгіленген мерзімдерде өтелген кезде орындалды деп есептеледі.
9. Осы баптың 8-тармағына сәйкес салықтық міндеттеме орындалған күн дара кәсіпкерді салық органындағы тіркеу есебінен шығару күні болып табылады.
10. Салық органы осы баптың 8-тармағына сәйкес салықтық міндеттеме орындалған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығаруды жүзеге асырады және уәкілетті органның интернет-ресурсында дара кәсіпкердің тіркеу есебінен шығарылғаны туралы ақпаратты орналастырады.
11. Осы Кодекстің 115-бабында белгіленген мерзімдерде төленбеген салықтық берешектің, әлеуметтік төлемдер бойынша берешектің болуы дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарудан бас тартуға негіз болып табылады.
12. Осы баптың ережелері осы Кодекске сәйкес қызметті тоқтату кезінде салықтық міндеттемені орындау ерекшеліктерін қолданатын дара кәсіпкерлерге қолданылмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |