684-бап. Салықтық кезең
1. Патент негiзiнде немесе тіркелген шегерімді пайдалана отырып арнаулы салық режимiн қолдану үшін салықтық кезең күнтiзбелiк жыл болып табылады.
2. Оңайлатылған декларация негiзiнде арнаулы салық режимiн қолдану үшін салықтық кезең жартыжылдық болып табылады.
2-параграф. Патент негізіндегі арнаулы салық режимі
685-бап. Қолдану тәртібі
РҚАО-ның ескертпесі!
1-тармақтың осы редакциясы 01.01.2020 дейін қолданыста болады - ҚР 25.12.2017 № 121-VI Заңымен (тоқтатылған редакциясын ҚР 25.12.2017 Салық кодексінің 25.12.2017 датадағы архивтік нұсқасынан қараңыз).
1. Патент негізінде арнаулы салық режимін осы Кодекстің 683-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында шағын бизнес субъектілері үшін белгіленген шарттарға сай келумен қатар:
1) жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайтын;
2) қызметiн жеке кәсіпкерлiк нысанында жүзеге асыратын дара кәсiпкерлер қолдануға құқылы.
2. Патент негiзiндегі арнаулы салық режимiн қолдану үшiн тұрған жеріндегі салық органына патент құнының есеп-қисабы (бұдан әрi осы тараудың мақсатында – есеп-қисап) ұсынылады.
Есеп-қисапты қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда, оның ішінде "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы:
1) жаңадан құрылған дара кәсіпкерлер – Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қою үшін хабарлама берілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей;
2) жалпыға бірдей белгіленген тәртіптен немесе өзге де арнаулы салық режимінен ауысуды жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер – патент негізінде арнаулы салық режимі қолданылатын айдың 1-күніне дейін;
3) кезекті патентті алу үшін патент негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер – алдыңғы патенттің қолданылу мерзімі немесе салықтық есептілікті табыс етуді тоқтата тұру мерзімі өткенге дейін ұсынады.
3. Есеп-қисап патенттің құнын есептеуге арналған салықтық есептілік болып табылады.
Патенттің құны осы Кодекстің 686-бабына сәйкес есептеледі.
4. Салық төлеуші патенттің құнын төлеуді есеп-қисап ұсынылғанға дейін жүргізеді.
Патент құны екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы төленген жағдайда төлем құжатының деректемелеріне сұрау салуда көрсетілген кезде "электрондық үкіметтің" веб-порталында қалыптастырылатын "электрондық үкіметтің" төлем шлюзінің хабарламасы электрондық нысанда ұсынылатын есеп-қисапқа қоса беріледі.
Қағаз жеткізгіштегі есеп-қисаппен бір мезгілде патент құнының төленгенін растайтын құжаттар ұсынылады.
5. Электрондық нысанда, оның ішінде "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы табыс етілген есеп-қисапта дара кәсіпкерлер патент құнына қосылатын салықтар және әлеуметтік төлемдер сомаларын төлеу бойынша төлем құжаттарының деректемелерін көрсетеді.
Дара кәсіпкерлер есеп-қисапты табыс еткеннен кейін салық органы есеп-қисап ұсынылған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде салық органының ақпараттық жүйесінде патент қалыптастыруды жүргізеді.
Патенттің нысанын уәкілетті орган бекітеді.
6. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, патент негізіндегі арнаулы салық режимі бір салықтық кезең шегінде кемінде бір ай қолданылады.
Патент негізіндегі арнаулы салық режимін:
1) ағымдағы салықтық кезеңнің соңғы айында жаңадан тіркелген;
2) ағымдағы салықтық кезеңнің соңғы айында салықтық есептілікті табыс етудің тоқтатыла тұру мерзімі аяқталғанға дейін немесе аяқталғаннан кейін қызметін қайта бастаған дара кәсіпкерлер бір айдан кем мерзім ішінде қолданады.
7. Патент негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұру үшін осы Кодекстің 214-бабында айқындалған тәртіппен салықтық өтінішті тұрған жеріндегі салық органына ұсынады.
Достарыңызбен бөлісу: |