120-бап. Салық төлеушiнiң (салық агентінің) мүлікке билік етуін шектеу
1. Салық органы салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) мүлiкке билік етуін шектеудi осы баптың 4-тармағында көрсетілген шешімнің негізінде:
1) тәуекелдерді басқару жүйесіне сәйкес мынадай:
тәуекел деңгейі жоғары санатқа жатқызылған салық төлеуші (салық агентi) салықтық берешекті өтемеген жағдайда – салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама табыс етілген күннен бастап бір жұмыс күні өткен соң;
тәуекел деңгейі орташа санатқа жатқызылған салық төлеуші (салық агентi) салықтық берешекті өтемеген жағдайда – салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама табыс етілген күннен бастап он бес жұмыс күні өткен соң;
2) мониторингке жататын ірі салық төлеушіні қоспағанда, салық төлеушi (салық агентi) есепке жазылған салықтар және бюджетке төленетін төлемдер мен өсімпұл сомасы туралы, сондай-ақ бюджеттен қайтарылған және қайтаруға расталмаған қосылған құн салығының асып кету сомасы туралы мәліметтер қамтылған тексеру нәтижелерi туралы хабарламаға шағым жасаған жағдайда жүргiзедi.
Бұл ретте салық органы осы тармақшада көрсетілген жағдайда шектеуді салықтық берешекті өтеу туралы хабарламаны жiбермей:
осы Кодекстің 21-тарауында айқындалған тәртіппен салық төлеуші (салық агенті) шағым берген күннен бастап;
салық төлеуші (салық агенті) ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушілердің тізбесінен алып тасталған немесе деңгейлес мониторинг туралы келісімнің қолданысы тоқтатылған күннен бастап үш жұмыс күні өткен соң жүргізеді.
2. Салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) мүлiкке билік етуін шектеуді салық органы:
1) осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген жағдайда – осы салық төлеушіге (салық агентіне) меншік немесе шаруашылық жүргізу құқығында тиесілі және (немесе) оның балансында тұрған;
2) осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген жағдайда, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есепке алу және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес негізгі құрал, жылжымайтын мүлікке инвестиция және (немесе) биологиялық актив болып табылатын мүлікке қатысты жүргізеді.
3. Билік етуді шектеуге:
тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету объектілері;
электр, жылу және өзге де энергия түрлері;
сақтау және (немесе) жарамдылық мерзімі бір жылдан аспайтын тамақ өнімдері немесе шикізат жатпайды.
Салық төлеушінің (салық агентінің) қаржы лизингіне берілген (алынған) не кепілге берілген, билік ету шектелген мүлкін салық органының лизинг және (немесе) кепіл шартының қолданысы тоқтатылғанға дейін алып қоюына тыйым салынады.
Салық органы мүлікке билік етуді шектеген күннен бастап және оның күшін жойғанға дейін салық төлеушінің (салық агентінің) шарт талаптарын (шарттың қолданылу мерзімін ұзарту, қосалқы лизинг және (немесе) қайта кепілге қою) өзгертуіне тыйым салынады.
4. Салық төлеушінің (салық агентінің) мүлікке билік етуін шектеу туралы шешiм уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша жасалады және оны салық органы:
1) осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетiлген жағдайда – мұндай шешiм шығарылған күнi салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) жеке шотында бар деректер бойынша салықтық берешек сомасына;
2) осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетiлген жағдайда – осы Кодекстiң 21-тарауында айқындалған тәртіппен салық төлеуші (салық агенті) шағым жасайтын салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің және өсімпұлдың сомасына қабылдайды.
5. Мүлiкке билік етудi шектеу туралы шешiм салық төлеушiнің (салық агентiнің) жеке өзіне қолын қойғызып немесе жөнелту және алу фактісін растайтын өзге де тәсілмен табыс етілуге тиіс. Бұл ретте төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген шешім салық төлеушіге (салық агентіне) мынадай жағдайларда:
1) хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберілгенде – пошта немесе өзге де байланыс ұйымының хабарламасына салық төлеуші (салық агенті) белгі қойған күннен бастап;
РҚАО-ның ескертпесі!
2) тармақшаның осы редакциясы 01.01.2020 дейін қолданыста болады - ҚР 25.12.2017 № 121-VI Заңымен (тоқтатылған редакциясын ҚР 25.12.2017 Салық кодексінің 25.12.2017 датадағы архивтік нұсқасынан қараңыз).
2) электрондық тәсілмен жіберілгенде – салық органының шешімі веб-қосымшаға жеткізілген күннен бастап тапсырылды деп есептеледі. Бұл тәсіл осы Кодекстің 86-бабында белгіленген тәртіппен электрондық салық төлеуші ретінде тіркелген салық төлеушіге қолданылады;
3) осындай шешімді алғанын растайтын қол қоюдан бас тарту немесе тұрған жері бойынша болмау себебіне байланысты табыс ету мүмкін болмаған кезде – осы Кодекстің 70-бабында айқындалған тәртіппен жүргізілген салықтық зерттеп-қарау күнінен бастап табыс етілді деп есептеледі.
6. Салық органы мүлікке билік етуді шектеу туралы шешімді салық төлеушіге (салық агентіне) табыс еткен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей мұндай шешімнің көшірмесін уәкілетті мемлекеттік органдарға оған құқық немесе ол бойынша мәмілелер мемлекеттік тіркеуге жататын мүлікке не мемлекеттік тіркеуге жататын мүлікке құқықтық ауыртпалықтарды тіркеу үшін жібереді.
7. Салық төлеушінің (салық агентінің) мүлкіне билік етуді шектеу туралы шешім салық төлеушіге (салық агентіне) табыс етілген күннен бастап он жұмыс күні өткен соң салық органы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша мүлік тізімдемесінің актісін жасау арқылы салық төлеушінің (салық агентінің) қатысуымен билік ету шектелген мүлікке тізімдеме жүргізеді.
Салық төлеушіде (салық агентінде) меншік құқығында оған құқық немесе ол бойынша мәмілелер мемлекеттік тіркеуге жататын мүлік не мемлекеттік тіркеуге жатқан мүлік болған кезде тізімдеме, бірінші кезекте, осындай мүлікке жүргізіледі.
Билік ету шектелген мүліктің тізімдемесі салық төлеушінің (салық агентінің) бухгалтерлік есепке алу деректері негізінде айқындалатын баланстық құны немесе нарықтық құны мүлік тізімдемесінің актісінде көрсетіле отырып жүргізіледі. Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған құн нарықтық құн болып табылады.
8. Салық төлеуші (салық агенті) билік ету шектелген мүлік тізімдемесінің актісін жасау кезінде салық органының лауазымды адамдарына танысу үшін мұндай мүлікке меншік және (немесе) оны шаруашылық жүргізу құқығын растайтын құжаттардың, баланстың түпнұсқаларын немесе нотариат куәландырған көшірмелерін ұсынуға міндетті. Осы тармақта көрсетілген құжаттардың көшірмелері билік ету шектелген мүлік тізімдеменің актісіне қоса беріледі.
Билік ету шектелген мүлік тізімдемесінің актісі екі данада жасалады және оған оны жасаған адам, сондай-ақ салық төлеуші (салық агенті) және (немесе) оның лауазымды адамы қол қояды.
Салық төлеуші (салық агенті) билік ету шектелген мүліктің, табиғи тозу және (немесе) қалыпты жағдайларда сақтау кезінде табиғи кему салдарынан болған өзгерістерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шектеу алынғанға дейін өзгермеген қалпында сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Бұл ретте салық төлеуші (салық агенті) көрсетілген мүлікке қатысты заңсыз әрекеттері үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
Салықтық берешек өтелмеген және екі аукцион өткізілгеннен кейін билік ету шектелген мүлік өткізілмеген жағдайда, салық органы бастапқы тізімдеме актісінің күшін жою және мүлік тізімдемесінің жаңа актісін жасау күнгі салықтық берешек сомасы туралы салық төлеушінің (салық агентінің) жеке шотындағы деректерді ескере отырып, мүлік тізімдемесінің жаңа актісін жасау арқылы салық төлеушінің (салық агентінің) басқа мүлкіне тізімдеме жүргізуге құқылы.
9. Салық органы мынадай:
1) салық төлеуші (салық агенті) салықтық берешек сомаларын өтеген жағдайда – осындай берешекті өтеген күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей;
2) уәкілетті орган шешім шығарған немесе тексеру нәтижелері туралы хабарламаның шағым жасалатын бөлігінің күшін жоятын сот актісі заңды күшіне енген жағдайда – осындай шешім шығарылған немесе осындай сот актісі күшіне енген күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей;
3) салық төлеуші (салық агенті) тексеру нәтижелері туралы хабарламаға өз шағымын кері қайтарып алған жағдайда – осындай шағым кері қайтарып алынған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей мүлiкке билік етуді шектеу туралы шешiмнің және уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша осындай шешімнің негізінде жасалған мүлік тізімдемесі актісінің күшін жояды.
10. Салық органы:
1) тізімдеме актісінде көрсетілмеген мүлікке құқықтық ауыртпалықтарды тоқтату үшін – мүлік тізімдемесінің актісі жасалған күннен бастап, осындай актінің көшірмесін қоса бере отырып, бес жұмыс күнінен кешіктірмей;
2) осы баптың 9-тармағында көзделген жағдайларда билік етуді шектеу туралы шешімнің күші жойылған мүлікке құқықтық ауыртпалықтарды тоқтату үшін – мүлікке билік етуді шектеу туралы шешімнің күшін жою туралы шешім қабылданған күннен бастап, осындай шешімнің көшірмесін қоса бере отырып, бес жұмыс күнінен кешіктірмей;
3) уәкілетті заңды тұлға өткізген, оның ішінде кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұл бойынша берешек есебіне өткізілген мүлікке құқықтық ауыртпалықтарды тоқтату үшін – мүлікті сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап, осындай шарттың көшірмесін қоса бере отырып, бес жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті мемлекеттік органдарға хабар жібереді.
11. Салық органы осы баптың 6 және 10-тармақтарында белгіленген жағдайларда, тиісті хабарламаларды уәкілетті мемлекеттік органдарға қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда телекоммуникация желілері бойынша беру арқылы жібереді.
14-тарау. САЛЫҚТЫҚ БЕРЕШЕКТІ МӘЖБҮРЛЕП ӨНДІРІП АЛУ ШАРАЛАРЫ
Достарыңызбен бөлісу: |