3. Пәннің басқа оқу пәндерімен байланысы (пәнаралық байланыс) Пәнаралық байланыс – түрлі оқу пәндерінің арасындағы өзара байланысын айқындау шарты және білім беру мен оқыту талаптарының бірі екендігі жоғарыда айтылды. Пәнаралық байланыстың қажеттігі дүниенің бірлігін бейнелейтін ғылыми білімдер мен сенімдер жүйесін қалыптастыру міндеттерінен туындайды. Ол оқу пәндерінің топтары деңгейінде табиғаттың, қоғамның, адамдардың өзара әрекеті жөніндегі жетекші және жалпылама қағидаларды қамтиды. Оқу пәндерінде қарастырылатын аталмыш қағидалар оларды білім беру мазмұнының біртұтас жүйесіне біріктіреді. Бұл жерде пәнаралық байланыстың дүниетанымдық қызметі маңызды рөл атқарады.
Пәнаралық байланыс негізінде білімдер жүйеге келтіріледі, олардың беріктігі қамтамасыз етіледі. Пәнаралық байланыс бірқатар оқу пәндеріне ортақ негізгі қағидалар, ұғымдар, деректер, ғылыми таным әдістері арасындағы өзара байланысты қамтамасыз етеді.
Пәнаралық байланысты жүзеге асыру барысында оқу материалының қайталанбауы, тиімді орналасуы, мұғалімдердің бірлесе жұмыс істеуі сияқты бірқатар педагогикалық ұйымдастыру мәселелері шешіледі.
Бастауыш мектепте еңбекке баулу пәнін оқытудағы пәнаралық байланыс, негізінен, бес пәннің байланысын қажет етеді. Ол пәндерге музыка, бейнелеу өнері, ана тілі, математика және дүниетану жатады. Бірақ сонымен бірге, алдыға қойылған мақсат-міндеттерге және оқушылардың ықылас, белсенділігіне қарай география, тарих, ботаника т. б. Пәндердің қарапайым элементтері қолданылып, байланыстырылу жолдары да кездеседі.
Еңбекке баулу пәні негізінен оқушыларға эстетикалық тәрбие беруге бағытталады. Мектептерде еңбекке баулу мен музыка пәндерін, өнер саласының элементтерін пәнаралық байланыста оқыту оқу пәндерінің эстетикалық бағыттылығын жүзеге асыруға негізделеді.
Бұдан шығатын қорытынды - бастауыш сыныптарда еңбекке баулу сабақтарын музыка пәнімен мейлінше көбірек қабыстыру қажет. Әр сабақ сайын өтілетін тақырыпқа байланысты, сабақтың мақсатына қарай музыкалық шығармаларды молынан қолданған жөн. Бастауыш сыныптардың барлығында өтілетін еңбекке баулу пәнінің халықтық-сәндік қолөнер тақырыбындағы сабақтардың өтілу желісін қазақтың күйлерімен байланыстыру көп пайдасын тигізіп, оқу нәтижесінің жоғары болуына мол ықпал жасайды. Ұлттық күйлер әсіресе бастауыш сынып оқушыларының қабылдау ерекшеліктеріне байланысты сезіміне зор әсер етіп, қиялы мен ойлауына позитивті түрде ықпал етеді. Тек ескеретін жайт - күйді ырғағына қарай таңдап алып, дыбысын қатты етпей, сабаққа кедергі жасамайтындай етіп пайдалану.
Пәнаралық байланыстың құрылымын іске асыру барысында педагогика ғылымындағы көптеген қозғаушы факторларды ескеру керек. Оқыту процесінде пәнаралық байланысты іске асырудың құрылымдық белгілері мынадай:
-пәнаралық байланысты анықтау мақсаты;
-өзара байланысқа түсетін оқу пәндерін саралап, іріктеп алу;
-байланыс компоненті немесе бөлігі болған оқу пәндерінің әрқайсысының ерекшелігі;
-пәнаралық байланыстарды жүзеге асыру жолдары.
Сабақ беруде пәнаралық байлынысқа мән бермеу - оқу пәндері материалдарының бірін-бірі қайталауға, оқушылардың көптеген ұғымдар мен заңдылықтарды тар шеңберде түсінулеріне әкеп соғады. Білім мазмұнын меңгеру пәнаралық байланысты ескермейінше мүмкін емес. Өйткені ол - өзара жақын пәндердің бағдарламасындағы оқу материалын үйлестірудің және іріктеудің маңызды көрсеткіштерінің бірі.