Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының хабаршысы ғылыми-педагогикалық журнал вестник таразского государственного педагогического института научно-педагогический журнал



бет137/203
Дата06.02.2022
өлшемі6,98 Mb.
#34376
1   ...   133   134   135   136   137   138   139   140   ...   203
Р24
809.2
ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҒЫНДА ХАЛЫҚТЫҚ ПЕДАГОГИКА
ЭЛЕМЕНТТЕРІН ПАЙДАЛАНУ


Рахматуллаева Г.М.
41 орта мектеп, Тараз қ.

Өркениеттің өріне құлаш сермеген әлем жұртшылығының назарын аударып отырған жаһандану үрдісі қоғамдық қатынастардың даму барысында туындап отырған заманауи құбылыс. Осыған орай егемендігіміздің келешек мұрагері болып табылатын жас ұрпақты тәрбиелеу барысында ұлттық тұлға қалыптастырудың өзектілігі ең маңызды мәселеге айналып отыр. Бұл тұрғыда сан ғасырлардың жүзін көктей өтіп, ұрпақтар буынының рухани нәр көзіне айналып келе жатқан ұлттық сипаттағы рухани құндылықтарымыздың алар орны өлшеусіз.


Қоғамдық ой санамыз бен тарихи жадымыз қайта түлеп, өткенімізді сындарлы көзқарас тұрғысынан жаңаша пайымдап жатқан қазіргі жағдайда сол жанды қайнарлардың игілігін жаңашылдық сипатта өрістету талабы ең әуелі ғылыми негізділік пен жүйелілікке негізделуі оң нәтиже бермек. Көне түркілік кезеңдерден дәстүрлі жалғастық тауып келе жатқан халықтық педагогика - сол сарқылмас қайнарлардың күретамыры десек, оның қозғаушы күші – ұлттық тіл. Халқымыздың рухани-эстетикалық, мәдени-этикалық, дүниетанымдық табиғатымен терең тамырласып жатқан ұлттық тілімізді танымдық тағылымдық тұрғыда зерделеуде халықтық педагогиканың үлесі басым.
Ұлттық сананы терең орнықтыру арқылы ұлттық тұлға қалыптастыру жолында ұлттық тіл мен ұлттық әдебиет дүниелерінің өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі зәрулігі әсіресе, заманауи педагогика ғылымдары саласында жан жақты дәлелдене түсуде. Кейінгі ұрпаққа тағылымдық мәні толассыз, келелі ой толғамдарымен, өміршең өлең өрнектерімен, өнегелі сөз оралымдарымен өшпес мұра қалдырған данышпан Қорқыттан бастап, Асан Қайғы, Әл Фараби, Ахмет Ясауи, Жүсіп Баласағұн, алты Алашты аузына қаратқан Әз Төле би, Әйтеке мен Қазыбек билердің дәстүрін жалғаған дала дауылпаздары – жыраулар жасаған жауһар жәдігерліктер сол халықтық педагогиканың еншісіне жатады.
Жалпы өр рухты, тарпаң мінез халқымыздың табиғи болмысына тән ерекшелік белгілер оның педагогикалық, психологиялық, философиялық, дүниетанымдық, эстетикалық көзқарастары мен таным түсініктерінде тұтасып жатыр. Бұл тұрғыда ұлттық құндылықтардың қатарына жататын эпостық жырлардың да орны айрықша зор. Эпостық жырларда қазақ халқының эстетикалық тұрғыдағы таным түсініктері тығыз астастық тапқан. Халық көбінесе өзінің эстетикалық тұрғыдағы ой сезімдерін білдіре отырып, жастарды еңбекке, азаматтық міндетті ардақ тұтуға, намысшылдыққа, өршілдікке, арлылыққа, адамдық пен адалдыққа баулу түріндегі идеяларды жалпы тақырып желісінде жымдастыра өргізіп, идеялық тұрғыда әр қырынан танытып отырған. Бұл жырды жырлайтын жыраулардың орындаушылық шеберлігі, дауыс ырғағы, орындау мақамы, бейнелі сөйлеуі эпостың мазмұны мен оның көркемдік қуатына елеулі түрде әсер етеді. Сондай-ақ, ен даланың төсінде көсіле ғұмыр кешкен халқымыздың ауыз әдебиеті үлгілері де ұлтымыздың асқақ арман тілектері мен мақсат мүддесі, келешек өмірге деген сенімі, табиғаттың тылсым сырларымен үндескен нәзік сезімінің сыры тұнған түпсіз иірім. Оларда бейнеленген педагогикалық идеялар оқушыларға моральдық-этикалық тәрбие беруге және жас буынның жеке пікір көзқарастарының қалыптасуына, ұлттық дүниетаным діңгектерінің беки түсуіне өзіндік әсер ықпалы зор екендігі сөзсіз. Онда әсіресе, қазақ тілінің шұрайлылығы, сұлулығы, сыршылдығы кеңінен көрініс беріп отырады. Сөз орайына қарай қазіргі қоғамымыздағы тілдік қолданыстағы айналымға жиірек түсетін кейбір сөздер төңірегіндегі түйткілді ой пікірлерімізді ортаға сала кетудің артығы жоқ.
Қазіргі қазақ ұлтының ішіндегі шала қазақ, ада қазақ деген топтардың атын атап, түсін түстеп жүрген белгілі ғалым, көрнекті қоғам қайраткері, профессор Мекемтас Мырзахметұлы. Профессордың тұжырымы бойынша рухани кембағалдыққа ұшыраған алдыңғы екеуден басқа таза қазақ деген жібі түзу тағы бір топтың бары атап көрсетілген. Бірақ қазіргі таза қазақпыз дегендердің өзі, шын мәнінде сол бағаға лайықты ма, мәселе сонда.
Бүгінде әрбір отбасының айбыны, әулеттегі тектік желінің табиғи түрдегі жалғастырушысы, ана мен баланың тірегі саналатын отағасы, яғни әкені өзінің табиғи болмысына, жаратылыстық қалыбына сай «әке» деп атайтын ұрпақ жоқтың қасы. Бабалар дәуірінен мұра боп жеткен бұл қасиетті сөзді «папа» деген жатжұрттық кірме сөз біржолата тықсырып тастағандай. Ал енді осы папа деген атау сөздің түп-төркіні қайда барып тірелетіндігін жас та болса, тарихтың тереңімен тамырласқан түйдек-түйдек ой толғамдары таным мен тағылымға тұнып тұрған Дархан Қыдырәлінің «Атымды адам қойған соң» атты кітабынан табуға болады. «Ислам тарихына жіті үңіліп қарайтын болсақ, мұсылман елдерінде, батыстағыдай, теократиялық мемлекет болған жоқ. Мәселен, котоликтердің сенімі бойынша, Папа-тәңірдің және Хәзіреті Исаның жердегі өкілі, сондықтан ол жаңылыспайды, қателеспейді. Тәңірдің атынан билік жүргізетін болғандықтан оның әмірлерін бұлжытпай орындау керек»
Келтірілген үзіндіде бізді толғандырып отырған сөзге арнайы түсінік берілмегенімен, ол атаудың, яғни папа деген атау сөздің біздің қазақы дүниетанымға үш қайнатса сорпасы қосылмайтындығы және этимологиялық жағынан ешқандай да туыстық мағына бермейтіндігі түсінікті болып тұр. Дәл осы жағдайды ұлттық көзқарас тұрғысынан ізерлесек, орыс ұлтының баласы өзінің әкесін «мүфти» деп атағанмен бірдей екен. Ал қазақтың әке деген сөзі негізінен «ақ» және «ие» деген екі түрлі сөзден бас құрайтын ұғым. Айтылу барысында сингармонизм заңдылығына ұшырау себепті, әке болып қысқарып кетеді. Талдап түсіндірер болсақ, алдыңғы ақ деген түбір сөзге кіріге бірігіп тұрған ие сөзінің бастапқы, яғни дауысты и әрпі өзіне дейінгі тұрған қатаң дауыссыз қ әрпіне ықпал еткендіктен, айтылу барысында к болып өзгеріске ұшыраған. Мұндай құбылыс лингвистика ғылымында кейінді ықпал деп аталады. Негізінен бұл жердегі «ақ» сөзі «құт» деген ұғымдық мағынада қолданылған. Қазақта ағарғанды (айран, сүт) құт санағандықтан, аяқ асты етпейді, төгіп-шашуға тыйым салады. Ал ұрпақ (ген, ата тектік желі) еркек кіндік арқылы жалғасын тауып отырады. Демек әулеттегі үрім-бұтақ (генофонд) отағасының негізінен таралмақ.
Олай болса, әке сөзінің түпкі мән мағынасы, құт ие, құттың иесі, берекенің бастау бұлағы, ұрпақтар жалғастығының қайнар көзі дегенді білдіреді. Демек, әке деген сөздің асыл тегі отбасының тұтқасын ұстап тұруға жауапты - бас тұлғаны құрмет тұту сезімімен қатар, оның табиғатына тән ерекшелікті айғақтайтын мағыналық, танымдық, тағылымдық сипатымен де айрықшаланбақ.
Қазіргі ғылым салалары адамның жан әлеміне қатысты құбылыстарды зерттеп тануға барынша ден қоюда. Мамандардың айтуы бойынша кісінің қалай аталуының өзі оның бойындағы энергетикалық өріске елеулі түрде ықпалын тигізіп отырады екен. Олай болса, жадымызға жаттан енген папа деген атау сөздің өзі қаны, жаны, діні, ділі, тегі, тіпті түрі басқа қазақтың ер азаматының энергетикалық өріс шеңберіндегі қуат көздерін, кемітпесе, кеңітпесі сөзсіз. Қазіргі заманның еркектері ұсақталып кеткен деп дабыл қағады қоғамдық пікір. Байқап отырсақ, еркектердің табиғи қалыбының деформацияға ұшырауына гендерлік саясаттың шалығына арбалған қоғамнан бастап, отбасылық өмірдегі «папалаған» бала-шағаға дейін пәрменді тұрде «игі» ықпалымызды тигізіп келеді екенбіз.
Қазақта көне дәуірлерден бері қарата өзіндік мән мазмұнын жоғалтпай келе жатқан «көке» дейтін де туыстық мәндегі атау түрі бар. Кезінде түркі тектілердің данышпаны Тоныкөкті ел-жұрты көке деп атаған екен. Көке - көне түркі тілінде ақылшым, жетекшім, көк тәңірінің қасиетті өкілі деген мағынаны беретін сөз екен. Ал «таза қазақ» тобына жататын болсақ, неге осындай мән мағынаға бай ұлттық сипаттағы ұғым түсініктерді күнделікті өскелең ұрпақтың құлағына құйып отырмасқа. Өзіміз папалатып тәрбиелеп жатқан жас буыннан қалай ғана атойлаған ұлттық намыс, ана тілге деген құрмет сезімін талап етеміз. Бұл қазіргі жастардың кінәсі емес, алдыңғы аға, ата буынның ой санасындағы орныққан ақтаңдақтардың нәтижесі.
Бүгінде баламызды сүндеттедік дегеннің орнына піштірдік деген сөзді жастар ғана емес, үлкендердің аузынан да естіп жататынымыз өтірік емес. О заман, да бұ заман қазақ малдың еркегін піштіретін еді, адамды піштірген деген не сұмдық. Піштіру - еркек малдың ұмасының ішіндегі жұмыртқасын алып тастау деген ұғымды беретін сөз.
Осы күні қазақтың ата сақалы ауызына түскен қарияларына дейін өрендерінің ұлдан тарағанын да, қыздан тарағанын да немере деп атай береді. Пәленбай немере, түгенбай шөберем бар деп жатады қарттарымыз. Егер осынымыз жөн болса, онда неліктен жеті атаның құрамына қыздан тарайтын ұрпақ кірмейді. Негізі қазақ әу астан қыздан тарайтын ұрпақты жиен деп атайды. Сондықтан міндетті түрде жиен немере, жиен келін, жиен қарындас, жиен іні, жиеншар деп әрнәрсе өз атауымен дұрыс айтылуы керек. Әр нәрсені өз атауымен шатастырмай атай білудің өзі де мәдениеттіліктің, білімділіктің, рухани деңгейіміздің көрінісі. Ежелден аталы сөзге тоқтам қылып, сөз құдыретін терең сезініп, бағалай білген ұлтымыздың «Жақсы сөз жарым ырыс», «Жөн сөз жұғымды», «Аз сөз алтын, көп сөз көмір», «Тапқыр тауып сөйлейді, надан шалыс сөйлейді» деген ұйғарымының өзі осы халықтық педагогикадағы тіл мәдениетінің жайын, оның тәрбиелік мәнін дұрыс пайымдай білгендігін аңғартса керек.
Көне қытай мәдениетінің Фен Шуй философиясы біздің елімізде де қанатын кеңге жайып келеді. Қазір көпшілік жұрт соған қатты қызығушылық танытып жатады. Ол ілімнің толып жатқан қағидаларына жан иманымен үйіріліп, таңдай қағысып, бір жаңалық көретіндер аз емес. Шындығында егер біздің тарихи танымдық ой санамызды шел қаптамаса, айдаладағы қытайлықтардың «көрегендігіне» дәл осылай табынбас едік. Сол қазынаның барлығы өзіміздің қарапайым ғана салт-дәстүр, ырым-тиымдарымызда тұнып тұрған жоқ па. Мысалы, Фен Шуй ілімі бойынша ағын судың, сарқыраманың суретін бөлменің төргі қабырғасына ілуге болмайды. Себебі, ол ағын су үйге кіретін ырыздық несібені шайып әкетеді деген түсінік бар екен. Ал осы мәселе қазақтың қарапайым ғана «Қара суды сапырмайды» деген тиымымен үндесіп жатқандығын біле бермейміз. Сорпаны, қымызды, сүтті сапыруға болады, себебі ондай майлы жүздіні неғұрлым сапырған сайын, отбасының ырыздық несібесі еселене түседі деген қазақы ұғым біздің ұлттық дүниетанымымызда ежелден ақ орнықты болып келген. Ал шайды, қара суды қазақ сапырмайды, өйткені ол сылдыраған қара су. Суды сапыру кедейшілік шақырады деп түсінеді бізде. Міне осындай қарапайым ғана мысалдар біздің ұлттық дүниетанымымыздың бүгінгі деңгейін дәлелдесе керек.
Міне, осы айтылған жәйттің барлығы да ырым, тиымдар, ескіліктен келе жатқан салт сана, әдет ғұрыптарымыз бен тілдік ерекшеліктердің барлығы халықтық педагогикаға тән құндылықтар. Күнделікті сабақ барысында халықтық педагогика элементтерін жіті қамти отырып, ұлттық сананы айшықтай түсу отаншыл ұрпақ тәрбиесінің ең тиімді әдісі.
Халықтық педагогика аумағына қазақтың жыраулар поэзиясы үлгілері де жататындығы туралы жоғарыда айтып өткенбіз. Енді сол құндылықтарды қазақ тілі сабағында қолданысқа ендіру жайына атбасын бұра кетудің артығы жоқ. Мәселен,
Алты қанат ақ орда
Ардақтаған аяулың
Күнінде ертең біреуге
Тегіннен тегін біреуге олжа болмасқа (Бұқар жырау) - деген тармақтағы орда және олжа сөздерінің шығу тарихы мен қолданылу аясына назар аударған жөн. Осындағы орда сөзі ертедегі ескерткіштерден бастау алады. Бірақ нақ осы жердегі мағынасы – ең алғашқы, бастапқы мәні – кемірушілер мен басқа да хайуандардың іні, солар мекендейтін үңгірдің атауы. Біздің тіліміздегі жыланның ордасы, ордалы жылан тіркестері сол бастапқы мәнді білдіреді. Ал енді Алтын Орда, Ақ Орда, Бөкей Ордасы дегенде ел билеушілердің мекені деген ұғымды береді.
Бүгінде олжа сөзі – күтпеген жерден болған табыс деген ұғымды беретіні белгілі. Ал көне түркілік таным көзқарас тұрғысынан тексеріп көрсек, бұл олци – соғыста қолға түскен тұтқын деген мағынадағы сөз болған. Сонда бұл сөздің төтеннен келген пайда мәніне кейін ие болғандығын байқаймыз. Бұқар жырауосы екі сөздің алғашқысын өз отаныңң-туған үйің, соңғысын бастапқы тұтқын мағынасында қолданған. Қазіргі таңда бұл мәні көмескіленіп, тек соңғы, туынды мағынасында жұмсалады.
Жыраулық поэзиядағы осындай тағы бір элементті алып қарасақ:
Он бармағы қыналы,
Омырауы жұпарлы - дегендегі қынама бел, белін қынай буу тіркестері ауыз әдебиеті үлгілерінде де жиі ұшырасады. Сұлу қыздың сыртқы тұлғасына байланысты қолданылатын бұл сөздің түбірі – қын, яғни пышақтың немесе қанжардың қыны дегеннен шыққан. Негізі қына екі түрлі мағынада қолданылады, алғашқысы бұрын қазақтар қызыл және сары түсті бояуға пайдаланған өсімдік түрі, екіншісі, салалы, жіңішке мәнінде. Ал қынап-қап (қынабынан қанжарын суырып алды) мағынасында жұмсалады. Сонда қыналы саусақтары сүйріктей, салалы жіңішке, нәзік сұлу деген мағынаны беріп тұр.
Туысқан қырғыз тілінің оңтүстік говорында қына сөзі аттың құйрығына таққан әшекей деген мағынаны білдіреді екен. ал ертегілердегі «қыналы бармақ» тіркесі жіп жіңішке, тартқан сымдай деген мағынада жұмсалады.
Міне, халқымыздың байтақ тарихымен, толағай тұрмыс салтымен егіз өрілген осындай ерекшелік белгілерді тілдік тұрғыдан зерделеу елжанды ұрпақ тәрбиесінің бірден бір тиімді әдісі болып табылмағы анық.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   133   134   135   136   137   138   139   140   ...   203




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет