1. Кеден одағының кедендік аумағына әкелінген тауарларға арналған кедендік декларация, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, тауарларды уақытша сақтау мерзімі аяқталғанға дейін беріледі.
2. Кеден одағының кедендік аумағынан әкетілетін тауарларға кедендік декларация, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, олар Кеден одағының кедендік аумағынан кеткенге дейін беріледі.
3. Қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасау қаруы, құралы немесе нысанасы болып табылған, қайтару туралы шешім қабылданған және осы Кодекске сәйкес кедендік декларациялауға жататын тауарларға қатысты кедендік декларация:
1) қылмыстық жауапкершіліктен босату туралы сот шешімі;
2) әкімшілік жауапкершіліктен босату туралы кеден органының шешімі;
3) соттың немесе кеден органының қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы шешімі;
4) соттың немесе кеден органының әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде беріледі.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген тауарларға қатысты кедендік декларация белгіленген мерзімде берілмеген тауарларды кеден органдары осы Кодекстің 26-тарауына сәйкес ұстайды.
Декларант
1. Мыналар:
1) Кеден одағына мүше мемлекеттің:
сыртқы экономикалық мәміле жасасқан тұлғасы не оның атынан (тапсырмасы бойынша) осы мәміле жасалған;
сыртқы экономикалық мәміле болмаған кезде тауарларды иемдену, пайдалану және оларға билік ету құқығы бар тұлғасы;
2) шетелдік тұлғалар:
жеке пайдалануға арналған тауарларды алып өтетін жеке тұлға;
осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес кедендік жеңілдіктерді пайдаланатын тұлға;
Кеден одағына мүше мемлекеттің аумағында белгіленген тәртіппен құрылған өкілдігі бар ұйым, – уақытша әкелу, кері экспорт кедендік рәсімдерін, сондай-ақ осындай өкілдіктердің жеке мұқтаждықтары үшін әкелінетін тауарларға ғана қатысты ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімін мәлімдеген кезде;
Кеден одағына мүше мемлекеттің тұлғасы мәміле тараптарының бірі болып әрекет ететін, мәміле шеңберінен тыс тауарларға билік ету құқығы бар тұлға;
3) кедендік транзит кедендік рәсімін мәлімдеу үшін – осы баптың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген тұлғалар, сондай-ақ:
тасымалдаушы, оның ішінде кедендік тасымалдаушы;
экспедитор, егер ол Кеден одағына мүше мемлекеттің тұлғасы болып табылса, декларанттар бола алады.
2. Осы баптың мақсаттары үшін сыртқы экономикалық мәміле деп Кеден одағына мүше мемлекеттің тұлғасы мен шетелдік тұлға арасында жасалған мәміле, сондай-ақ Кеден одағына мүше түрлі мемлекеттердің тұлғалары арасында жасалған, оның негізінде Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тауарлар өткізілетін мәміле түсініледі.