«Тұрақты даму мақсатындағы халықаралық журналистиканы оқыту модельдері»



бет34/128
Дата05.02.2022
өлшемі4,38 Mb.
#17399
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   128
Бекболатұлы Ж.
к.э.н., редакторлық-баспагерлік және дизайнерлік өнер кафедрасының доценті
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ


Қазақстандағы ақпараттық қоғам

Қазіргі таңда ақпараттық – коммуникациялық технологиялардың қауырт даму нәтижесінде дүниежүзілік біртұтас ақпарат кеңістігі ақиқатқа айналды. Бүгінде әлемнің дамыған елдерінің барлығы дерлік ақпараттық қоғам құру және оны дамыту жөніндегі өз саясатын айқындаған. Бұл үрдістен біздің еліміз де тыс қалып отырған жоқ. Қазақстанда заманауй ақпараттық инфрақұрылым қалыптасқанын, ақпарат ғасырына аяқ басқан ұрпақтың өмірге келгенін атап өткеніміз ләзім. Бұл тақырып сонымен қатар ғылыми-зерделеу жұмыстарының өзегіне айналып та келеді. Ақпараттық саясатты жүйелі зерттеп жүрген ғалымдар шоғыры ішінен тарих ғылымының докторы, профессор Сәуле Барлыбаеваның еңбектері атап өтуге тұрарлық. Зерттеушінің «Казахстан: информационно-коммуникационная инфраструктура», «Коммуникация в жизни подрастающего поколения», «Современные СМК Казахстана в эру глобализации», «Массовая коммуникация: перспективы развития», «Новые медиа в мире и в Казахстане» және басқа сияқты сүбелі туындылары еліміздің және шет өлкелердің ынталы оқырмандарына жақсы мәлім.


Қазақстан Республикасының жаңа ғасырдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы ақпараттық саясатты ұтымды ұйымдастырумен, жаңа үрдістер мен тәжірибелерді өмірге батыл енгізумен тығыз байланысты. Қазіргі таңда елімізде ақпараттық қоғамды қалыптастыру және дамыту жолдары нормативтік-құқықтық тұрғыда белгіленген. Қазақстан ғаламдық ақпараттық қоғамға кірігуге және ғаламдық ақпараттық инфрақұрылымға қосылуға ұмтылыс танытуда. Мұның өзі республиканың технологиялық және экономикалық тұрғыдан дамыған елдердің ат төбеліндей тобына саяси тәуелсіздікті, ұлттық ерекшеліктер мен мәдени дәстүрлерді сақтай отыра қосылуына, дамыған азаматтық қоғамы бар құқықтық мемлекет ретінде әлемдік өркениеттік дамуға үлес қосуына мүмкіндік бермек.
Осы мақсатпен 1997 жылғы 9 желтоқсанда «Қазақстан
Республикасының біртұтас ақпараттық кеңістігін қалыптастыру туралы»
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы шықты. Мемлекеттік
басқаруда, экономикада, мәдениет пен әлеуметтік салада келешегі бар
ақпараттық технологияларды, компьютер техникасы мен телекоммуникация құралдарын пайдалануға негізделетін жаңа технологиялық үрдістерді қалыптастыру, ақпарат пен білім нарығын жасау, жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамдық өндірістегі ақпараттық құрылымның рөлін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 16 наурыздағы №573 Жарлығымен «Қазақстан Республикасының ұлттық ақпараттық құрылымын қалыптастыру мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды.
Ақпарат алу еркіндігі және оны тарату бостандығы ақпараттық қоғамның ерекше белгісі болып табылады. Бұл демократиялық процедураларды жетілдіруге, іскерлік белсенділікті арттыруға, адал бәсекені дамытуға, тұтынушылардың құқығын қорғауға жәрдемдесіп, экономиканың «олигархтануына», бюрократияның тиімділігі төмен монополистік құрылымдармен біте қайнасуына, сыбайлас жемқорлық пен шаруашылықтың құлдырауына тосқауыл қояды. Толық және дәл ақпаратқа сүйене отырып, саясатта, экономикада, ғылымда, практикалық қызметте дұрыс та сарабдал шешімдер қабылдауға болады. Ақпараттық қоғам мемлекетті басқаруды жетілдіру және жергілікті жағдайлар мен ресурстарды ұтымды пайдалану, өндіріс тиімділігін елеулі түрде арттыру, білім беруді дамыту, табиғат ресурстарын үнемдеу, қоршаған ортаны қорғау үшін кең мүмкіндіктер ашады. Электронды коммуникацияларды пайдалану білім беру жүйесін түбегейлі өзгертіп, денсаулық сақтау жүйесін жақсартады. Ақпараттық қоғам - барлық алдыңғы қатарлы елдердегі негізгі қоғамдық қабат саналатын «орта тапты» дамыту үшін оңтайлы орта болып табылады.
Ақпараттық қоғамның барлық мүмкіндіктерін есепке ала отырып, сонымен бірге ол әкелетін проблемаларды да естен шығармау керек. Ең басты қауіп өндіріс ғаламдануының күшеюі мен әлемдік корпорациялардың әбжілдігі айналадағы ортаны қорғау саясатына және еңбек пен әлеуметтік қорғау құқығына жағымсыз әсер етіп отыр. Ғаламдық желілерді жиі пайдалану жағдайында мәдени агрессияның жаңа формалары пайда болып, тұтас бір қауымдастықтардың өзіндік мәдени, ұлттық ерекшеліктерін, соның ішінде тілін жоғалтуына әкеліп соғуы мүмкін. Ақпараттық ғасырдың осы және басқа қауіп-қатерлеріне қарсы тұрудың тиімді әдістері ғаламдық ақпараттық кеңістіктен іргені аулақ салуда емес, осы кеңістікті қалыптастыруға өз тарапынан толыққанды ат салысуда жатыр. Ұмсынғанның қолы жететін ашық ақпараттық желілер жағдайында әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан алғанда қауіпті болып табылатын ақпаратты шектеу, дербес деректерді электронды жолмен тарату, халықтың бір бөлігі ғана жаңа технологиялар мен ақпараттық ресурстарға кіре алатын ақпараттық элитаризм, авторлық құқық және электронды ақпаратты өндірушілер құқығы проблемалары туындап отыр.
Ақпараттық қоғам орнатудың негізгі шарттарына:

  • біртұтас ақпараттық кеңістікті қалыптастыру;

  • келешегі мол ақпараттық технологияларды, есептеу техникасы және телекоммуникация құралдарын жаппай қолдануға негізделетін жаңа технологиялық үрдістердің экономикада қалыптасып, кейіннен басымдықта болуы;

  • ақпарат және білім нарығын құру;

  • байланыс, көлік, ақпарат инфрақұрылымын жасау;

- жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін
қамтамасыз ету;

  • білім беру, ғылыми-техникалық, мәдени даму деңгейін арттыру;

  • азаматтар мен әлеуметтік институттардың ақпаратты еркін алу мен таратуға деген құқығын қамтамасыз етудің тиімді жүйесін жасау сияқты міндеттерді шешу қажеттігі жатқызылады.

Мемлекеттердің біртұтас ақпараттық кеңістігін және планетаның ғаламдық ақпараттық кеңістігін қалыптастыратын негіз ретінде телекоммуникация және телерадиохабарын тарату технологияларына деген мемлекеттер мен қоғамдық ұйымдардың ынтасы күннен -күнге өсіп отыр.
Қазақстан Республикасы біртұтас ақпараттық кеңістігінің техникалық негізі телерадиохабар және телекоммуникация кешендерінен, баспаханалардан, пошта байланысы мен алуан түрлі ақпараттық жабдықтан - ақпараттық кешеннен тұратын инфрақұрылым болып табылады. Көрсетілетін инфокоммуникациялық қызметтердің саны мен сапасының артуына байланысты телекоммуникациялық және ақпараттық кешендердің біртұтас ақпараттық-коммуникациялық кешенге кірігуі жүзеге асады.
Мемлекеттік ақпараттық саясаттың ұзақ мерзімдік стратегиялық мақсаты - елдің біртұтас ақпараттық кеңістігін дамыту негізінде ашық ақпараттық қоғамды қалыптастыру, ұлттық ерекшеліктер мен мүдделерді ескере отырып, әлемдік ақпараттық кеңістікке кірігу, қоғамдық, мемлекетішілік және халықаралық деңгейлерде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады.
Ақпараттық саладағы құқықтық реттеу мәселелеріне арналған нормативтік-құқықтық актілер және осы пән бойынша өзге құқықтық-нормативтік актілердегі жекелеген нормалар, сонымен бірге мемлекеттік ақпараттық саясатты қалыптастырудың негізгі салаларының бірі саналады.
Қазіргі таңда "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы", "Байланыс туралы" және басқа негізгі ақпараттық заңдар қабылданды. Сөз бостандығының, ақпаратты еркін алу мен таратудың, цензураға тыйым салудың заңдық кепілдіктері бар, олар ел Конституциясында, қолданымдағы "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Заңда бекітілген. Міне, осының арқасында отандық медиа-кеңістік қауырт дамып келеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   128




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет