Міне, осындай категорияға жататын пікірлерге тоқталғым да келмейді, бірақ үндемей өтуге тағы да болмайды, сондықтан да, бұған кейінірек қайтып ораламын
Міне, осындай категорияға жататын пікірлерге тоқталғым да келмейді, бірақ үндемей өтуге тағы да болмайды, сондықтан да, бұған кейінірек қайтып ораламын.
Енді сөзсіз дұрыс айтылды деген ескертулерге келейін. Біріншіден, қазірдің өзінде менің тарапымнан көптеген өзгертулер жасалды, түзетулер енгізілді. «Абай» романының бірінші кітабының соңғы басылымында Дулатқа деген көзқарас өзгертілді. 1942 жылы роман алғаш жарияланған кезде оның шығармашылық жолы туралы барлық оқулықтар мен бағдарламалардың барлығында бүкілхалықтық идеологияның ақыны деп жазылып жүрген болатын. Ал Абайдың қалыптасып келе жатқан санасына рухани мәдениетті бойына сіңірген адамның жағымды ықпалы етуін көрсету керек болды, сондықтан да мүлдем шартты түрде алынған бұл тұлғаның орынына басқа бір кез-келген ақынды алып, суреттеуге болатын еді. Ол туралы жазылғандардың барлығы да, оның іс-әрекеті, толғаулары, бейнесі менің қиялымның жемісі болып табылады. Сондықтан да Дулаттың өзі бүгінгі қоғамға жат болғанымен, оның бейнесі қоғамға жат емес, Дулат деген атты пайдаланып жазған менің кескіндеуім ғана болғандықтан, Дулаттың атын өшіріп тастадым.
Бұл кітаптың мұндай кемшіліктерін уақыттың өзі түзейді. Бұқар жырау мен Шортанбайдан басталған қателіктерге байланысты көрсетілген кемшіліктер, тек қана кемшілік емес, феодалдардың бейнесін дәріптеген саяси қателікке айналып кетті. Мысалы, кеше Мұстафин: алашордашыл Тұрашты Абайға ықпалы бар адамдардың қатарына қосқан – деген оқыс пікір айтты. Ашығын айтайын, ол түймедейді түйедей ғып көрсетіп отыр. Менің қателігім сонда, Тұраштың атын атамауым керек еді. Ол екі жерде аталады. Ал осыны біздің уайымшыл сыншылар қампита үрлей келіп, Алашордашыл Тұрашты Абайға әсері тиген адам етіп суреттедің деп даурығып шыға келді. Бұл барып тұрған жала! Әрине, оның атын атауым ағаттық, олай істемеуім керек еді, ал осы қарапайым кемшілік үшін мені бүгінгі күннің ұлтшылы етіп шығаруға болмайды ғой. Бұл – сауатсыз, бейпіл (беззастенчивая) айыптау. Ал бұл қателікті түзету оңай.
«Ақын аға» романында қателіктер жіберілді. Жолдастардың айтуынша менің қателігім жекелеген ақындарды Абайдың шәкірті ретінде дәріптеуімде екен. Мен өткен жылы 8 баспа табақ көлемінде өзгерістер енгізгенімді айтқамын, сондықтан да енді менімен қоса (Көкбайды, Әріпті, Әсетті т.б. – Т.Ж.) жадтарыңыздан сызып тастасаңыздарда болады, «Абай жолының» жаңа кітабі жазылатын болады. «Абай жолы» менің Абайдың ақын шәкірттері жөніндегі қателігімді түзейтін болады, екіншеден (Кенесары туралы көзқарасым) түбірімен өзгереді.
Бүгін сөйлеген кейбір жолдастар «Абай жолының» жазылу барысында панисламизм өкілдерін Абайға қарсы тұрушы күш емес, сонымен қатар панисламизм мәдениетін әшкерелеу керектігі жөнінде ескерту жасады. Жолдастар, «Абай жолы» – өте күрделі жол, ол («Қайтқанда», «Қат-қабатта», «Шытырманда», «Оқапта», «Қақтығыста») – деген тарау аттарынан-ақ білінеді. Шұбар: «Қазақ халқын Абай жолы қайда апарады?»,– деп сұрағанда Әбдірахман: «Бұл жол – құтқарушы орыс мәдениетіне алып келеді»,– деп жауап береді. Екінші бағыт – ислам. Ал Абайдың жолы басқа, ол орыстың демократиялық әдебиетін Некрасовтың дәстүрі арқылы сіңіреді. Абайдың жолының – жол айрығы осы тұстан айырылады, ал қазіргі «Абай жолы» тарихи романы 90-жылдарға келіп тірелген, енді 1904-жылға дейін жететін болады, міне, тарихи шындық бойынша панисламизм мен пантүркизмнің барынша кең тарағаны осы жылдар, Татарстанға, сонымен бірге Әзірбайжанға таралған панисламиз мен пантүркизм ағымы буржуазиялық ұлтшылдықты да қоса ала келді. Олардың ішіндегі ең көрнекті қайраткерлері Мемлекеттік Думаның алғашқы депутаттары болып сайланды, міне, бұл Қодар оқиғасынан бастап бірінші орыс революциясына дейінгі Абай өткен тарихи жолды қамтитын 4-кітаптан орын алатын болады, 4-кітапта Абайдың өмірінің көпшілігі қала кедейлерінің арасында өтетін болады, міне, сонда жұмысшы табының қалыптасу барысы қозғалады, дәл қазір сол тұсты жазып жатырмын.
Кейбір кездері сыншылар (шығарманы талдауда) уақыттан озып кетеді де, (ол оқиғаның) келесі кезеңдерде қамтылуы тиіс екенін ұмытып, дәл қазіргі сәтте көргісі келген жайларды талап етеді. 13 жастан бастап 60-қа дейінгі Абайдың өмірі 4 кітапта жалғаса қамтылады. Сондықтан да маған, адамның өмірімен өлшенетін оқиғаларды тарихи шындыққа сәйкес, өмірдегі өз ретімен дамытуға мүмкіндік беріңіздер. Егерде орыс жазушысының бірі төңкерісші орыс жұмысшы табын көрсеткісі келіп 1905-жылғы революцияны 1900-жылға жылжытса қалай болады? Тура сол сияқты, бұл арада да іс-әрекеттің уақытын жылжытудың ешқандай қажеті жоқ, менің шығармамда да бұл оқиғалардың барлығы тарихи және көркемдік шындыққа сәйкес келетін кезеңдерде өз кезегімен қамтылады. Сондықтан да Шұбар мен Көкбай бейнесі 4-кітапта талқыға түседі және Шұбар мен Көкбайға қатысты ескертпелер сонда қарастырылады, Абаймен бірге өмір сүріп, байды сатқан Шұбар 1934-жылғы байлардың көтерілісі кезінде тау ішінде өзінің ажалын табады. Абайдың тірі кезінде оның, мен Шұбарды айтып тұрмын, сатқындығы ашық көрінбейді, ол өзінің бет-пердесін ашпайды. Ал жолдастар Абайдың ақындық мектебі туралы қате пайымдаулар туралы айтқанда осы жайды ұмытып кетеді. Мен Абайдың өмірін жазып жүрген кезімде мұны Тұрағұл айтып беріп еді, мен соған сеніп қалдым. Бұл біздің қоғамымыз үшін де, мен үшін де қымбатқа түсті.
Мен 1939-жылы «Абай» трагедиясын, содан кейін операға арнап либретто, «Абай әндері» атты картинаға (сценарий) жазғанымды еске алуларыңызды өтінемін – соларда Абайдың қоршаған ортасы екшеліп берілген емес пе еді. Ондағы оқиғалар 1903-1905 жылдардың арасында өткендіктен де олардың ішінде панисламистер де жүр емес пе. Абай өзінің өліміне жақындаған, егде жасқа жеткен кезінде Шұбардың өзін қалай ұстағаны көрсетілген. Мұндай ойға мен бұрыннан келгенмін, қазір сол бағытта жұмыс істеп жатырмын. Абайдың ақындық мектебін жоққа шығару тек 1951 жылы ғана пайда болды демеңіздер. Ол 1939 жылғы біздің шығармашылық ізденісімізден басталған. Тек Кенесарыға жеткілікті орын берілді ме деген ғана мәселе талас туғызған. Қателік кетті, мен оның феодалдық, реакциялық мәнісін толық аша алмадым. Бірінші топқа жатқызған сын ескертпелердің ішінен мен жұртшылықтың піркііне орай Шұбар бейнесін 4-кітапта өзгертуге келісемін. Абайға қарсы әрекет ететін күш ретінде оларға үлкен салмақ салынатын болады. Олар буржазияшыл-ұлтшылдардың көсемінің одақтасына айналады. Онда мұның Абайға деген қарым-қатынасы, Абайды өз жағына қаратып алуға ұмтылысы көрсетіледі. Қазір менде бұл туралы өте қызықты дерек те бар.
«Ақын ағада» көптеген қателіктер кетті, оны мойындаймын және оны түзеймін. Ол негізінен Кенесарыға байланысты. Кенесары жөнінде мен көп жаздым, бірақ мен Кенесарының кіріктірген кездегі Абайдың жасы 13-те ғана болатын, ол оқиға ол ауылдан 120 верст қашықтықта өтті. Кенесарыға қатысты оқиғаларға Абай сол кезде дұрыс баға бере алар ма еді? Бұл тұрғыдан мен түзету енгіздім және өзімнің ұстанымымда қаламын. Мен Кенесарыны және оның идеологін кемелденген Абайдың көзқарасымен әшкерелеймін. Дәрмен арқылы әшкерелеймін. «Ақын ағаның» соңғы нұсқасында мен қателерімді осылай түзетемін. Көп адамды толғандырып отырған мәселені мен осылай шешемін.
Енді, осында сөйлеген көпшіліктің және баяндамашының: орындалуға тиісті деп көрсеткен ескертпесіне, астың суреттелуіне қатысты мәселеге тоқталайын. Осы арада осы оқиғаны суреттеген кездегі авторлық ремаркаға, авторлық түсінікке қатысты пікірлер айтылды. Мен ол ескертуді ұмытқамын жоқ, алайда 13, 16, 18, тіпті 24 жасар Абайдың ол кезде орыс демократтарының ойларымен әлі білмегенін, озық ойлы адамдармен әлі кездеспегенін сіздер де ұмытпаңыздар, өз бетімен Абайдың мұны түсінуі мүмкін емес еді. Абай өзінің идеялық қалыптасуы өте баяу жүрді (шығармадан үзінді оқылады). Бұл Абайдың өз сөзі. Мен мұны орысшаға аудара алмаймын, бірақ та, сыни ойдың ол кезде қалыптаспағанын бәріңіз де білесіздер. «Айлаға да, ашуға жақтым шырақ» (дейтін кезі).
Жуан жұдырықтың кәдімгі заңды тәртіпке айналған тұсы және бұл тәртіпті Абай да орынды деп есептеген. Абайдың дүниетанымы бірте-бірте кеңейді. Қырдағы оқиғалардың барлығын сол кездің сүзгісінен өткізе алған жоқ. Оның көкжиегі бара-бара кеңейді, сөйтіп барып сол уақыттың әлеуметтік-тарихи мәнін біртіндеп түсінді. Қазақстандағы озық ойдың өзі халық арасында біртіндеп, баяу жетілді емес пе. Сондықтан да романдағы Абайдың өсуі де біртіндеп көрсетіледі.