Тұрсын ЖҰРТБАЙ
„ҰРАНЫМ – АЛАШ!..”
(Түрме әфсанасы)
ТЕЗ
(Екінші кітап)
АЛМАТЫ
ЕЛ – ШЕЖІРЕ
2010
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігі
Ақпарат және мұрағат комитетінің «Әлеуметтік маңызды әдебиет түрлерін шығару» бағдарламасы
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы „Отырар кітапханасы” ғылыми орталығында ҚР Білім және ғылым министрлігінің „Көнетүркі және қазақ тарихи-әдеби жазба мұралары – Қазақстан Республикасындағы ұлттық идеяның қалыптасуының негізі” атты Жобасына сәйкес дайындалып, Университеттің ғылыми кеңесінде бекітілген.
Сондай-ақ Мемлекет тарихы институтының ғылыми Кеңесінде талқыланып, мақұлданды.
Рецензенттер:
С.Қирабаев, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор.
Р.Нұрғали, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор.
Б.Аяған, тарих ғылымдарының докторы, профессор.
Д.Махат, тарих ғылымдарының докторы.
Ғылыми редакторы филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Алпысбаев.
Қолжазбаны компьютерге теріп, баспаға дайындаған – Қ.Камзина, М.Ермағанова.
АННОТАЦИЯ
Жазушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбайдың «Ұраным – Алаш!..» атты түрме әфсанасының «Тез» атты екінші кітабы – «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов,З.Уалиди,М.Дулатов, Х.Ғаббасов, М.Есполов, Ғ.Болғамбаев, Ғ.Бірімжанов қатарлы 41 алаш қайраткерлерінің үстінен 1927-1932 және 1937-1938 жылдары жүргізілген тергеу ісінің негізінде жазылған «Жегі» бөлімінің заңды жалғасы болып табылады. Мұнда М.Тынышбаев, Халел және Жаһанша Досмұхамедов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Қ.Кемеңгеров, А.Байтасов, М,Тұрғанбаев, Ә.Байділдин, И.Қашқынбаев, М.Мұрзин сынды 30 тұлға туралы бұрын-соңды белгісіз не қате пайымдалып келген тарихи оқиғалар – тергеу деректерімен, сондай-ақ тінту кезінде тәргіленген хаттар мен құжаттармен салыстырыла отырып, Біртұтас Алаш идеясының тұжырымдамасы жасалған.
Жазушы-ғалымның бұл еңбегі – әдебиетшілер мен тарихшылардың, мәдениеттанушылар мен саясаттанушылардың, ғылыми көпшіліктің, ізденушілер мен студенттердің, жалпы зиялы оқырман қауымның назарын аударатын, қазақтың ұлттық «Мәңгілік ел» идеясының қалыптасу негізін жүйелеп берген іргелі де толымды зерттеу әфсанасы болып табылады.
ІЛЕСПЕ
Жыл өткен сайын алаш қозғалысының дәуірі алыстап, аңсары бәсең тартқандай көрінгенімен де, қазақ елі үшін «Мәңгілік ел» идеясы ешқашанда өлмек емес. Қайта даму тарихымыздың тұрлаулы-тұрлаусыз, тағдырлы-тағдырсыз, дәуренді-тоқырау тұстарында тағы да сараланып, еліміздің рухани нысанасын анықтауға тұтқа болып табылатыны анық. Ол – күмәнсіз шындық. Сондықтан да Біртұтас алаш идеясын тұжырымдай тәпсірлеуге арналған «Ұраным – Алаш!..» деген жалпылама атқа біріктірілген бұл әфсананың «Жегі» атты бірінші бөлімі мен «Тез», «Талқы» атты екінші-үшінші бөлімінің басылым көруі арасында аз үзіліс болғандықтан да қысқаша түсінік беруге тура келіп тұр. Өйткені жиырма жылдан астам уақытты қамтитын зерттеу аясындағы жинақталған деректердегі пікірлерді жүйелеу, салыстыру, түйіндеу, қорытындылау барысы автордың еркінен тыс Біртұтас алаш идеясының тұжырымдамасын жасауға алып келді.
Бұл әфсананың ту бастағы ойластырылған құрылымына ішкі түзілім тұрғысынан өзгерістер енгізуге, талдаулардың аясын кеңейтуге, дәлелдерді жаңа айғаққа байланысты қайталай дәйектеуге мәжбүр етті. Шығармашылықтың өзіндік ішкі қатал заңдылықтарына орай: жанама деректер алға шығып, басты деректер кейінге ысырылып, бастауыш – баяндауыштың міндетін атқарып кеткен тұстар да кездесті. Ал онсыз «Ұраным – Алаш!..» сияқты көлемді дүниеге оқырманның ықыласын үзбей аударып отырып оқыту да мүмкін емес. Мысалы, жылнамалық жүйе бойынша Ж.Аймауытов пен М.Жұмабаев, Ә.Байділдин т.б. туралы тараулар Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Х.Ғаббасов қатарлы 41 алаш қайтарткерінің тергеуі қамтылған «Жегі» бөлімінде, не М.Тынышбаев, Х. және Ж.Досмұхамедовтер, Ә.Ермеков сынды 30 тұлғаның тағдыры сараланатын «Тез» бөлімінің басында тұруы тиіс болатын.
Аса ауқымды 14 томдық тергеу ісін жинақтай жүйелегенде, бұл тәсіл – мазмұндық тұрғыдан бірегей қайталауларға ұрындыратыны байқалды. Сондықтан да тарихи айғақтарды алдыға шығарып, «мәдениет майданына» қатысты айыптауларды шегере бердік. Соның өзінде, өзіміздің шығармашылық басты нысанамыз – рухани тәуелсіздік мәселесі жеріне жете жетеленбегендей көрінгендіктен де, Мұхтар Әуезовтің тергеу ісін жеке бөліп ап, 1917-1991 жылдар арасындағы кеңес өкіметінің зиялы қауымды ұлттық-идеологиялық қысымда ұстап, тұлғаларды үрейден айырмаған арандату саясатын «Талқы» бөлімі арқылы талқыға салғымыз келді.
Сонымен қатар бұған: «Қашан тәуелсіздік алғанша зиялылардың жан аңсарына айналған алаш идеясы 1937 жылдан кейін өшті», – деген саңлаусыз пікірдің үстемдік алып бара жатқаны да қамшы салды. Сөйтіп, Біртұтас алаш идеясы мен қозғалысын тұжырымдайтын түйінді құжаттарды тұтастай ұсынуға ықпал етті.
Достарыңызбен бөлісу: |