Исламның бес шартын (парыз) көрсетіңіз, мағынасын түсіндіріңіз
Аркан әл-Ислам (أركان الإسلام) немесе (араб.: أركان الدين Аркан ад-дин; қаз. 'Дін негіздері') - Ислам дінінің негіздері, олар бесеу, Қазақ тілінде Бес парыз деген атаумен аталады. Әрбір адамның мұсылман болуы үшін орындалуы парыз шарттары, олар:
Шаһада (араб.: شهادة) — Алланың барлығына, бірлігіне, хазірет Мұхаммедтің Алланың құлы әрі соңғы пайғамбары екендігіне сену («Әшһаду ән-ла-иллаһа иллалаһ уа ашһаду әннә Мұһаммәдән Ғабдуһу уә расулуһ»).
Намаз (араб.: صلاة; парсы: نماز) - Ислам дінінің, яғни Аллаға сыйынудың негізгі діңгегі – күнде бес уақыт намаз оқу.
Ораза (араб.: صوم «ас-саум» өз нәпсісін тыю, жаманнан алыстау) – Рамазан айында бір ай ораза ұстау.
Зекет (араб.: زكاة – тазарту) – Дінге, Аллаға сыйынудың тағы бір талабы - ауқатты деп саналатын пенделердің жылына бір рет зекет беруі.
Қажылық (араб.: حج) - Дені сау және адал жолмен тапқан қаржысы, малы жеткілікті болса, өмірінде бір рет Мекке-Мәдинаға барып қажылық ғибадат жасау.
Ислам ахлақ (мораль) негіздері туралы түсіндіріңіз, көрсетіңіз
Қожа Ахмет Яссауи ілімінің танымдық тірегін құрайтын адамгершілік қағидалардың өзегі – ахлақ (мораль). Ахлақ – хикметтің нәтижесінде қалыптасқан рухани құндылықтар жиыны. Адам ахлақ арқылы адамдық болмысқа, мәнге ие болады. Яғни, адам ахлақтық-рухани құндылықтарды бойына сіңіргенде ғана “шындыққа”, “жан тыныштығына” қауышады. Қожа Ахмет Яссауи ілімінде “жан тыныштығы”, “шындыққа жету” адамгершілік қасиет пен сипатқа ұласу арқылы тариқатта жүзеге асады. Аллаға қауышудың жолы қоғамға, адамға қызмет ету – тікелей ахлақтық кемелдену арқылы өтеді. Ислам дінінде ахлақтың маңызы үлкен. Исламның мақсаты – адамдарды игі ахлақ иесі қылып тәрбиелеп, кемелдендіру. Ислам – көркем мінез деген сөз. Пайғамбарымыз (с.а.у) былай деген:
“Мен адамгершілік мінезді толықтырып, кемелдендіру үшін жіберілдім.”Мұсылманға берілетін баға оның парасаттылығымен өлшенеді. Пайғамбарымыз:
“Сіздердің маған ең сүйкімділерің және қиямет күнінде маған ең жақындарыңыз – ахлағы көркем болғандарыңыз.” дейді.
Пайғамбарымыздан:
“Алла жанында ең сүйікті құлдар кімдер болады?” деп сұрады.
Сонда:
“Ең көркем ахлаққа ие болғандары”, – деп жауап береді. Ғибадаттар қалай дініміздің әмірі болса, ахлақи міндеттерді орындау да дініміздің әмірі. Исламдағы ғибадаттардың негізгі мақсаты – адамдарды жаманшылықтан тыйып, ізгі ахлақты болуға тәрбиелеу.
Достарыңызбен бөлісу: |