Әр адам тәрбиеші



Дата28.10.2022
өлшемі46,47 Kb.
#155487
Байланысты:
эссе


Әр адам тәрбиеші

Адам баласына шыр етіп дүниеге келген сәби кезінен бастап берілетін тәлім-тәрбиенің маңызы өте зор. Тәрбиені адам үш түрлі өзектен қабылдайды, бірінші - жастайынан алынған отбасылық тәрбие, екінші - қоғамдық өмірге бейімделуге көмектесетін мектеп тәрбиесі, үшінші – әлеуметтік ортада өз орнын табуға ықпал ететін қоғамдық тәрбие. Бұл жерде әрқайсысында тәрбиеші ретінде белгілі бір адам ғана емес, барлығын да тәрбиеші ретінде қарастыруға болатынын көруге болады. Ата-аналар балаларды, ал балалар ата-аналарын; мұғалімдер - оқушыларды, ал оқушылар - мұғалімдерін; бастықтар – еңбек ұжымын, ал еңбек ұжымы – бастықтарын тәрбиелейді. Әрқайсымыз үшін тәрбие туралы ойлау маңызды, өйткені әр адам тәрбиеші, тіпті ол қаласа да, қаламаса да. Осыған байланысты, қазіргі уақытта тәрбие беру туралы көптеген ойлар мен келіспеушіліктер орын алуда. Соның бірі: «Мұғалім баланы тек оқытады, ал ата-ана тек тәрбие беруі керек» - деген теріс пікірлер өзекті болуда. Бұл сұрақтың шешімін қоғамға дұрыс жеткізу өте маңызды.


Тәрбие – тәрбиешілер мен тәрбиеленушілердің өзара әрекетін қамтамасыз ететін арнайы ұйымдастырылған тәрбие жүйесі жағдайында тұлғаны мақсатты түрде қалыптастыру процесі. Бала үшін тәрбие - бұл болашақ өмірге дайындық емес, өмірдің өзі, оның толықтығы, ал тәрбиеші үшін де тәрбие - баламен бірге өтетін өмір. Бұл өмірде әркім өз бетінше өмір сүруді үйренеді және осы жолда баланың арқа сүйер ересек қолдаушысы болғаны абзал.
Әрбір ұстаз бен ата-ана болашақққа адал, сауатты адамдарды жеткізуі керек екенін ұмытпауы керек. Бұл – екі жақтың ортақ ісі, ортақ қамы, бұл –қоғам тапсырысы. Осы орайда, педагогикаға ең маңызды және ең қиын ұғым – ынтымақтастық педагогикасы кіреді. Тұлғадағы рух қандай болса, білім берудегі ынтымақтастық сондай болады. Ынтымақтастық ұғымы барлық жоғары адамгершілік қасиеттерді қамтиды. Ынтымақтастықта ғана адамды адам үшін тәрбиелеуге болады, демек, бұл біздің ортақ ісіміз. Осыны растай отырып, жоғарыда қойылған сұрақтың шешімі ретінде ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабидің нақыл сөзін келтіруге болады: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі». Расында да, тәрбие мен білімді оқу процессінде бөлек қарастырған дұрыс емес, бір уақытта тек білім беріп, келесі уақытта тек тәрбие ғана берумен айналыса алмаймыз, бұл екі ұғымның әрқашан бірге жүруі маңызды. Жастардың ересек өмірге тек білімді болып шығуы жеткіліксіз, ол жеке және кәсіби өмірінде қоғаммен араласу, өзін-өзі ұстау мен этикет дәстүрін біліп, тәрбиенің әр ережесін ұстанатын болса, әлеуметтік өмірде беделге ие болады. Дұрыс тәрбиеленген адам ешқашан надан қалмайды – ол әрқашан білімін толықтырып, адамдарға пайдасын тигізуге мүмкіндік табады.
Тәрбие процесі барлығына қатысты және жаһандық нәрсе екені анық. Ата-аналар баланы туып, оның мектеке баруын күтіп, «сондан бірдеме үйренер» - деп, оны тәрбиесіз қалдыра алмайды. Ал мұғалімдер болса, оларға бала емес, отбасы арқасында толық қалыптасқан тұлға келді деп және олардың бүкіл миссиясы - оқулықтағы параграфты түсіндіру ғана деп сене алмайды. Сондықтан, кез-келген тәрбиеші адамның бойында: ұстаз болсын, ата-ана болсын, балаларды тәрбиелеудегі келесі негізгі ұғымдар болуы керек:

  • Тәрбиеші балалардың оны түсінуіне және оны қабылдауына тырысуы керек.

  • Тәрбиеші балаға жанашырлық танытып, оны бағалауға тырысуы керек. Сонда тәрбиеленушілер оны жақсы көріп, өзі сияқты қабылдайтын болады.

  • Тәрбиеші - адам болғандықтан қателесуге бейім. Сондықтан тәрбиешілер балалардың қателіктеріне шыдамды болуы керек.

  • Тәрбиешілер білетіндердің барлығын дерлік өз тәжірибелерінен үйренді. Сондықтан олар балаларға да өз тәжірибесін алуға мүмкіндік беруі керек.

  • Кез-келген тәрбиеші өмірге деген үміт пен ерік-жігерді өз ішінен алады. Сондықтан баланың тәуелсіздік сезімін мойындап, түсінуі қажет.

  • Тәрбиешілер балаларға әділдік, төзімділік, табандылық сезімдерін сіңіруге көмек беруі қажет.

К.Д. Ушинский «Тәрбиеде бәрі тәрбиешінің тұлғасына негізделуі керек, өйткені тәрбиелік күш тек адам тұлғасының жанды қайнар көзінен шығады. Ешбір жарғылар мен бағдарламалар, мекеменің ешқандай жасанды организмі, қанша қулықпен ойлап табылса да, білім беру мәселесінде жеке тұлғаны алмастыра алмайды» - деп айтып өткен. Сондықтан тәрбие берудегі жауапкершілікті барлығы бірге көтеруі тиіс. Ата-аналар да, ұстаздар да балалары мен шәкірттерінің тамаша, ақылды және табысты адам болып өсуін армандайды. Ата-ана мен тәрбиеші арасында өзара түсіністік пен қолдау болса, баланың қолын ұстап, аяқ астынан табан тіресе, тамаша балалардың өсіп-жетілуі – ата-ананың, тәрбиешілердің мақтанышы, қоғамға берген тамаша сыйы болады.
Адамды әр нәрсе тәрбиелейді: қоғам, заттар, құбылыстар, бірақ ең алдымен және ең ұзақ уақыт бойы - адамдар. Оның ішінде ата-аналар мен ұстаздар бірінші орында. Қоршаған шындықтың барлық күрделі әлемімен бала шексіз көптеген қарым-қатынастарға түседі, олардың әрқайсысы дамып, басқа қатынастармен араласады, баланың физикалық және моральдық өсуімен күрделене түседі. Осының барлығы ешқандай есепке алынбайды, дегенмен ол әр сәтте баланың жеке басына белгілі бір өзгерістер енгізеді. Бұл дамуды бағыттау және оған жетекшілік ету - тәрбиенің міндеті. Ал осы міндетті іске асыруда әр адам тәрбиеші ретінде жауапкершілік танытқаны дұрыс.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет