Абайды таяқ жеуден сақтандырған Тезекбай кім?



Дата29.09.2019
өлшемі24,64 Kb.
#48990
Байланысты:
Абайды таяқ жеуден

Абайды таяқ жеуден сақтандырған Тезекбай кім?

Тарихта Абайды сабауға дайындалған оспадарлық әрекетті ақынға жанашырлық танытып, күн ілгері хабарлаған Тезек деген азамат кім? Шағын мақала осы жайында болмақ.

Бұдан біраз жылдың алданда Шығыс Қазақстан «Дидар» газетінің 2010 жылғы 11- наурыздағы № 31 Ғабит Зұлқаров ағамыз былай жазған еді:

«Абай сабалды» дейтін жылы тобықты ішіндегі мамай тобындағы Тезекбай дейтін жырау 4-5 кісімен Абайдың ауылына барса керек. Тезекбайлар ақын ауылына күн ұясынан жаңа шығып келе жатқанда жеткен. Абай аман-сәлемнен бұрын Тезекбайдың тосын жүрісіне қарап:

«Мына келген Мамай ма,

Есіктің алдын қамай ма?

Өсегің болса шерте бер,

Көрген-білген маңайда, -

депті. Сонда Тезекбай:

- Келіп тұрған мамай-ды,

Есіктің алдын қамайды,

Құндызды шетке қонғанда,

Ояз сайлауы болғанда,

Абайды мамай сабайды, -

деп, ақынның қалжыңына өкпелеп, аттан түспей кетіп қалыпты. Өзі сабалған Құндызды оқиғасынан кейін ақын:

- Қайран Тезекем-ай! Сонда маған жаны ашып, елінің бұзық ойын маған хабар еткелі келген екен-ау! Мен қалжыңдаймын деп өкпелетіп алған екенмін, - деп өкініпті де шығып кетіпті. Абайтанушы ғалымдарымыз да осы деректі негізге алады.

Бұл жерде оқиғаның негізгі желісі шындық болғанымен, қисыны келмейтін сенімсіз жері де жоқ емес. Ең бастысы – Тезекбай деген кім? Ол өзі жырау болса, жалғыз емес, бірнеше азаматпен бір топ болып келсе, түс кезінде немесе кешке емес, таңсәріден суыт жүріп келсе, патша парасатты Абай қалай аман-сәлемнен бұрын әзілдейді? «Есіктің алдын қамай ма?», - дегенді қалай түсінеміз? Ол заманда жырауларды елемей, көзінің қырын да салмай, есіктің көзіне отырғызып қою – қазақ салтында болмағаны анық.

Мен бұл әңгімені 2007 жылы тілшілік сапармен Абай ауданының Құндызды ауылына барғанымда жасы жетпістің үшіндегі Хамит Асылханов деген қарияның аузынан сәл басқаша естіген едім (Қария келесі жылы қайтыс болыпты). Иманды болғыр жарықтық халық ауыз әдебиеті дегенде ішкен асын жерге қоятын, асқан шежіре адам екен. Ондаған қиссаны жатқа айтатын, Ақтамбердінің, Шәкір Әбеновтың, ӘріптТәңірбергеновтың, Сабырбайдың өлеңдерін, әзіл әңгімелерін, әр өлеңнің шығу тарихын көп білетін, нағыз көкірегі жырға, көңілі нұрға толы қариямен екі сағат әңгімелесіп, білгірлігіне тәнті болғанмын. Қария жас шағында, 1950-жылдардың соңында ата қоныстан ауған елмен бірге арғы беттен (Қытайдан) асып келіпті. Шәкір Әбеновтің қолында өсіп, өкіл баласы болып кеткен екен. Ол кісінің айтуынша, сол жолы Абайға келген Тезекбай жырау емес. Бұл адам Абайдың:

«Жамантайдың баласы Көжек деген,

Әркімге өсек айтып безектеген», -

деген өлеңіндегі Көжекпен бірге туысатын Тезек екен. Тезектің де аздаған ақындығы бар екен. Бірақ, Абай оны да Көжек сияқты «өсек айтады» деп жақтырмайтын көрінеді. Сол Тезек мамайлардың ояз сайлауында Абайды сабамақ болып жатқандарын айтуға келіпті. «Өсек айтқалы келген шығар», - деп жақтырмаған Абай Тезектің сәлемін де алмай, жазуын жазып отыра беріпті. Абай назар салып елемеген соң Тезек босағаға отыра кетіпті. Біраздан соң басын көтерген Абай:

«Мына келген мамай ма,

Есіктің алдын қамай ма?

Өсегің болса айта отыр,

Естіп-білген маңайда, -

депті. Сонда Тезек:

- «Рас айтасың.

Келіп тұрған мамай-ды,

Есіктің алдын қамайды,

Құндызды, Көшбикеге ел қонғанда,

Ояз сайлауы болғанда,

Абайды мамай сабайды, -

депті де шығып кетіпті. Тезектің айтқаны өсек емес шындық болып, мамайлардан таяқ жеген соң Абай: «Білместікпен досымды дұшпан санап жүріппін ғой», - деп өкінген екен.

Міне, Хамит қария осылай дейді. Мұнда оқиғаның ұзын-ырғасы бір болғанымен басқалардың айтқанынан көп деректері өзгеше. Бастысы, Тезек (немесе Тезекбай) – жырау емес, мамай елінің қарапайым азаматы. Және де ол бірнеше адаммен бірге емес, жалғыз, әрі таң атпай суыт жүріп емес, елеусіз келген деуі ақылға қонымды. Әйтпегенде, есіктің көзінде неге отырады? Есіктің көзінде отырмаса: «Есіктің алдын қамай ма?», - деген сөз неге айтылады?

Осы бір шағын деректен Абайымызды да толық танып біле алмай, Ұлы ақынға байланысты кейбір әңгімелерді жорамалмен айтып жүрміз-ау деген ой туады.

Бодаухан Тоқанұлы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және «Әдебиет порталына» гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Эл. пошта: Adebiportal@gmail.com 8 (7172) 79 82 06 (ішкі – 112) © adebiportal.kz


https://adebiportal.kz/kz/news/view/abaidi_tayak_zheuden_saktandirgan_tezekbai_kim__21069

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет