«Жітіқара политехникалық колледжі» КМҚК
КГКП «Житикаринский политехнический колледж»
Гуманитарлық пәндердің циклдық комиссиясы
Цикловая комиссия гуманитарных дисциплин
циклдық комиссиясында БЕКІТЕМІН БЕКІТЕМІН
ҚАРАЛДЫ директордың оқу әдістемелік директордың оқу
_____________ ісі жөніндегі орынбасары ісі жөніндегі орынбасары
Хаттама № ___ ______________ ____________
"____"___________2016ж. «___» ___________ 2016 ж
Баяндама
Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында халықтық педагогика элементтерін қолдану
Оқытушы: Смаилова Назигуль Сексеновна
Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында халықтық педагогика элементтерін қолдану
«Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында
өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан,
тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбиелеуге міндетті.»
М.Жұмабаев
Қазақ өз ұрпағын жастайынан ерлікке, батырлыққа, елін, жерін сүюге, оны сырт жаудан қорғай білуге баулыған, еңбекке, кәсіпке, өнерге үйреткен. Ұлттық дәстүр, әдет-ғұрып ерекшеліктері адамның дүниеге келуімен, өміріндегі әр кезеңіндегі оқиғалармен байланысты туындаған. Бұл қоғаммен бірге жасап келе жатқан процесс.
Қазақ халқының ата-баба өмір сүрген кезінен бастау алып, күні бүгінге дейін келе жатқан рухани мұраның бірі–халықтық педагогика. Халықтық педагогика-тәрбие жөніндегі халықтың педагогикалық білім тәжірибесі. Халық педагогикасын зерттеу негізіне халық ауыз әдебиетінің шығармалары, этнографиялық материалдар, халықтық тәрбие дәстүрлері, халықтық ойындар, отбасы тәрбиесінің тәжірибелері жатады. Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық тәрбиенің белгілі жүйесінде жас буын жадына біртіндеп сіңіріп отыратын арнаулы жолдар, тиісті тәсілдер де болған. Мәселен, мақал-мәтелдерде адамгершілік, имандылық тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрыптар насихатталса, жұмбақтар мен айтыстарда - ақыл-ой тәрбиесі, ал ертегілер халықтық тәрбиенің сан алуан мәселелерін қозғайтын тәлімдік материал ретінде пайдаланылған. Қазақ халқының тәлімдік мәні, ой-толғаныстары бесік жыры мен батырлық эпостарда, ертегілер мен аңыздарда, шешіндік сөздер мен айтыс-термелерде, мақал-мәтелдерде көптеп кездеседі. Мұндағы ұрпақ тәрбиесінің негізгі түйіні — адамгершілік-имандылық, ақыл-ой, еңбек, эстетика, дене, отбасы тәрбиесіне байланысты мәселелерге келіп тіреледі.
М.Әуезов – ұлы жазушы, халық перзенті. «Абай жолы» романы арқылы өз халқын, оның биік рухын, мәдениетін, салт-дәстүр, тұрмыс-тіршілігін дамытты. М.Әуезовтың «Абай жолын» оқыған адам тебіренбей қалмайды.
Қазақ халқының ұлттық тәлім-тәрбиесі мен мәдениеті талай халықтардың өкілдерін таң қалдырғаны тарихи жазбалардан белгілі. Ұлы саяхатшылар мен зерттеушілер қазақтың ежелгі тұрмыс тіршілігі, мәдениеті мен ауыз әдебиеті туралы, ер адамдар мен әйелдердің моральдік этикалық ерекшеліктері туралы, олардың тұрмыстағы, кәсіптегі, отбасындағы, әулеттегі, рудағы әлеуметтік орны туралы, ұлттық наным-сенім, әдет-ғұрпы, мінезі, көшпенді өмір сүргеніне қарамастан салты мен дәстүрінің біртұтастығы, біртұтас тілде сөйлеуі, қолөнері мен бейнелеу өнерінің, ауыз әдебиеті және музыка өнерінің жалпы дала мәдениетінің таң қаларлық үлгілері туралы таңдай қаға айтып, баяндайды.
Қазақ халқының адами қасиеттері имандылық, қонақжайлық, батылдық, төзімділік қасиеттері тарих парағымен дәлелденеді. Тәрбиенің іргетасы қаланатын жері отбасы мен тұрмыс. Ғалым Ш.Ахметовтың зерттеулері бойынша отбасы тәрбиесі алдымен әдептілікке үйретуді көздеген:
Біріншіден, әке-шеше баласына «әдепті бол» дегенді басты міндет етіп қойған.
Екіншіден, олар қайырымды, иманды, мейірімді болуға тәрбиелеген.
Үшіншіден, тіл алғыш болуға баулыған.
Төртіншіден, адал, шыншыл болуға үйреткен.
Бесіншіден, өнегелі ұстаз бен көпті көрген қарияның сөзін тыңдап бойларына біртіндеп сіңіре берген.
Алтыншыдан, үлкенді, ата-ананы сыйлап құрметтеуге үйретуді ең басты міндет етіп қойған.
Жетіншіден, кісі айыбын бетіне баспай, біреуге орынсыз тіл тигізбейтін әдепті азамат бол деп үйреткен.
Сегізіншіден, ел қорғаған батыр бол, халық алдында қызмет ет, бар өнеріңді соған жұмса дегенді ерінбей-жалықпай айтып қана қоймай, жеке өнегелер арқылы көрсетіп отырған.
Ұлтымыздың тұрмыс – салтынан, тыныс – тіршілігінен туған әдет – ғұрып, дәстүрлері ғасырлар бойы қалыптасып, адамгершілік, тазалық, тәрбие қағидалары іспетті. Олар уақыт өткен сайын жаңғырып, жаңа қырынан ашылып, жас ұрпақ үшін ғибраты молая бермек, сондықтан бүгінгі таңда халық педагогикасына ерекше көңіл бөлу керек.
Өйткені халық педагогикасы жас ұрпақты адамгершілікке, имандылыққа, ізгілікке тәрбиелейді. Сондықтан ата – бабаларымыз қалдырған мақал – мәтел, аңыз -әңгіме, әдет – ғұрып, салт – дәстүрлерді жас ұрпақты, соның ішінде орыс тілді студенттерді тәрбиелеуде пайдаланғанымыз дұрыс. Мысалы, қазақ тілі сабағында етістіктің бұйрық райын түсіндіргенде тек оқулықтағы мысалдармен шектеліп қоймай, халқымыздың тиым сөздерін ұтымды пайдалануға болады. Тиым сөздер – халықтың тәлім – тәрбие, үлгі - өнеге, ақыл – кеңес берудегі құралдардың бірі. Халықта: «Тыйымсыз елдің жастары дуана» - дейді. Тыйым, негізінен балаларға арналып, өзара жаман әдет, жат пиғылдан, ерсі – қимыл, әдепсіз істерден сақтандыруда өте маңызды қызмет атқарады. Мысалы: «Құстың ұясын бұзба», «Аққуды атпа», «Бұлақтың көзін бітеме», «Құмырсқаның илеуін бұзба», «Сабаққа кешікпе», «Үлкендердің сөзін бөлме» т.б. сөздер арқылы ата – бабаларымыз жас баланың санасына қоршаған орта, табиғатқа деген ізгі сезімдерді ұялатуды көздеген. Халықта «Тәрбие басы – тіл, өнер алды - тіл» - деп бекер айтпаса керек. Сөйтіп, сөз арқылы біз экологиялық тәрбие берумен бірге адамгершілік, жауапкершілік, отанға деген сүйіспеншілік сияқты ізгі қасиеттерге баулимыз.
Сан есімдерді түсіндіргенде халқымыздың жеті ата, жеті қазына, жеті жұрт, жеті шелпек, бес дұшпан, бес асыл іс сияқты қасиетті сандарға байланысты жаттығулар құрап, соларға байланысты шығармаларды еске түсіреміз. Мысалы: Ұлы Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінен үзінді оқып берсе:
Адам болам десеңіз
Бес нәрсеге асық бол,
Бес нәрседен қашық бол
– дей келе адам бойында кездесетін бес жаман қасиет: өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ және бес жақсы қасиет: талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым екендігі туралы әңгіме өткізу арқылы бала тәрбиесін этно тұрғыдан өткіземіз. Ал қазақ халқының салт дәстүрлері тақырыбын өткенде тойларда, шілдехана, тұсау кесу, сүндет тойда берілетін бата түрлерінен алынған үзінділерден балаға, жастарға айтылған нақыл сөздер мен тілектердің мағынасын түсіндіру арқылы қазақ отбасында ежелден бала тәрбиесіне көп көңіл бөлгеніне назар аударған абзал.
Қазақ халқының мақал – мәтелдері жас ұрпақты, ата – ананы, үлкендерді сыйлауға тәрбиелеуге бағытталған. «Жеті атасын білмеген – жетім», «Әкеге қарап, ұл өсер, шешеге қарап, қыз өсер», «Ағайын алтау, ана біреу». Оқушыларды тәрбиелеуде отбасында сақталатын салт – дәстүрлердің орны ерекше.
Қазақтың халық ойындары – мәдени мұралардың бірі болап саналады, ғасырлар бойы балаларды тәрбиелеудің бір құралы болып келеді. Ойын барысында балалар өмірдегі оқиғаларды бейнелейді. Ойындар екі топқа бөлінеді: шығармашылық және ережелі ойындар. Егер бірінші топ ойындарында бала өз ойынап шығарын ойнаса, екінші топ ойындары: дидактикалық және баланың ойлау дағдысын қабілетін бағытталған түрлеріне бөлінеді. Ойнау барысында баланың дұрыс қозғалу музыкалық, эстетикалық, ойлау қабілеттері, бір-бірімен қарым-қатынас жасау мүмкіндігі, ойын барысында өмірде болатын оқиғалар бейнеленеді және қазақтың ұлттық ойындарының көбі дене тәрбиесіне бағытталған. Ойындарды біз сабақта сергіту минуттарында, сабақтан тыс шараларда кеңінен қолданамыз.
Этнопедагогика элементтерін тек сабақ үстінде ғана пайдаланып қоймай, сабақтан тыс жүргізілетін білімділік – тәрбиелік жұмыстарда да енгізіп отырамыз. Өйткені, бұл оқушылардың ұлттық рухта тәрбиелеуге мол мүмкіндік береді. Сыныптан тыс тәрбие жұмыстары сабақтың заңды жалғасы.
Орыс аудиториясындағы қазақ тілі сабақтарында халықтық педагогиканың ой – пікірлерін студент санасына ұялату үшін халық дәстүрінен хабар беретін сөйлемдер, мәтіндер қолданып, студенттерге ауызша әңгімелетеміз. Мысалы, Қазақ ұлтындағы сәлемдесу әдебі.
Сәлемдесу мәдениеті қай-қай ұлтта да бар. Адамның сәлемдесу әдебі арқылы оған белгілі дәрежеде баға беруге болады. Сондықтан, мәдениетті адам өзінің сәлемдесуінен бастап, сөйлеу мәнеріне дейін мән береді. Қазақ халқында сәлемдесу әдебі бойынша қалыптасқан дәстүр бар. Ол - жасы үлкен кісіге кішінің бірінші сәлем беруі. Жеке адам көпшілікке өзі амандасады да, көпшілік тек ишара білдіреді. Ал әйел адам мен ер адамның қол беріп амандасуы міндетті емес. Тек екеуінің біреуі табысқа жетіп жатса ғана қол алысуға болады. Наурыз, Айт сияқты мерекелерде әйел, ер адам деп бөлінбей қол алысып бірін-бірі құттықтайды, өкпелері болса кешіреді.
Қазақта әр үйдің егесі болады дейді. Сондықтан, ішінде адамы жоқ үйдің ішіне ”Ассалаумағалейкуміңді” айтып кіруің керек. Ол шаңыраққа сәлем деген сөз. «Ассалаумағалейкум, яғни «Сізге алланың нұры жаусын, Уағалейкумассалам», - қазақша мағынада «Алланың нұры Сізге де жаусын» деп ерлер жағы қол алысып, төс қағыстырып амандасады. Әйелдер бір-бірімен құшақтасып, келіңдер үлкендерге иіліп сәлем етіп амандасады.
Қол алысудың да өз мәнісі бар. Күнде көріп жүрген құрдастарына жасы кішілерге бір қолын ұсынса болады. Жасы үлкен кісілер мен құрметті қонақтарға қос қолын беру керек. Ал бауыр-жекжат, қимас – туыс ағайындар, сирек көрісетін тұыстас азаматтар төс қағыстырып амандасады. Селқос сәлемдесу сәлемшінің мәдениетсіздігінен хабар береді.
«Төр» мәтіні. Төр-қазақ шаңырағының қасиетті орны. Төрге кімнің шығуы, кімнен кейін кімнің жайғасуы алқалы топ, атшаптырым жиында ғана емес, күнделікті тірлікте де аса маңызды ілтипат болып есептелген. Төрге тайрақтап екінің бірі шыға беруі әдепсіздік болып саналады. Төрге ең әуелі ақсақалдар, қариялар шығады. Кейде «Үлкен үйдің, үлкен шаңырақтың баласы ғой, жолы үлкен», - деп жасы кішілерді де төрге шығарады. Бұны аруақ сыйлау деп түсінеміз. Күйеу бала, келін ешқашан төрге шықпайды. Жөн білетін балалар өздері – ақ ығысып, бір – біріне тиесілі орындарын ұсынып жатады.
«Қонақасы» мәтіні. Қазақтың екінші аты «Алаш». Сол атамыз Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс деген үш ұлына енші бөліп беріпті де, өзіне тиесілі төртінші еншіні: «Бұның иесі қазақтың бөлінбеген «Қонақасы» еншісі болсын» мен мұны да үшеуіңе бөліп берейін. Ондағы мақсатым: бір-біріне мейірімді, қайырымды болыңдар, алыс жолдан арып-ашып келе жатқан кез-келген қандасыңның сенің шаңырағында да қисайып демалатын орны, еш міндетсіз ішіп-жей алатын қонақасы, сыбағасы болсын дегенім еді. Қонақжай болыңдар, бір-біріңе» -деген екен. Алаш атамыздың бұл өсиетін естен шығармауымыз керек.
Сонымен, халық педагогикасы дегеніміз қанша заман өтсе де ең үлкен тақырып – ұлттық қазына. Осы қазынаны кейінгі ұрпақтың бойына сіңіру, ұлттық тәлім-тәрбиенің озық үлгілерін пайдалану - әрбір ұстаздың азаматтық борышы. Ал қазақ тілі мен әдебиет сабақтарында халықтық педагогиканы енгізуге мүмкіндік мол.
Жоғарыда айтылғандарды қорыта келе, осындай жұмыстар арқылы ұрпағымызды әдепті, кішіпейіл, иманды болуға тәрбиелеуге болады деп, әр сабақта халық қазынасын насихаттап отырамын.
Әдебиеттер
1.Тілеужанов М. Халық тағылымы. Алматы: Рауан, 1999. -302 б.
2.Тілеужанов М. Ел әдебиеті. Алматы: Ана тілі, 1992. -176 б.
3.Жұмажанова Т. Әдебиеттен кластан тыс жұмыстарды ұйымдастырудың ғылыми-әдістемелік негіздері. –А.,1995
4.Д.Ж.Серікбаева Қазақ тілі сабақтарында халық педагогикасын пайдалану – Қостанай, 2004 ж.
Достарыңызбен бөлісу: |