Ерлік сабағЫ Қазақстан ұлы отан соғысы жылдарында



Дата04.11.2016
өлшемі89,65 Kb.
#192
ЕРЛІК САБАҒЫ

ҚАЗАҚСТАН ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫНДА
1 Жүргізуші: Шабуыл жасаспау туралы (23 тамыз 1939 ж) Совет Одағымен жасаған келісімді бұзып, фашистік Германия 1941 жылы 22 маусымда соғыс жарияламастан КСРО аумағына басып кірді. Ұлы Отан соғысы осылай басталды.

Соғыстың сипаты - Германия тарапынан бұл соғыс агрессиялық, жаулап алушы, әділетсіз соғыс болды, ал Совет Одағы тарапынан әділетті өз жерін қорғаған, азаттық Отан соғысы болды.

1940 жылдың орта кезеңінде – ақ (18 желтоқсан) Гитлер командованиесі СССР – ге басып кірудің «Барборосса жоспары» деп аталатын стратегиялық жоспарын жасауға кіріскен болатын. Бұл жоспар бойынша фашистік Германия мен оның қол шоқпарларының құрғақтағы, әуедегі және соғыс теңіз күштері КСРО-ға бір мезгілде шабуыл жасайтын болды. Бұл жоспардың басты мақсаты (идеясы) қысқа мерзім ішінде (3–4 ай), «қауырт соғыс» идеясы бойынша соғысты 1941 жылдың күзінде (қараша) аяқтау тиіс еді.

2 Жүргізуші: «Барбаросса» жоспарын жасаған кезде фашистік Германияның басшылары КСРО – ны «сансыз» көп ұлттың жасанды және «тұрақсыз бірлестігі», өзінше бір «ішкі бірліктен жұрдай этникалық конгломерат» деп қарастырды. «Россияның кең – байтақ жерін мекендеген халықтар жөніндегі біздің саясатымыз, - деді Гитлер өз сыбайластарына, - алауыздық пен жікке бөлінудің кез келген түріне қолдау көрсету болуға тиіс.

Фашистік Германияның негізгі мақсатының саяси және экономикалық астары болды. Германия империясы шикізат үшін, азық – түлік базасы ретінде қуыршақ мемлекет құруды көздеді.

Қуыршақ мемлекет жобасы фашистер жасап «Барбаросса» жоспарында көрсетілді. Жоспар бойынша фашистер КСРО жерінде Остланд, Украина, Московия, Еділ – Орал, Түркістан сияқты рейх комиссарияттарын құруды көздеді. Жоспарда көрсетілген «Үлкен Түркістан» отарының құрамына Қазақстан, Татарстан, Башқұртстан, Орта Азия, Әзірбайжан, Кавказ, Қырым, Ауғанстан, Шыңжан кіргізілді. Фашистер Кеңес адамдарын қырып – жою жолына осылай түсті.

1 Жүргізуші: Кеңес адамдарының патриоттық сезімі, әрине, бұл жоспарға қарсы тұра білді. Қазақстан халқы Отан қорғаушылар қатарына өз еркімен жаппай жазыла бастады. Мысалы, Алматы медицина институтының студенті Маншүк Мәметова: «Отбасымыздан майданға жіберетін ешкім жоқ, ағам да, апам да жоқ, сондықтан өзімді жіберуді өтінемін», - деп әскери комитетке өтініш берді. Республикада 2 млн. – нан астам адам әскери даярлықтан өтті.

Соғыстың алғашқы кезеңінде 14 атқыштар және атты әскер дивизиясы, 6 бригада құрылып, майданға жіберілді. Қазақстандық 36 – жеке атқыштар бригадасы 30 – дан астам ұлттан құрылды. Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қырғызстаннан шақырылған жігіттерден 316 – атқыштар дивизиясы құрылып, оның командирі генерал М. В. Панфилов болды. Армия қатарына 1 млн. 196164 (1 млн. 196300) қазақстандық қосылып, әрбір бесінші адам майданға аттанды.



2 Жүргізуші: Соғыстың алғашқы күндерінен бастап қазақстандықтар барлық майданда шайқасты. Олар Отан үшін фашистерге қарсы бағытталған ұрысқа аянбай кірісті. Қазақстанда ұйымдастырылған көптеген әскери бөлімдер майданға жіберілді. Даңқты Брест қамалын қорғаушылардың қатарында мыңдаған қазақстандықтар болды. Олардың арасында Ғ. Жұматов, В. Фурсов, К. Тұрдиев, Ш. Шолтырев, К. Иманқұлов, Е. А. Качань т. б. жаумен жан аямай шайқасып, ерліктің үлгісін көрсетті. 1941 жылы 24 маусымда 219 атқыштар полкі Литваның Шяуляй қаласында алғаш рет ұрысқа кірісті. Қазақстандықтар жау әскерлерімен Перемышев, Мурманск, Одесса, Севостополь, Сталинград түбіндегі, Украина, Белоруссия жеріндегі жанқиярлық қарсылығына қарамастан немістер соғыстың бастапқы кезінде үлкен басымдылыққа ие болды.

1 Жүргізуші: Оның бірнеше себебі бар еді. Біріншіден, басынан бақайшағына дейін қаруланған, Европаның көптеген елдерін бағындырған жау әскерінің соғыс жүргізу тәжірибесі мол болды. Екіншіден, тұтқиылдан жасалған шабуылға Кеңес әскерлері әзір емес еді. Үшіншіден, Кеңес әскерін қайта құру, қаруландыру тиісті дәрежеде болмады. Төртіншіден, 1939 – 1940 жылдардағы Қызыл Армияны тазалау кезінде әскердің көптеген қолбасшылары, жоғары, орта буындағы офицерлері ұсталып атылып кетті. Осының бәрі Қызыл Армия бөлімдерінің соғыстың бастапқы кезінде үлкен сәтсіздікке ұшырап, мыңдаған жауынгерлерден айырылуына соқтырды.

2 Жүргізуші: Қазақстандықтардың жауынгерлік даңқы, әсіресе, Москва түбіндегі шайқаста шықты. Республикада жасақталған 316 – атқыштар дивизиясына Маскваға апаратын негізгі өзекті жолдың бірі – Волокаламск тас жолын қорғау тапсырылды. Мұнда Бауыржан Момышұлы басқарған 1075 ұлан атқыштар полкі жау шабуылына ерлікпен тойтарыс берді. 28 танк жоюшылар («28 панфиловшы») тобы Дубосеково разъезінде жаудың 18 танкісін жойып жіберді. Ротаның саяси жетекшісі В. Г. Клочков «Россия кең – байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ, артымызда Москва» ұранын көтерді. Оның бұл сөзі бүкіл майданға тарады. Кейіннен «28 панфиловшы» ерлігі аңызға айналды. Олар қасық қаны қалғанша шайқасты. Бәрі дерлік қаза тапты, бірақ жауды өткізбеді. Сондай – ақ Москва қорғау тарихына панфиловшылар дивизиясы бөлімдерінің саяси жетекшілері П. В. Вихров, М. Габдуллин, автоматшылар Т. Тоқтаров, Р. Амангелдиев мәңгі өшпес із қалдырды.

1 Жүргізуші: 316 – дивизия жауынгерлерінің ерлігі мен қаһармандығы жоғары бағаланды. 1941 жылы 17 қарашада оған 8-ші гвардиялық дивизия атағы беріліп, Қызыл Ту орденімен марапатталды. Москва облысының Бородино селосының түбінде неміс штабына басып кіріп, немістердің көзін жойған Төлеген Тоқтаровқа Кеңестер Одағының батыры атағы берілді. М. Ғабдуллин басқарған автоматшылар тобы да ерекше ерлік көрсетіп, жау танкілерінің бірнешеуін жойды. М. Ғабдуллинге Кеңестер Одағы батыры атағы берілді.

1942 жылы 3 мамырда 238 атқыштар дивизиясы ұйымшылдығы және ерлігі үшін Қызыл Ту орденімен марапатталды, ал 1942 жылы бұл дивизия 30 – гвардиялық дивизия болып қайта құрылды.



2 Жүргізуші: Ленинград шайқасына қатысқан қазақстандықтар:

Партия ұйымдастырушысы Султан Баймағанбетов А. Матросовтың ерлігін қайталап жау дзотын кеудесімен жауып, Батыр атанды.

372-атқыштар дивизиясының 1236-атқыштар полкі 5-атқыштар ротосының бөлімше командирі Қойбағаров ұрыста неміс траншеяларына бірінші болып кіріп, ержүректілік көрсетті.

48-атқыштар дивизиясының атақты мергені Дүйсенбай Шыныбеков шайқасты. Қазақстандық әскери құрамалардың үштен бірі Ленинград түбінде шайқасты. 314-дивизияның мергендер қозғалысын Солтүстік Қазақстан облысындағы Степан Разин атындағы ауылшаруашылық артелінің бұрынғы колхозшысы, қатардағы жауынгер Г.П. Зубков бастады.



1 Жүргізуші: Ленин қаласы үшін болған шайқастарда артеллериялық бақылау аэростаттарының дивизион командирі С. Жылқышев та ерекше көзге түсті.

Қазақстандық жауынгерлер Украинаны, Белоруссияны, Балтық бойын, Молдовияны азат етуге қатысты. Мыңдаған қазақ жігіттері Кеңес әскерінің құрамында Шығыс Европа халықтарын Гитлердің тепкісінен азат етуіне ат салысты.

Әрқайсысы 200-ден астам жауынгерлік ұшу сапарын жасап, бірнеше жүз фашистерді жоқ қылған шабуылшы ұшқыштар: Талғат Бигельдиновке, Леонид Бедаға және Павловқа, соңдай-ақ 37 ұшақты және топтасып жүргізілген ұрыстарда жаудың тағы 6 ұшағын (самолет) атып түсірген Сергей Луганскийге екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

2 Жүргізуші: Кеңестік Шығыс әйелдері арасынан бірінші болып Ленин орденімен және Алтын жұлдыз медалімен марапатталғандар-қазақ қыздары: пулеметші Мәншүк Маметова мен 54-атқыштар бригадасының Мергені (снайпер) Әлия Молдағұлова болды.

Шығыстың қос шынары: 1941-1945 жылдары 5 жылға созылған Кеңес одағы мен фашистік Германия арасындағы соғыста талай жан қыршынынан қиылды. Міне осы соғыста ерен ерлігінмен көзге түсіп, мерт болғаннан кейін одақтың ең жоғарғы атағы Кеңес Одағы Батыры атанған қаршадай қазақ қызы Әлия Молдағұлова Ақтөбе облысының Қобда ауданында дүниеге келген. Жалпы Әлияның өмірбаяны баршаға мәлім, ол жайында көркем фильм де түсірілген болатын. 1943 жылдың қарашасында Әлия Холм түбінде немістерден «тіл» алу мақсатында жүргізілген барлау соғысына қатысқан. Осы соғыс барысында Әлия солдаттармен бірге немістердің траншеясына басып кіріп, 5 немісті тұтқындаған. Қаңтардың қақаған аязында Новосокольники темір жол стансасы үшін қырғын шайқаста 19-дағы өрімдей қыз жаңбырша жауған оқтың астында сиреп қалған қаруластарын 6 рет шайқасқа өзі бастап шыққан. Ресейдің Псков облысының Новосокольники жері қазақтың қаршадай қызының қаһармандығы айқындалған соғыс алаңы болды. Дәл осы жерде 1944 жылы 14 қаңтарда Новосокольники ауданына қарасты Казачиха деревнясын азат етуде Әлия Молдағұлова ғасырларға жалғасқан аңыз қалдырды. Бұл Әлияның соңғы соғысы еді.



1 Жүргізуші: Ерен ерлігімен тарих беттеріне есімі алтын әріппен өрілген тағы бір қызымыз - Мәншүк Мәметова. Батыр қыздың майданға аттануы мен ұрыс даласындағы бiзге беймәлiм болып келген кейбiр сырлары жайында «Үш қиян» газетімен сыр бөліскен Мәншүктің немере сiңiлiсi Айман Мәметова: «Мәншүк майданда 418 күн болды. Ұлы Отан соғысы 1418 күнге созылды десек, оның 418 күнiнде қазақтың ержүрек қызының азапты күндерi мен ерлiк iсi қалды. Әлемге даңқы шыққан Мәншүк жұмыр жердiң бетiнде небәрi 21 жыл 13 күн өмiр сүрдi. Бұл көп пе, әлде аз ба?! Әдетте ерлiк жасау үшiн ұзақ өмiр сүру парыз болмаса керек болар!», - депті. Расында да соғысқа аттанып бара жатып анасымен де қоштасып үлгермеген Мәншүктің фашистік басқыншылармен арадағы қан майдандағы ерлігі бүгінгі ұрпақ үшін мәңгілік үлгі болып қалмақ.

Елімізге сіңірген ерен еңбегі, Отан қорғауда, азаматтардың өмірін қауіпсіздендіру барысында ерлік көрсеткені, Қазақстанның бостандығы мен Тәуелсіздігі жолында аянбай күрескені үшін берілетін «Халық қаһарманы» жоғары атағы 1993 жылы Елбасы заңымен бекітілген болатын. Міне осы мәртебелі атаққа ие болғандардың бірі «қазақтың қанатты қызы» атанған тұңғыш әскери ұшқышы Хиуаз Доспанова.



2 Жүргізуші: Запастағы полковник Сағидолла Көшімбаевтың жазуынша, Хиуаз Доспанова Қазақстанның батыс өңірінің орталығы, атақты Жайық өзенінің бойында көсіліп жатқан көне қала Оралда 1922 жылдың мамыр айының дәл ортасында дүниеге келген. 1940 жылы Мәскеу қаласындағы Медицина институтына оқуға түседі. Ал соғыс басталған кезде атақты орыс ұшқышы М.Раскова басқарған 46-гвардиялық полкке қабылданады. Солтүстік Кавказ, Кубань, Қырым, Украина, Белорусъ, Польша және Шығыс Германия жерлерін фашистерден азат ету барысында үш жүзден аса әуе шайқасына қатысып, жауынгерлік ерліктері үшін "қанатты қыз" атанған. Х.Доспанованың жастық шағының бес жылы бірдей қанқұйлы соғыс майданында, аспандағы жау ұшақтарымен шайқаста өтті. Неміс фашистері біздің ұшқыш қыздарымызды "түн перілер" деп атап, зәре-құты қалмай қорыққан көрінеді. Қайсар да қайтпас штурман қазақ қызының бір өзі Украина, Белоруссия, Қырым, Кавказ, Польша және Албания сияқты фашистер басып алған ел аспанында "ПО-2" бомбалағыш ұшағымен, үш жүз рет жау төбесінен ажал оғын сепкен.

1 Жүргізуші: Кеңес Одағының батыры, Қазақстан республикасының қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов те Берлин үшін ұрыстарға өз жауынгерлерін бастап кірді. Берлинге шабуыл жасауға жерлестеріміз Есжанов, И.Я.Сянов, Х.Қайдаусов, З. Тұрарбеков, Х. Көбеков, Т. Бигелдинов, А.Еремеев, Н.Шелихов және т.б. көптеген адамдар қатысты. Жас офицер Р.Қошқарбаев өзінің досы Г.Булатов пен бірге рейхстаг терезелерінің біріне алғашқыларының бірі болып алқызыл Жеңіс туын желбіретті, ал Орал өңірінің жас офицерлері Қ.Меденов пен Р.Қараманов Берлин ратушасының төбесіне тікті.

Нұркен Әбдіров 1919 жылы Қарқаралы оязындағы бесінші ауылда, яғни қазіргі Нұркен ауылында дүниеге келген. Жасынан ширақ болып өсті. Нұркен – Ұлы Отан соғысының қанды қырғын майданында қазақ халқынан шыққан жетінші Кеңес Одағының батыры. 1938 жылдың көктемінде ол Қарағандыда ашылған аэроклубқа жазылды. 1938 жылы ұшқыштар курсын бітіріп, запастағы пилот мамандығын алды. Соғыс басталғанда Нұркен Орынбор әуе училищесінде оқиды. Одан кейін Ташкентке, Сібір қалаларының біріне шабуылшы ұшқыш шеберлігін меңгеруге аттанды.



2 Жүргізуші: 1942 жылы 267- ұшқыштар дивизиясының 808 шабуылшы полкі құрамында майданға аттанды.

Нұркен барлығы 17-рет әуе шайқасына қатысқан. Теңдесі жоқ ерлігі үшін Нұркен Әбдіровке 1943 жылы наурыздың 31-де ең мәртебелі атақ – Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

-1945 жылы 2 мамырда Берлин қаласы алынды.

-1945 жылғы 8 мамыр-фашистік Германияның тізе бүккендігі туралы шартқа қол қойылды.



1 Жүргізуші: -1945 жылғы 9 мамырда Қызыл Армия жеңіске жетіп, Ұлы Отан соғысы аяқталды. Содан бері міне, 67 жыл өтті. Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алғандар:

1.Барлығы-11600 адам;

2.Қазақстандықтар-497, оның ішінде қазақтар-97;

3.Қазақ қыздары-2.

Екі мәртебе Кеңес Одағының Батыры атағын алғандар: Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский.

Үш мәртебе Кеңес Одағының Батыры атағын алған: И.Н.Кожедуб- Шымкентте орналасқан Чугуев әскери авиация училищесі түлегі.



2 Жүргізуші: Солдат ерлігі орденінің толық иегері-142 қазақстандық. Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталған қазақстандықтар-96638.

Биыл біз жеңістің 67 - жылдығын тойлаймыз. Елімізді ұлы жеңіске жеткізген, біздерге тыныштық өмір сыйлаған осындай аға-апаларымызды ешқашан ұмытпаймыз!

Ұмыт болған, ұмыт қалған жоқ ешкім,

Ешбір адам ұмытпайтын мәңгі есім.

Ұрпақ үшін тозбайтұғын, бітпейтін

Ардагерлер – естелігі соғыстың.



1 Жүргізуші:

Болмасын соғыс, болмасын,

Жармасын ешкім бомбасын.

Оқ болып ұшып қорғасын,

Тіршілік гүлі солмасын.

Болмасын соғыс, болмасын,

Әлемді бақыт торласын.

Ақ қанат кептер жаһанға,



Тыныштық жолын жолдасын.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет