Бүлдірген мен таңқурайды өсіру әдістемесі мен технологиясы Бүлдіргенді отырғызудың ең қолайлы мезгілі – жаз. Бүлдірген тегіс жерде жақсы өседі. Оны бұлтты күні немесе түні бойы бейімделуі үшін кешкі уақытта отырғызу керек. Ол үшін 3-4 жапырақшасы бар, жүрекшесі мен тамыр жүйесі жақсы дамыған көшеттер (розеткалар) отырғызылады. Бір түптен 15-ке жуық жақсы дамыған розеткалар алынады. Отырғызғаннан кейін бүлдірген розеткаларын бірден аздап суару керек. Дұрыс отырғызылған көшет қысқа қарай жақсы түп болып қалыптасады, бұның өзі оның жақсы қыстап шығуына әсер етеді. Келесі жылы (жазда) осы түптерден өнімді жемістер – бірінші жылы жеміс беретін бүлдірген алынады.
Таңқурай – көпжылдық тамыр жүйелерінен және біржылдық пен екіжылдық өркендер түріндегі жерүсті бөлігінен тұратын бұта. Таңқурайды бақшада жеке‑жеке, мәселен қоршау бойына 2-3 қатарға отырғызған жөн. Қоршау маңында ол желден қорғанады, ол жерге қар ерте түседі әрі қыстыгүні жидек қардың қалың қабатымен көмкеріледі. Таңқурайды отырғызу жоспарланған учаскеде көктемгі жинақталған су болмауы керек, өйткені ол артық дымқылдықты көтере алмайды.
Таңқурайды күзде де, көктемде де отырғызуға болады. Көктемде оны үсік түсу қаупі басым болған жағдайда және қысқы қар жабыны жұқа болғанда отырғызады. Оны қатарлап отырғызған жөн, қатарлар арасы 1,5-2 м және қоршауға 1,5 м жетпеуі (учаске шетіне қарай) керек. Егер отырғызу барысында тыңайытқыш толық мөлшерде себілсе, онда отырғызылғаннан кейінгі 2 жылда таңқурай тыңайтқышты қажет етпейді.
Таңқурайды өсірудің екі түрі тараған – жеке бұталарды сақтай отырып және шұбыртып отырғызу. Бұтаны қалыптастыру барысында әрбір отырғызылатын орынға екінші жылдың аяғына қарай мықты 8-10 өскінді қалдырып отырады, қалған осал өскіндер мерзім сайын алынып тасталынады. Таңқурайды шұбыртып орналастыру өсімдік жолақтарын құрудан басталады. Ол үшін жолақтардың сыртындағы барлық өскіндерді үнемі алып тастап отыру керек, ал жолақтың ішінде тек артық осал өскіндерді алады. Өсімдікті шұбыртып өсіру әдісі өте жоғары жеміс алуға септігін тигізеді, ал лентаның өзі жанды дуалдың қызметін атқара алады. Таңқурай бір жерде 15-20 жылға дейін өсе алады, бірақ аса жемісті кезеңі 10-12 жылдан аспайды.
Жемістерді тек таңертең міндетті түрде жеміс тергішпен және шыныаяқпен жидектің өзіне қол тигізбей алу қажет, әйтпесе ол тез бұзылатын әрі нашар сақталатын болады, жидекті теріп алғаннан кейін бірден 1-2 сағат бойы 2-3°С температурада сақтап қою керек.
Өткізу нарығы Бүлдірген мен таңқурайды жаңа пісіп, терілген күйде сатуға немесе өңдеуге өткізуге болады. Бұл үшін БАҚ‑тарға хабарландырулар беруге болады. Сонымен бірге жеміс‑жидектерді сататын өз нүктелеріңізді де ашуға болады. Көршілеріңіз бен таныстарыңызға өзіңіздің бүлдірген мен таңқурай өсірумен айналысып жатқаныңызды хабарлап, оларға жемістер мен көшеттерді сататындығыңызды ескертіп жүргеніңіздің де пайдасы тиеді. Жергілікті мекемелерге, қоғамдық тамақтану, аспаздық орындарына, сауда орталықтарына және т.б. өткізу жолдарын қарастырып көру керек.