Құрметті оқырман!
Сіздерге ұсынылып отырған отбасылық бизнесті ұйымдастыру және жүргізу, мамандық таңдау және түрлі өмірлік жағдайларды шешу бойынша ақпараттық-анықтамалық материалдар Қазақстан азаматтарының ақпараттану деңгейін арттыру және өмір сапасын жақсарту мақсатымен әдістемелік құрал ретінде әзірленді. Материалдар үш бөліктен тұрады.
Біріншісі тұрғындарды еңбекпен қамтудың бір жолы ретінде отбасылық бизнестің түрлерінен, оны ұйымдастыру мен жүргізудің әдістемесінен (технологиясынан), бизнестің тиімділігін бағалау жөніндегі қарапайым есеп-қисаптан тұрады. Бұл материалдар жұмыссыздық мәселесін шешуге де, азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын іске асыруға да, оның ішінде жеке қосалқы шаруашылықты, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға септігін тигізетін пайдалы ақпарат болып табылады.
Екінші том келешек мамандықты сауатты таңдау мәселесіне арналады. Сұранысқа ие мамандықтар жайлы ақпараттың жетіспеушілігінен еңбек нарығында сұраныс пен ұсыныстың арасында үлкен ауытқушылықтар орын алып отыр. Оның тағы бір себебі – тұлғаның бойындағы қабілет пен ерекшеліктердің ескерілмеуі. Көп жағдайда азаматтарымыз мамандықтардың түрлері мен оларды дайындайтын оқу орындары, еңбек нарығының сұраныстары мен даму перспективалары жайлы хабарсыз болып жатады.
Осы заманғы заңнаманың күрделілігіне орай қарапайым азамат көп жағдайда қандай да бір өмірлік жағдайды шешуге, өзінің заңды құқықтары мен мүддесін қорғауға қиналады. Бұл міндетті орындауға үшінші томның материалдары бағытталған. Онда әрбір адамның өмірінде жиі кездесетін түрлі жағдайлар және сол жағдайлар кезінде сауатты қимылдау модельдері көрсетілген.
Редакциялық алқа ақпараттық-анықтамалық материалдарды әзірлеу барысында көрсеткен қолдауы үшін орталық мемлекеттік органдарға алғысын білдіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |