Көбейту. ІҚМ жасы орташа есеппен 18-20 жылды құрайды. Сиырлар мен таналарды ұрықтандыру аңду кезінде жақсы жүзеге асады. Ол сиырдың бұзаулауынан кейін немесе тананың жыныстық жетілуі кезінде белгілі бір мерзімде қайталанып отырады. Аңдудың уақыты 18-20 сағат. Дені сау малда ұрықтанбайынша аңду кезеңі үш апта сайын болуы керек. Сиырдың буаздық мерзімі шамамен 285 күнге жалғасады.
Төлдеуге 2-3 апта қалғанда сиырдың төсі үлкейіп, іші төмендеп кетеді. Бұзаулау көбінесе қиындықсыз, әрі тез өтеді. Сиыр бұзауын міндетті түрде жалауы керек. Өйткені жаңа туған бұзауды жауып тұрған шу сұйықтығында гормондар бар. Ал олар толғақ қысу жолдарынан жолдасының түсуіне жәрдемдесіп, туудан кейінгі жатырдың өз қалпына келуіне септігін тигізеді.
Туғаннан кейін бұзауды қалың сабанды қабаты бар торға салады. Бұзау туған алғашқы күндері жақсы күтім талап етіледі. Күн сайын 2-3 рет тезегін шығарып, төсемесін ауыстырып, лас жерлерді жуады. Бұзауды жаңа сауылған сүтпен қоректендіру керек.
Сиыр жылына бір рет төлдейді. (Өте сирек жағдайда екі рет төлдеуі мүмкін). Бұзаудың салмағы түрі мен сиырдың қоректену жағдайына байланысты сиыр салмағының шамамен 7 %-ын құрайды, яғни 20-40 кг. ІҚМ өсуі мен дамуы 5 жылға созылады.
6. Сату. Өндіріс дұрыс жолға қойылғаннан кейін өнімді сату жағын да ойластыру керек. Сүт өндірісі болса, онда сүтті жаппай сатып алатын жергілікті сүт зауыттарына өткізе аласыз. Ал ет өндірісімен айналыссаңыз, онда жергілікті ет өндіретін комбинаттарға өткізіңіз. Екі жағдайда да сату жағынан ешқандай қиындық туындамау керек. Басты мақсат – дайын өнімдерді өткізуде баға белгілеу.